Қаржылық сауаттылық – жарқын болашақтың кепілі

Қаржылық сауаттылық – жарқын болашақтың кепілі 

Құнды қағаздар, қор нарығы, акция, дивиденд, инвестиция, қаржылық сауаттылық, брокер дегеніміз не? Бұл сұрақтар кім-кімді болсын қызықтырары сөзсіз, алайда кеңінен түсіндіре алатын тек қаржы саласының мамандары деген пікір қалыптасқаны белгілі. Бірақ, мұндай пікірмен келіспейтіндер де бар. Қоғамда түрлі жағдайлар орын алуда. Әсіресе адамдарды қаржылай пирамидаға тартып, несие алып береміз деп сан соқтырып жүргендері қаншама? Алайда алаяқтардың құрығына ілікпей үйде отырып-ақ табысқа қол жеткізіп отырғандар да аз емес. Бұл ретте, «Freedom Finance» АҚ Ақтау филиалының директоры Альбина Ашықбаева ханыммен сұқбаттасудың сәті түскен болатын. 

Сұрақ: Альбина Сәлімгерейқызы, алдымен мына сұраққа жауап берсеңіз. Халықтық IPO қорытындысы бойынша маңғыстаулықтар қанша табыс тапты?

Жауап: Естеріңізде болса алғашқы болып өз акцияларын халыққа үлестірген «ҚазТрансОйл» АҚ болатын. Араға көп уақыт салмай электр желілерін басқару жөніндегі «KEGOC» АҚ акциялары қолжетімді болды. Бұл ретте «Фридом Финанс» АҚ «Халықтық ІРО» бағдарламасының екінші кезеңінің белсенді қатысушысы болды. Сол уақытта акцияны сатып алу кезінде комиссия 0% құраған болатын. Айта кету керек, «Халықтық ІРО» бағдарламасының екінші кезеңі көптің көңілінен шықты. Шамамен 41 991 берілген жеке өтінімдер қабылданып, оның ішінде 18 000 астамы "Фридом Финанс" АҚ арқылы сатылды. Осылайша біз брокерлік компаниялар арасында «рекорд» жасадық, себебі бұл ең жоғарғы көрсеткіш. Ал филиалдар арасында өтінім берушілер Алматы 26,7%, Қарағанды 18,5%, Шымкент 16,8% болса, Маңғыстау облысы бойынша бұл көрсеткіш 1,8% құрады. «KEGOC» компаниясының акцияларының бағасы өсіп, барлық инвесторларға дивидендтер төленді. Яғни акционерлер пайдасы 3 жылда 200% асып түсті. Жалпы «Халықтық ІРО» бағдарламасының мақсаты – қазақстандықтарды ел экономикасының өркендеуіне қатыстыру болатын және ол өзінің тиімділігін көрсете алды. Бүгінде өз бизнесін дамытқысы келмейтін компания жоқ. Барлығы табыс көзін көбейтуді ойлап, түрлі тиімді әдістер іздеп әлек. Ал, «IPO» нарығына шығу ең алдымен шағын және орта бизнес субъектілеріне тиімді екендігін көрсетті. Себебі бұл қосымша қаржы көздеріне, бір сөзбен айтқанда ұзақ мерзімді инвестицияға қол жеткізуге мүмкіндік берді.

Сұрақ: Маңғыстау тұрғындары үшін қанша компанияның акциялары қолжетімді?

Жауап: Кез-келген Қазақстан Республикасының азаматы акционер болуына ешқандай кедергі жоқ. Тіптен құжат жинап, уақыт жоғалтпайсыз. Бар болғаны жеке бастың куәлігін растайтын құжат болса жетіп жатыр. Ал «Фридом Финанс» АҚ клиенттері үшін қазақстандық, ресейлік және америкалық қор нарығында  шығарылатын құнды қағаздар қолжетімді екенін атап өткім келеді. 

Сұрақ: Акцияларды сатып алуға болатын компаниялар тізімі толығуда деп айта аласыз ба?

Жауап: 2018 жылдың 1 қаңтарына қарағанда KASE сауда тізімдерінде 110 эмитент (шығарушы) және 66 эмитенттен тұратын 262 корпоративтік облигациялар шығарылымы бойынша 127 акция атауы болған. Ал 2017 жылдың соңына қарағанда, KASE сауда тізімдеріне 262 атаулардың 66 этименттер облигациясы кірген. Ал листинг процедурасынан 37 облигациялар шығарылымы өткен болатын. 42 облигациялар атауы, көбінесе банк секторындағы KASE тізімінен шығарылған. Соңғы үш жылда Қазақстан қор нарығында «Фридом Финанс» АҚ үш «IPO» өткізді. 

