Ерлан Төлеутай: “Өнерпаздарға еуропалық чип салып қойдық”

Ерлан Төлеутай: “Өнерпаздарға еуропалық чип салып қойдық”

 

 Белгілі әнші, зерттеуші Ерлан Төлеутайдың үйін қарағандылық шенеуніктердің тартып алғаны рас па? Қазақстандық өнерпаздарға “еуропалық чиптің” қандай қатысы бар? Мәдениет министрлігіне неге Ілияс Омаровтай адам керек? Біздің байлар ақшаларын ұлттық өнерді дамытуға неге қимайды? Димаш – пассионар болса, ол арқылы әлемге қазақты қалай танытамыз? Әнші, зерттеушімен арадағы сұхбат ұлттық мәдениеттің бүгінгі ахуалы туралы өрбіді.

Халық композиторлары туралы жазып жүрмін

– Дала консерваториясының түлегімін дейсіз, сол түлектің басты миссиясы не? Миссияңыз орындалды ма? Қай жері олқы түсті?

– Мен кейде ойлап қарасам, өмірімді еш жоспарламаппын. Әр адам алдына мақсат қояды, «мен мынаған қол жеткіздім, енді мынаны жасауым керек» деп, шала-шабылып, өміріне, ертеңіне жоспар құрып, соған жетуге бар күш-қайратын жұмсап жатады. Ал мен өз стихияммен өмір сүрдім. Ішімдегі сезім иірімдеріне, сырт көзге көрінбейтін асау толқындарға, жүрек қалтарысындағы өзіме ғана аян дауылдарға бағынып кеткен кездерім болды. Мұхиттан өзенге шығып, судың ең саяз жеріне барып ұрық шашатын анау бір балық бар еді ғой. Менде де сондай түйсікпен ғана жететін, ішім сезетін нәзік дүниелерім баршылық. Түбінде өзім әнін айтып жүрген ұлы өнерпаздар туралы жазатынымды, солардың өміріне байыпты зерттеу жасайтынымды іштей сезінетінмін. «Халық композиторлары туралы жазуың керек, ол – сенің өмірлік миссияң» деген санамның алыс түкпірінде жиі-жиі дабылдар қағылатын.

Сонау студенттік шақтан бастап осы салаға қарай өмірдің ырқымен келе жаттым. Университетте қызмет еттім, БОТА (Білімпаздар, Ойшылдар, Тапқырлар, Алғырлар) деген жастар орталығын құрдым, мәдениет саласында істедім, газет-журналдарда тілші болдым, ұзақ жыл телевидениеде жұмыс істедім, соңғы кезде «Қазақфильмнің» ықтиярында қызметтемін. Әр жерде түрлі қызметте жүргеніммен менің басты нысана бағытым, миссиям, сол сал-серілер мен ұлы өнерпаздардың өмірі мен өнері туралы жазу, насихаттау болды. Бәрін тұтас жазып, біржола тиянақтағым келеді. Қазақта жүзге тарта сал-сері өткен, қазіргі заманның тілімен айтсақ, барлығы ұлы дала композиторлары, сайыпқыран өнер тарландары. Олардың соңында қалдырған өнер мұрасы – көшпелілер дүниетанымының айғағы. Біржан сал, Ақан серінің өмірі мен әндерін жұртшылық біршама біледі, алайда арасында бір ғана әнімен халық жадында өшпестей орын алған сал-серілер бар. Олардың өнегелі өмірі мен өшпес өнері жайлы жазатын дүниелерім әзір тұрғалы, пісіп жетілгелі қашан. Соған ықтияттылық танытып, алаңсыз жазуға күнделікті күйбең тірлік мұрша бермейді. Біразын жаздым да.

