Әдеби сын – өнер

 

Әдеби сын – өнер



Әдеби сын – бүгінгі уақытта өзінің бастапқы мағынасынан сәл өзгеріске ұшырағанын мойындауымыз керек. Ол мәтінді күл-талқанын шығарып сынау немесе шығармаға баға беруден тұрмайды. Тіпті, автордың түпкі құпияларын ашуға да әдеби сынның уақыты жоқ. Әлдебір шығарманың күрделілігі мен әсерлілігін айту да әдеби сынның міндетіне жатпайды. Бұл өзі тұнып тұрған өнер. Өнер болғанда мәтінмен рухани байланысқа түсетін өнер. Осы бір байланыс барысында сыншының мақаласынан шабытқа толы тебіренісін, кейіпкерлер болмысына психоанализ жасаудағы ерекшелігін, сөздің електен өткендей сұрыпталғанын көреміз. Көркем мәтін әсері сыншының жан-дүниесіне ізгілік шуағын шашып, оның рухани болмысына өзгеріс әкелетіні хақ. Бұл өзгеріс сыншының өзі талдап отырған мәтіннен бөлектеніп өз алдына бір өнер тудыратынында болып отыр.

Әдеби сыншы шығарманы сынау үшін немесе шығарма бойынан кемістік іздеу үшін оқымайды. Алғашында – көркем мәтін иірімі сыншыны өзіне тартса, кейін сыншы кейіпкерлер психологиясынан, автордың философиялық ой-тұжырымдарынан өмірлік сауалдар табады.

Біз қазір әдеби сынды өнер тұрғысынан қараудан алшақтап кеттік. Көркем мәтінге өте жайдақ қарайтын болдық. Шын мәнінде біз әдебиеттен өзімізді іздеуді ұмыттық. Біз бір бөлек, әдебиет бір бөлек өмір сүруде. Кейінгі кезде ақын-жазушылардың шығармаларын немесе ғалымдардың еңбектеріне талдау жасаған зерттеуші-сыншылардың мақалаларын оқығанда құр шолудан әрі аса аса алмағанын байқаймыз. Әрине, шолу да керек. Алайда, ол үрдіске, әдетке айналмағаны абзал.

Тоқсаныншы жылдарға дейін кез-келген көркем шығарма төңірегінде он-шақты әдебиет сыншысы пікір алмасатын және әр түрлі ойлар айтылатын. Соның барлығы бүгінде сап тиылған секілді. З.Серікқалиевтің мақалаларындағы ғылыми тұжырым мен шешендікті қабыстырған ерекшелік, А.Сүлейменовтің сынға өнер тұрғысынан қарауы, С.Әшімбаевтің әлемдік әдеби процестің қай межеде дамып жатқанынан ақпарат беру ерекшелігі, Т.Тоқбергеновтің салыстырмалы сындары,  кеше ғана өмірден өткен Т.Әсемқұловтың мәтіннен тыс талдау қабілеті бүгінгі сынның қанат қағуына жетпейтіндей.

Көркем мәтіннің негізін түсіну қайткенде білімділікті қажет етпей қоймайды. Бір мақала жазу үшін біршама деректерді ақтарасың. Кейде ойға келген идеяны іске асыруда бірнеше кітапты оқуға тура келеді. Ондайда әлгі іздеген идеяның ұшқындары ол кітаптардан дер кезінде табылмайды. Кейіннен өзіңмен-өзің, ойда жоқта бір тамаша романды немесе ғылыми еңбекті оқып отырғанда әлгі іздеген ойларыңмен сол кітаптың түп-төркіні сабақтас болып шығады. Бір әңгімені оқып отырғанда бұрынырақ бір оқыған романның сюжеті еске оралады. Қалай дегенде мәтін бір-бірімен ұқсас келеді. Кейіпкерлер де сондай. Айырмашылығы кеңістік пен уақыт. Ұлттардың өзгешелігі. Олардың мінез, қабілеттері бір болғанымен, әрқайсысының табиғаты бөлек.

