Әлемді өзгерткендер кімдер

fd.JPG

Ақыл – адам бойындағы ең асыл қасиет. Оны ештеңемен алмастыруға да, салыстыруға да болмайды. Айталық сізді қараптан қарап тұрып ит қауып алды делік. Егер әлгі иттің ақылы болса қабар ма еді? Тіпті жылқының иесін теуіп, сиырдың сүзіп жіберуін де осы тектес мысал ретінде айтуға болады. Бұл жан-жануарлар мен хайуанаттарда сананың дамымағанын дәлелдейді. Олардың жанында адамның жаратылысы мен болмысы керемет. Екі аяқты пендеге Алла Тағала сана мен ой берген. Мұны Абайша айтсақ «Ақыл – жан қуаты». Ақын тағы бір сөзінде «Пайда менен залалды – ақыл айырады» дейді.

Ақылмен ойлап білген сөз,

Бойға жұқпас, сырғанар.

Ынталы жүрек сезген сөз,

Бар тамырда қуалар, – дейді енді бірде Абай атамыз.

Ақынның ақыл төңірегінде термелеген нақылдары мұнымен біт­пейді. Олардың әрқайсысын оқы­ған сайын терең тұңғиыққа бой­лай бересің, көп нәрсені ой­лай бересің. «Ақыл, сезім бол­ма­са, тіршіліктің несі сән» дегенін де ой елегінен өткізіп отырсаңыз, тір­шіліктің тамаша көріністері мен қарым-қатынастың шынайы бол­мысы да «көбінің сырты – бү­тін, іші – түтін» дегенді ерекшелеп бе­ретін көрсеткіш.

Қазір көп айтылатын әңгіме­нің бірі де бірегейі ақшаға келіп ті­реледі. Өкінішке қарай, қазір кім дәулетті соның ақылы көп се­кілді көрінеді. Алайда қалталы кі­сінің де ақымақ әрекеттері бо­ла­тынын жоққа шығара алмай­сыз. Ақылды кейде айлакерлік жасауға, зымиян ойды іске асыру үшін де пайдаланатындар бар. Бір қарағанда олар осы ісін ешкім байқамайтындай көреді. Адам­ның артықшылығы сезімтал­ды­ғында дер болсақ, әрбір әрекетті ба­ғамдай білетін пенде атаулы ақыл­дың арғы жағында арам ниет бол­са да біліп қояды.

Адам – аса күрделі жаратылыс. Ол туралы ғылыми тұрғыда да, ада­ми тұрғыда да түрлі пікір біл­діру­ге болады. Дау-жанжал, ұрыс-керіс, бақталастық, тіпті сұрапыл со­ғыс та адамдардың ақылының дұ­рыс пайдаланбағандығынан туын­дайды.Ақылдың өзі парасат­пен, мінез-құлықпен тығыз байланысты. Осының барлығы біз­ді басқа тіршілік иелерінен ерек­шелейді. Ерекшелік – адамға тән құбылыс.Сол ерекшеліктің әсе­рінен де адам дамиды. Мәсе­лен, ақпараттық технологияға жан бітсе, ол адамнан озып кетер еді. Бірақ ғылымды дамытқан адам. Соған қарамастан жаңа­лық­тарға ілесе алмай қалуымыз өкі­нішті.

Ж.Баласағұн бабамыз «Адам бойын­дағы ең тамаша нәрсе – бі­лім мен ақыл» дейді. Осы екеуі үй­лесім тапқан жерде үлкен іс тын­дырылады. Өмірдің өз бояуын ша­тастырып алмауға да дәнекер бо­латын – білім мен ақыл. Ға­лым­­дар адамның жалқау, қатал, аса мейірімді болуы қан тобына байланысты екендігін айтады. Бір ғана мысал: 1907 жылы чех ға­лы­мы Я.Янский қан тобының 4-ке бөлінетінін айтқан. Әлемде ең көп кездесетін қан – 1-топ (жер ша­ры тұрғындарының 45 пайызы) 2-қан тобы адамдардың 35 пайы­зы­на тән. 13 пайызының қаны 3-топқа жатады. 4-қан тобы өте сирек кездеседі, (7 пайыз). Осы топ­тағылардың қандай қабілетке ие екендігін де болжап бергендер бар. Бірақ адам ең алдымен өзіне сенуі керек. «Ақыл – саған ізгі дос, әділ жолдас», «Ақыл бар жер­де шындық бар, өтірік жоқ», – де­ген Жүсіп Баласағұн бабамыз ғұла­малықтың ғұмыры ұзақтығын құлаққағыс жасаған.

