Техникалық физика ғылымының PhD докторы Айдын Бекмұхаметұлы мен сұхбат

Айдын Бекмұхамет – техникалық физика ғылымының PhD докторы, Қазақстанда тұңғыш менталды арифметиканың ғылыми негізін қалаушы. Еуропа, қытай және ТМД елдерінің бизнес тәжірибелерін жинақтаушы бизнес тренер. 

 

-Ғылыми атағыңыз бола тұра кәсіпке келуіңізге не түрткі болды?

-Ағылшандарда «A light purse makes a heavy heart» деген қызық мақал бар. «Әмиян жеңілдесе, жан ауырлайды» дегенге саяды. Біз ақша маңызды емес деп айтқанымызбен бүгінгі таңда кімнің болмасын көңіл-күйі ақшаға тәуелді. Ақшамыз азайса проблемамыз көбейіп кетеді. Солай емес пе?! (күліп) Кәсіпке келуімнің негізгі себебі ақша деп ашық айтудан еш ұялмаймын. Алайда ақшаның соңына түсіп, мұғалімдігімді ысырып тастамадым. Қытай және Қазақстан нарығында 2016-жылдан бері үздіксіз сан алуан тақырыпта онлайн лекция өткізіп келемін. Атап айтқанда тұлғалық өсу, онлайн бизнес және ағылшын, қытай, орыс тілдерін үйретудемін. Осы жақында жылдар бойғы тәжірибеме арқа сүйеп “Aidyn Academy” жобамды құрдым. 


-“Aidyn Academy” жобасын құрудағы мақсатыңыз?

- Шелек суға толғанда тасиды емес пе? Адам да сол сияқты бар білгенімен бейсаналы түрде бөліскісі келіп тұрады. «Ұстаздық еткен жалықпас» демекші, һәм өзім педагог болғандықтан дәріс оқып тұрмасам көңілім жай таппайды. “Aidyn Academy” жобасына келетін болсақ онлайн сауда мен кәсіпкер психологиясының технологияларын үйретеді. Батыс, қытай және ТМД елдерінің бизнес тәжірибелерінің жиынтығына негізделіп құрылған арнайы жоба. Әрине бұл істің басында мен жалғыз емеспін. Менің артымда білікті психологтар мен тәжірибелі кәсіпкерлерден құралған үлкен команда тұрғанын айта кетейін. Бірлесе отырып бизнестің ғылыми түсіндірмесін көпшілікпен бөліскіміз келеді. Сондай-ақ ғылым адамы болғандықтан бала тәрбиесі де назарымыздан тыс қалмады. Жеткіншектердің дарынын ашу жөнінде және кез келген кісінің тұлғалық өсуіне септігін тигізетін әлем стандарттарына сай методикамен жұмыс істеп келеміз.   


-Бизнестің ең негізгі қағидасын айтсаңыз? 

-Кез келген импровизацияға дайын болу. Қандай жағдай болмасын «IQ» мен «EQ»ді баланста ұстай білу керек. «Қандай жағдай болмасын» дегенде әп-сәтте тек қиыншылықты елестетініміз анық. Бірақ кәсіпкерге дистресстен (жағымсыз стресс) гөрі эустресс (жағымды стресс) қауіпті. Кәсіпкер дистресске түссе ізденеді, оқиды. Білімін шыңдай түседі. Ал эустресс жағдайында көңілшектеніп көп дүние жоғалтып алуы әбден мүмкін.


-Кәсіпкер болу үшін қандай қасиет керек?

- Мен үшін бизнес - мұғалім, құрылысшы сияқты мамандықтың бір түрі. Тек сан қилы салалардан тұрады. Сол көп саладан жанына жақынын таңдап іске кіріскен кісі нәтиже шығарады. Тек табыс табу мақсатында бір істен, екінші іске секіре берсе түптің түбінде құрдымға кетуі әбден мүмкін. Я болмаса «бір нәрсе істеу керек» деп жүріп бар ғұмырын өткізіп алады. Қытай даналығында: «不经一事,不长一智» (әр нәрсені өз басыңнан өткізбей, өреңнің өсуі екіталай) деген сөз бар. Неде болса тәуекел етпей білгеннен білмегеніміз әрдайым аз болмақ. Мұхтар атамыз: «Қай істің болсын өнуіне үш шарт бар: ең әуелі - ниет керек, одан соң - күш керек, одан соң - тәртіп керек» дейді емес пе?! Айтқандай-ақ осы үш қасиет адам баласының бойынан табылса тек бизнес емес, басқа да істі дөңгелетіп кететініне кәміл сенімдімін. 


-Жалпы бизнесте жынысқа, жас ерекшелегіне шектеу бар ма? 

-Ешқандай шектеу жоқ! Мен интернетке кіруге мүмкіндігі бар кез келген кісі бизнес істей алады деген сөзімді қайталаудан жалыққан емеспін. Негізі ерлерге қарағанда онлайн саудаға әйелдер бейім. Мен 50 адамға лекция өткізсем оның 70% нәзік жандылар.


-Алдына мақсат қоя білсе болды дейсіз бе?

- Жалпы бәріміздің мақсатымыз бір. Ол бүгінгі күннен ертеңгі күні жақсы өмір сүру. Сол жақсы өмірге тірек болатын физикалық, моральдық және материалдық құндылықтарды қалыптастыратын жол таба білуіміз шарт.

-Түсінікті... Арман туралы не айтасыз? 

-Мен армансыз адаммын. Менің арманым жоқ. Тек жоспарларым бар. Біз санамыздағы қиялымызды арман деп түсінсек қиял күйінде тұра береді. Жоспар деп жүйелесек бір ұшы көрініп, оған жетудің жолдарын іздеп, әрекет ете бастаймыз. Сол себепті кімнің болмасын армандамай, жоспарлағаны жөн. Мысал келтіре кетсем менің қытайда Мақсат Қизат деген шәкіртім армандамай жоспарлап іске кірісіп жарты жылда біздің ақшамен санағанда 41 млн табыс тапты. Былтыр күзде Аяз Би есімді (шын есімі Мерей) жігіт кәсіпкерлікке үйретуімді өтініп келген болатын. Ол жігіттің кәсіптен еш хабары болмағандықтан клиентпен қалай қарым-қатынас жасау керектігін бастан аяқ үйретуге тура келді. Кәсіпкер болғың келсе сатудан баста деп еркіне жібердім. Өз білгенін істеп көше аралап жүріп жаңғақ, косметика, киім-кешек т.б ұсақ-түйек бұйымдарды саудалаумен болды. Артынан басқа бір жігіттермен бірлесіп баспахана ашты. Бір құлап, бір тұрып ақырында кәсіптің кілтін түсінді. Бүгінде баю.кз деген интернет дүкені бар. Айтпақшы, өзінің жеке кәуапханасы мен мұндалап тұр. Күзде ғана көк тиынсыз жүрген адамға $ 6 мыңға сауда орталығынан асхананың жайын сатып алу үлкен жетістік емес пе?! Міне көрдіңіз бе? Адам арманын жоспарға айналдырмай жетістікке жетпейді.

-Арманымызды жоспарға айналдыра білейік! Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан Ерік Асылқан

®Қабылан - Ақпараттық порталы™ | Сілтеме | Дереккөз | Авторлық құқық™
Бөлісу тақырыбы: Қабылан - Ақпараттық порталы » Техникалық физика ғылымының PhD докторы Айдын Бекмұхаметұлы мен сұхбат
Тұрақты сілтеме: /A_news/2018-05-20/1101.html