Қазақ поэмасының алтын тәжі

ҚАЗАҚ ПОЭМАСЫНЫҢ АЛТЫН ТӘЖІ

Санаулы асылдарымыздың бірі емес, бірегейі – Қасым Аманжоловтың «Ақын өлімі туралы аңыз» атты көкейден кетпейтін көркемдік әлемі бұрынғы-соңғы қазақ поэмаларынан аққұла айырықшаланып тұрады. Рухы алысқа шырқаған, өрнегі, бояуы, кейіпкері, тынысы, алымы мен қарымы, сарыны мен арыны бұған дейінгі қазақ өлеңіне ұқсамайтын, тамырлары сезілсе де, бітімі, болмысы басқаша, соншалықты тосын поэма қалай туды? Айырықшалағаны – қандай қасиеттері? Қандай жаңалықтары бар? Неге жетпіс жылға жуық уақыт бойы Ғабит Мүсіреповтен бастап, баршамыз тамсанып келеміз? Бұған дейін де ақындық оты ұшқындап, «сұрапыл іште қайнап» жатқан Қасымның осындай тың тұрпатты шығарма тудыруына құлшындырған қандай қуат? Бұл тектес көп сауалдарға жауап беру – арнайы зерттеулердің міндеті.  

Ақын шығармашылығын терең тексере, толғана зерттеуге қамқорлық әлі күнге жасалмай келеді. Жалпылама жаттанды сөзден жалығатын уақыт жет¬кендіктен той кезінде болса да, кейбір мысалдарға нақтырақ үңілген мақұл шығар.

Поэмада рух бірден асқақтайды:

Майдан етіп дүние төрін,

Темір гүрзі қақтап отқа,

Жекпе-жек кеп өмір, өлім,

Соққыласып жатқан жоқ па?...

Шырқау биік құзда сан аунап, болды¬рып  жатқан жантүршігерлік от мұ¬хи¬тына қапелімде бір-ақ секіргендей  сәтке тап боласыз. Бұған дейінгі  дастандарымызда, басқа да көлемді туындыларда автор оқырманды алдымен дайындап, оқи¬ғаны бірте-бірте ширатып, ширықтыра беруші еді. Мына тұста тосын әлем тұт¬қиылдан шыға келеді. Өмір мен өлімнің дүниенің төрін майдан еткенін бұ¬ған дейінгі әлем әдебиетінен көр¬мегенбіз. Қазақ ұғымындағы төр – ең қадірлі мейманды жайғастыратын, құрметтеп күтетін, қонақтың беделін асырып, мерейін биіктететін ең қадірлі орын. Төрде майдан ашу адамгершіліктен де, ақылдан да тыс құбыжық, есуас, түңіл¬діретін қараңғы түлейліктің адам баласы шошынатын көрінісі. Осылайша алғашқы жолдың өзінде-ақ ұлттық-этикалық ұғымнан тамыр алған эсте¬тикалық-моральдық мазмұнды, ұлы соғыстың байтақ суретін бірден көз алдымызға әкеледі. 

Келесі жолы – «Темір гүрзі қақтап от¬қа..»

Қазақ эпосында, әсіресе батырлық жырларда, жалпы Шығыс  дастандарында гүрзі – ерегіскен жауын жамсататын ең жойқын, ең батпан, алыптың алыбы ға¬на ұршықтай үйіре алатын, күйрете соғатын үрейлі, сұрапыл қару. Жекпе- жек тағдырын шешетін қасиетті қару. Сондай алапатты отқа қақтау ер¬тегі-дастандардағы қырғындарды «көр¬ген», қайран қалған қазақы оқыр¬манды алда адам тітірейтін соғысқа әп сәтте «дайындайды».