Жаңашыл мәтінді талдау үшін білім қажет дер едім. Автордың ішкі тазалығы мақаласынан көрінеді. Мәтінмен дискурс орнатқанда барынша адал болған сыншы, ғалымдарды жанымдай сүйемін. Мақала есепсіз, мүсіркеусіз жазылса екен деймін. Асыра төгілген шабыт пен көпірме сөз, жөнсіз мақтау, авторға өлердей ғашықтықпен жазылған мақалаға жаным қас. Сосын кейбір жазғыштар бар. Автордың өлеңін әп-әдемі талдап келе жатады да, өзге бір қадірлі адам жайлы мақтауын төгеді-ай келіп. Басынан бастап сүйсіне оқып отырған мақалаңа тыжырына қарайсың. Мақала иесіне деген әуелдегі көңілің су сепкендей басылады. Әдеби сын автордың ұлылылығын немесе кереметтігін дәлелдеуге құрылмауы керек. Көркем мәтіннің ерекшелігін, шығарманың болмысын, құндылығын, стильін, жаңалығын, ұқсастығын ақтарыстыру керек. Білімді авторды жазбай танисың. «Қазақ әдебиеті» газетінен эстетикалық мәні бар мақалаларды жылдың кейбір нөмірлерінен сүйсіне оқыдым. Ондай дүниелер өзіме де керек. Өзіңнің артық, кеміңді, көріп айылыңды жиасың. Бір мақалалар болады. Өте терең. Оны жазған автор әдебиетті жақсы білетін маман екеніне көз жеткізесің. Алайда ол білімді адамда тілдің шұрайлылығы, шабыттың қызуы, сергектік жетіспейді. Мәтінге деген сезімі салқындау болып келеді. Біздің көп ғалымдар сондай. Сөзді нәрлендіру жетіспейді. Ахмет Байтұрсынұлының: «Сөз жазатын адам әрі жазушы, әрі сыншы болуы керек. Сөздің шырайлы, арайлы болуына ойдың шеберлігі керек: ұнамды, орынды дәмді болуына сыншылдық керек: мағыналы, маңызды болуына білім керек. Абайда осы үшеуі де болған», – деген сөзге тоқталып, тәжірибе жинауға талпынып келе жатқанымызды әркез мойындаймыз.

Былтырғы жылдың жетістігі ретінде әдебиеттанушы Бекен Ыбырайымның «Сөзтану әлемінде» кітабы өрісімізді кеңейткендей. Кітап автордың әр жылдары баспасөзде жарияланған мақалалары мен сұхбаттарынан  тұрады. Автор аталған зерттеуін «Проза бағдары», «Портреттер», «Пікірлер», «Әдебиеттану әлемі. Шолулар, жауаптар» т.б. алты тарауға бөліп қарастырған. Мақалаларының кейбірі сонау совет тұсында жазылса, енді бір шоғыр дүниелері Тәуелсіздік алған тұста жазылғаны байқалады. Әрине, оның барлығын зерттеуші шығаруға асықпаған. Осы кітаптың ішінде әдеби сынымыздың бүгінгі жайы, сыншылардың тағдыр-тауқыметі сөз болады. Мәселен, «Сын түзелмей, мін түзелмес», «Сыршылдық пен сыншылдық», «Арғымақты сынаған жұрт асыл сөзді безбендейді», «Сын – айыптау емес, байыптау», «Әдеби үдерістің айнасы – азулы сын қайдасың», «Сын және сыншы тағдыры» атты баспасөзге берген жауаптарынан-ақ ғалымның әдеби сынға қаншалықты жанашырлық танытып жүргенін көрмей қалу әсте мүмкін емес.

Әдебиет сыншысы Бақыт Сарбалаұлының «Шандоз сөздің шаһы» кітабы ақын Шаһизада Әбдікәрімовтың шығармашылық өмірбаянын зерттеуге арналған. Сыншы бұл шағын кітабында Шаһизада ақынның өмір жолдары, сонау 1970 жылдары әдебиеттің есігіне именбей кірген тегеурінді ақын екеніне көз жеткізеді. «...мен Шаһизаданың жақсы жырларына қуана біліп, теңгермешілдікке салынғаным жоқ, жүрегімнің шымырлаған шеменін, шындық үшін шырылдағанын жеткіздім» дейді автор. Өлең талдаудағы сыншының шеберлігі, сөз маржанын жүрек сүзгісінен өткізіп жазатыны кітапты оқыған адам бірден сезеді.   

