Қанат Айтбаев, әкесі: «Димашқа дем беру үшін жұмысымды тастадым»

Қанат Айтбаев, әкесі: «Димашқа дем беру үшін жұмысымды тастадым»

Міне, екі айға жуық уақыттан бері Қазақстан халқы жас әнші Димаш Құдайберген қатысып жатқан Қытайдың I am a Singer телебайқауын қадағалап, жанкүйер болып отыр. «Димаштың көзіне қарасаң, өмірдің сан қырын көрген үлкен адамға ұқсайды. Бірақ ол – оның үлкендігі емес, бойындағы таланттың дара таңбасы». Ли Жиан есімді әншінің Димашқа берген бағасы осылай. Ол мұны жетінші кезеңде қазақ әнін нақышына келтіріп шырқағанына қарап айтса керек. Бұл жолы Димаш бүкіл қытай елін домбыраның қасиетті үнімен сиқырлап, Мағжан атасының «Дайдидау» әнін әуелете шырқады. Күллі әлемді талантымен тәнті еткен қазақтың қаршадай баласы бүгінге дейін талай өнер баспалдағынан өтті. Ұлының балалық шағы мен өнерпаз ретінде қалыптасу жолдары жөнінде Димаштың әкесі, елімізге танымал өнерпаз Қанат Айтбаевпен әңгімелескен едік.

 

АТЫ АЯҚАСТЫНАН ӨЗГЕРГЕН БАЛА

– Таланты тас жарып, миллиондаған жүректі тамаша әнімен, сирек кездесер даусымен баураған Димаш қазір күллі қазақтың Димашына айналды. Бұл сіздерге де үлкен мақтаныш екені сөзсіз. Күллі әлемді аузына қаратқан дарынды ұлдың өскен ортасы, отбасы мен балалық шағы қалай өтті?

– Димаш әке-шешемнің бауырында өсті. Ол дүниеге келгенде жұбайым Света – институттың студенті, ал мен оқуды жаңадан бітірген жас маман едім. Үйде үш баланың ішіндегі жалғыз ұл болғандықтан, әке-шешем менің қамымды күйттеп, үнемі қамқор болып, жанымда жүрді. Димашты да жұмысынан, сабағынан алаңдамасын, түнгі ұйқылары тыныш болсын деп өз қастарына алды. Әке-шешемізді «мама, папа» дейміз. Димаш та тілі шыққанда ата-әжесін «мама, папа», бізді «ағатай, апатай» деп кетті.

Ата-әжесінің ыстық ықыласына бөленіп өскен бала жаман болмайды. Димаш та қазақы тәрбиенің қазанында қайнап, мейірімге бөленіп, емінеркін өсті. Ата-анам бес жасынан оны мектепке жетелеп апарып, жетелеп алып келетін. Бір сәт қастарынан тастаған емес.

Димаштың қарындасы мен інісі бар. Үш баламыз да отбасында мейірімге бөленіп өсіп келеді. Қызым Раушан өзінің ынта талабымен Назарбаев зияткерлiк мектебіне оқуға түскен. Қазір ол 9-сыныпта оқиды. Кіші ұлым Әбілмансұр – 4-сыныптың оқушысы. Ол да музыкаға бейім. Домбырада тәуір ойнайды. Есту қабілеті де ағасы Димаштікіндей. Ертеңгі күні ол да өнер саласын таңдап жатса, қолынан қақпаймыз.

– Димаштың шын аты-жөні Дінмұхаммед болар…

– Расында да, оның төлқұжаттағы есімі – Дінмұхаммед Құдайберген. Еркелетіп, бәріміз Димаш деп кеткенбіз. Көпшілікке де Димаш боп танылды.

Жұбайым Светаның Димашқа аяғы ауыр. Әкем іштегі сәбиді күтіп жүргенде «Ер бала бол­са, есімі Манарбек болады» деп жүретін. Себебі, Манарбек деген әкемнің ерекше құрмет тұтатын студенттік кезіндегі досы болатын. Әкемізге қарсы келу қайда, солай-ақ болсын деп жүре бердік. Тіпті әлгі есімнің құлағымызға сіңісіп кеткені сондай, одан басқа ат ойымызға да келген емес. Бірақ жағдай аяқасты өзгерді. Бірде әкем екеуміз Бақтығали деген ағамыздың үйіне сәлемдесе бардық. Ол да әкемнің студент шақтан бірге келе жатқан досы болатын. Төрде жасы тоқсанға келіп қалған ағамыздың анасы Дәнекер әжеміз отырған. Сабырлығынан-ақ ол кісінің тектілігі аңғарылып тұратын. Шай ішіп болған соң әжеміз әкеме қарата: «Құдайберген, мен бір жақсы түс көрдім. Немерелі боласың, атын Мұхаммед қойыңдар!» деді. Сәл таңданып қалдық, дегенмен, үлкенді сыйлап өскен халық­пыз, «Апа, айтқаныңыз болсын!» деп әкем бірден келісімін берді.

