​Махаббат пен инфантилизм

Махаббат пен инфантилизм

Аяғы да, шашы да, тырнағы да ұзын. Мүсінінде де мін жоқ. Ол тек жағымды көңіл-күй сыйлайды. Оның бойына сын тағу қиын. Бәрі керемет: түрі де, ойы да, жаны да, киімі де. Бірақ ол мұнымен тоқтамады. Ары қарай жетіле бергісі келеді.

Бүгін ол «дұрыс ойлаудың» не екенін біледі. Барлық жағымсыз ой, сурет, көңіл-күйді ә дегеннен-ақ, жоқ етеді. Өзін жақсы көруді үйренді.

Одан басқа амалы жоқ. Өзінен басқа жақсы көретін ешкімі жоқ. Жақсы мінездемесіне қарамастан тұрмыс құрмаған. Ол нағыз еркектер жоққа тән дегенге сене бастады. Енді қайда барса болады? 

Қазіргі заманғы 20-50 жас аралығындағы оң жақта отырған қыздарға тән жағдай осындай. Күн өткен сайын олардың қатары көбейіп келеді. Біркелкі жалғыз «ақылына көркі сай» нәзікжандылар. Әрқайсысы әйел бақытын күтіп отыр. Жалғызілікті жүректердің аянышын бірінші болып Нарық естіпті. Махаббат пен отбасы туралы түрлі бағдарлама мен ток-шоулар қаптады. Әсіре жеңілтек әдеби туындылар сан алуан кеңес беріп әлек. Күйеуді қайдан тауып, оны қандай тұздық қатып, некеге әзірлеуге болатынын айтып ақылдысиды. Бәрінен асып түскендері психотерапевтік тренингтер. «Арман орындайтын» фабрика дерсің.


Күйеуді қармаққа қалай түсіреді?

Басты сұрақ: қандай қыздарға сұраныс бар? Психотерапевт көріпкел сияқты. Ал, мен келіп түскен хаттардағы мәтіндерге қарап, олардың авторларына ештеңе бұйырмайтынын білем. Махаббат та, отбасы да. Ешқашан.

Себебі, оң босағада отырған қыздың көбі және оларға жар болуға лайықты жігіттердің барлығы бір нәрсемен дерттенген. Ол дерттің аты – инфантилизм. Ол жер бетінде қадамын нық басып адымдап жүр. Одан қыз да, жігітте құтыла алмай жатыр. Өйткені, одан құтқарар ем жоқ. Ол тағдырларды тығырыққа тіреп, адам өмірін жалмап жатыр.


Дұшпаныңның түсін біл

Біздің заманның обасы осы болды. Инфант – кәмелеттік жасқа толған, бірақ санасы есеймеген жан. Инфантилизм несімен қорқынышты? Ол адамды тұлға деңгейіне дейін өсуіне кедергі келтіреді.

Өмір, әлем, адам туралы пікірі үстірт келеді. Егер тұлға реалды өмірді қабылдаса, инфант – елес өмірді сүреді. Тұлға өмірді күрделі әлі көпдеңгейлі екенін түсінеді. Инфант үшін өмір киндер-сюрприз сияқты. Тек қай жағынан қағазын аршу керектігін білсең болды, ар жағында аузыңа шоколад түседі, оның ішінде сыйлық бар деп ой түйеді.

Тұлға өзінің және өзгенің де қателіктерінен сабақ алады. Инфант әр кез бір қатені қайталайды да, қайталаған сайын таң қалады.

Тұлға өмір заңдылықтарын түсінуге тырысады. Инфант түрлі рецепт, кеңес, кестелерге сенеді.

Тұлға өзінің бақыты неде екенін пайымдауға күш салады. Инфант «осылай қалыптасқан» деген қағида жетегінде жүреді.

Тұлға жыл өткен сайын зерек, саналы, ақылды бола түседі. Инфант өзгермейді.

Тұлға өз өмірін өзі жасайды. Инфант тек еліктей біледі. Сондықтан инфанттардың барлығы қоғамдық шектен шыға алмайды. Өмірдің әр түрлі кезеңіне түрлі себебі табылады: не киіп, не ойлап, қалай өмір сүру керек дегенде «жұрт сияқты» деген пішіннен ауытқымайды.

