Сапарлар шерткен салқар сыр

САПАРЛАР ШЕРТКЕН САЛҚАР СЫР

Халқымыздың «Атың барда жер таны желіп жүріп, Асың барда ел таны беріп жүріп» дейтін даналығын даңғыл жүрегіне ұялатқан жандардың бірі-филология ғылымдарының докторы, профессор, жазушы-ғалым Тұрсынбек Кәкішұлы. Ол кісі-тау асып, тас басып, жалғанды жаяу кезіп жиһангез атанбағанымен, аяғы жеткен жерлерді әлінше аралап, жол қадірін бағалап жүрген жанкешті жан.


Бұлайша ой қортып, қолыма қалам алдырған-жақында Алматыдағы «Глобус баспа үйінен» жарық көрген Т. Кәкішевтің «Жаяу салдың» серуендері атты кітабы. Әуелі кітапты қолыңа алғанда көзің түсер мұқабасынан да біраз сырға қаныуға болатын сыңайлы. Атының өзінен айтарын ұғындырған кітаптың бір тысынан кербез Көкше көзіңе ұрса, енді бір бетіндегі бетпақ дала беймәлім бағыттарға жетелейді. Шынымды айтсам, «Жаяусалдың серуендерінің» алғашқы бетінен бастап ақырғы бетін жапқанша Тұсекеңмен жаһанды бірге кезгендей, теңізді бірге жүзгендей күй кештім.

Профессор Т. Кәкішевті әдебиет сыншысы, ғалым жазушы ретінде алғашқы кітабы «Октябр өркенінен» бастап жазылған еңбектерінен жақсы білгеніммен, мынау жинағынан кейін тау тұлғалы азаматты тағы бір қырынан тануға құмарттым. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің филология факультетінің табалдырығын алғаш аттаған шағымда осы кісінің алдынан дәріс алғаным әлі есімде. Қазақ әдебиетті сынының тарихынан лекция оқитын қасқа бас ағайдың сабағына ұйыған студенттердің 80 минут уақыттың қашан өткенін білмей, аңтарылып отыратынын көз алдыма елестетсем, тұғырлы тұлғаның шәкірті болғанымды мақтаныш етемін. Сол кездерде өзге ағай-апайлардың «Тұсекеңнің лекциясына мұқят бол, ол кісі өзі бір институт қой...»-деген сөздерінің мән-маңызын енді түсінгендеймін. 

Ең алғашқы сапарын 18 жасында «Әртіс болсам-ау» деген арманмен Ақмоладан Алматыға оқуға аттанудан бастаған Бұландының бұл баласы өмір бойы жаяу салдың образын сомдайтынын ол кезде ойламаған да еді. «Өміріме өзек болып келе жатқан бір құмарым-ел көру, саяхат құру... 1974 жылдан бастап каникул кезінде саяхатқа шығуды машыққа айналдыра бастадым... тегінде, менің қанымда қазақ көшпенділігінің бірдемесі қалып қойған сияқты ...» деп ғалымның өзі айтқандай, ағамыз аялдап жұмыс істеуі айдан асып кетсе, амалын тауып, жортып кетіп отырады екен. Мүмкін бұл көкжалдық мінез Тұсекеңе туған жерінен дарыған қасиет болса керек. Өйткені, Т. Кәкішев 1927 жылы 15-тамызда Ақмола облысының Бұланды ауданына қарасты Бөрілі деген жерде дүниеге келіпті.

«Өзге емес, өзім айтсам ...» дейтін ғұмырнамалық мақаладан бастау алған «жаяусалдың серуендері» әрі қарай «Совет одағы деген кешегі алып елдің талай өңірінің дәмін алған» ағамыздың Полша, Франция, Қытай, Иран, Түркия, Египет қатарлы шетелдерге жасаған саяхаттарынан жазылған жолжазбаларымен жалғасын табады. Өзіне тән жазу стилі бар ғалымның естеліктері-ескірмейтін мұра. Айтуға жолжазбалар болғанымен саналы жүрекке жетер салиқалы ойы бар бұл еңбек –келешек ұрпақ үшін таптырмас олжа. Бұл жинақта танымдық мазмұны терең, тәлімдік ғибраты мол сапарнамалар топтасқан. Бұрын-соңды басылым беттерінде жарық көрген, қоғамның әлеуметтік мәселелері, алаштың ардақты ұлдары, ел тарихы жайында ой-пікір толғаған ғалымның Кама, Волга, Дон су жолдарымен шетелдерге жасаған саяхаттарының жолжазбалары оны қашанда ұлттық мүддені алға қоятындық қырынан тағы бір танытады.