Дүниені өзгертіп жатқандар – ақылды адамдар. Соңғы уақыт­та данышпандарды интеллектілік коэффициенттеріне байланысты анық­тайтын амалдар пайда бол­ды. Мұның қаншалықты дұрыс­ты­ғын немесе бұрыстығын ешкім дөп басып айта алмас. Мысалы, бү­­гінгі өмірдің ерекшеліктерін Мөң­­ке би секілді дөп басып ай­тып берген кім бар? Баба­мыз­дың бұл айтқандарын ешкім жоққа шы­ғара алмаса да интеллектілік коэ­ффициенттерін ешкім дәл ай­тып бере алмасы анық.

Соңғы бір деректерге назар ау­дарсақ, әлемнің он ғұламасы төңірегінде мынадай пікір біл­ді­рі­ліпті. Адамдардың 50 пайызына жуығының IQ деңгейі төмен. Де­мек, жер шары тұрғындары ақыл-ой деңгейі жағынан іріктелген. Жаңа­лық ашып, адамзаттың дамуы жолында тер төгіп жүр­ген­дер аз ғана бөлікті құрайды. Олар – ғалымдар. SuperScholar.org веб-басылымы ең ақылды 10 адам туралы былайша ой өрбітеді.


1. Стивен Хокинг.

IQ 160

Ол физика теориясын зерттеп, тіпті ғаламшар заңдылықтарын ашу­ға да септігін тигізген. Со­ны­мен қатар ол 7 бестселлер мен 14 награданың иесі.


2. Ким Унг-Йонг.

IQ 210

Ким Унг-Йонг – кореядан шық­қан вундеркинд. «Гиннестің ре­кордтар кітабына» енген. Екі жа­сында екі тілді еркін меңгеріп, төрт жасында математикадан қиын есептерді шешкен. Сегіз жа­сында АҚШ-қа НАСА да жұ­мыс істеуге шақырылған.


3. Пол Аллен.

IQ 170

Майкрософт компаниясының қосалқы құрылтайшысы. Ақылын ақ­шаға айналдырып, 14,2 мил­лиард доллар байлыққа ие болған. Жер шарындағы байлардың тізі­мінде 48 орында тұр.


4. Рик Роснер.

IQ 192

Ол телевидениеде продю­сер­лік­пен айналысады. Былай қарап отыр­саңыз, түкке тұрмайтын кә­сіп. Алайда ақыл-ойының арқа­сын­да танымал болған.


5. Гарри Каспаров.

IQ 190

Шахматтан әлем чемпионы ата­ғын 22 жасында алған. Осы ата­ғын ұзақ жыл сақтаған бірегей адам. 2005 жылы Каспаров спорт­тық мансабын аяқтап, саясат пен жазушылыққа бет бұрды.


6. Сэр Эндрю Уайлс.

IQ 170

Британдық математик Эндрю Уайлс 1995 жылы Ферманың ұлы теориясын ашып, әлемдегі ең қиын есепті шешті. Математика мен ғылымда әлемдік маңызға ие 15 награданың иесі атанған.


7. Юдит Полгар.

IQ 170

Венгерлік шахматшы 15 жа­сын­да жер шарындағы ең жас гр­ос­смейстер атанып, рекорд ор­натқандардың бірі.


8. Кристофер Хирата. 

IQ 225

Америкалық Кристофер Хирата 14 жасында Калифорния технология университетіне түсіп, 16 жасында НАСА-да Марсты игеру жұмыстарына атсалысқан. 22 жасында астрофизика саласы бойынша ғылым докторы атан­ған.


9. Теренс Тао.

IQ 230

Өте дарынды бала екі жасында ма­тематика негіздерін игере бас­таған. Тоғыз жасында университет деңгейінде математика курсына бар­ған. 20 жасында Принстон уни­верситетінде доктор дәреже­сін алған. 24 жасында профессор деңгейінде Лос-Анджелестегі Ка­лифорния университетінде дәріс беріп, 250 ғылыми жұмыс­та­рын жария еткен.


