Алматыда Омарғазы Айтанның жыр жинағының тұсаукесері өтеді

Абайдан бастау алған жаңа дәуір қазақ поэзиясының шоқтығы биік дара шыңдары қазақ даласының әр тұсында қадау-қадау бой көрсетіп тұр. Соның бірі – қазақ өлең өнеріне тыңнан түрен салып, өз қолтаңбасын қалдырған Омарғазы Айтан. Қазақ әдебиетінің классигі, ақын, жазушы, драматург Омарғазы Айтанның дүниеге келгеніне 85 жыл толуына орай, «Ер Жәнібек» халықаралық қоғамдық қорының жанынан ақынның "Құстар қайғысы" атты жыр жинағы жарық көрді.  Кітаптың шығуына «Kelun-Kazpharm» ЖШС-ның да қолдау көрсеткенін айта кетейік. 

«Ер Жәнібек» халықаралық қоғамдық қоры мен  Алматы қаласындағы ҚР Ұлттық кітапханасы бірлесіп, аталған кітаптың тұсаукесер рәсімін өткізеді. Шара 26 мамыр, жұма күні 15:00 де Ұлттық кітапхананың «Көрмелер залында» өтеді.

Кітапта ақының әр жылдары жазылған ойы терең, бояуы келісті, сарыны өзгеше өлеңдері мен асау, айтары салмақты, құлашы аса кең дастандары топтастырылған. Қазақ өлеңінің кеңістігін таңғажайып талантымен кеңейте білген тарлан ақынның туындылары талғампаз һәм ойлы оқырмандарға арналады .

Омарғазы Айтанұлы 1931 жылы 20 қарашада, Шынжаңның Тарбағатай аймағы, Толы ауданының Майлы тауында дүниеге келген. 1957 жылы Шынжаң университетінің әдебиет факультетін бітірген. 1957-1959 жылдар аралығында «Шұғыла» әдеби журналында редакторлық қызмет атқарған. Омарғазы Айтан Қытайда жүрілген «Мәдениет төңкерісі» науқанында әсіре қызыл саясаттың салдарынан 1959 жылдан 1978 жылға дейін жер аударылып, ауыр еңбек майданында қатаң бақылауда болған. 1978 жылғы Қытай саясатының оңала бастауына орай, ақынның да нақақ жалалы өмірі ақталып, саяси құқығы мен қоғамдық қызметі қалпына келтірілді.

Артына «Құс жол», «Түйе», «Сәукеле» қатарлы жыр жинақтарымен бірге, «Аң шадырын оқ табар», «Таразы» романдары және көптеген драмалық шығармалар қалдырған ұлы қаламгер 1997 жылы 26 мамырда Үрімжі қаласында қайтыс болды. 

"The Qazaq Times"

®Қабылан - Ақпараттық порталы™ | Сілтеме | Дереккөз | Авторлық құқық™
Бөлісу тақырыбы: Қабылан - Ақпараттық порталы » Алматыда Омарғазы Айтанның жыр жинағының тұсаукесері өтеді
Тұрақты сілтеме: /A_news/2017-05-20/713.html