Көкейкесті, келелі сапарлардың соңғы нәтижесі де өнімді, өрелі болса керек. Академик-жазушы Сәбит Мұқановтың: «Жылына бір рет қазақ даласын араламасам, жоспарлы ісімнің бір саласы орындалмай қалғандай тынысым тарылып, қанатымды жаза алмай жүремін...»,-дейтін салмақты сөздерін алға тартқан Түсекеңнің: «Өзінің жазып жүрген шығармаларына жаңа эпизод, соны пейзаж, қызықты кездесулер керек болғандықтан Сәбең сапарға шығатын болса, менде ондай мақсат болып көрген емес бұған дейін. «Жүргенге жүргем ілінеді»,-деуі де осыны ұғындыратын сыңайлы. «Өмір мектебінен» дәріс алған Сәбеңнің жолын жалғаған жиһангездің, бұлай болмасқа қақысы да жоқ еді. «Менде сондаймын» демегенімен, тұсекеңнің де көп демалысының жол үстінде, сапарлар мен саяхаттарда өтетініне осы кітап арқылы көз жеткізгендейміз.

Бұл-кітап жалаң баяндаумен жазылған жол естелігі емес, қайта әдеби тілмен жазылған архивтік дерек, ғылыми еңбек. Жоғарыда ғалымның Қытайға, Мекке-мәдинеге де жолы түскенін айтып өттік. Саналы оқырмандарының қататында осы кітаптан сол сапардың жол жазбаларын да іздестірдік. Бірақ кездестіре алмадым. Әңгіменің реті келгенде айта кетейін, өмірдегі қамқор ағам, ғылымдағы ұстазым болғандығы үшін Тұсекеңмен жиі жолығып, сыр-сұхбаттас болатын едім. Сондай сырласудың бірінде ағамыздың «неге екенін білмеймін, Қытай мен Мекке-Мәдинеге және еліміздің быраз обылыстарына барған сапарларым жазылмады, қаламым жүрмеді»,-деген еді. Соған қарағанда жақын жылдарда жарық көрер жаяусалдың жолжазбалары әлі де жеткілікті шығар деп ойлаймыз.

Нендей істе болсада келісімді пікір, ұтымды ойын айта білетін тұсекеңнің туа бітті мінезі жол жазбаларынан да жиі байқалады. Сонымен бірге ұлтым деген ұлдың ғана басынан өтер кешірмелерді де кездестіруге болады.

Сөзіміздің дәлелі үшін бірер дерек айта кетейік. Осы кітаптағы ойға қонымды тақырыптың бірі-«Оралман мәселесіне оралғаны оңды болды» дейтін мақала. Шағын болсада шындықты айтуды мақсат еткен бұл мақала бұдан он жыл бұрын жазылғанымен, әлі де өз құндылығын жоймаған. Ондығы көтерген мәселелер дәл бүгінгі күннің де өзекті мәселесі болып отыр. 

Тұсекеңнің бұл мақаланы жазуына алыс-жақын шетелдерге жиі барып, ондағы қандастарымыздың жәй-күйін көзімен көріп, көңілмен түйгендігі себеп болса керек. «Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің 1990-жылдары «Қазақ диаспорасының рухани әлемі» орталығын ашып, Қытай, Монғолия, Түркия мен Иранға арнаулы экспедициямен барғанда, көріп, білгенімді елге жеткізіп қана қоймай, қайтсе оңтайлы шешім табылар екен деген ойлар өзімді көптен бері қатты мазалап жүрген болатын...» деп басқа елдегі бауырластардың тағдырын өз мүддесіндей ойлаған ағамыздың ұсыныс-байламдары өміршең де әлі өте өзекті. Ұлттық қайраткер-ғалымының ел болып ойластырып, оңтайлы жолын іздер бұл ұлы істегі үлкен азаматтығы бәрімізді қуантады. Осындай жемісті еңбектің бір тармағының нәтижесінде Т. Кәкішұлының жетекшілігімен алғашқылардың бірі болып Зұфар Сейітжанұлы Қытай қазақ әдебиеті жайында докторлық, Есенгүл Кәпқызы Монғолия қазақ әдебиеті жайында кандидаттық диссертациялар қорғады. Бұл еңбектер, сөз жоқ, қазақ әдебиеті тарихын зерттеуге қосылған сүбелі үлес болып табылады. 

