Ли Куан Ю-дың өмірлік қағидалары

Шынар Әбілдә

Ли Куан Ю-дың өмірлік қағидалары 



Маргарет Тэтчер: «Кезінде Сингапур Ұлыбританиядан үйренуші еді. Енді біз Сингапурдан үйреніп жатырмыз» деген. 

Ли Куан Ю – Сингапурдың бірінші премьер-министрі. 2015 жылы 23 наурызда қайтыс болды. Қытайды туған. Ұлты қытай. Бүкіл өмірін Сингапурдың дамуы мен алдыңғы қатарлы мемлекет болуына сарп еткен Ли Куан Ю-ды бүкіл әлем мойындаған. Оның реформаторлық бағыты «экономикалық ғажайып» жасап, Сингапурды халықаралық деңгейде ұлы жетістіктерке жеткізді. Ли Куан Ю-дың тұсында «үшінші деңгейлі» Сингапур дүниежүзіндегі ең бай мемлекеттердің біріне айналды. 

«Шағын мемлекеттер арасындағы соғыс тек сол мемлекеттерді ғана тұралатады. Ірі мемлекеттер арасындағы қақтығыстар бар әлемге қауіп төндіреді. Және бір емес бірнеше рет қауіпті» дейді ол. 

Маған жұмыртқа лақтырған сәттер бірнеше рет қайталанған еді. 

Құлау мен қайта тұру дегенді бір емес бірнеше рет бастан кешірдім. 35 жастан бастап бұл елді қайтсем аяғынан тік тұрғызамын деп ойландым. 

Келешегінен үміт күттірер заңгер болғым келді. Британдықтар басқарып отырған елде жақсы заңгер болу үшін маған да британдық болуға тура келді. Олардың тілін үйрендім. Ең жақсы университет пен заң мектептерінде оқыдым. 

Егерде мен сингапурлықтарға ағылшынды күштеп үйретуді бастасам, онда олар маған қарсы шығар еді. Қытай тілін үйренуге мәжбүрлесем, онда іс насырға шабар еді. Мен әр ата-анаға өз баласына қалаған тілін үйретсін деген ұсынысымды айттым. Ағылшын ба, әлде ана тілін бе - әркім өзі шешсін дедім. Отыз жыл өтті. Ағылшын тілі Сингапурда бірінші тіл болып қалыптасты. 

Барлық адам ағылшын тілін үйренуі керек. Ал, ана тілі екінші тілі болсын. 

Егер жетістікке жеткіміз келсе, біз тек өзімізге сенуіміз керек. 

Шындықты мойындайық: егер көз алдымызда батыстың үлгісі болмаса, біз ешқашан алға шыға алмас едік. Біз экономикасы қалыс қалған, мәдениеті төмен ел болып қала берер едік. Бірақ біз батыстың толық көшірмесі болғымыз келмейді. 

Социалистік мемлекеттерге тән тәсілдерден бас тарттық. Өйткені, Ұлыбританияның әлеуметтік жағдайды теңдестіру нәтижесінде ортаңқол елге айналғанын көріп отырмыз. 

«Бір адам – бір дауыс» деген жүйе – тығырықтан шығар жалғыз мүмкіндік дегенге сенімді емеспін. Менің ойымша, кез келген қырықтан асқан азаматқа екі дауыс беруге мүмкіндік жасау керек. Өйткені, ол саналы түрде ұрпағының келешегін ойлай отырып, дұрыс таңдау жасар еді. Бұдан қоғам ұтпаса ұтылмас еді. Ол отыз жастағы жігітке қарағанда әлдеқайда жауапты сайлаушы болар еді. 

Халқы тығыз орналасқан, биік ғимараттардан аяқ алып жүре алмайтын елде тұрамыз. Сондықтан көрші-қолаңды сыйлауды әдетке айналдырдық. 

Бізде ешқандай табиғи қор жоқ. Бізде тек стратегиялық маңызы зор кішкентай құрлықты мекен ететін адам қоры ғана бар. 

Жазадан құтыла алмау – жемқорлықты тізгіндейтін бірден бір қағида. Екінші себеп — нарықтың бағамына сай келетін жалақы мөлшері. Табысы ең көп адамдардың он пайызына теңшеп жалақы төлейміз. Егер біздің шенеуніктер лайықты жалақы алушылар қатарына енбесе, онда олардың мемлекетке қажеті қанша? 

Өзіңнің үш досыңды түрмеге жабудан баста. Сіз не үшін екенін анық білесіз. Олар да нақты біледі. 

PLAYBOY-ға 1960 жылдары тыйым салғанбыз. Ол кезде басқа әлем, басқа стандарттар болды. Ол журналға тыйым сол қалпында сақталған. Бірақ қазіргі интернет бар заманда Playboy кімге керек? 

Сингапурлықтардың өз елін Дания мен Жаңа Зеландия сияқты қатардағы мемлекет санайтыны мені қатты алаңдатады. Дания мен Швеция қатардағы үкіметпен шектеле алады. Ал, Сингапурға ол аздық етеді. Өйткені, біз өте тұрақсыз аймақта орналасқанбыз. 

Бірге жұмыс істеу үшін бір-бірін жақсы көру шарт емес. 

Жазылған нәрсені ешқашан оқып бермеймін. Мен тыңдаушының көзіне тік қарап, оның мені мұқият тыңдағанын қалаймын. Менің сөзімнен бір ойды түсінбей қалғанын байқасам, оны басқаша қайталаймын. Ленин де сөйткен секілді. Басқа да ұлы көсемдер сияқты. Мен ұлы көсем емеспін, бірақ болуға тырысып жүрмін. 