10. Джеймс Вудс.

IQ 180

Америкалық актер Джеймс Вудс Калифорния универ­си­тетінің студенті кезінде алгебраны жетік меңгерген. Массачусетс тех­­нология институтында оқып жүр­генде актер болу үшін оқудан бас тартқан. Есесіне, Эмми екі рет «Оскар» сыйлығын алды.

Осының барлығын не үшін ай­тып отырмыз? Сұрақтан сұрақ туын­дайды. Интеллектуальдық коэф­фициентке көңіл бөлетін, да­рынды адамдар базасын жасай­тын уақыт бізге де келді. Өйткені өз­гелер ғылым саласынан оқ бойы озып бара жатқанда біздің артта қалуымызға болмайды. Бір ғана мысал: Қытайда халық көп. Олардың арасынан ақылды адам­дардың көп шығатыны – өмірдің өз заңдылығы. Жер шарындағы 300 миллиондай орыс халқының өзі небір данышпандарымен мақ­тана отырып, олардың қатарын қа­лай да көбейтуді ойластырып жа­тыр. Ресей тарихын жасаған ғұла­малардың мемлекетті әлемге та­ныту жолында қыруар іс бітір­ге­ні анық. Осы үрдісті қалай да ілгерлету, дамыту үшін білім мен ғылымды мықтап қолға алып, да­нышпандарға даңғыл жол ашу­да, күшті насихаттар жүргізілуде. «Ресейдің ұлы ойшылдары» атты кітаптың жарық көруінің арғы жа­ғында осындай бір ой, идея, ал­ға ұмтылу бар. Бірінші кітап Ми­хаил Васильевич Ломоносовқа арналған. Бәрінен қызығы – осы іске М.Ломоносов атындағы Мәс­­кеу мемлекеттік университеті жур­­налистика факультетінің оқы­тушылары мен студенттері ат­салысқан.

Қысқасы, өзге жұрт тарихты тү­зеткен ғұламалары мен бүгінде далада жүрген дарындыларын да жинап жатыр. Дарындылық де­геніміз – адамның кез келген іс-әре­кет түріне ерекше қабілетті болуы. Міне, сол қарым-қабілеті мықты, ақыл-ойы артық туған аза­маттарды елдің игілігі, келе­ше­гін жасау үшін мақсатты жұ­мыс­тар жүргізілуде.

Жақында NUR.KZ пор­та­лы­нан Қазақстанды әлемге таныт­қан он жұлдыз туралы оқы­дым. Олардың қатарында адамзат тарихында алғаш рет Сахараны жаяу, жалғыз бағындырған, «Гин­нестің рекордтар кітабына» жеті рет енген Марат Жыланбаев, кә­сіпқой боксшы Геннадий Го­лов­кин, ең сұлу волейболшы атанған Сә­бина Алтынбекова, әнші Ди­маш Құдайберген, мәнерлеп сыр­ғанаудың шебері Денис Тен, скрип­кашы Марат Бисенғалиев, үздік боксшы Қанат Ислам, ди­ри­жер Алан Бөрібаев, жас әнші Мария Мудряк бар. Бұлардың бар­лығы өнер мен спорт арқылы та­нылғандар. Алайда бізге өте ке­регі – ғылым. Осы салада жаңа­шыл, тәжірибелі, танымал ғалым­дар көбейіп, әлемге танылған сайын Қазақстанның қуаты да ар­тады, елге көзқарас өзгереді, ұлт байлығы еселенеді, дамыған 30 елдің қатарына ентікпей ене­міз. Осы бағытта дарынды адам­дар­дың жұмысын үйлестіріп, жаңа­лығын жария етіп, ұлтымыз­дың ұлы бастамаларын қолдайтын орталық керек. Әлемді өзгерткен адам­дардың тізімінен қазақтар­дың көрінуі – болашаққа батыл қа­­дам басқанымызды айғақтай-ды.


Жолдасбек ДУАНАБАЙ

"Айқын" газеті


®Қабылан - Ақпараттық порталы™ | Сілтеме | Дереккөз | Авторлық құқық™
Бөлісу тақырыбы: Қабылан - Ақпараттық порталы » Әлемді өзгерткендер кімдер
Тұрақты сілтеме: /A_news/2017-06-19/782.html