Бірер күннен кейін өмірге келген сәбиге әжеміздің айтқан аты қойылды. Отбасында ақылдаса келе, «Ертеңгі күні бала болып тентектік жасаса, қасиетті атқа тіл тиюі мүмкін. Сондықтан Дінмұхаммед, еркелете Димаш деп қояйық» дестік. Осылайша, тұңғышымыздың есімі аяқастынан өзгеріп, Дінмұхаммед болып кетті.

 

«СЛАВЯН БАЗАРЫ» ҮЛКЕН МЕКТЕП БОЛДЫ

– Ұлыңыздың талантына бас иген қалың жұртшылық телебайқаудың әрбір кезеңін қалт жібермей, Димаштың жеңіске жетуін іштей тілеп отыр. Әлбетте, бұл оның алғашқы байқауы емес. Бүгінге дейін ол талай халықаралық конкурстарға қатысып, жеңімпаз атанғанын жақсы білеміз. Балаңыздың бойындағы дарыны алғаш рет қашан байқалды?

– Жұбайым Света екеуіміз де өнер адамдары болғаннан кейін осы салада жақын араласатын дос-жарандар көп. Өзіміз тұратын Ақтөбе қаласына гастрольдік сапармен келген әншілердің көпшілігі біздің үйге түспей кетпейді. Ұлықпан Жолдасов, Тоқтар Серіков, Саят Медеуов, Досымжан Таңатаров, «МузАрт» тобы секілді қазақтың талантты ұл-қыздары үйімізден талай рет дәм татты. Осы өнерпаз аға-әпкелерінің әндерін құлағына сіңіріп, олардың ортасында емін-еркін еркелеп өскен Димаш та кішкентайынан өнерге бейім болды. Бала кезінде тамағын кенеп, даусын мың құбылтып, неше түрлі әнге басатын. Оның музыкаға деген айрықша құ­марлығын байқаған соң, бес жасында балаларға арналған музыкалық студияның фортепиано сыныбына оқуға бердік. Келесі жылы Димаш «Айналайын» республикалық байқауының «Фортепиано» номинациясы бойынша лауреат атанды. 2008 жылы «Байқоңырдың сыңғыр дауыстары» атты балалар мен жасөспірімдер арасындағы халықаралық конкурста бірінші орын алды. Осы байқаудан шабыттанып келгені сондай, «Жас қанат» республикалық байқауына қатысуды алдына мақсат етіп қойды.

Біраз ізденді, дайындалды. 17 жасында «Жас қанатта» бағын сынап, бас жүлде – «Алтын қанатты» жеңіп алды. Осыдан кейін Димашқа түрлі байқауларға қатысу туралы ұсыныс көптеп түсе бастады. Украинада өткен «Шығыс базары» ха­лықаралық телебайқауында тағы да бағы жанып, 28 елден келген өнер­паздардың ішінен бірінші орынды иеленді. Одан кейін Қырғызстанда ұйымдастырылған халықаралық «Мейкин Азия» әншілер фестивалінде бас жүлдені жеңіп алды.

– Димаштың «Славян базары – 2015» халықаралық байқауына қатысып, ол жерде қазақтың халық әні «Дайдидауды» шырқата салып, Гран-при иеленгені де көз алдымызда…

– Димаштың өнерге деген ерек құлшынысын байқаған сол фестивальдің Қазақстандағы ресми өкілі, Мәдениет қайраткері Қарлығаш Әбдікәрімова Астанаға арнайы іссапармен келген Витебсктегі «Славян базары» байқауының іріктеу тобына «Шабыт» халықаралық фестивалінің ашылу салтанатында қонақ ретінде өнер көрсеткен Димашты сырттай таныстырған екен. Белорусь тарапы жақсы бағалап, қызығушылық танытып, байқауға қатысуға ұсыныс жасады. Кейінірек ресми шақыру алдық.

