Айкерім Қиықбай :Ағамның ақ ұшағы

Ағамның ақ ұшағы

Көк аспанда артына ұзын жол қалдырып,  ұшақ ұшып бара жатты, ағамның ақ ұшағы…                                               

***

Жетімдіктің қасіретті желі ерте есейткенімен, бала күнімде өте арманшыл едім. Мен үшін орындалмайтын нәрсе болуы мүмкін емес-ті. Әкем мен анамды сағынғанда көк аспанға телміре қарап, олар аппақ ұшақпен, біздің үйдің іргесіне қонғанын елестететінмін. Себебі әжем ылғи:

Сендердің әке-шешелерің анаа-ау алыста, аспанда, жұлдыз болып

жарқырап, бізді көріп тұрады. – дейтін. 

Бәлкім содан да болар,  мен ағамның ұшқыш болғанын тілейтінмін. Менің сол тілегімді білетін Талғат, маған:  – Өскенде ұшқыш боламын, сөйтіп әкем мен анамды өзімнің ақ ұшағыма отырғызып алып келемін!– деп уәде беретін. Ол уәдеге мен қаншалықты сенсем, ол соншалықты армандай түсетін, сол арманына жетуге асығатын.  Есейген сайын әке-шешемнің енді ешқашан қайтып келмесін білдім. Ал  ағам бәрібір ұшқыш болуды қалады...

***

Талғат  Орынбордағы ұшқыштар училещесіне оқуға түсті. Алысқа алғаш аттанған сәттен үйімізге әр ай сайын хат келіп тұратын. Арамыздағы алыс жолдарды жақындатып, сағынышымызды басатын ақ конверт келген сайын, әжем орамалының оң жақ құлағын жапқан тұсын ашып, басын маған қарай сәл жантайтып, мені мұқият тыңдауға кіріседі. Ал мен әжеме түсінікті болу үшін дауысымды барынша ашып, мәнерлеп оқимын.                                        

Амандық хат!

Асыл әжем мен аяулы қарындасым! Аман-есен жүріп жатырсыңдар ма? Мен казармадамын. Бойым үйреніп, енді ғана өз-өзіме келіп сендерге хат жазып отырмын. Халім жақсы,таңертең әжемнің «айналайын» деген тәтті үнін «подьем!» деген командирдің дауысы ауыстырғалы өзімнің сендерден алыста екенімді біліп оянамын. Мұндағы тәртіп қатал,  күнделікті бес уақыт ауқаттанып, кешкі сағат 22:00 де ұйқыға жатамыз. Соның арасында сабақ оқып, түрлі ұстаздардан сабақ аламыз. Әзірге ұшуды үйренген жоқпыз. Қасымда өзім сияқты достарым бар. Барлығы жақсы, тек басымды жастыққа тигізсем болды, ауылымды, үйімді, сендерді ойлап сағыныш торып алады. Бірақ уақыт сырғып өте шығады, әлі-ақ ұшағыма отырып, ұшып барамын! Өздеріңе деген сағынышпен хат жолдаушы Талғат.

10/X/98ж.

Осындай хаттардан соң әжем күнде Жаратқанына жалбарына жөнеледі, оның үйреншікті дұғасына « Аспанымыз ашық болғай, а құдай!» – деген тіркес енді. Әжемнің пайымдауынша ұшқыштар аспанда жүргендіктен аспанның ашық болғаны қолайлы, бірақ ағамның айтуы бойынша олар көбінде бұлтты күндерде ұшады екен. Әжем одан бейхабар. Осы  дұғасын сан мәрте қайталап барып, көзі ұйқыға кетеді.

***

Талғат Орынборда бақандай бес жыл оқып-білім алды. Әр өткен жылды артқа тастаған сайын, біз оның үйге қайтып оралар күнінің жақындағанына қуанып жүрдік.

 Күткен сайын уақыт өтіп болмайтындай, асыққан сайын баяу жылжитындай көрінеді. Сағыныштың сары желі кеудемде азынап тұрған кездерде әжеме білдіртпей жылап аламын. Ағамның жоқтығы әсіресе сабақтан кеш қайтқан күндері әжемнің мені үздіге күтіп отыратын кезінде, ал менің көше бұзақыларынан қорқа-қорқа аттаған  үрейлі қадамдарымда байқалатын. Жанын шүберекке түйіп отыратын әжем, шыдамай сыртқа да шығып кететін. Қолына іліккенін  көсеу әлде  таяқ алып шығады. Ол әжем екеуміздің қорғансыз екенімізді тағы да есіме салады. Сондай күндердің бірінде Талғаттан кезекті хат келді.

