Қасиетің қайда, қазақ қызы?

Күндегі ғадетпен қарбалас жұмыстан шаршап-шалдығып, асықпай-адымдап келе жатқаным сол еді, көше қиылысындағы бойжеткенді көзім шалды. Оған жақындай түссем, темекі түтініне тұншыққан ару қыз еш қымсынбастан шылымды будақтатқан үстіне будақтата түсті. Масқарасы сол, бұл – өзіміздің қаракөз қазақ қызы еді! Таңқалдым, намыстанып кеткенім соншалық, сабап алғым келіп, өзімді әрең тоқтаттым.

Ертесіне тағы да сол жұмыстан келе жатсам, әлгі бойжеткен қолындағы темекісін бар ынтасымен сорғыштап, дәл алдымнан өте шықты. Осы бір қазаққа жат әрекеттің куәгері болып, «ақырдың күні алыс емес екен-ау» деп ойладым...

Расымен, біз қыз баласын ұрпақ жалғастырушы ғана емес, әулеттің ырысы, құт-берекесі, ұл болашағының ұйытқысы деп тани білген қазақтың тұқымымыз. Ұлттық кескінімізді былғамас үшін «Қызым, саған айтам, келінім, сен тыңда», «Қыз – қонақ», «Қыз өссе – елдің көркі, гүл өссе – жердің көркі», «Қыз бала – әкесіне жұлдыз, шешесіне күн» дегенді жиі айтамыз. Көпті көрген көнекөз қариялар неліктен бұлай өсиет еткен? Әрине, бұл – қыздарға берілген тамаша баға және салауатты һәм парасатты тәрбие бастауы. Міне, біз қозғағалы отырған мәселенің басты мәні де, маңызы да осында! Дәл осындай мінез бұрын қазақ қызында бар ма еді?!.. Тегінде, «Малдың аласы – ішінде» демекші, өмір болған соң қыздың заман ығына қарай сан алуан түрінің немесе кейін пайда болған қазаққа жат осы мінездің кездесетіні – дәлелдеуді әсте де қажет етпейтін бүгінгі ақиқат.

«Темекі шегу – адамның орынсыз тілегінен туған бақытсыздық», - деген екен орыстың белгілі фармакологы И. Догель. Сол айтпақшы, жас қыздарымыздың еліктеудің етегінде кетуі, қатарынан қаламауының қасіреті, беделді бойжеткен болып көрінгісі келуі сияқты орынсыз тілектері қыздарды шылымның шырмауына түсуге итермелейді. Нәтижесінде темекінің улы әсері бірте-бірте әлсіреп, оның орнын қысқа мерзімді эйфория (жағымды әсер) басады. Алайда, адам ағзасында темекінің зиянды әсерінен зардап шекпейтін мүше жоқ десе де болады. Ғалымдардың айтуынша, темекі шегетін қыздардың жүйке жүйесі нашарлайды, оларда ашшушаңдық, тез әсерлену пайда болады екен. Сонымен қоса, есте сақтау қабілеттері төмендеп, мұның соңы өлімге душар етуі де ықтимал. Ал мына деректерге үңілсек, болашақ анлардың тағдыры шындап алаңдата бастайды.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәлімдеуінше, әлемде 1,1 миллиард шылымқор бар екен, оның 40%-ы – нәзік жыныстылар және олардың орташа өмір жасы темекі шекпейтіндермен салыстырғанда 8-10 жылға кем.

Әйелдің бойындағы аналық жұмыртқа клеткасы іс жүзінде өзгермейтін құрамымен белгілі. Ол бала кезден-ақ улы заттармен улануы мүмкін. Ондай аналық ұрық клеткаларының бірі тұқымдануға мүлдем қабілетсіз болса, екіншілері тұқымданғанымен, бала неше түрлі патологиялық өзгерістермен дүниеге келуі тағы мүмкін. Шылымқор әйелден туған бала әлсіз, бойы қалыптан 2 см төмен, бас сүйегінің көлемі, салмағы  кем болып, туылады. Демек, жүкті әйелдің темекі шегуі өзінен гөрі іштегі баласына анағұрлым қатерлі. Сонымен бірге тұрақты түрде улану (хроникалық интоксикация) ерте ме, кеш пе, әйелдің аналық ұрық клеткаларының гендік деңгейдегі хромосомды аппаратының бұзылуына соқтырады. Бұл жағдайда тұқым қуалау қабілеті өзгеріп, іштен туа пайда болатын ауру түрлері көбейеді. Мысалы, шылымқор ананың баласында жүректің патологиясы сау аналарға қарағанда екі есе жиі кездеседі. Сондай-ақ, канцерогенді және радиоактивті заттардың генетикалық зиянды әсері бір-екі ұрпақтан кейін де көрініс беруі мүмкін.