 Жолдасбек Мәмбетовтың «Ой мен сезімді қатар өрген» (Қазақ әдебиеті №45-46) мақаласы ақын Мұрат Шаймаранның өлеңдерін талдауға арналыпты. Мақаланың ерекшелігі ол кәсіби талдауда жатса керекті. Автор ақынның өлеңдерінің ішкі стихиясын түсінгендей. Мұрат Шаймаранның өлең өрісіндегі ерекшелігін, сонау Мағжаннан басталған символизмнің жаңа қырларын автор сауатты жеткізген. Мақала авторы ақынның лирикалық қаһармандарының ішкі құпиясын, өмір-трагедияларының поэзияда бейнеленуіне ерекше назар аударады. Осыған ұқсас әдебиеттанушының «Жұлдыз» журналында жарық көрген «Светқали жырларының сәулесі» мақаласын айтпай кетпеуге болмайды. Мақалада зерттеуші ақынның бала кезеңдегі өлеңі мен бүгінге дейінгі шығармашылық жолына аз-маз талдау жасайды. Өлең өрісіндегі С.Нұржанов ізденістері, киелі топырақтан шыққан ақындармен дәстүр жалғастығын саралауды мақсат тұтқан.

«Жұлдыз» журналының 7-8 сандары әдебиет сыншы Амангелді Кеңшілікұлының  «Жұмекенге оралу» мақаласымен ашылыпты. Оқырманға терең ой салатын эссенің ерекшелігі өмір шындығында жатыр. Бүгінде сауатсыз сайттардың үлкен ақындарды нөмірлеп бәйгеге салуы аруақты қорлау емей немене? Сайт рейтингін көтеру үшін жеңіл-желпі сауалдар тастап, тұлғаларымызды қор еткеннен қандай опа табамыз? А.Кеңшілікұлы осындай проблемаларды қозғай келіп, Жұмекен ақынның шығармашылығын әлі де терең түсініп, зерттей алмай келе жатқанымызға өкініш білдіреді.   Біздіңше Жұмекен Нәжімеденовтің шығармашылық өмірбаянын зерттеуге шынайы ықылас пен әдеби теориялық дайындық керек. Негізінде өз басым үлкен тұлғалалардың өмірі мен шығармашылығын топ болып зерттегеннен гөрі жеке адам өзі қарастырса жөн болар еді. Себебі ақын өмір сүрген ортаны, қызметі мен сол кездегі саяси цензураның хал-ахуалынан хабардар болу жеке көзқарасты қажет етпей қоймайды. Мәселен осыдан екі жыл бұрын М.Әуезовтің шығармашылық өмірбаянын қамтыған монография жарық көрген еді. (Өзім де осыған қатыстым) Бұл монографияны бірнеше ғалымдар жазғандықтан ой шашыраңқылау шықты. Оның үстіне кітапты басынан аяғына дейін сүйсініп оқу мүмкін емес. Стиль алшақтығы, өмірбаянның үзіп-жұлып берілуі ұжымдық жұмыс болған соң кітапта көрінбей қалмайды. Сондықтан тұлғалалардың шығармашылық өмірбаянын қарастырғанда ең алдымен ескереріміз эссеге жақындау болғаны жөн. Қоғамдағы пенделік әрекеттер, замандастар пікірі, ақын-жазушының әр шығармасы қалай туғанына дейін қамтылғаны абзал. А.Кеңшілікұлы көлемді мақаласында осындай проблемаларды біршама қамтыған.

Қажыбек Айдарханұлының «Поэзиямыздағы жаңаша ойлау тәсілі» (Қ.Ә. №44) деген мақаласы оқырманды білімділігімен тәнті етті. Қытайдағы қазақ ақындарының мәуелі ағаштай жапырақ жайып келе жатқаны бәрімізді қуантады. Әсіресе олардың өлең ізденістері, әлемдік әдебиетті меңгеруі, ұғымдардың өзгеше мәнге ие болуын  Қ.Айдарханұлы мақаласында барынша талдаған. Ынтымақ Сәдуан, Ерлан Нұрдықанұлы сынды ақындардың жаңашыл бағыттары әдеби ортада түсінбестік тудырғанын айта келе сыншы оның негізгі себептеріне тоқталады. Автордың бір ерекшелігі өлеңді түсініп, тереңірек талдайтыны. Е.Нұрдықанұлының «Таң бөбегін орап ыстық ақ қарға» - деген өлең жолдарындағы қардың ыстық болмайтынына көпшілік наразылық танытқаны айтылады. Мұндағы қардың... – дейдің автор: «...ыстықтығы құбылыстың сыртқы мүмкіндігі емес, қайта ақын іздеген ішкі мән, яғни ақын жүрегіне жақын қардың ыстықтығы қол күйдірер ыстықтық емес, керісінше жан жылытар тазалықтың жүрекке жақын жылуы. Қысқасы, ақынға керегі қардың физикалық қасиеті емес, ақын психологиясына жақын символдық қасиеті». Мұндай мақалалар газеттің ажарына шырай кіргізіп, екі ортаға көпір орнатуға үлкен септігін тигізбек.