Жасыратыны жоқ. Тұсекеңнің 1990-жылдары қолға алып, қатты кіріскен бұл істерін бүгінгі таңда Көші-қон комитеті мен әртүрлі қазақтар қауымдастықтары бірлесіп атқара алмай жатқанын ешкім де жоққа шығармайды. Алыстан аңсап келген ағайындарға «келімсектер», «қашып кеткендер» немесе «оралған оңбағандар» деп ат қойып, айдар тағып, өз бауырын өзекке тебетін опасыздар осындай мақалалардан кейін қайтып жер басып жүретініне таңым бар. Ондайларға әлі де болса Тұсекеңнен азаматтық пен адамгершіліктің жолын үйренсе кеш болмайтынын да ескерте кеткім келеді.

Кітаптағы тағы бір сүбелі мақала-«Көз қуанып, көңіл толған сапар». Бұл жолжазбада ағамыздың өркениеттің алғашқы бестігі атанған Мысыр (Египет) еліне сапары туралы баяндалады. Ондағы менің көңілімді аударған тұсы-ғалымның мысыр әдебиетіне байланысты тұшымды ойлары. Мысыр еліндегі Бейбарыс сұлтаннан бастау алатын қандастармыздың рухани болмысын, тағдырын тілге тиек ете отырып, әдебиетіміздің сол жақтағы бастауларының көзін ашуға тырысады. Қазақстандағы қазақ әдебиетінен басқа рухани қазынамыз жоқтай сезінентін оқымыстыларға осындай деректердің ауадай керек екендігі айтпасада түсінікті. Олай болса осы жазбада айтылған жәйттерде талай ғалымның ізденісіне жол ашар дерек көздері болуы әбден мүмкін. 

Ғалымның өзі айтқандай, «тағдырына айналған» Сәкен тақырыбы да бұл кітапта кеңінен тарқатылған. Сонымен бірге «Сарыарқа серуендері» де оқырман сүйсініп оқитын еңбектердің бірі деп айтуға болады. 

Біз бұл мақаламызда кітаптағы барылық жолжазбаның астарына үңіліп, айтарын аңғартып, талдап жатуды мақсат тұтпадық. Қысқа қайырғандағы түйгендеріміз осы.

Әрине, әлемді шарлау әлі жеткеннің бәрінің қолынан келгенімен, барған елінен, көрген жерінен өз еліне, ұлтына, ұрпағына тарихи керегін, дем берер дерегін, ыждағатпен жинақтап, шаң басқан құжаттарды шаршамай ақтарып, жалықпай жинап, ғалым-қаламгерше ғана емес, ғұлама қайраткерше еңбек ету тек Тұсекең сияқты үлкен жүректі азаматтың ғана қолынан келетін қайсарлық пен қасиет екенін қызғанышсыз айтуға болады. Өйткені, онсыз да сөздің қадірі кетіп, әдебиеттің абыройы арзандаған шақта тек тетіктер мен техникаға иек артқан бүгінгі бос буын ұрпақ өлеңді оқып, өнерді әспеттеп, ұлт ертеңі үшін жол шегіп, көз майын таусып, шаң жұтып архивте отырмаса керек. Сол тұрғыдан келгенде де бұл кітаптың мән-маңызы арта түсері хақ.


Талапбек ТЫНЫСБЕКҰЛЫ,

ақын

Қабылан ақпараттық порталы




®Қабылан - Ақпараттық порталы™ | Сілтеме | Дереккөз | Авторлық құқық™
Бөлісу тақырыбы: Қабылан - Ақпараттық порталы » Сапарлар шерткен салқар сыр
Тұрақты сілтеме: /A_adebiet/sin/2017-08-14/872.html