Адамдармен бірге тұру – бір купеде жол жүргендей

Сыпайы жолаушымен бір жүрген сондай ыңғайлы. Заттарды астыңғы төсектің астына ұқыптап жинап қоясың. Өзгелерге де орын қалдырасың. Біреу-міреу шабаданды жоғары сөреге шығарып берер. Жастар болса астыңғы орынды босатып, өздері үстіңгісіне шығар еді. Немесе баласын ерткен анаға, қарияларға біз орын берер едік. Киім ауыстыратын кезде бәрі купеден үнсіз шығып кетеді. Тамақ ішетін уақыт болғанда ары жылжып, бір-біріне орын береді. Тамағынан да тықпаламай бөліседі. Ешкім саған: «неменеге қанталмастырғыш жеп жатырсың, ол зиян ғой» демейді. Зиян болса зиян шығар. Солай боп қалды енді, қайтеміз? Бәрі бір-бірімен сыпайы сөйлеседі. Жағымсыз тақырыптарға тереңдемейді. Шай ішеді. Әркім өз төсегіне қисаяды. Көрпелерін жамылады да ұйықтап қалады. Таңертең жақсы демалып тұрады. Бала жыласа – онда тұрған не бар? Ол бала ғой. Бәрі кезектесіп тербейді, ойнатады, жұбатады. Бала ұйықтап қалады. Осындай жақсы купеде жол жүргеннің өзі бір ғанибет. Ешкімге ештеңе түсіндіріп әуре болмайсың. Шыға тұршы деп мазаламайсың. Біреудің бейпіл сөзін, айғай-шуына куә болмайсың. 

Өмірдің өзі пойыз сынды. Қайда бара жатқанымыз – белгісіз. Бірақ саяхатты қызықты өткізу өзімізге байланысты. Себебі, басқа амал жоқ. Бәрі діттеген жерге жеткісі келеді. Сондықтан менің әдетім мен қалауым, сөз саптасым, өмірлік тәжірибем ешкімді қызықтырмайды. Мен купеде жалғыз емеспін ғой. Міне, осындай кезде сыпайылық пен әдептілік өте қажет. Оған қоса түсіністік. Фрейд тек ырымға сенгендіктен пойызда жүргенді ұнатпапты дегенге иланар ма едіңіз? Шамасы жақсы жолаушыларға жолықпаған болар. Тәтті тоқашы мен жомарт жүрегі бар жолаушылармен сапарлас болған бір бақыт. Өзіңнің де осындай болғаның бір бақыт. Тым құрымағанда тырысып көру керек...


Анна Кирьянова

Аударған Шынар Әбілдә

Қабылан

®Қабылан - Ақпараттық порталы™ | Сілтеме | Дереккөз | Авторлық құқық™
Бөлісу тақырыбы: Қабылан - Ақпараттық порталы » Адамдармен бірге тұру – бір купеде жол жүргендей
Тұрақты сілтеме: /A_adebiet/proza/2018-09-24/1117.html