Қазіргі бейбіт, тоқ заманда осындай еліктеуіштер қаптады. Ақылды адам стандартты адамға айналды.


Махаббатты инфант қалай түсінеді?

Ер адамнан оның жеңіл, жылы, көңілді, жанға жағымды болуын қалайды. Жағдайын жасап, қамқорлық танытып, қауіпсіздігіне кепіл болса екен дейді. Ақылды, сұлу, жаны нәзік, әзілдей білетін, әрі өте бай болса деп армандайды. Бір қарағанда кәдуілгі шаңсорғыш, тоңазытқыш, кір жуғыш мәшине бір құтыда. Мұндай техника ғажабы бесік жырын айта білсе, нұр үстіне нұр.

Осындай қабілеті үшін әйел оған ең жас әрі сұлу кезін арнамақшы. Жылуын беріп, махаббатын сыйлап, бұдан да зор жетістікке шабыт бермекші.


Өтірік айтады!

Инфант ары кетсе тек құмарлыққа ғана жетеді. Олардың сезімі бенгал оты сияқты. Жарқ етеді де сол сәт сөніп қалады. Жолым болмады дей салады. Сондықтан шығар, инфанттар ешкіммен ұзақ қарым-қатынас құра алмайды.

Олар мұны мінезіміз үйлеспеді, жағдай қиындады, біз әр түрліміз деген себептерге сүйейді. Ал, шын мәнінде мәселе басқада. Инфант өзін тым жақсы көреді. Ол кішкентай бала сияқты, өзге адамды толыққанды, нәзік түйсікпен сезіне алмайды. Өз қалауын қанағаттандыру ғана оның басты жеңісі бола бермек. Қамқорлық, жылу, тойыну ғана керек. Міне, осыдан кейін әрбір екінші бойжеткен некеге тұрса ғана өзін қауіпсіз сезінемін дейді. 

Инфант ешқашан адамдарды түсінбеймін деп айтпайды. Ол: адамдар мені түсінбейді дейді.

Бұдан байқайтынымыз инфант қоршаған ортаға бейғам. Ол оны өзі ойлап, қиялында жасап алады. Өмірде жоқ кейіпкерді сомдайды.

Айналаңызға мұқият қарасаңыз, бала күннен туыстары сен тым таланттысың, кереметсің деген бос мақтанмен өсірген адамдар бар шығар. Бос мақтанға сенген адамның өмірі орнықпайды. Өзі армандағандай тағдыр оған бұйырмайды. Себебі, оның өзі туралы қиялы бүгіннің шындығымен сәйкеспейді.


Сіз сұлу әрі тартымдысыз ба?

Тағдырға балта шабатын туыстардың рөлін бүгінде психологиялық тренингтер мен танымал психологиялық әдебиет жаулап алған. Жетістікке жету үшін өзіңді қандай қазына екеніңді тануың керек дегенді тықпалайды.

Өзіңіздің сұлу әрі тартымды екеніңізге сенуіңіз керек дейді. Өзіңізге махаббат тартатын күшіңіз болуы тиіс. Бұны дәлелдейтін ешбір заңдылық болмаса да әркім осыған сенеді. Айнаға қарап әуре болады. Қорқыныш пен үрейін жеңіп, ақылды әрі есі дұрыс ойларға ұмтылыс жасайды. 

Бүгінгі таңдағы еркектер әйелдерден бетер инфант. Не жетпейді екен деп ойланасың? Ал, кездесті инфант қыз бен жігіт. Өмір туралы түсініктері бірдей, құндылықтары да ұқсас. Неге үйленбеске? Жоооқ. Қайдағы? Кері зарядталған йондар құсап бір-бірінен тебіліп тұрады.

Екеуінің бір кемшілігі бар. Дамымай қалған инфанттың психикасында түйсікке бағынбайтын бір күш бар. Ол жауапкершілікті түсінбеу деп аталады.

Кез келген еркектің өмірін гүл етемін деп өзін тосынсый деңгейіне көтеріп алған қыз кімнің мойнына отырып алсам екен деп армандайды. Оны бағатын, қорғайтын, түсінетін жігіт қажет. Ал, инфант еркекке мұндай бас сақина неге керек?

Тұрмыс деген бүгінде қиын емес. Үй шаруашылығында әйелдің қолын алмастыратын техника жеткілікті. Ал, күйеуге шыққысы келген қыздар жетіп артылады. Өзіне ұнаған қызбен уақыт өткізе алады. Ол тек күйеуге шығу деген тақырыпты қозғамаса болды. 