Жалпы мұндай байқауларға қатысу­дың артықшылығы сол, өнер өлкесіне қадам басқан жастар қарым-қабілетін шыңдап, болашаққа деген талпынысын арттыруға мүмкіндік алады. Димашқа «Славян базары» үлкен мектеп болды. Кіл жүйріктер қатысқан додада кәсіби оркестрмен ән шырқап, үлкен тәжірибе жинақтап қайтты.

– Димаш секілді өнерде жүрген талантты жастарға мемлекет тарапынан қолдау бар ма?

– Елімізде оқимын, өсемін деген жастарға қолдау көп. Қазіргі таңда көптеген жастар түрлі бағдарлама арқылы шет мемлекеттерде тегін оқып, жақсы білім алып жатыр. Негізі өнер адамы өз қазанында өзі қайнай бергенінен ештеңе шықпайды. Адам ел көріп, жер көріп, өзгелер арқылы өзінің олқы тұстарын байқап, кемшіліктерін түзеп, тәжірибе жинақтаса – өркендей түседі. Осы жағынан алып қарағанда, қазақстандық жастар мемлекет тарапынан қол­даудан кенде емес. Димаш оқитын Қазақ ұлттық өнер университетінің студенттері Азия мен Еуропаның талай елін аралап, көптеген байқаудан жүлделі оралып жүргенін көріп жүрміз. «Бұлақ көрсең – көзін аш» дейді халқымыз. Мұның бәрі жастардың өсуі үшін мәдениет саласының басшылығы, министрлік тарапынан жасалып жатқан жүйелі істің нәтижесі.

 

БҰЛ БАЙҚАУ БАСҚАЛАРДАН КҮРДЕЛІРЕК…

– Жұртшылықтың бәрі демін ішіне тарта бақылап отырған Қытайдың I am a Singer телебайқауына қарай әңгімемізді бұрсақ. Димаш бұл байқауға қалай келді?

– Өткен жылы Ертай Нүсіпжанов атты азамат хабарласып, Қытай елінде өтетін осынау сайыстың ғаламтордағы сілтемесін жіберіп: «Бірнеше әншілердің әндерін конкурстың ұйымдастырушыларына жолдамақ едім. Димаштың орындауындағы әндерді де жіберсем, қалай қарайсыз?» деп сұрады. Сайысты интернет арқылы саралап көріп, ұсынысқа қарсы болмадым. Кейінірек Димаш Қытай еліне барып, ұйымдастырушылар тарапынан өткізілген іріктеу кезеңіне қатысып келді. Ол жақтағы мамандар әншілердің музыка саласындағы деңгейін тексеріп, қатысқан өнер додаларымен танысып, дауыстарының мүмкіндігін зерттеп, жалпы интеллектуалдық деңгейіне дейін зерделеп көреді екен. Жан-жақты сұрыптаудан өткеннен кейін, Димаш қаңтар айында басталатын осы байқауға жолдама алды.

Конкурстың күрделілігі сол, сайысқа өнер әлемінде талай асулардан өтіп, әбден шыныққан, тыңдармандарының қошеметіне бөленген кәсіби әншілер қатысады. Өнерпаздарға қойылатын талаптар да қатаң. Конкурс қатысушылары бекітілген әнді нақышына келтіре орындай алуы өз алдына, шығарманың табиғатын жан-жақты ашып, түрлі қырынан таныта алуы керек. Әр кезеңнің арасы – бес-алты күн. Осы мерзім ішінде жаңаша аранжировка жасап, оркестрге лайықтап партитураға түсіріп, өзіңе бейтаныс, бөгде тілдегі әуеннің мәтінін жаттап, жан дүниеңе сіңіре білу қажет. Бұл – аса қиын процесс.

«Жұмыла көтерген жүк жеңіл». Димашқа ел азаматтары, өнерде жүрген ағалары, достары көмегін көрсетуде. Қасында жүрген досы Алпамыс Шаримов, Оралда Ерлан Бекчурин, Ақтөбеде Бақытбек Зейнелов, Атырауда Бауыржан Ақтаев, Алматыда Ұлықпан Жолдасов, Астанада Дмитрий Валерьевич сынды азаматтар бірлесіп, Димаштың белгілеп берген ән құрылымына сәйкес, әр кезеңнің шығармаларының аранжировкасына атсалысып, нотасын қағазға түсіріп, өңдеп, Қытайдың оркестріне уақытылы беріп жіберуде. Нәтижелерін өздеріңіз тыңдап жүрсіздер. Мәдениет және спорт министрлігі, Димаш оқитын Қазақ ұлттық өнер университетінің ұжымы, Ақтөбе облысының басшылығы үлкен қолдау көрсетіп отыр. Осынау сын сағатта Димашқа тілекші болып отырған қалың көпшіліктің бәріне алғысым шексіз.