– Соның арасында Иманжүсіп туралы хикаятыңыз бар ғой…

– Оны көркем дүние ретінде жаздым. Ендігі мақсат – ғылыми тұрғыда қарастыру. Яғни, танымдық еңбек ретінде жүйелеу. Иманжүсіпті жазбасыма болмады. Ол баяғыдағы естелік еді. Боранды күні шалғайдағы бір ауылға тойға жолым түсті. Сонда төсек тартып, ажал аузында жатқан бір қарт кісінің үстінен түстім. Қап-қараңғы бөлменің бір түкпірінде жатыр екен. Менің ән салған даусымды естіп: «Қарағым, Иманжүсіптің әнін білесің бе?» деп сұрады. Мен Иманжүсіптің әнін айтып бердім. Әнді естіген қария дүр сілкінгендей болды. Жастықтан басын көтере алмаса да, арқаланғандай қайраттанып, Иманжүсіптің өзі куә болған хикаясын көзіне жас ала айтып берді. Қолымда блокнотым ғана бар, оқиғадағы адамдардың атын жазып алдым. Бір аптадан соң қария көз жұмыпты. Аманатын маған арқалатып, өзі аттанып кеткендей болды. Тура бір мені күтіп жатқандай… «Апырмай, не деген сәйкестік еді?!» деп ойландым… Арада он жылдан аса уақыт өткен соң барып әлгі кездесуді хикаятқа айналдырып, оқырманға ұсындым.

 

Ерлан Төлеутай, әнші

Бәлкім, заманымнан кеш туған шығармын…

– Кереметтей әншісіз. Оған қоса ән жазасыз, өлеңдеріңізді концертіңізде көріп таң-тамаша қалдық. Кино саласында әртіс те болдыңыз, сценарий де жазып жүрсіз. Жазушылығыңыз, ғалымдығыңыз бір төбе. Осы «сегіз қырлы, бір сырлы» болу деген не? Әмбебаптық қандай қасиет?

– Әмбебаптық қай бір жақсы қасиет дейсіз. Мәселен, Әлкей Марғұланды алып қараңызшы. Қазақстандағы археология ғылымының негізін салушы тұңғыш ғалым, фольклортанушы, этногроф, тарихшы, өнер мен әдебиеттің білгірі. Қысқасы, білмейтіні жоқ еді. Ғылым академиясында қандай жиын болса да, Әлкей Марғұлан шығып сөз сөйлейді, пікір айтады екен. Сөйлегенде де ірі сөйлейді, кесек сөйлейді. Біздің қоғамның бір дерті – қай кезде де көп білетіндерді жақтырмайды ғой. Президумда отырған әлгі жақтырмаушылардың бірі Әлекеңе: «бүгін көп сөйлеп кеттіңіз» деп «реніш» білдірген екен, Әлекең: «білеміз, білгеннен соң сөйлейміз» деп мінбеден түсіп кетіпті.

 Марқұм Таласбек Әсемқұлов та сондай бойына сан алуан ілім жиған қазына адам еді. Әмбебап болды. Керемет күйші еді. Бірақ, оның күйін жұрт түсінген жоқ. Талай байқауларға қатысып, бағын сынап та көрді, бірақ бірде-бір бәйге ала алмай кетті. Ол ескі күйші еді. Көне сарынмен ылғи ішті күйлер тартатын. Таласбектің күйшілігі мына жылтырақ өнерпаздар жаулаған қызылды-жасылды заманға лайықсыз болды. Оның жазушылығы да бағаланбады. Өмірінің соңында өзімді кинодан таптым деп отырушы еді.

Кино – әлемдік өнер болғандықтан – космополиттердің ордасы. Ол жерде ешкім-ешкімді жатсынбайды. Мамансың ба, қолыңнан іс келе ме, бітті. Мен де сол, жан-жақтан опа таба алмай, кинодан барып тұғыр таптым.

Енді айтқандай аса әмбебап болмасам да, біраз дүние қолымнан келеді деп ойлаймын. Әндерімді Қайрат Байбосыновтан бастап, Роза Әлқожаға дейін айтуда. Монографиялар жаздым. Жазушылыққа бет бұрдым. Зерттеушілік, өнертанушылық, кино саласындағы ізденістерім баршылық. Бұл менің болмысым, мен одан қалай бас тартамын? Баяғыда бойындағы өнерін жасырғанды  ел «ұры» дейді екен. Өйткені, өнер – халық жанының азығы. Оны халықтан жасыру қылмыспен парапар болған. Бойымдағы өнерім мен қабілетімді жұрттан жасырар болсам, ескі түсінікпен мен де «ұры» боп шықпаймын ба? Дегенмен, осы қабілетімнің бәрі кәдеге асып жатыр деп айта алмаймын. Бәлкім, заманымнан кеш туған шығармын…