Рас, өзге ұлт оқырманы, орысша оқы¬ған аз қазақтарымыз түгіл, қазақ-тың теңдессіз фольклорынан мейірі қа¬нып сусындай алмаған кейінгі буынның да алдыңғы буындай әсерленуі қиын¬дау болатын шығар деген ойға же-телейтін «шаштан сүйреп махаббатты», «жерімізге жындай қаптап» деген секілді образды жолдар ұшырасады. Оған қоса поэманың тосын бітімі оқырманға «жеңілдік» бе¬ре¬тін «жеңіл» жазылған шумақтары жоқ, серіппедей ширатылған, үнемі ширығып, үдеп, кейде ұлы теңіздей ыңыранып алып, қайтадан тоғыз балл¬дық шторм ойнайтын поэманың көр-кемдік әлемі – оқырманның мә¬де¬ниетіне, талғамға сын. 1943 жылы Қиыр шығыста госпитальда жатып жазған автордың «босаңсуға» мұршасы бол¬мағандай...Қанқасап қырғынның ортасында жүр¬ген ақынның көзалдында – қырғынның сырттан қадалған кө¬рі¬ністері емес, екінші дүниежүзілік сұ-рапыл соғыстың өзі. Соғыстың бет-бейнесін дереу тапжылмай таниды:

Жекпе-жек кеп өмір, өлім

Соққыласып жатқан жоқ па?!

Сөз саптасы да, арқау болған өмірлік материалы да бұған дейінгі қазақ поэ-зиясында кездеспеген соншалық тосын. Дүрдиген қандай дүрдің де көзін ашып қарауға мәжбүр ететін ірілік қандай!

Жер дүниесін ғарыштан бақылаған ақындық қиял сапырылысып жатқан сан-сапалақ тарихи-саяси қақтығыстар мен құбылыстарға, әрекет-қимылдарға, шайқастарға, қаңғалақ қаққан тағ¬дыр¬ларға бейтарап қарап тұрмайды. Бір¬ден жүрегін сілкіп, солқ еткізіп, асқынып, ақырғы шегіне шарықтап, ала топалаңға айналған арпалысқа куәгер етіп, абдыратып тастайды. 

Қазақ ұғымында төр – отбасындағы кәделі, мәртебелі орын ғана емес, бейбіт өмірдің, татулық пен сыйластықтың, тарихи-философиялық маңызы  қас-терлі бейбіт дәстүрдің мызғымас бел¬гісіне айналған, «нақтыланған» қасиетті кө-рінісі, «қолға ұстарлық» дәлелі өкіні¬шінен өрті лекілдеп келе жатқан өлім басқа жер таппағандай, немесе басқаның бәрін таптап тауысып, енді киелімізге тарпа бас салғандай. Елдің немесе же¬ке адамның емес, жарық дүниенің төрін аяққа басқан соғыстан өткен қандай зұлым бар? Мәңгі бітіспес, мәңгі қарама-қарсы Өмір мен Өлімнің жекпе-жек соққыласуынан өткен сұрапыл болуы мүмкін бе? Адам мен адамзат үшін бұл сойқан – бұдан ары ушығуы мүмкін емес, жетер жеріне жеткен Сұмдық.

Жұлын жүйкені солқ еткізген алғашқы шумақтағы көркемдік қабаттар қатпар-қатпар. Дәуірдің қасіреті мен қайшылығы, қырғыны жарыса сапырылысқан жойқыны мен жайқыны, соғыс аңғары мен арыны, аллитерациялар, ассонанстар... «Қақтап отқа», «соққыласып», «жат¬қан жоқ па» дегендегі шойынды шойынға соққандай «қ» дыбыстары қатқылданып, айбат танытқандай.

«Шығарманың әр жолында жоталанған жойқын образдардың, образдылықтың ыңырана шайқалып барып, шапшып тулаған теңіздей аласұрған аласүреңінде омыраулап алға шық¬қан, тосындығы мен жосындығы бірінен-бірі өткен сұмдықтар соғысының «қарқыны», тармақ сайын тасқындап, мазмұндық-көркемдік екпінге, ес тандырардай эстетикалық екпінге ұласқан. Бейтарап өмірлік мазмұн көркемдік мазмұнға айналып, еселене құйылып, эстетикалық екпін тудырады. Осы екпін –поэманың көзге көрінбей¬тін, ықыласты көңіл ғана түйсінетін ұлы сарыны шығарманың басынан аяғына дейін бір үзіл¬мейді. 