Сұрақ: Сіз атап өткен үш компания туралы айтып берсеңіз? 

Жауап: 2015 жылдың ақпанында еліміздің тарихында тұңғыш рет, Қазақстан қор биржасына алғаш отандық шағын және орта бизнес субъектісінің акциясы шығарылды. Соның бірі - «БАСТ» АҚ таукен компаниясы. Оның «IPO» нарығына шығуына біздің «Фридом Финанс» АҚ қол ұшын созды, яғни «андеррайтерлік» (құнды қағаздарды шығару және тарату) қызметін атқарды. Жеке инвестицияның арқасында аталмыш компания 400 млн. теңге көлемінде қаржыға қол жеткізіп, байыту фабрикасын іске қосты және бүгінгі таңда мыс концентратын көрші елдерге экспортқа шығаруда. Нәтижесінде бұл қадам барлық тарапқа тиімді болды. Компания қажетті қаржыға қол жеткізді және оның кірісі көбейді. Ал акционерлер болса бір акцияға 21 827 теңге жұмсап, қазіргі таңда 160 % табысқа кенелді. Айта кетейін, бүгінде «БАСТ» АҚ акциясы қор нарығында 56 500 теңгені құрайды. Ал 2016 жылы маусым айында Қазақстан қор биржасы қатысушыларының саны «Ақтөбе металл құрастыру зауыты» АҚ толықты. Жалпы сомасы 2,9 млрд. теңгені құрайтын барлығы 1 498 сұраным түсті. Осылайша сұраныс көлемі 371,9% құраған болатын. Ал «Фридом Финанс» компаниясының ішінде ең жоғары көрсеткіштер Алматы қаласы бойынша 22,2%, Ақтау 16,5% және Атырау 10,3% болды. Егер инвесторлармен акцияларды сатып алуға жұмсаған қаражаттар бойынша бөліп қарайтын болсақ, «Ақтөбе металл құрастыру зауыты» АҚ негізгі акционерлері болып Алматы 53,6%, Ақтау 15,4%, Өскемен 8,1% және Астана 5,8% құраған. Сондай-ақ, «Астана банкі» Қазақстан қор нарығында (KASE) 5,6 млн қарапайым акцияларын орналастыру арқылы 6,5 млрд теңге қаражат тартқан болатын. 

Сұрақ: Азаматтар үшін «Астана Банкі» АҚ акцияларын сатып алу несімен тиімді? 

Жауап: «Астана Банкі» АҚ өсу үшін үлкен әлеуеті бар мобильді банк үшін жаңа форматты іске асыруды қолға алды. 2014 жылдан бастап, жаңа акционерлердің келуімен банк көптеген ұстанымдарда АҚШ-тағы «Capital One» және Ресейдегі «Tinkoff Credit Systems» сияқты банктердің форматтарына ұқсас стратегияны жүзеге асыра бастады. Бизнес-модель филиалдардың желіден тыс желісінен онлайн/мобильді қызметтерге көшуді және Қазақстан бойынша тікелей жеткізу арқылы карталардың алға жылжуына бағытталған жобаны жүзеге асыра бастады. Бұл өз кезегінде желіні ұстап қалудың өзіндік құнын төмендетеді, ал комиссиялық кіріс ағымдағы шығындарды қамтиды. Капитал карточкалық форматта қолайлы және технологиялық қызметтер бойынша ставкалармен тартылады, ал несиелеу микро және шағын бизнеске негізінен бөлінбеген сегментке бағытталған. Жаңа стратегия 2013 жылы 80 млрд. теңгеден бастап 2016 жылдың соңына 364 млрд. Теңгеге дейін активтерді 4,5 есе ұлғайтуға мүмкіндік берді. 

Сұрақ: Маңғыстаулықтар көбіне қандай акцияларды алуға қызығушылық танытуда? 