– Кез келген жеңіс оңай келмейтіні белгілі. Байқау барысында қандай қобал­жулар болды? Дәл Қытайда Димаштың жұлдызы жарқырайды деп ойладыңыз ма?

– Әрбір өнер додасы – үлкен стресс. Әсіресе, өзіңді мүлде танымайтын бөгде елде, сырын білмейтін сан мыңдаған көрерменнің алдында өнер көрсету – оңай емес. Әрі халықаралық сайыстарға өзің үшін ғана емес, туған еліңнің атынан да бәсекеге түсіп, намысын қорғайсың. Бұл – үлкен жауапкершілік. Байқауларда бағымызды сынаған сайын біз осыны сезінеміз. Бауыр етің – балаң сайысқа түсіп жатқанда қобалжымай отыра алмайсың, әрине. Димаштан бұрын өзіміз көбірек қиналатын сияқтымыз кейде. Басқа елдерге барған кезде ауа райының әртүрлілігіне байланысты Димашқа салқын тиіп, сырқаттанып қалған кездері де болды. Ауырып тұрған баланың сахнада күрделі әндерді орындап тұрғанын көру қандай ауыр екенін де жүрегімізден өткіздік. Негізінен баламыздың денсаулығы үшін көбірек қобалжимыз.

Екінші сұрағыңызға келсек, өзім де өнер адамы болғандықтан, Димаштың дауыс диапазоны, қарым-қабілеті, ән айту мәнерін жақсы білемін. Жалпы оның бойынан ішкі әлеуеті күшті және көрер­менді өзіне баурап алатын қасиетті байқаймын. Қытайда да оның айтқан әні жақ­сы қабылданатынына сенімді бол­дық. Осы сеніміміз алдағы уақытта да ақталады деп үміттенемін.

– Байқаудың бірінші турында Димаш Sos dun terrien en detresse атты француз әнімен сынға түсті. Әнді қаншалықты сәтті орындағанынан хабардармыз. Алайда Витастың «Опера 2» әнінен кейін біраз шу болғанын да білеміз. Шу неден шықты?

– Байқаудың екінші кезеңінде Димаш ұйымдастырушылардың ұсынысымен Витастың ең күрделі саналатын «Опера 2» әнін шырқады. Бұл енді байқаудың ұйымдастырушылары мен шағымданушы арасында болған түсінбестік болса керек. Негізі, тікелей өзімізге келіп, шағым айтқан ешкім жоқ.

ЛАРА ФАБИАНҒА ДА ҚАЗАҚЫ КӘДЕСЫЙ СЫЙЛАР ЕДІК…

– Қазақ баспасөзі де, қытай басылымдары да Димаштың стилі өзгергенін айтып жатыр. Балаңыздың жеке стилисі бар ма, әлде бұл оның жеке қалауы ма?

– Жалпы адамның сана-сезімі уақыт озған сайын жетіліп, дами түседі. Мысалы, 17 жастағы Димаш пен 22 жастағы Димашты салыстыра алмайсың. Жыл өткен сайын көзқарас та, ұстаным да өзгеретіні белгілі. Димаштың да стилін өзгертіп отыруы заңдылық. Ал Қытайдағы стиліне келсек, конкурс бойынша жұмыс істейтін арнайы стилистер бар. Олар бізге өзіндік жобаларын ұсынады. Ал біз кәсіби мамандармен бірге, әлгі костюмдерді байқап көріп, көңілімізге ұнағандарын ғана сахнаға алып шығамыз.

– Димаштың әйгілі Джеки Чанмен кездесудегі әсері жайлы әлеуметтік желідегі парақшасынан оқып білдік. Джеки Чанға қазақтың шапанын кигіздіңіздер. Енді Лара Фабиан да Димашпен кездескісі келеді екен. Әйгілі Фабианға не сыйлар едіңіздер?