Көптеген көлемді шығармаларда ұшыраса¬тын ділгірлігі шамалы кейде босбелеу, кейде бошалаң «әттеген-айларды» бұл дастаннан ұшырата алмайсыз. Бипаздап баптағандай, құм¬нан құнттап алтын сүзгендей ыждаһатты еңбек¬тің жемісі ме, әлде арсыдан құйылғандай сау ете түсті ме? Әлде жан достың мезгілсіз қазасы, байтақ Отанның қойнау-қойнауынан сайдың тасындай сараланып шыққан, қалың елдің ішінен құлжаның сақасындай іріктеліп алынған қисапсыз, жазықсыз жауынгердің көз алдында баудай түсіп жатқанына ашынған, ашынуы ашуға ұласқан, ашуы айбын мен айбарға айнал¬ған албырт алаулы ақынның, кейіпкері секілді көкірегінде кекті зілі зілзаладай сілкінген ақын¬ның көк аспан мен қара жердің арасында, өң мен түстің өлкесінде өзін ұмытып, қабағат тірлік¬тен қол үзіп ұшқан қиялынан жаралды ма? Әлде сондай шарықтаған шақтарда шіркін өлең тасқындай лап берді ме? Әлде бірінен кейін бірі кимелеген олжалары сықасқан, сығы¬лысқан, алға – жарық дүниеге асыққан көр¬кемдік әлемнің қамалқасы бар ма еді? 

Арада 68 жыл өтіп, жаңа ғасырдағы өлең техни¬касына қойылар талаптар тұрғысынан қарағанда, толымсыз ұйқастардың топ-тобымен орағытуын айтудың қисыны табылар-ақ. Алайда сол кездегі жалпақ елдің жалпы машығы да, дүрілдеген дәстүрдің өрісі де солай емес пе еді?! Тайбурылдың үш күндік кемдігіндей сүй¬кім¬ді сезілетін осы тұсы демесек, поэманың көркемдік әлеміндегі жаңалықтар сол кездегі жалпақ жұртшылықты жарқ етіп қайран қал¬дыр¬са, бүгін де сүйсіндіреді. Жалындаған жас Абдолланың «Атайын жауға бомба ғып, Жарылшы, жүрек, туғаным» деген сөзін көкірегіне түйген Қасым осы ойды одан әрі әрлетеді, сим¬вол-дық мән, философиялық мазмұн дарытады: 

Құдірет-күші жер-жаһанның,

Қанатын бер қыран құстың!

Ашуын бер арыстанның, 

Жүрегін бер жолбарыстың!

Күллі әлемнің ашу-кегі,

Орна менің кеудеме кеп!

Жау жолына атам сені,

Бомба бол да, жарыл, жүрек!

Мысалды 1943 жылы жарық көрген «Дауыл» жинағы бойынша келтіріп отырмыз. Кейінгі ба¬сы¬лымдарында кімнің тарапынан екені бүгін¬гілерге беймәлім қарабайыр өңдеу-өзгертулер бар екені баспасөзде айтылды. «Дауылдағы» нұсқада орнын таппай одырайған ондай «олжалар» жоқ. 

Келтірілген мысалдардан-ақ аңғарылаты-ны – поэманың тууына себепкер болған – Қа¬сым¬ның күйзелісі, жақын досты жоқтауы ғана емес, адам¬зат тарихындағы ең сұмдық, ең әді-летсіз, ең жауыз соғысқа, адамзаттың ата-жауы – фашистіктің миллиондарды қынадай қыруына деген текті қарсылық! Ұлы қарсылық ұлы су¬рет¬терді тудырған!

Өмір гүлін жаншып, таптап,

Шаштан сүйреп махаббатты!

Жерімізде жындай қаптап,

Найзаға іліп ар-ұятты,

Келе жатты сұм жендеттер!

Жиіркеніп, жиырылды жер,

Жауға тамшы татырмастай

Суын алып қашты өзендер.

