Қабылан қазақ даласына қайта орала ма?

Қызылқұм шөлі мен Маңғыстаудың Үстірт алқабында жүйткіп жүретін қабыланның қазақ даласында ең соңғысының құрып жоғалғанына жарты-ақ ғасыр өтіпті. 1947 жылы екі қабыланды Үстірттің батыс шыңынан, ал 1949 жылы тағы екеуін Маңғыстаудан ұстаған. 

Олардың біреуінің терісі Қазақстанның Зоология институтында сақтаулы болса, екіншісінен Атырау облыстық мұражайы тұлып жасапты. 1947-1964 жылдары бұл аймақтан тағы да 16 қабылан ұсталыныпты. Қазақ жерінде өткен ғасырдың 60-жылдары тұқымы құрып кеткен делінетін қабылан Түрікменстанда 80-жылдарға дейін кездескен. «Әлі де оны Түрікменстанның Қарақұмынан сирек те болса кездестіріп қалуға болады» дейді зерттеушілер. Ал Иранның шөл даласында 50-ден 100 басқа дейін жабайы қабылан мекендейді деген дерек бар. Әлем ғалымдары Иранда ғана сақталынып қалған азиялық қабыландарды Түрікменстанның Бадхыз қорығына жерсіндіру мақсатында түрлі экспедициялар жасап, ғылыми жобалармен айналысуда. Ирандағы азиялық қабыландар саны өте аз болғандықтан, африкалық қабыландарды әкелуді ойластырған. Каспий ойпатын мекендеген азиялық қабыланның африкалық қабыланнан басты айырмашылығы терісінің қалыңдығында ғана екен. Одан басқа азиялық қабыланның мойны жуандау, аяғы қысқалау болып келеді. Түрікменстанда қабыландардың өсіп-өнуін қайта қалпына келтіру идеясы баяғыдан бар. Ол елдің қоршаған ортаны қорғау министрлігінің символикасында, сондай-ақ Копетдаг қорығының елтаңбасында қабылан бейнеленген. 

Өзбекстанның Қызыл кітабының мәліметтеріне сәйкес, қабылан бұл ел аумағында 1975 жылы соңғы рет тіркелген екен. Өзбекстанда да қабыландар популяциясын қалпына келтіру жөніндегі халықаралық бағдарлама қолға алынған. Бұхара облысының аумағында орналасқан «Жейран» экоорталығына қабыланның екі ұрғашысы мен екі еркегін алып келіп, олардың басын көбейтіп, 24 мың га жаңа аумақта өз бетімен өмір сүруге үйрету көзделінген. Көбею процесі тұрақты сипат алған кезде бұрынғы мекен ету ортасында қабыландардың санын қалпына келтірмек. Жоба дүниежүзілік жабайы табиғат қорының және халықаралық қабыландарды сақтау қорының қолдауымен бірнеше кезеңмен жүзеге асырылуда. 

Түркия мен Арабияда өткен ғасырдың соңында теңбіл терісіне бола тұқымы тұздай құрыған қабыланды Үндістан елі 1952 жылы аулау мен өлтіруге толық тыйым салған, бірақ кеш қалыпты, заң шығардың сәл ғана алдында үндінің соңғы үш қабыланын атып өлтіріп кеткен. Үндістанда жалпы, қабыланның бірінші болып жойылып кетуіне ағылшындардың оларды жүйрік атпен қуып жетіп, найзамен түйреп өлтіретін спорттық қызығушылығы көп зардабын тигізген. Қазір Солтүстік Африкада, Ливияның кейбір аудандарында ғана қабылан сақталынып қалыпты. Шығыс Африканың қорықты аудандарында қабылан басы ептеп көбейе бастапты. 

Ал бір заманда Құбылай ханның Қарақорымдағы ордасында болып қайтқан венециялық Марко Поло қаһарлы ханның бір мыңға жуық қолға үйретілген қабыланы болғанын жазып қалдырыпты. Саятшылыққа шыққанда жыртқыштарды қарғыбаулап, кейде екі аяқты арбаға отырғызып, болмаса аттың құйрығына өңгеріп алып жүрген, алаңдамас үшін көздерін жауып тұратын арнайы тұмылдырық кигізіп, құрбандығына 200-300 метр жақындағанда ашып қоя беретін болған. Оқша атылған жыртқыш жемтігін оң табанымен ұрып сұлатып, тамағы не тұмсығынан қылқындырып жатқанда, аттылы аңшылар да жетіп, қорқырап жатқан аңды бауыздап, тостаған толы қанымен қабыланды тойғызған соң, қайтадан көзін байлайтын болған. Ақсақ Темірдің тұқымы, үнді жұртын билеген Әкбар хан да аңшылыққа пайдалану үшін сарай маңындағы қорықта 1 000 қабылан ұстаған деседі. Бейбарыс сұлтанның Берке ханға жіберген сый-сияпаттарының ішінде қабыландар болған. Ал әріге сүңгісек, біздің дәуірімізге дейінгі үш мың жыл бұрын Вавилонда, кейінірек Мысырда, Арменияда, Эфиопия мен Шығыстың өзге де елдерінде, қазіргі Ауғанстан, Ирак, Сирия, Пәкстан елдерінде аң аулауда қабылан аңшы иттің орнына жүргеніне көз жеткізуге болады. Мұндай аңшылық дәстүр Шығыстан Батысқа қарай ауып, орта ғасырда кейбір австрия мен француз корольдері де қабыланмен аң аулаған. Қазақтың хан-сұлтандары да ХIХ ғасырға дейін қабыланды қолға үйретіп, құлан мен тарпаң, ақбөкен мен қарақұйрық аулауға салған. Хандардың арасында қолға үйретілген қабылан ерекше қымбат сыйлық ретінде жүрген. Каспий маңын жайлаған қазақтар қабыланды ХХ ғасырға дейін аңға салса, түрікмен аңшылары ішінде тіпті, 1950 жылға дейін қабыланмен түлкі мен қоян, жайран аулап келгендер ұшырасыпты. 

