Шәкәрім Құдайбердіұлының туғанына 160 жыл

Шәкәрім Құдайбердіұлының туғанына 160 жыл

АҚЫННЫҢ МЕРЕЙТОЙЫ ЖЫЛ БОЙЫ АТАЛУДА


Жақында Абайдың «Жидебай-Бөрілі» - мемлекеттік қорық-музейінде қазақ даласының үлкен ойшылдарының бірі, хәкім Абайдың інісі, алаштың ірісі Шәкәрім Құдайбердіұлының туған күніне арналған көрме ашылды.

Үстіміздегі жылы Шәкәрім қажының 160 жылдық мерейтойы қарсаңында атқарылған жұмыстар мен ұйымдастырылған шаралар жетерлік:

2017 жылдың 14 желтоқсаны - Шәкәрім Құдайбердіұлының 160 жылдығына арнап «Shakarim.kz» сайты ашылды. «Shakarim.kz» сайтынан қызығушылық танытқан оқырмандар Ш.Құдайбердіұлының өлеңдері мен аудармалары, поэмалары және көсемсөздерімен жақын таныса алады. «Shakarim.kz» сайты «Шыңғыстау шынары», «Осы оймен Мекке барғамын», «Шәкәрімнің қоғамдық қызметі», «Абай және Шәкәрім», «Шәкәрім және Әуезов» және басқа бөлімдерден тұрады.

2018 жылдың 17 қаңтары  - Шәкәрім Құдайбердіұлының туғанына 160 жыл толуына орай «Әрқашан ұмытылмасқа» көрмесі ашылды. Кемеңгер ақын «Ар-ұждан» философиясын енгізген, «Қазақ айнасы», «Үш анық», «Мұсылмандық шарты», «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі» кітаптарының авторы. Аталған көрме ғұламаның қолтаңбаларында кездесетін сөзімен «Әрқашан ұмытылмасқа» деп аталды.

2018 жылдың 1 ақпаны - Шәкәрімнің 160 жылдығына арналған «Мұтылғанның тағдыры» атты дәстүрлі аймақтық білім сайысы өткізілді. Сайыстың басты мақсаты - жасөспірімдерді Ш.Құдайбердіұлының өмірі мен мұрасын терең білуге ынталандыру. «Мұтылғанның тағдыры» сайысына Семей қаласының және қала маңы мектептерінің оқушылары қатысты.

2018 жылдың 29 наурызы - Ш.Құдайбердіұлы шығармашылығын мектепте оқыту мәселелеріне арналған семинар өткізілді. Семинарда «Мектеп бағдарламасында Шәкәрімнің прозалық шығармасын оқыту», «Шәкәрім мұрасы – тәрбиенің құралы» тақырыптарында баяндамалар жасалды. Ғылыми-тәжірибелік семинарда қала және қала маңындағы мектеп мұғалімдері қатысып, баяндама жасаған ұстаздарға арнаулы сертификаттар табысталды.

2018 жылдың сәуірі - Ш.Құдайбердіұлын ақтау туралы үкімет қаулысы 12 сәуір 1988 жылы шыққан еді. Осы күннен бастап ақын шығармалары оқырманға жол тартты. Атаулы күнге орай 2018 жылдың сәуірі мен шілдесі аралығында Ш.Құдайбердіұлының 160 жылдығына арналған «Әрқашан ұмытылмасқа...» жылжымалы көрмесі Астана, Алматы және Шымкент қалаларында ұйымдастырылды. Алматы қаласындағы М.Әуезов атындағы академиялық театрда «Әрқашан ұмытылмасқа...» жылжымалы көрмесі ұйымдастырылды.

2018 жылдың мамыры - «Абай музейінің хабаршысы» ғылыми-танымдық журналы мен республикалық «Аqjoltai» газетінің кезекті сандары Ш.Құдайбердіұлының 160 жылдығына арналды. «Абай музейінің хабаршысы» журналында елімізге белгілі ғалымдардың Шәкәрімтануға қатысты ғылыми-танымдық мақалалары жарық көрді. Республикалық «Аqjoltai» газетінің №5 саны музей тапсырысымен Ш.Құдайбердіұлының 160 жылдығына орай ойшыл ақынның өмірі мен шығармашылығына арналды.

2018 жылдың маусымы - Ш.Құдайбердіұлының  160 жылдығына орай «Даналар мұраты» телебағдарламасы түсірілді. «Даналар мұраты» телебағдарламасында шәкәрімтанушы ғалымдар мен әдебиетшілер Шәкәрім шығармашылығына қатысты ой-пікірлерімен бөлісіп, данышпан ақынның өмірі мен шығармаларының оқырманға беймәлім тұстары әңгіме өзегіне айналды.

2018 жылдың шілдесі - ҚР Ұлттық музейінде Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына орай Ш.Құдайбердіұлының 160 жылдығына арналған «Ұлы тұлғалар үндестігі» көрмесі ұйымдастырылды. «Ұлы тұлғалар үндестігі» көрмесінде Шәкәрімнің шоқпары мен саптыаяғы, Шәкәрім үлгісімен тігілген кимешек сияқты жәдігерлер Астана жұртшылығының ерекше қызығушылығын тудырды.  Ш.Құдайбердіұлының 160 жылдығына арналған «Әрқашан ұмытылмасқа...» жылжымалы көрмелеріне барлығы 19 330 адам қатысты.

Бұл бүгінгі күнге дейін ойға алған жұмыстардың орындалғаны ғана. Алдағы уақытта Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінің ұйымдастыруымен Шәкәрім Құдайбердіұлының 160 жылдық мерейтойы аясында «Шәкәрімнің Саят қорасы» экспозициясын жөндеу әрі қайта құрылымдап музей ретінде ашу, Шәкәрім қажының ақталуы мен ақын шығармаларының оқырманмен қауышуына өз септігін тигізген Ахат Шәкәрімұлының естеліктер кітабын баспаға ұсыну, республикалық «Абай» журналында шәкәрімтануға қатысты ғылыми еңбектерді жариялау, суретші М.Әлиакпаровтың Ш.Құдайбердіұлына арналған туындыларынан көрме ұйымдастыру жоспарланып отыр.

Шәкәрім Құдайбердіұлының 160 жылдығы аясында атқарылатын жұмыстар шәкәрімтануға, кемеңгер ақынның бай мұрасын насихаттауды одан әрі жандандыруға септігін тигізері анық.


Қуат Қиықбай,

Абайдың «Жидебай-Бөрілі»

қорық-музейінің ғылыми қызметкері


®Қабылан - Ақпараттық порталы™ | Сілтеме | Дереккөз | Авторлық құқық™
Бөлісу тақырыбы: Қабылан - Ақпараттық порталы » Шәкәрім Құдайбердіұлының туғанына 160 жыл
Тұрақты сілтеме: /A_kop/dastur/2018-07-23/1112.html
Кейінгі: Кері қайту