Жауап: Қор нарығына деген қолжетімділік аймақтар бойынша бөлінбейді. Еліміздің кез-келген тұрғыны акционер болуына болады. Жалпы бұл ретте біздің өңірінің ерекшілігі де жоқ емес. Олай дейтін себебім, маңғыстаулықтардың көбі «акция» және «дивиденд» терминдермен жақсы таныс. Біздің ойымызша оның бірден-бір себебі «МаңғыстауМұнайГаз» АҚ, «ӨзенМұнайГаз» АҚ, «ҚаражанбасМұнай» АҚ сияқты бірқатар компаниялар өздерінің жұмысшыларына акциялар берген болатын. Сондықтан да, облыс тұрғындары арасында құнды қағаздарға деген қызығушылық әлдеқайда жоғары деп сеніммен айта аламын.

Сұрақ: Табысты инвестор болудың құпиясы неде деп ойлайсыз? 

Жауап: Ең бастысы қаржылай сауатты болу маңызды. KASE мақсаты - құнды қағаздар нарығын дамыту. Сол себепті, бүгінде бағалы қағаздар нарығында қандай жаңалықтар болып жатқандығы туралы хабардар болу және құнды қағаздар анализін үйрену және оған көбірек көңіл бөлгеніңіз дұрыс. Жасыратыны жоқ, қаржысы бар азаматтар ақшаларын көбінесе үй, темір тұлпар немесе жер учаскелерін сатып алуға жұмсайды. Алайда құнды қағаздар сатып алсаңыз, одан пайда көруге болатынын көбі түсіне бермейді. Сол себепті бүгінде қаржылай сауаттылықты дамыту кім-кімге де ауадай қажет. Сондықтан да, Қазақстан қор биржасындағы ахуалды күнделікті бақылап отыруға дағдылансаңыз, үйде отырып табыс табу мүмкіндігіңіз бар. Ол үшін үнемі оқып, ізденіп, қаржылық біліміңді жетілдіріп, барлық мәліметтерден хабардар болып отыру керек.

Сұрақ: Жергілікті атқарушы органдар тарапынан қолдау көрсетіле ме? 

Жауап: Әрине. Біздің компания «Халықтық IPO» кезінде Маңғыстау облысы әкімдігі және «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалымен бірлесіп жұмыс жасады. Қор нарығы қалай жұмыс жасайтыны туралы кеңінен түсіндірген болатынбыз. Кез-келген брокерлік компания арқылы жеке тұлғалар акционер атануына болады. Яғни дайын бизнеске инвестиция салып, табыс табу мүмкіндігі беріліп отыр. Еліміз бойынша 20-дан астам брокерлік компания бар. Ал «Фридом Финанс» АҚ артықшылығы еліміздің көптеген өңірінде филиалдары бар. «Фридом Финанс» компаниясы Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын бақылау мен қадағалау комитетінің талаптарына сәйкес брокерлік, дилерлік, сондай-ақ инвестициялық портфельді басқаруға лицензиясының барлық талатарына сәйкес жұмыс жасайды. Бізде жыл сайын аудит өткізіліп отырады. Кейбір брокерлік компаниялар көбіне артықшылықты (привилегированный) акциялармен жұмыс жасаса, біз қарапайым акциялармен де жұмыс жасауға толықтай мүмкіншілік бар. 

Сұрақ: «Фридом Финанс» компаниясы қай елдерде жұмысын атқаруда?

Жауап: Өте орынды сұрақ. «Фридом Финанс» АҚ өкілдігі Ресей, Украина және Қырғызстанда бар. Сондай-ақ, еліміздің кейбір аймақтарында филиалдар ашылуы жоспарда бар.  

Сұрақ: Сөз соңында оқырмандарға айтарыңыз бар ма?

Жауап: Өз басым армандар орындалады дегенге сенемін. Табысқа қол жеткізу, тәуелсіз болу кім-кімнің болсын қол жеткізгісі келетін алға қойған мақсаты. Ал биік белестерді бағындыру үшін, ең алдымен қаржылай сауатты болу қажет. Бүгінде бұл өте маңызды, тіптен заман талабы дер едім.

PHOTO_20180306_112356.jpg

Альбина Сәлімгерейқызы салиқалы сұқбатыңызға рахмет! Жұмысыңызға сәттілік тілеймін. 

Сұқбаттасқан Кәмшат Ізбасарова. 




  


®Қабылан - Ақпараттық порталы™ | Сілтеме | Дереккөз | Авторлық құқық™
Бөлісу тақырыбы: Қабылан - Ақпараттық порталы » Қаржылық сауаттылық – жарқын болашақтың кепілі
Тұрақты сілтеме: /A_ekonomika/2018-04-03/1096.html