Қабылан – қолға тез үйренетін жыртқыш. Оны қолға үйрету де қыран құсты үйретумен бірдей: бірнеше күн аштан қатырып, ұйқыдан қаққан. Әбден әлсіреген жыртқышқа қолдан жем беріп, кейін қарғыбаулап, көпшілікке көзін үйрету үшін адам толы базар ішін аралататын болған. 

Қабыландар өзге де ірі мысық тұқымдастарға қарағанда қолға өте тез үйренгенімен, олардың иен даладағы өмір сүру әрекеті ғылымға онша белгісіз. Өзге мысық тұқымдастардан басты өзгешелігі, қабыланның бойында иттің де, мысықтың да қасиеті бар. Мысық тұқымдасқа

жатқызылғанымен, ит тұқымдасқа барынша жақын. Ит құсап шоқиып отырады, аң аулауы да ит секілді. Бірақ табан ізі мысықтыкінен аумайды. Қарсыласына алдыңғы аяғының тырнағымен шап беретіні, талға өрмелеуі мысықтыкіндей. 

Қабыландар – жалғыз-жарым жортады, топ болып жүруі – сиректің сирегі. Онда да күшіктерін ертіп жүргендегісі. 

Қабылан – сағатына 120 шақырым жылдамдықпен жүгіре алатын аса жүйрік жыртқыш. Планетадағы бірде-бір аң онымен жарысқа түсе алмайды. Ғалымдар желдей ескен қабыланның осыншалық жылдамдығының қыр-сырын зерттеп көрді. Ал мұның сыры неде? Жапон ғалымдарының айтуына қарағанда, қабыланның шапшаңдығын орнынан оталып, жылдам қозғалатын көлікке теңеуге болады. Мысалы, газды басқан сайын көлік еркін жүйткиді. Қабылан да солай. Жемтігінің соңынан қуған сәтте бұлшық еттердің барлығы да іске қосылады да, оның жылдамдығы барған сайын артады. Зерттеу жүргізген ғалымдардың жазуына қарағанда, шапшаңдық олардың қаңқа сүйектері мен омыртқасына да қатысты. Әсіресе, олардың омыртқасы иілгіш, жүгіруге өте ыңғайлы көрінеді. Қабылан жүгірген сәтте омыртқа еркін иіліп, жазылады да, олардың секірісі жеті метрге дейін жетеді. Міне, олардың шапшаң жүгіруінде осындай сыр бар. 

Қабыланды бір заманда тазы ит секілді үйдің ішінде ұстау Шығыс байлары арасында сән-салтанатқа айналған. Арабияның, Үндістан мен Иранның салтанатты сарай қабырғаларында батылдық пен ержүректіліктің символы ретінде қабылан бейнеленгенін көруге болады. Самарқандтағы Жалаңтөс баһадүр салдырған Шер-Дор мавзолейінің алдыңғы бас қақпасы сыртында қос қабылан мен қос елік бейнеленген. 

Қазақтың жыр-дастандарында «арыстандай айбатты, қабыландай қайратты», болмаса «аруақтап жауға тиерміз, қабыландай бүлік салармыз», «қабылан жүрек қайран ер», «сен қабылан болсаң, мен арыстан» деген жолдар жиі ұшырасады. Қабылан деген кісі аттары да аз емес. 

Әлі де ара-тұра Арал теңізінің маңынан қабылан тектес тағы аңның ізін көргендерін айтатындар табылып қалып жүр. Кім біліпті, Ираннан Түрікмен жері арқылы ауып келуі де мүмкін. Бірақ түз тағысын әл-әзір көзбен көрген ешкім жоқ. Кім біледі, Қазақстанда да болашақта Түрікменстан мен Өзбекстандағыдай, Маңғыстау түбегіне қабылан әкелініп, көбейтуге көңіл бөлінер... 

Тәшенов Төреғали

Дерккөз: http://tonykok.kz


®Қабылан - Ақпараттық порталы™ | Сілтеме | Дереккөз | Авторлық құқық™
Бөлісу тақырыбы: Қабылан - Ақпараттық порталы » Қабылан қазақ даласына қайта орала ма?
Тұрақты сілтеме: /A_kop/madeniet/2017-05-08/648.html