Қажығали Мұхамбетқалиұлының «Сөздің серті мен дерті не дейді?» (Қ.Ә. 22.04.2016) мақаласы жылдың ең сауатты мақаласы деуге болады. Бүгінде біз не айтып, не қойғанымызды білмейтін күйге жеткенімізді осы мақала айқындап берді? Сөзге абай болу, жауапкершілікті қаперімізге де ілмейтімізді сыншы есімізге салғандай. Сынды қабылдай білу, кемшілікті түзеудің орнына Әмина Құрманғалиқызы бұған қарсы мақала жазыпты. Қ.Мұхаметқалиұлының мақаласында автордың жеке басын қаралайтындай ауыр сөздер жоқ. Әр сөз өз дәлелімен айтылған. Қайта мұндай ескертулерден айылымызды жинап, жауапкершілікті күшейту керек шығар. Ең бастысы сәл-пәл сынға бола қазақ баласы бір-біріне ала көзденбей, тату болса екен дейміз.  

Жазушы, Дидар Амантайдың «Жұмбақ өнер – шығармашылық өнер» (Қ.Ә. №6) ой-толғамдары жаңашылдығымен ерекшеленеді. Д.Амантай жастар әдебиетін үнемі зерделеп отыратын, жаңашылдыққа сергек қарайтын жазушылардың қатарында. Қазіргі әдебиетте жас жазушылардың әңгімелерінің басты идеялары, автордың қоғам дамуына анализ жасаудағы тәсілдері үлкен ізденісті күтіп тұрғанын аталған мақаланың нобайынан байқауға болады. «...жастардың түрлі формада, алуан мазмұнда жазатыны –  заңды нәрсе. Маған қайталанбайтындық, ұқсамайтындық, айрықшалық ұнайды» деген ойынан кейін жастар прозасын түсінуге тырысуымыз керек сияқты. Рас, жастар прозасында кемшілік те жоқ емес тіпті сюжетсіз шығармалар да кездеседі. Алайда, постмодерннің белгілері, оқырман танымын кеңейтетін ойлар жастар прозасында молынан ұшырасатынын жазушы Д.Амантай қысқа ойтолғамдарымен сәтті жеткізген.    

Кейінгі жылдары үлкен газеттің ауыр жүгін бір топ жастар көтеріп жүр. Бағашар Тұрсынбайұлының «Артық мақтау мен жастық кез», (№1 Қазақ әдебиеті 8.01.2016), «Өмірді білу мен жазу»   (№5 5.02.2016)   «Жарасқан жаратылысы» (№6 12.02.2016 ) мақалалары есте қаларлықтай. Б.Тұрсынбайұлы «Өмірді білу мен жазу» мақаласында  Дархан Бейсенбекұлының «Қылтұсау» романын сынға алады. Дархан қазақ әдебиетінде эксперимент жасап жүрген жазушылардың бірі. Өз басым «Қылтысауды» оқымағандықтан әзірше Бағашардың пікіріне илануға мәжбүрмін. Жас сыншының пікірінен түйгеніміз жазушы өз кейіпкерлерінің психологиясын толық аша алмағаны байқалады. Бірақ мұны да дұрыс талдап беруі қажет еді. Сыншы өзі сынап отырған мақаласында жазушының пікірін мазмұндап берумен ғана шектелген. А.С.Пушкин: «Өнерге шын сүйіспеншілік танытпаған жағдайда сын да жоқ» дейді. Жаңадан жарық көрген шығарманы сынамастан бұрын ең алдымен сұлулығына үңілу керек сияқты. Бағашар әр жыл сайын сынға белсене араласып жүрген жастардың қатарында. Жауынгер жанрдың ауыр жүгін бір өзі арқалап келе жатқаны да шындық. Әрине, жазу болған соң кемшілік те болмай тұрмайды. Дегенмен, жастардың да өз өкпесі бар. Оларды Бағашар, Алмас, Нұрбек, Әлібек, Маржан Әбіш сияқты замандастары жазбағанда кімдер жазады. Біздің заманның қаһармандарын өзімізден басқа ешкім түсініп, талдап бере де алмайды.     