Дегенмен, екі бірдей инфант бас қосты делік. Олардың өмірі «кім кімнен асып түседі» дейтін марафонға айналады. Жетілмей қалған сананы қосыңыз. Осыдан барып салқындық пен өзгенің мәселесіне, қайғысы мен қуанышына бейтараптық бой көтереді.

«Бір шындырмен байланған» инфанттар бірге тұра береді. Бір-бірін сыйламайды. Түсінбейді. Мүлде көрмейді. Десекте оларды жұрт қалыпты отбасы деп атайды. Мұндай некеден аяқ алып жүргісіз.


Нағыз азаматтар бар!


Оң босағада отырып қалғандарға естіртетін жаңалығым бар. Нағыз еркектер бар. Бірақ тірі адамға қуыршақ қыз керек пе? Адамның бәрі отбасыны сүйіспеншілікпен құрады дегенді кім айтты екен?

Кей жұптарды тек төсек қана ұстайды. Кейбірінде құмарлық болады. «Маған ұнайды» дейтіндер де табылады. «Осылай болуы тиіс» деп жүргендер де аз емес. Ортақ қызығушылығы мен армандары болуы ықтимал... Махаббаттың қатысы не?

Көпшілік адамға бірге тұра алатын адам керек. Серіктес дейік. Мұның еш жаманшылығы жоқ. Дәл осылай жүз жыл бұрында үйленген. Бақытты болған. Бірақ бұлай үйленуге санаң сау болуы тиіс. Әділеттілік пен адалдық туралы түсінігің терең болғаны абзал. Инфанттың ол туралы ойлауға түйсігі жетпейді. Бір қарапайым әйел өзіні некесі туралы былай деп айтып беріп еді: «Күйеуім мені сыйлайды. Мен үйдің жұмысын жақсы атқарамын. Мен де оны сыйлаймын. Арақты аз ішеді. Қолынан келмейтіні жоқ. Менімен ешқашан сөйлеспейді. Оқасы жоқ, мен көршінің үйіне барып әңгімелесіп келем». Қалай? Арсыздық па? Жоқ, шындық қана.

Жер бетіндегі отбасының көбі осылай тұрады. Бірақ хаттарда қолданылатын сөздің көбі махаббат. Бәрі махаббат күтеді. Махаббатқа дайын. Тек жолдары болмай жүр. Ескірген ертегі. Өтімді аңыз. Тәтті елес. Бейпіл сөз, әшейін.

Музыка мен математиканы да адамның бәрі біркелкі оқыса да дәл солай меңгермейді ғой. Ал, махаббат не сонда? Кез к елген адамның уысына түсе беруі керек пе?

Махаббат бар. Бірақ ол инфанттарға арналмаған. Ол ересек сезім. Оны сатып ала алмайсың. Таныс салып, бопсалау да мүмкін емес. Ұрлап, тартып, сұрап алудың да жолы жоқ. Оған тек есею керек. Жетілу қажет. 

Адам тек шын қайғы шексе ғана есейеді. Қайғы ғана адамның жүрегін махаббатқа өсіреді. Өзіңнің ақымақтығыңды сезінуден туған қайғы ақылды етеді. Өзіңнің суықтығыңнан тапқан қайғы – жүректі жылытады. Инфант деген қайғыдан қорқады. 

Сондықтан ақылына көркі сай сұлу қуыршақтар өзімен өзі жүрген күйі қартаяды. Шындық осы.

Карл Густав Юнг айтыпты: Инфант өмірмен бетпе бет келуге дайын емес. Өйткені, өмірі бос екенін көреді. Осы кездесуден басын алып қашады. Бір жағынан елес өмір, екінші жағында құз: шын өміріңнің қандай екенін көру.


Евгения БЕЛЯКОВА

Аударған Шынар Әбілдә

Қабылан ақпараттық порталы


®Қабылан - Ақпараттық порталы™ | Сілтеме | Дереккөз | Авторлық құқық™
Бөлісу тақырыбы: Қабылан - Ақпараттық порталы » ​Махаббат пен инфантилизм
Тұрақты сілтеме: /A_kop/psxologiya/2018-01-29/1026.html