Франклин пирамидасы

Шынар Әбілдә

Франклин пирамидасы

Бенджамин Франклин (1706-1790) – саясаткер, журналист, кәсіпкер, АҚШ-тың негізін қалаушылардың бірі, оның Конституциясын жазған авторлардың бірегейі. 

20 жасында адамның ұлы мақсаттары қандай болу керектігін зерттеп, арнайы пирамида жасақтап шыққан. Оның пирамидасы қаншалықты өміршең? Ол отбасыдағы 17 баланың ішіндегі 15-сі болған. Он жасынан бастап қара жұмысқа араласқан, сабын жасаушы кедейдің баласы. Еңбекқорлығының арқасында бірнеше салада жетістікке жетіп, өзінің атын әлем тарихына ойып тұрып жазған адам. Бірде Дейл Карнеги ол туралы былай деген: «Егер адамдармен қандай қарым-қатынас құрам, өзімді қалай басқарам, бойымдағы қасиеттерімді қалай жетілдірем деп бас қатырсаңыз, онда Бенджамин Франклиннің өмірбаянымен танысыңыз – оның өмірі бұл әлемдегі ең қызықты өмірбаянның бірі». 

Франклин пирамидасы

Батыс зерттеушілері дүние жүзі бойынша тек 1% адам ғана өмірде қандай жетістікке жеткісі келетінін білетінін анықтапты. Франклин оны білсе керек. Ол өте еңбекқор әрі мақсатшыл жан болған. Жастау күнінде жоспар құрып, соған сай өмір сүруге тырысқан. Пирамиданың негізі жаһандық міндеті бірнеше ұсақ мақсаттарға бөлшектеніп, олар өз кезегінде одан да майдаларға тарамданатын болған. Франклиннің басты ұстанымы осы. 

Өмірлік құндылықтар

Өмірлік құндылықтар – әр адамның өмірінің іргетасы. Қазіргі заманда көпшілік құндылықтарға өз деңгейінде мән бермей өмір сүреді. Бар қиындық қаржыға тіреліп қала береді. Жұрттың бәрі көп ақша тауып, қымбат көлік мінгісі келеді. Бірақ қанша ақша тапқың келеді десе, нақты жауап бере алмайды. Өзіңді алдама! Қалталы болу, ақшаңның көп болуы – бұл да қалыпты құндылық. Егерде қаражаттың көптігі өмірден ләззат алып өтуге септігін тигізсе, онда неге ақша таппасқа? Ол үшін мүмкін басқалай құндылықтарды кемітуге тура келер. Сондықтан өз таңдауыңа сергек, сенімді бол. Өмір жолында жолығатын барлық таңдауға абай болу керек – адамдарға қызмет ету, билікке араласу, атақты болу, өзіңді отбасыға арнау секілді тілектерді де есепке алу маңызды. Бірнеше саланы қатар таңдауға болады. Тек немен айналысатыныңызды, бүкіл өміріңізді неге арнайтыныңызды анық білуіңіз керек. Нендей іс сізді бақытты ететінін, өмірден орныңызды табуға септесетінін ойланыңыз.   

Франклин өмірлік құндылықтары мен жоспарын, оларға қалай қол жеткізгенін өз өмірбаянында айтып өтеді. Ол үшін қарапайым дүниелер маңызды болған. Сол қарапайым ұғымдарды тарату арқылы, өзіне карьера жасаған. Үнемі өзі атап көрсеткен ұстанымдарға бағынып өткен. Олар мыналар: 

Ұстамдылық. Қатты тойып тамақ жемеу, көп ішпеу. 

Үндемеу. Тек өзіңе, не адамдарға пайдасы тиетін сөзді айту, бос әңгімеден бойыңда аулақ ұстау. 

Тәртіп.  Әр заттың өз орны, әр істің өз уақыты болады. 

Батыл болу. Жасауға тиістіні жасау. Шешім қабылдаған соң мүлтіксіз орындау. 

Ынсапты болу. Өзіме және өзгелерге пайдасын тигізетін затқа ғана қаржы жұмсау, бекер мал шашпау. 