– Жалпы біздің отбасымызға жақсы адамдар көп кездесті. Өзіміз де адамның бойындағы бір жылт еткен жақсы қасиетін көрсек қуанып, оған үнемі тілекші болып отырамыз. Жаныңды сәулелендіріп, жүрегіңді мейірімге бөлейтін жақсы жандар өміріңнің шамшырағы секілді. Олардың көзқарасы, мінез-құлқы өміріңе де шуақ шашып, болашаққа деген сеніміңді ұлғайтады. Сенім дегеніміз – мақсатыңды айқындай түсетін жақсы қасиет. Әйгілі Джеки Чанмен кездесуден кейін Димаш үйге ерекше шаттанып келді. «Қандай жақсы адам. Осынша атағына қарамай, өте қарапайым, кіші­пейіл жан екен» деп, қатты әсерленгенін айтып тауыса алмады. Джеки Чан секілді жақсы азаматтың жайсаң мінезі Димаштың болашақта дәл сондай жүрегі кең, мықты азамат болуға деген талпынысын күшейте түсті деп ойлаймын.

Ал Лара Фабианмен кездесудің мерзімі әлі нақтыланған жоқ. Қазіргі конкурс ол туралы ойлауға да мұрша берер емес. Егер сайыстан кейін ондай мүмкіндік болып жатса, Фабианға міндетті түрде қазақы нақыштағы дүние сыйлайтынымыз анық.

– Кейбір басылымдар Қытайдағы жұлдызды сәттен кейін Димаштың беделі бұрынғыдан да артып, қаламақысы бірнеше есе көбейді деп шулап жатыр. Бұл қаншалықты рас?

– Димашты өнер жолына бағыттағанда оған тойдан табыс тапқыза қояйық деген ниетіміз әу бастан болған емес. Кейбір сарыжағал ақпарат құралдары айтып жүргендей, Димаштың қаламақысы пәлендей болыпты деген сөздер шындыққа еш жанаспайды. Біз ондай ақпарат берген жоқпыз, тап қазіргі сәтте біздің басты мұратымыз сайысты нәтижелі аяқтау, басқаны ойлайтын мүмкіндік те жоқ. Ата-ана ретіндегі басты арманымыз – ұлымыздың азамат болғанын көру. Егер ол үйге жүлделі оралып жатса, онда еңбегіміздің еш кетпегені. Бұл өзі үшін – үлкен қуаныш, ал біз үшін – мақтаныш.

– Байқаудан кейін өнер жобаларына қатысуға ұсыныс та көп түсіп жатқан болар.

– Өнер жобаларына қатысуға деген ұсыныс бұған дейін де көп болған. Қазір да баршылық. Бірақ қайсысына қатысатынымызды болашақта көре жатармыз. Шығармашылық адамы үнемі өзін дамытып отырғаны жөн. Өтіп жатқан түрлі конкурс пен сайыс өнер адамын өсіреді, кемшін тұсын түзетіп, тәжірибе жинақтауға мүмкіндік береді. Сондықтан ыңғайымызға, көзқарасымызға, ұстанымызға дөп келіп жатса, неге Димаштың бағын сынап көрмеске?!

– Айтпақшы, сізді балаңыздың шығармашылығымен шындап айналысу үшін өз еркіңізбен Ақтөбе облыстық Мәдениет басқармасы басшысы қызметінен кетті деп естідік. Бұл рас па?

– Ол рас. Димаш түрлі өнер додаларына қатысып жүргеннен кейін оның көптеген концерттік шаралары бар. Әрі халықаралық жарыс болғаннан кейін ұлымның қасында жүріп, оған демеу көрсеткім келді. Одан бөлек, осыдан біраз жыл бұрын «Димаш Әли» атты шығармашылық орталық құрған едік. Бұл орталық жас өнерпаздарға бейнебаян түсіруге, аудиожазбаларын жазуға қол ұшын береді. Келешекте осы орталығымыздың жұмысын да жандандыру мақсатында отбасыммен ақылдаса отырып, осындай шешімге келдім.

– Әңгімеңізге рақмет. Димашты тек биіктен көрейік!

 

Сұхбаттасқан Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

Дереккөзі: aikyn.kz


®Қабылан - Ақпараттық порталы™ | Сілтеме | Дереккөз | Авторлық құқық™
Бөлісу тақырыбы: Қабылан - Ақпараттық порталы » Қанат Айтбаев, әкесі: «Димашқа дем беру үшін жұмысымды тастадым»
Тұрақты сілтеме: /A_suhbat/2017-04-25/558.html