Қоғамдық-саяси, мәдени-әлеуметтік өмірде әмбебап болу – XX ғасырдағы Алаш қайраткерлерінің жолы еді. Олар бірнеше саланы қатар алып жүрді. Оған Әлихан Бөкейханның, Ахмет Байтұрсыновтың т.б. Алаш ардақтыларының өмір жолы дәлел. Мысалы, мемлекет және қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллинді алайық. Өзі ақын, өзі композитор. Жазған дүниелері қандай! Ел ішінен әдебиет нұсқаларын жинауы, оларды ыждағаттылықпен зерттеуі, өнер мен мәдениетке жасаған қамқорлығы қайран қалдырады. Ал қазақтың Ғылым Академиясының негізін салған, оның тұңғыш президенті болған геолог-ғалым Қаныш Сәтбаев болса, жастау кезінде Затаевичке 25 ән жаздырыпты. Ал атақты Әміренің өзі 11 әнмен шектеліпті. Өкініштісі, 37-жылғы нәубетті науқанда халқымыздың қайраткер тұлғалары түгелге дерлік опат болды. Ал енді менің бойымда азғантай әмбебаптық болса, ол осы алдыңғы толқын ағалардан жұққан қасиет шығар. Бірақ, олардың қасында менікі баланың ойыны сияқты жай шаруа ғой. Десек те, бұл заманда да әмбебап өнерпаз болу оңай емес, екі кеменің құйрығын ұстағанмен тең дүние. Әмбебап, халықшыл өнерпазды қарапайым жұрттан басқалары ұната қоймайды, өз ортасы, айналасы, тіпті, жақтырмайды. Бұған жоғарыдағы аты аталған ағалардың өмірі дәлел.

 

Қарағанды шенеуніктері үйімді тартып алды

– «Сегіз қырлы, бір сырлы» болу әркімнің қолынан келе бермес қасиет еді. Қазіргі таңда  өзін әмбебап етіп көрсету сәнге айналып кеткен сияқты. Осы дұрыс па?

– Қазіргі эстрада әншілері әмбебап болуға бейімделіп алды. Қабілеті келе ме, келмей ме, сауаты жете ме, жетпей ме, бұлардың барлығы тележүргізуші болуға құмар. Ал домбыра ұстаған әншілер кино тілімен айтсақ, тап бір консервацияға қойылғандай. Оларды сірге салып, тырп еткізбей тастағандай қылдық. Кейде маған домбыра ұстағандар үйқамақта отырған саяси тұтқындардай елестейді. Кеш өткізу барысында бірталай шындыққа, көп келеңсіздікке көз жеткіздім. Көрермен жинау үшін де әмбебап болуың керек екен. Бірақ, бұл басқа әмбебаптық. Бұл өнер шашуға емес, дүние табуға арналған әмбебаптық. Кезінде менде де дүние қууға, мансап жолымен кетуге мүмкіндік болмады емес, болды. 25 жасымда Қарағанды мемлекеттік университетінде жастар комитетінің жетекшісі, тіпті, ғылыми кеңестің мүшесі болдым. Несін айтасыз, дайын тұрған шенеунік едім. Бірақ, шенеунік болуды жаным қаламады. Өнерді мансапқа айырбастағым келмеді. Мен ғайыпқа сенемін. Түйсігім қасиетті бір аманатты арқалап жүргенімді сездіртеді. Көп ішінен таңдау түскеніне, пешенеме ерек жазу жазылғандығына сенемін. Осы жазу мені қақпайлап, басқа жаққа мойнымды бұрғызбай өнер жолының өрлі, ылдилы бұралаң жолдарымен жетелеп келеді. Талай кедергі, бейнет көрсем де, кезінде Қарағандының шенеуніктері үйімді де тартып алды, далаға тастады, бірақ мен алған бетімнен қайтқан емеспін, өз принципімнен ешқашан тайған емеспін.

– Неге?

– Ол кезде жас болдық, албырт едік. Жастық максимализмі деген болады. Журналистика майданында пікір алуандығына, еркіндікке жол бердім. Тікелей эфирлерде әкім-қараларды сықпыртып сынадым. Біздің қоғам өркениетті елдердегідей ашық болу керек деп ойладым. Демократиялық қоғам орнатып жатқанымызға сендім…

– Сол сынау кімді өсірді?

