Ер азаматтар қадірлейтін әйел қандай болады?

Біздің ауылда ерекше бір әйел өмір сүреді. Ол -барша ауылдастар үшін құпия- жұмбақ. Ол айтарлықтай сымбатты да емес-ті. Толықша келген қарапайым жан. Киім киісі де жұпынылау. Оны ерекше ететіндей бойында көзге ұрып тұрған ештеңе жоқ еді. Бірақ күйеуі оны керемет жақсы көретін. Оның ерекшелігі сол болатын. Не үшін? Жұрттың бәрі таң қалып, таңдай қағысатын. Не кереметі бар екен деп білгісі келіп тұратын.


Бір күні кешқұрым солардың үйіне шаруам болып бас сұқтым. Әйелі кешкі астың қамында екен. Сол заматта күйеуі жұмыстан келе қалды. Айдың басы. Айлық алатын тұсқа тап келіппін. Ері асханаға өтті де, әйелін маңдайынан сүйді. Қолына ақшасын ұстатты. Әйелі істеп отырған ісін ысыра салды да, күйеуін мойнынан құшақтай алды. «Осы ақшаны табу үшін маңдай теріңді төккеніңді білем, рақмет саған сол үшін. Сенің арқаңда бар жағдайымыз бүтін, төрт құбыламыз түгел, менің үйде отырып, тек отбасыма уақыт бөлуіме мүмкіндік бергенің үшін мың алғыс!» деп айтты.

Бұнымен де бітпеді. Әйелі төр үйде ойнап отырған балаларына барды. Олардың ойынын доғара тұруын өтінді. «Қараңдаршы, – деді уысындағы ақшаны жоғары көтеріп, – әкелерің көп жұмыс істеп, мол ақша тапты. Енді саған, қызым, бір-екі жаздық аяқкиім сатып аламыз, ал, сен, ұлым, велосипедіңді жөндетуіңе болады» деді.

Әкелері үндемей тыңдап тұр. Бірақ бақыттан көзі бал-бұл жанып, қуаныштан жүзі нұрланады. Әйелі ерін өзі ғана бағалап қоймай, балаларына да әкесін бағалауды үйретеді екен. Ерінің көзінде әйелі ғажап болып көрінетіні содан. Ол әйел айлық алған сайын осылай жасай ма, әлде мен көрген кезде ғана солай болды ма, ол жағын білмедім. Бірақ бұл үйде күйеуін пайғамбардай сыйлайтыны анық білініп тұрды. Күнделікті тырбың еңбегі үшін ері өзін бақытты сезіне алатындай ахуал қалыптасқан екен. Қарапайым әйел еместігін осы қылығымен көрсетті. Ол ерін қалай сыйлап, бағалау керектігін білген адам. Сондықтан да ол ері үшін әлемдегі ең сұлу әйел бола береді.


Аударған Шынар Әбілдә

Қабылан ақпараттық порталы



®Қабылан - Ақпараттық порталы™ | Сілтеме | Дереккөз | Авторлық құқық™
Бөлісу тақырыбы: Қабылан - Ақпараттық порталы » Ер азаматтар қадірлейтін әйел қандай болады?
Тұрақты сілтеме: /A_kop/psxologiya/2017-07-17/837.html