Осы ретте ДДСҰ директоры Х. Малердің: «Шылымқорлық – алдын алуға болатын әлемдегі барлық аурулардың басты себепкері болып отыр», - деген сөзін басшылыққа алған дұрыс. Әсіресе, «алдын алуға болатын» деген сөздерге басты назар аударуымыз қажет. Яғни, темекіден бас тарту мен арақты тыю – адамзатты сауықтырудың басты жолдарының бірі. Ол үшін темекі шегудің зияны туралы жан-жақты айту жеткіліксіз. Ең алдымен, жалпы қоғам саналы түрде «әдемі өмірдің» сәніне айналған, денсаулыққа сондай зиян, қазақ қызына мүлде жат, қоғамымызда бұрын тосын көрінсе, қазір қалыпты құбылысқа ұқсас жағдаятқа орын беріліп жатыр. Қазақ қызы қашанда ибалылық пен имандылықты бойын сіңіріп, ұяты беті шығып отырған. Жұрт алдында көлденең жүру былай тұрсын, өрескел қылықтар жасауға мейлінше арланған. Үлкеннің қасында, оның жанында тектен-тек тұрмаққа, қисынсыз бір жағдайларға мұқым-мүлде орын бермеген. Қысқаша айтқанда, қазақ қызы ибалылықтың, имандылықтың, ар-ожданның өлшеміндей-ақ болатын. Қазақ қызы қандай еді дегенде, оны көргің келіп аңсарың ауатұғын, соншалықты қызғыштай қорып, қызғанатын да едің.

Қазір ше?.. Қазақ қызы қайда бара жатыр?.. Қазақ қызына деген бұрынғы құрметіміз әлі бар ма екен, сірә?.. Қазақ қызы дәл бүгінгідей арсыз халге, ұятсыз жағдайға, ибалылықты ысырып тастайтындай не болды сонша?..

Осынау сан сауалдың жауабын өзімізден іздеп көрелік. Кешегі «Қызға қырық үйден тыйым», «Қызды қымтам ұстаған ұялмайды», «Қызыңды құтты орнына қондырғанша күт, ұлыңды отау иесі болғанша күт»,«Қыз баққаннан қысырақ баққан оңай», «Қыздың ұяты шешеге», «Қасынан қыз өтсе сексендегі шал басын көтерер», «Қыз бала үйге жаққан бояу», т.с.с.толғауы таусылмас қазақтың мақал-мәтелдерін жадыңызда тұтпай, күнделікті өмірде көрініс таппаған соң қызыңыз бей-берекетке салынбағанда, қайтсін-ау?! Сондықтан да қыз тәрбиесіне қашанда көңіл бөліп, оны құтты орнына қондырғанша ата-ананың мойнындағы қарыз да, парыз да іс болғай!

Негізі, «Отырған қыз орнын табады» дегенді де ұмытпайық. Одан бөлек, «қызым ешқайда шықпаса», «ешкіммен көріспесе», «аз-кем серуен құрып, сауық-сайран салмаса» дегендей сыңаржақ ойлардан бойымызды аулақ етейік. Бәрі де Алланың қалауы ғой, егер тағдырында бар болса, қызыңыз тұрмысқа шығады. Ерекше бақытты да болады. Біз бұл орайда қызымызға жақсы тәрбие беруге ғана құлықтылық танытайық.


Әкім ТӨРЕ

Дерккөз: http://www.jastar.kz

®Қабылан - Ақпараттық порталы™ | Сілтеме | Дереккөз | Авторлық құқық™
Бөлісу тақырыбы: Қабылан - Ақпараттық порталы » Қасиетің қайда, қазақ қызы?
Тұрақты сілтеме: /A_adebiet/sin/2017-08-09/869.html