– Қарағанды қоғамын өсірді. Сол кезде сөз бостандығы жөнінен кеншілер жұрты еліміздің басқа қалаларына қарағанда көш ілгері еді. Тіпті, Алматының өзінде Қарағандыдағыдай сөз бостандығы салтанат құрған жоқ. Бізге қонаққа келген қаламгерлер, журналистер қауымы «қалайша ашық айтасыңдар, батыл сынайсыңдар» деп таңырқасып, бастарын шайқап кететін. Жанымда Қарағандыдағы сөз бостандығының негізін салған Мартбек Тоқмырза, ақиқатқа, терең білімге негізделген ордалы ойларымен жұртты дүр сілкіндірген Омар Жәлел атты қандыкөйлек серіктерім болды. Біздің соңымыздан мұраттас, ниеттес, көшелі жастар ерді. Осылайша, тұтас бір буын қалыптасты. Алайда, кейіннен барлығымызға қылбұрау салынды. Сол кездегі билік басындағы жергілікті шенеуніктердің бізге қарсы ашқан адамгершіліксіз майданынан соң, жан-жаққа тарап кетуге мәжбүр болдық. Дегенмен, БОТА орталығы саналы жастардың ордасына айналып үлгерген еді. Оның мүшелері руханияттың қажымас жауынгерлері болып шықты. Теледидарда бағдарламалар, радиода да хабарлар ашылды, газеттер шығып жатты. Соның бәрін жапты. Ең соңында менің бағдарламам жабылды. Тәуелсіз мемлекет орнады, тәуелсіз елде тәуелсіз, еркін ой айтуымыз керек деп ашық сөйледік. Артынан біздің бел алып, күшейіп бара жатқанымыздан секем алған жергілікті шенеуніктер соңымыздан шырақ алып түсті. Сөйтіп, Қарағандыдан қуылып, жан-жаққа тарап кеттік.

 

Біздегі мәдениет – жеңілген мәдениет

– Телевидениенің қазанында қайнап шыққансыз, қазіргі ТВ-ға көңіліңіз тола ма?

– Қазіргі теледидарда бейбіт хабарлар ғана қалды. «Сен тимесең, мен тиме, бадырақ көз» деп, саясатқа дендемейтін, бұқара халықтың көңілін аулайтын хабарлар ашып тастадық. Соған мәзбіз. Баяғыда Тайыр Жароков айтады дейді: «Өзім де қумын, Октябрь революциясынан ары бармаймын» деп. Қазіргі телеарналардың ұстанып отырған саясаты осыған саяды. Қоғамның санасын оятатын, рухани деңгейін өсіретін, саяси, экономикалық мықты хабарлар жоққа тән. Мәдени хабарлар жетіспейді.

– Осы бізде мәдениет бар ма?

– Мәдениет бар ғой. Мәдениеттің өзі бірнешеге бөлініп сансырап тұр. Жеңілген мәдениет және басқарылатын мәдениет. Сосын жүгенсіз кеткен тобырлық мәдениет бар. Негізгі жеңілген мәдениет – ұлттық мәдениет – ол, мына біздер, классикалық өнер өкілдері. Тып-типыл болып жеңілген жоқ, әрине. Ұлттық мәдениеттің тамыры тым тереңде. Беті жапырылып жатқанмен, ертең өртеңге біткен гүл құсап, қайта шешек жаруы, феникс құс құсап түгі қалмай өртеніп кетіп, өз күлінен қайта жаралатыны секілді құбылыс болады. Күндердің күнінде бағы ашылып, жарқ етеді. Менің тағы бір миссиям сол – жарқын күн туғанша ұлттық мәдениеттің жоғын жоқтау. Сол жолда күресу.

– Сіз секілді ұлттық мәдениетті сақтаушылар қатары көп пе?

– Қатарымыз аздау…

– Неге аз? Ешкім күрескісі келмей ме? Өнерді сүймей ме?

– Мен халық өнерінен өрнек алған «жабайы» өнерпазбын. Оқығандар арбаға жегілген ат секілді, божыны қалай қақсаң, солай бұрылады. Біздегі музыкалық білім беру жүйесі – басқарылатын мәдениеттің бір парасы.

– Бұл жүйе өзгертуге келмей ме?

