Жақсы келін атанғыңыз келсе...

Әрбір бойжеткен тұрмыс құрып, келін атанып, ана болғысы келеді. Алайда барлығы өздері ойлағандай бірден керемет болып кете салмайды. Сол әулетке сіңісіп, жақсы келін атану жолында қаншама қиыншылықтар мен кедергілерге тап болады. Сондай жағдайда ең дұрысы – сабырлылық танытып, төзе білу. Осы тұрғыда қыздарымызға септігі тиер деген оймен бірнеше есте ұстарлық кеңесімізді ұсынамыз:


1. Келін болып түскен сәттен бастап сол әулеттің адамысыз. Сондықтан не істесеңіз де ынты-шынтыңызбен жасап, сол үйге жанашырлық танытыңыз.

2. Жайдарлы болыңыз. Күлімсіреу – тас боп қатқан жүректерді жібітіп, мейірімділік орнатады.

3. «Мынаны істей алмаймын» деген сөзді айтпаңыз. Бұл тірлікті істеп көрмегем, қолымнан келмейді деу дұрыс емес. Не болса да бар күшіңізді салып, талпыныңыз. Адамның қолынан келмейтін іс жоқ.

4. Сол үйдің үлкенін де, кішісін де сыйлаңыз. Кішіпейіл болғаннан кішірейіп қалмайсыз.

5. Мінсіз адам болмайды. Жарыңызды, ата-енеңізді түзетем деп әуре болмаңыз. Оларды сол күйі қабылдаңыз.

6. Күйеуіңіздің ата-анасы, бауырлары енді сіздің де жақындарыңыз. Сондықтан оларға барынша мейірімділік танытып, жақсы көріңіз.

7. Енді сол үйдің бар тірлігі сіздің мойныңызда. Сырт көз – сыншы. Сөз алдымен сізге келеді. Сондықтан үйіңіз әрдайым таза, тамағыңыз дәмді, кіріңіз жуулы, ыдыс аяғыңыз жалтырап тұратын болсын.

8. Енеңіз – анаңыз. Не болса да сол кісімен ақылдасып, көмек сұрасаңыз сізге «жоқ» демейді. Кейбір қыздар енені жау көреді. Ол дұрыс емес. Кез-келген ата-ана баласының бақытты болғанын қалайды емес пе? Енеңіз сізге үнемі көңілі толмаса да, мінезі қиындау адам болса да оған жақсылық жасай беріңіз, қарсы сөйлемеңіз. Атаңа не істесең алдыңа сол келеді дегенді естен шығармаңыз.

Дерккөз: http://www.jastar.kz

®Қабылан - Ақпараттық порталы™ | Сілтеме | Дереккөз | Авторлық құқық™
Бөлісу тақырыбы: Қабылан - Ақпараттық порталы » Жақсы келін атанғыңыз келсе...
Тұрақты сілтеме: /A_kop/dastur/2017-07-12/828.html