Жүз жылдан кейін Сингапур бар болады дегенге сенімді емеспін. Бәрі де менің орынымды басушылардың не істейтініне тәуелді. 

Сингапурлықтар – күңкілдеудің чемпиондары. 

Барлық дін саясаттан тыс болуы тиіс. 

Жыл сайын туатын орыстан өлетін орыс көп. Өйткені, оларда келешекке деген сенім жоқ. Америкалықтар оптимистер. Бірақ сіздің өміріңіз ауыр болса, ол тек мұнайдың бағасы көтерілгенде ғана аз уақытқа жақсарса, онда келешекке деген көзқарасыңыз біздікінен бөлек болғаны. 

Ұлы орыс ұлты жойылып барады деп ойлайтын кез келген адам олардың ғарыш пен атом саласындағы ғалымдарын, гроссмейстерлерін, олимпиада чемпиондарын еске түсірсін. Орыстар тарихтың қоқсығына лақтырып жіберетін коммунистік жүйе емес. 

Демократияға қатысты америкалықтармен көптеген дискуссия жасадым. Олар айтады: -«Неге Сингапур үкіметі еш өзгермейді?»- деп. «Мен барлық сайлауда жеңіске жетіп келемін» деп жауап беремін. Олар айтады: «Сіздің орныңызға басқа адам келіп, өзгеру керек. Сонда демократия заңдылығы сақталады» деп. Мен оларға: «Америкада солай бола берсін. Ал, біздің мазаны алмаңдар» деймін. 

Freedom House пен Amnesty International рейтингтерінде біз тізімнің соңындамыз. Бізде өлім жазасы бар. Біз ірі халықаралық орталықпыз. Егер өлім жазасы болмаса, әлемдік есірткі саудасының орталығына айналып кетер едік. Есірткі өз елімізде кең таралар еді. 

Қытайдың режимі оған балама бола алар басқа режимдерден әлдеқайда тұрақты. Тяньаньмэнь алаңына шыққан студенттер өз үкіметін құрдық делік. Сол алаңға шыққаннан бері бірі Францияға, бірі Америкаға кеткен студенттер өзара әлі дауласып жүр. Сонда олар басқарған заманауи Қытай қандай болмақ? Кеңес Одағынан да жаман болар еді. Қытай – өте ірі мемлекет. Оған мықты орталықтандырылған билік керек. 

Мен бірнеше дағдарысты бастан кештім. Мені аяғыма тік тұрғызатын бір күш болғаны. 

Жасың 87 болғанда, адам өзін өте бақытты сезінеді. Күн өткен сайын қуатым кеміп, былтырғыдай еместігімді сезінемін. 

Мен күнде медитация жасаймын. Медитация кезіндегі ең күрделі нәрсе – банан қалаған маймыл сияқты санаң ойды қуалап кетуін тыю. 

Мен бұрынғыдай мейрамханаға бара алмаймын. Менің қолымды алғысы келетін адамның көптігі сонша, тамақ ішуге уақытым болмайды. Егер барсам, достарыммен ешкім көрмейтін бұрышқа отырып алуға тырысамын. 

Менің әйелім бірнеше рет жүрек талмасына ұшырады. Соңғы екі жыл төсекке таңылып жатыр. Сөйлей алмайды. Бірақ есі бар. Күнде кешкілік онымен сөйлескенімде мені түсініп жатады. Ол менің келуімді күтіп отырады. Мен келген соң ұйықтап кетеді. Күнім қалай өткенін баяндап беремін. Оған Шекспирдің сонеттерін және «Поэзия антологиясында» өзі бұрыннан белгілеп қойған басқа да шығармаларды оқып беремін. Екі жыл төрт ай өтті. Бұл менің өмірімнің бір бөлшегі. 

Байсалды болу міндетім. Өмір жалғаса береді. 61 жыл бақытты өмір сүрдік. Бірақ ерте ме, кеш пе бәрі де бітеді. Екеуіміздің қайсымыз бұрын өлерімізді мен білмеймін. Оған қолымнан келгенше жанында қалуға тырысатынымды айттым. Ол мені түсінді. 

«Табытына шеге қақпайынша, ол адамның сыртынан тон пішпе» деген қытайдың мәтелі бар. Өліп қалғанымша әлі талай ақымақтық жасауым мүмкін. 

Өмірде көп қиянат жасауыма тура келді. Тергеусіз талай адамды түрмеге отырғыздым. 

Менің жасағанымның бәрі дұрыс дей алмаймын. Бірақ бәрі де ұлы мақсат үшін жасалды. 

Егер адымымды азайтып, көбірек демалсам, сергектігімді тез жоғалтатынымды түсіндім. Менің өмірім – күнделікті тәуекелге бел буудан тұрады. Осындай өмірден бас тартып, гольф ойнап, қыдырып, күннің батуын тамашалап, роман оқып отырсам, мен тез қартайып кетер едім. 

Әйелімді көкте, не басқа жерде кездестірем деп ойламаймын. Бірақ сезімтал болғандықтан қатар жерленсек дейміз. 

Бәрі болып қойған соң барып сабақ алып, көреген бола түсесің. Бұл өмір. 

Егер сен бірінші болуға таласпасаң, онда оныншы орынға да лайық болмай қаласың. 

Аударған Шынар Әбілдә


®Қабылан - Ақпараттық порталы™ | Сілтеме | Дереккөз | Авторлық құқық™
Бөлісу тақырыбы: Қабылан - Ақпараттық порталы » Ли Куан Ю-дың өмірлік қағидалары
Тұрақты сілтеме: /A_kop/zhuzadam/2017-05-05/622.html