– Ол өзгермейді. Ол үшін ұлттық құндылықтарға көзқарас өзгеруі керек. Кезінде Ақселеу Сейдімбек бастаған ағаларымыз өзгертуге тырысты. Өзгерте алмады. Батыстық теориялардың ықпалынан шыға алмай қалдық.

– Теориясыз тағы болмайды ғой…

– Болмайды, әрине. Бірақ, олардың оқитыны қазақ мәдениетіне жат теория. Олардың шәкірттердің санасына сіңіретіні батыстың ілімі. Бұл теория ән мен күйдің жанын суырып алады, сыртқы формасын ғана қалдырады. Қазақтың жанын суырып алып, орнына еуропалықтың жүрегін сап қояды. Сондықтан, халық өнері халыққа жетпей жатыр.

 

…Еуропалық чип салып қойдық

– Халық ұлттық өнерден бөлектенді ме?

– Иә, өкінішке қарай бөлектене бастады. Жастардан ұлтты, ұлттық өнерді өгейсіну үрдісі байқалады. Баяғы сал-серілер халықтың перзенті еді. Халық тапқан анасы іспетті еді. Халық сал-серілерді туған перзентіндей төбесіне көтеріп, мейлінше еркелетіп бағушы еді. Өнерпаз сол еркеліктің өтеміндей туған халқына өңкей әсем ән мен тәтті күйден тарту жасаушы еді. Өнерпаз перзентінің көшелі өнері – халық ананың жүрегін әлдилейтін. Халық – күйініш-сүйінішін, қызығы мен қуанышын өзінің ішінен шыққан өнерпазынан табатын. Қазір соның коды өзгерді. Бүгінгінің сал-серісі болады деген өнерпаздың жадына еуропалық чип салып қойдық. Халық деген әулие ғой. Өнерпазда бөтен чип тұрғанын сезеді. Алдарында жат өнердің салқыны тиген өгейлеу бала өнер көрсетіп тұрғанын түйсінеді. Осы өзекті бала кезден улап тастау орта мектептен басталып жатыр. Мектепте жаппай домбыру үйрету, балаларды ұлттық өнерге үйір қылу мүлде жолға қойылмаған.

– Сіз қайдан үйрендіңіз?

– Мектептен. Біздің ұстазымыз даңқты әнші Қайрат Байбосыновтың туған апайы Күләндә Әукенқызы деген ән-күй сабағының мұғалімі болды. Сол кісі сабақта «Тау ішінде», «Бір бала»,«Гәкку», «Ақбақай» деген әндерді шырқап беретін. Қазақтың әні мен күйін қанымызға сіңірді. Сүйіспеншілігімізді оятты. Әдебиеттен Назгүл Сапиянова деген мұғалім берді. Өзі жап-жас маман, сонда төрт-бес оқитын біздерге Әміренің пластинкаға жазылған дауысын тыңдататын. Бұл – 1979 жыл. Қазір көп жұрт Әміренің даусын енді ғана естіп жатыр… «Балалар, бұл Әміре аталарың, Парижде ән айтқан» дейтін. «Қазақ Парижде ән салған» деуді есту бала көңіліміз үшін ертегідей ғажап оқиға.

– Енді сал-серілік келмеске кетті ме?