1943 жылға дейінгі қазақ поэзиясында, жал¬пы әлем поэзиясында соғысқа деген ашу-зілді сол соғыстың суреттерін лек-легімен тоғы¬тып, соғыстың әбілет екенін «бетіне шыжғы¬рып басып», адам үшін ғана емес, жұмыр жер үшін де жан төзгісіз жексұрындығын шамыр¬қана, шабыттана соққылап айтқан, сұра¬пыл сойқанның ортасында сомдаған символ образдың – Адамның рухын осынша өрлететін, Ақын – Адам өлімін өр ақындық пафос, асқақ романтикалық ұлы сарынның қуатымен поэти¬калық ғажайыпқа айналдырған мұндай поэма әлем әдебиетінде жоқ!

Поэманың айрықша ерекшелігін мынадан да байқасақ керек. Қыруар әдеби шығармалардан, кинолардан көзтаныс, дүниенің өзіндей кәдуілгі әдемі, кәдімгі қарапайым, «үйреншікті» болмыс көріністері мен әрекет-қимылдарынан бұрын жан баласы баспаған, жан иесі көрмеген ғажап суреттерді тап басып тауып, баршасына қолма-қол «жан» бітіріп, «сыбаға» ғып таратқанда, ақындық қиялдың қарабайыр шындықты «тіріл¬тіп» өмірлік-философиялық процеске айнал¬дыр¬ған сиқыры, соғыс философиясын байыптап, әдебиет тарихында бұған дейін кездеспеген өз концепциясын ұсынуы. Ұсынып қана қоймай, тағзым етерліктей ардақтап дәлелдеуі сүйін¬діреді. 

Поэманың аяқталар сәтіне зер салайық:

Ұшты құстар шартарапқа 

Хабарлауға ер өлімін.

Ұмтылды жау таптамаққа 

Ең болмаса қалған күлін.

Бұлтын жиып көкірегіне

Күрсінді бір аспан ауыр.

Қос қанатын соғып жерге,

Азаланып кетті дауыл.

«Таптатпан», – деп, – күлін жауға!»

Құшып алып кетті Дауыл.

Республика аспанында

Осынау күйді шертті Дауыл!

Шығарманың басынан аяғына дейін бір толас таппай, үнемі шырқау шегіне өрлеп тұратын кернеу күші соғыс атмосферасын, Адамның – ер ұлан – жауынгердің ажалын оптимистік таныммен, асқақ романтикалық серпінмен, рухпен айшықтайды. Отқа оранған өмір ақын қиялы арқылы Тұлғаның, Тағдырдың, Тіршіліктің символына айналады.

Абдолла ақынның – Адам – Азаматтың өлімін күйзелтіп, күңірентіп жазуға да болар еді. Әлде... «жылауға», қайғыруға тыйым салын¬ған темір ноқта ұшында ақын бұл тарапта шарықтауға шек қойылатынын, әлде әңгір таяқ ойнауы мүмкін екенін сезініп, тартынды ма?

Немесе өз қалауы солай ма еді? Әлде «Мен дауылдың ұлымын, тұра алмаймын дауылсыз» деп, соғыстың алдындағы бейбіт тірлікте толғанған ақындық табиғатының «қалауы» ма? Білмейміз. Қалай дегенде де қазақ және әлем әдебиетінде қайталанбас өз өрнегі, өз келбеті айқын классикалық шығарманың еңсесін тік көтеріп, айбынданып тұрғаны – ұлттық мақтаныш, бүкіл халықтық қуаныш. Сол қуаныштың биігіне баршамызды көтерген Ақынның – Адамның – Азаматтың ерлігі Дүниежүзілік Соғыспен тайынбай соғысуы! Сондықтан да осынау өлімнің көркемдік-философиялық, тарихи-қоғамдық мазмұны мен салмағы кәдуілгі өлімнен мың есе ауыр сезіледі. Сол Ерлікті көкке көтерген, аспанға жазған ақын – Қасым Аманжолов! Олай болса, Қазақ поэмасының алтын тәжіне айналған «Ақын өлімі туралы аңыз» поэмасы – Ерлікке, Адамға қойылған теңдессіз поэтикалық Ескерткіш!


Бекен Ыбырайым



®Қабылан - Ақпараттық порталы™ | Сілтеме | Дереккөз | Авторлық құқық™
Бөлісу тақырыбы: Қабылан - Ақпараттық порталы » Қазақ поэмасының алтын тәжі
Тұрақты сілтеме: /A_adebiet/sin/2017-05-31/733.html