Еңбекқорлық. Уақытты текке өткізбеу. Үнемі пайдалы іспен шұғылдану. Қажетсіз әрекеттен қашу. 

Шынайылық. Зияны тиетін өтірікті қолданбау, тек әділ әрі әділетті ойда болу, кез келген сұқбатта осы ұстанымнан тайқымау. 

Әділет. Ешкімге зияныңды тигізбеу, әділетсіздік жасамау, жақсы істен бас тартпау. 

Салқынқанды болу. Шектен шығудан сақтаныңыз, біреудің ғайбатын, бетке айтқан зәбірлігіне сабыр етіңіз. 

Тазалық. Дене тазалығы, киімің мен үйіңді таза ұстау. 

Сабырлы болу. Ұсақ-түйекке мән бермеу, күнделікті бастан өткеретін немесе аттап кете алмайтын құбылыстарға төзімді болу. 

Пәктік. Ойша пәк болу, өз түйсігіңді басқару. 

Қарапайымдылық. Иса мен Сократқа еліктеу. 

Бұл құндылықтар билік пен танымалдылыққа қарағанда біршама абстрактілі. Бірақ ол маңызды емес. Бастысы – билік те, танымалдылық та жаһандық мақсаттан ауытқымауы тиіс. Егер адам атаққұмар әрі даңғой болса, ол командалық жұмыс істей алмайды. Істеген күнде де бақытты бола алмайды. Сондықтан мақсатты о баста абайлап, сақтықпен, әбден өлшеп-пішіп анықтау керек. 


ben-franklin.jpg

Жаһандық мақсат

«Мен не үшін өмір сүрем?» деген сауалға жауап беретін пирамиданың іргетасы. Кәсіби футболшы үшін ойынның шыңына шығу – Әлем чемпионатында өнер көрсетуі жаһандық мақсат. Билікке араласқысы келген адамға жаһандық мақсат президент не премьер болу. 

Бас жоспар

Бас жоспар – жаһандық мақсатты жүзеге асырудың сатылы нұсқаулығы. Футболшы үшін ең алдымен бір команданың құрамына ену, жақсы ойын көрсету, кәсіби біліктілігін шыңдау, тағысын тағылар. Саясаткер үшін басқара білуді үйрену, белгілі бір жоғарғы оқу орнын тәмамдау, әкім болу, ары қарай өсу.  

Ұзақ мерзімді жоспар

Ұзақ мерзімді жоспар – келер 3-5 жылдың жоспары. Олар нақты мақсаттарға бағытталады. Бұл жоспар бас жоспардың бір тармағына арналады. Сол арқылы жаһандық мақсатты өзіне жақындата береді. 

Қысқа мерзімді жоспар 

Бірнеше аптаға немесе айға арналған жоспар. Ұзақ мерзімді жоспардың бір бөлігі. Нақты қандай іс атқарылатыны жоспарланады. Жақсы оқу орнына түсу үшін қандай кітаптарды оқып, дайындалу керектігіне сүйенеді делік. 

Бір күндік жоспар

Франклин пирамидасының шырқау шыңы. Бұл да жаһандық мақсатқа бағытталған бір қадам. Белгілі бір кітапты оқып бітіру. Сол кітап бойынша ой қорыту. 

Көп адамға Франклин пирамидасы орындалмайтын есеп сияқты көрінеді. Бүкіл өмірді жоспарлауға тірелетіндіктен ол мүмкін емес деп ойлайды. Мүмкін емес, іш пысады, кездейсоқ оқиғаларды болдырмай тастайды деп қиналады. Бірақ шын мәнінде олай емес. Әр адам өмірінде бір мақсатқа қызмет етеді. Бірақ ол мақсатқа қандай жолмен жететінімізге еш шектеу қойылмаған. Бұл пирамида тек мақсатқа нақты жетудің сипатын ғана көрсетеді.  

Аударған Шынар Әбілдә

"Қабылан ақпараттық порталы"

®Қабылан - Ақпараттық порталы™ | Сілтеме | Дереккөз | Авторлық құқық™
Бөлісу тақырыбы: Қабылан - Ақпараттық порталы » Франклин пирамидасы
Тұрақты сілтеме: /A_kop/zhuzadam/2017-05-10/655.html