– Сал-серілік өнер – көшпелілер мәдениетінің жемісі. Қазақ XX ғасырда отырықшы жұртқа айналды. Осылайша, сал-серілер тарих сахнасымен қоштасты. Көрнекті мифтанушы ғалым, тақауда дүниеден өткен Едіге Тұрсыновтың зерттеулеріне сүйенсек, сал-серілер алғашқыда әскери ордендер болған. Жаудың өтінде жүріп, ел қорғаған баһадүр сайыпқыран ерлер екен әуелде. «Жалаңаш барып, жауға ти, ажалымыз қайдан-дүр» дейтін Шалкиіздің жыры бар ғой. Осы сөз сал-серілердің ұраны болғанға ұқсайды. Ажалдан қорықпаған аруақты ер, ел үшін, ар үшін жанын пида еткен алғадай жауынгер бопты, қысқасы. Қазақ «ар ма?» деп, яғни «арың таза ма?» деп амандасқан. Қытайлар «қарның тоқ па?» деп хал сұрасатын көрінеді. Орыстар «саулығың қалай?» дейді. Соғыстан, майданнан беті қайтпаған жаужүрек сал-серілер бес қаруды тең меңгерген. Жауды жеңіп елге келген соң, «қылышымның майын беріңдер» деп елге еркелейді екен. Сол кезде моральдық қағидалар шетке ысырылып, халық оларға арнайы той-думан жасап, сән-салтанатымен күтіп алған. Барынша ойнап-күлген. Елге батыр, батырға құрмет керек болған. Серілер шетінен өнерпаз, күйші, жыршы, тал бойына бірнеше өнер тоғысқан ғажайып жандар болған. Жай ғана жауынгер емес, сал-серілік құрып, елге өнер шашып жүру олардың өмір салты екен. Сал-сері дүние жимаған. Жомарттық, мәрттікпен атын шығарған. Халықтың қамын ойлап, сөзін сөйлеген. Басты ұстанымы – әйелдің сұлулығын жырлау, ару әйелдің атын әнге қосып асқақтату, жүйрік атты мақтап, даңқты ету, жақсыларды дәріптеу, сараң байлар мен әділетсіз билеушілерді әшкерелеу. Көшпелілер қоғамының театры да, сахнасы да, баспасөзі мен радиосы – сол сал-серілер екен. Олардың өнері – сан салалы синкретті өнер. Жомарттық, дархандық – сал-серінің басты қасиеттерінің бірі. Қызды ауылға барса, саусағындағы соңғы жүзігіне, қалтасындағы соңғы моншағына дейін беріп кетеді. Қойны-қонышын жібек мата, орамалға толтырып жүреді екен. Сұлулар да олардың қалауына қарсы келмеген.

– Бұл жерде моральдық ұғымдар қайда қалады?

– Моральдық шектен шықпаған. Әдептен озбаған. Енді ел болған соң шектен шыққан әуейілер де болмай тұрмайды. Бірақ, қоғам оларды жүгенсіз жібермеген. Тыйып, шектеп отырған.

 

Ерлан Төлеутай концертте

Орыстілді кәсіпкерлер өнер десе аузын қу шөппен сүртеді

– Сал-серілердің бай мұрасының бүгінге жетуінің өзі бір ғанибет. Неге солар туралы кітап жазбай жүрсіз?

– Бізде мемлекеттік, ұлттық идеология жоқ. Соның бір көрінісі – қаламгерлерге, ғалымдарға қаламақы төленбейді. Егер қаламақы төленсе, бір кітаптан соң бір кітап өндірте жазар едім. Кинода қаңғымай, жеке шығармашылық мақсаттарыма бойлар едім. Архивтың шаң басқан сөрелерін ақтарып, ел аралап дерек жинап, таза зерттеушілікке мойын бұрмас па едім? Билік жақтан ұлттық өнерге қамқорлық танытатын, қолдау білдіретін мемлекетшіл тұлғаларға зәруміз. Осы уақытқа дейін бірнеше кітабым, еңбектерім жарық көрді. Кейінгі жазбақ болған кітабыма демеуші іздеп те көрдім. Ірі кәсіпкерлер шетінен орыстілді, мұндай мәселелерді қолдауға келгенде аузын қу шөппен сүртеді. Былай бола беруі мүмкін емес.Үкімет келешекте қаламақы мәселесін шешуі керек. Ұлттық мәдениет пен әдебиетке былай немқұрайлы қарауға болмайды. Егер осы инерциямен бөгде мәдениеттердің жетегінде кете берер болсақ, ұлттық мәдениетімізді сақтау үшін жанталаса күреспесек, жаһандану майданында жұтылып, құрдымға кетеріміз анық. Қазір жанталаса қаруланғаннан гөрі, мәдениет үшін жанталаса күрескен әлдеқайда қайырлы. Өйткені, әлемде мәдениеттер соғысы, өркениеттер қақтығысы жүріп жатыр. Бұл соғыста жеңілгендер ұлт ретінде тарих сахнасынан кететін болады.

– Ертең жолыңызды кімге табыстайсыз?