Әдеби сынның жанрлары көп. Соның бірі үңіле оқу (микроанализ). Сынның осы түрін Нұрбек Түсіпхан «Жазушы жауапкершілігі» (Қ.Ә.№14) мақаласында терең меңгергені байқалады. Мақала жазушы Асқар Алтайдың «Туажат» романындағы кемшіліктерді жіпке тізгендей етіп сынауымен құнды. Мұндай сыннан кейін аға жазушылардың өздері сөзге абай болу керегін ұғына түсетіні анық. Бұл мақалада жазушы А.Алтайдың сөз қайталауға ұрынғандығын, оқиғалардың бір-бірімен қабыспай жатуы яғни оқырманды иландыра алмау кемшіліктеріне тоқталады.

Жыл өткен сайын әдеби сыншылардың қатары азайып барады. Соңғы бес жылдықта әдеби сынға әлі де мол мұра қалдыра алатын Таласбек Әсемқұлов, Рафат Әбдіғұлов, Әмірхан Балқыбек сынды дара сыншыларымыздан айрылдық. Т.Әсемқұловтың көп томдығы шыққанымен Рафат пен Әмірхан ағаларымыздың әдеби сынға қатысты мақалалары көзі тірісінде жарық көріп үлгерген жоқ. Ә.Балқыбектің «Қасқыр құдай болған кез» (2008) кітабын кезінде әдебиеттанушы Айгүл Ісімақованың редакторлығымен шыққан «Қазіргі қазақ әдебиеттануындағы Тәуелсіздік идеясы» (2011) атты ұжымдық монографияға енгізген едік. Бұл қуанышты жаңалықты сыншының өзіне айтқанда балаша қуанған болатын. Әмірхан Балқыбек «Қазақ әдебиеті» газетінен шыққан сын мақалаларын «Қасқыр құдай болған кез» еңбегіне енгізбеудің бір себебі кітаптың көлемі көтермеген болса керек және жастар туралы жазғандарын жеке кітап етіп шығаруды мақсат тұтқаны анық. Алайда сыншының бұл арманы әлі күнге дейін орындалмай келеді. Осындайда «Әмірхан қағанатынанбыз» деп жүрген бір топ жастар бұл мақалаларды жинастыруға шамалары жетеді деп ойлаймыз. Тек ниет, ықылас білдіріп, еңбекке кірісіп кету ғана жетпей тұр.

Рафат Әбдіғұловтың кезінде «Қазақ әдебиеті» газетінен шыққан «Оқшау роман» (М.Мағауиннің «Шақан шері»), «Әдебиет жайлы аз әңгіме» (А.Ашановамен сұхбаты), «Қаракөздің жаңа қойылымы», «Жаңа прозаның біздегі белгілері» (М.Омарованың «Ана ғұмыр» романы туралы), «Жасырып жабатыны жоқ немесе Қиыр шығыстағы қазақ ауылы», «Жамбыл шығармашылығының белгісіз беттері», «Біз Мақышты білеміз бе?», «М.Әуезовтің мұражай үйіне елу жыл» т.б. мақала, сұхбаттары жинақталып шығарылуы уақыт күттірмейтін жұмыстар болуға тиіс. Бұдан басқа  Р.Әбдіғұлов 1980-90 жазылған прозаға үлкен сын мақалалар жазды. Бұл жұмысты көп кешіктірмей М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты қолға алады деген ойдамыз. Алдағы уақытта әдебиеттанушы Р.Әбдіғұлов жайында көлемді мақала жазу ойымда бар. Әуезовтанушы ғалымның еңбектеріне сол кезде толық тоқталамыз.      

 Бүгінде сынға қолдау жоқтығы жиі айтылады. Біздіңше қоғамдық көзқарастың сынға «сынау» деп қарауынан осындай проблемалар туындап отыр. Әдеби сын жазушының өсуіне еш көмегін тигізе алмауы мүмкін? Бірақ ол әдебиеттің жүйелі дамуын екшеп отыратыр барометр екенін еш ұмытпағанымыз жөн.

Марат Әзімхан

    

 

 

 

 

 


®Қабылан - Ақпараттық порталы™ | Сілтеме | Дереккөз | Авторлық құқық™
Бөлісу тақырыбы: Қабылан - Ақпараттық порталы » Әдеби сын – өнер
Тұрақты сілтеме: /A_adebiet/sin/2017-04-30/574.html