– Оны айта алмаймын. Баяғының өнерпаздары «бір бала өзі іздеп келеді» дейді екен. Мен де азды-көпті өнерді соңынан қуып жүріп меңгердім ғой. Қазақта шәкірттің ұстазды іздеп барып, өнерін үйреніп, батасын алу деген бар. Әрине, келген шәкіртті ұстаз сынайды. Итаяқтан ас ішкізіп, мойнына қарғыбау тағып, босағаға байлап қоюға дейін барған. Осындай ауыр сынақтар арқылы болашақ өнерпаздың өнерге құштарлығының қаншалықты күштілігі, адалдығы сыналған. Егер өнерді тек мал табу үшін, атақ үшін үйренгісі келсе, мұндай «қорлыққа» шыдай алмай, бүйтіп үйренген өнері құрсын деп кетіп қалады екен. Біздің елде Сайдалы сары Тоқа деген ғажап күйші өткен. Жасөспірім Сүгір сол кісіге келіп араға адам салып, күй үйренгісі келетінін жеткізіпті. Алайда қарт күйші үйіне кіргізбей, ұзақ сынап, әбден зарықтырыпты. Ақыры, жас өнерпаздың алған бетінен қайтпайтынына көзі жеткен соң, күйді киіз үйдің ішінен тартып, Сүгірге сыртынан тыңдатыпты. Іле ішке шақырғанда, Сүгір сағағы әлі суымаған әлгі күйді айна-қатесіз Тоқаның өзіне тартып берген екен. Сөйтіп, жас Сүгір Сайдалы Сары Тоқадан бата алған екен деп аяқталады күй аңыздары.

Ілияс Омаров

 

Мәдениетке Ілияс Омаров керек

– Сал-серілік отаршыларға неге жақпады?

– Сал-серілік еркіндіктің символы ғой. Бетховен айтқан екен: «Музыка – данышпандық пен философиядан да жоғары тұратын ақиқат» деп. Адамның жүрегін лезде жаулап алуға құдіреті жететін музыка ғана. Отаршылдар, әсіресе, совет идеологтары халық музыкасының ұлт рухының қайнар көзі екенін білді. Сол себепті ел ішіндегі халықтың асау өнерпаздарын жойды, аман қалғандарын ауыздықтап, кеңес идеологиясының жыршысы, насихатшысы қылды. Халықты советтік идеология майданына топтастырудың амалын осылайша тауып, оны асқан аярлықпен жүзеге асырды.

– Ұлттық ән қайта жаңғыра ма?

– Ұлттық өнер өлді, құрдымға кетті делінген алпысыншы жылдары Ілияс Омаров келді де, айналдырған он шақты жылдың ішінде бәріне жан беріп, тірілтіп алды. Сондай өліара шақта Құдай қазаққа Ілияс Омаровтай Мәдениет министрін берді. Менің замандастарым сол кездегі қайта оянған ұлттық өнермен сусындап өсті. Дәл қазір де Ілияс Омаровтай жаңа заман тұлғасы керек.

– Ілияс Омаров болғыңыз келмей ме?

– Ілияс Омаровтай бола алмасақ та, сол кісі салып кеткен сара жолды жалғастырар едік. Қазіргі атқамінерлерде тарихи сана кемшін. Тарихи санасы кемел, халқының парасат биігін меңгерген тұлға ғана мемлекетке, ұлтқа жан аямай қызмет етеді. Ілияс Омаровтан эстафетаны Өзбекәлі Жәнібеков алды. Оның жанында Жексенбек Еркінбеков болды. Жексенбек ақсақалдың бұл еңбегін бүгінде ешкім ескермейді. Ал ол кісінің кейінгіге айтары мол деп ойлаймын. Ұлттық мәдениет – жаһандану дәуіріндегі мәдениеттер қақтығысында, идеология майданында қирай жеңіліп отыр. Бірақ, тың, жаңа күш келсе, дүрк етіп қаулап өсіп шығар еді. Ол тұлғаға байланысты. Пассионар тұлға керек.

 

Димаш – нағыз пассионар

– Бізде ондай тұлға жоқ па? Неге бәрін жоққа шығара бересіз?

– Себебі, көріп отырмыз ғой. Пассионар өнерпаздарымыздың бағын байлап қойдық. Міне, көп күттіріп Димаш шықты. Ол – миллиондардың ішінен суырылып шыққан нағыз пассионар өнерпаз. Тәуелсіздік алғалы әлемдік сахнаны дүр сілкіндірер Димаштай өнерпазды сарылып ұзақ күттік. Осы өліара шақта сирек таланттардың қадірін білмейтін жұртқа айналып үлгердік. Біз қазіргі таңда өлеңшінің бәрін әнші деп атауды әдет қылдық. Бәрі шетінен «жұлдыз».

– Жұлдыз көп болған жаман ба?

– Қайбір жақсы дейсіз? Халықтың талғамы тоқырайды. Өзіңіз ойлап қараңызшы, совет заманының соңғы елу жылында небәрі он шақты әнші ғана ел сахнасының көркі болған екен. Ол кезде қазіргідей фонограмма деген көзбояушылық жоқ болатын. Өнерпаздар талантымен көзге түсіп, жарып шығатын. Ауыл арасының көше кезген өлеңшілері есепке алынбайтын. Қазір сол қаптаған көше әншілері теледидар төрін бермейтін жұлдызға айналды. Бірақ, ішінде бір «ай» жоқ. Тек Димаш қана ән әлемінде «күн» болып тұр. Димашты, оның өнерін, даусын енді мемлекет қорғауға, қамқорлыққа алуы керек. Димаштың жанына мықты өнерпаздарымызды шоғырландырып, қазақ өнерін дүниежүзіне танытатын, насихаттайтын шетелдік өнер сапарларын, турнелер ұйымдастыру керек. Спортта, бокс өнерінде еліміздің көк туын желбіретіп жүрген Г.Головкин бар. Енді Димаш әлемді әнімен жалт қаратты. Ол – жас өнерпаз. «Жасқа жастың тілегі бір» дегендей, әлем жастары Димаштың өнеріне қызығушылық танытып жатыр. Осы ұрымтал сәтті пайдаланып, Димаштың өнерін әлем жастарына қазақ музыкасын насихаттайтын брендке айналдыруға мол мүмкіндік бар, осы жолмен бір жағынан Димашты еліміздегі дарақы той бизнесіне жұтылып кетуден сақтай аламыз.

Үлкен жүректі, талантты өнерпаз болудың соңы қай заманда болсын трагедиямен аяқталған. Жүсіпбек Елебеков Күләш Байсейітова қайтыс болған кезде айтқан деседі: «Біз Күләшті банкеттен банкетке сүйреп жүріп, өлтіріп алдық» деп. Талантты бағалай алмау, қадірлей білмеу өкініші деген осы. Білсеңіз, бұрнағы сал-серілер де өз ажалымен өлмеген. Бәрінің түбіне өзіміз жетіппіз. Көбі қызғаныш, көреалмаушылық, қиянаттан, жауыздықтан көз жұмған. Ақан сері айдалада, жалғыздықтан құса боп өлген. Біржан салды жынданды деп қол-аяғын кендір арқанмен керіп байлап тастап, содан гангрена боп, шіріп өлген. Иманжүсіпті атып тастады. Мәдиді де атып өлтірді. Естайды дүлей боранда ат шанамен көрші аудандағы «советтік айтысқа» қинап апарып, өкпесін суыққа қабындырып өлтірген. Әміренің де асқан жауыздықпен өлтірілгенін білесіз. Бергі заманда Амангелді Сембин деген опера әншісі болды. Кеңес Одағы заманында опера өнерінің Меккесі – Ла Скалада ән айтқан советтік атақты үш әншінің бірі. Елге келген соң көреалмаушылар Сембинді араққа жықты. Ақыры, өлтіріп тынды. Аса талантты өнерпаздар – ұлт байлығы, мемлекет мақтанышы. Сирек таланттар, суреткерлер мемлекеттің қамқорлығына алынуы керек. Оларды айт пен тойға салып жіберіп қарап отыруға болмайды. Бұл – қылмыспен тең. Өркениетті, мәдениетті елдердегідей хақ өнер мен хас өнерпаздың қадіріне жетіп үйренуіміз керек.

– Өрелі әңгімеңізге рақмет!


Дереккөз:

DalaNews.kz - Қала мен Дала газеті

http://www.dalanews.kz/26249

®Қабылан - Ақпараттық порталы™ | Сілтеме | Дереккөз | Авторлық құқық™
Бөлісу тақырыбы: Қабылан - Ақпараттық порталы » Ерлан Төлеутай: “Өнерпаздарға еуропалық чип салып қойдық”
Тұрақты сілтеме: /A_suhbat/2017-04-25/548.html