Әже, Қарындасым Әмина! Амансыңдарма? Әмина, әжеме қарайласып жүрсің бе?Менде бәрі жақсы. Сендерге айтар қуанышты жаңалығым бар. Мені Орынбор училещесі жұмысқа қалдыратын болды. Оқуға жаңадан қадам басқан жас курсанттарды ұшу ережелерімен таныстырып, ұшақты қалай жүргізуді үйрететін болдым. Сонымен қоса, жатар орынымды, қажет болған басқа керек-жарақтың барлығына үкімет өзі ақша бөледі. Жұмыстың жалақысы жақсы, болашақта тағы да өсіруі мүмкін. Тапқан таянғанымнан өздеріңді де олжасыз қалдырмаспын. Әжемнің бір зейнетақысына қарап отырмайсыңдар енді.  Амандықтарыңды алыстан тілеп жүремін. 

 Талғат.   12/XII/04ж.

Бұл хат бізді әдеттегідей жадыратып, көңілімізді көкке көтеріп тастамады. Қайта алыстан ағараңдап көрінген үміт отын суық бір үріп өтті.

- Төрімнен көрім жақын отырған мені қойшы, мына сені айтсайшы. Мен өлсем, жалғыз қаласың ба, қарғам?–деп әжем ауыр күрсініп қойды. Соңғы кезде осылай күрсінеді де, төсек тартып жатып қалады.

- Қойыңызшы, әже! Біраз жыл жұмыс істей тұрсын, алғашында оқу бітіре сап, жұмыс табу қиын ғой. Содан кейін келер. Әлі-ақ барлығымыз бірге тұрамыз!-деймін оны өзімше жұбатып.

Иә, әжем мына заманның қаншалықты қиындап кеткенін қайдан білсін. Қазір жұмыс табу қиын. Барлығы тамыр-танысқа келіп тіреледі. Ал ағамның бұлай тез орналасқаны қайта бізге олжа болды. Әйтпесе тентіреп кімнің есігін күзетерін кім білсін?!

*** 

Уақыт тізгіні ұстатпай, сырғып өтіп жатқан кезде Талғаттың жұмысы да қиындай түсті ме, ол хат жазуды қойды. Бірақ бір күні үйімізге пошташы дәу қоңыр жәшік алып келді. Ішін ашсақ ішінде сүп-сүйкімді телефон салулы екен.  Мұндай қымбат нәрсені әрине, тек қана Талғат ағам ғана жібереді. Енді біздің арамыздағы ұзын жолды осы сымсыз телефон жалғайтын болды. Үйімізге тиісті құжаттарын реттеп, орнатып алдық. Енді ағамның дауысын естіп, өзімен ауызба-ауыз сөйлесіп бір марқайып, көңіліміз жайланды.

***

Әжемнің зейнетақысына ішіп-жер азығымыз бен киер киімімізді алып отырсақ та, бар жыртығымызды жамауға жетпей жататын. Тағамның түрін ішіп шалқымасақ та, сол зейнетақы алған күні әжем тауық асырайтын  көрші Соня апайдан жиырма жұмыртқа, үш-төрт келі тауық етін сатып алып, сорпа жасайтын. Қолдан кеспе кесіп, бір тойып қаламыз. Сол күндері қайғы-қиындықтың барын ұмытып кетеміз. Боранды қыста сыртқа шыға алмай, қалың қар үйімізді түгел басып тастайды. Есік қардан ашылмай, сіресе қатып қалып, ыстық бумен жібітіп, төпелеген қардың арасын қолымен ашып, құдды бір үңгірдегідей ойып қардың ортасымен өтеміз. Әліміз жеткенше күреп, жетпегені үйліліп-үйіліп қала береді. Сол кезде көрші үйлердің ауласындағы қар тап-таза болып күреліп, жолы ашық болып тұрады. Біздің үй сонда еңсесі төмен салбырап, ерін жоғалтқан кейуанадай көрінеді алыстан. Көктемде еріген қар бізді тағы әбігерге түсіреді. Аула іші көлкіген су, лай-батпақ болып жүргізбейді. 

***

Екеуден екеу болып күн кешуге бойымыз үйреніп кеткен күндер көбейді. Ендігі ешқайда елеңдемейтін де едік, тек бір күні аяқ-астынан сол баяғы қоңыр телефон шырылдап қоя бермесі бар ма? Тұтқаның ар жағынан ағатайымның дауысы саңқылдап тұр. Қуанышым қойныма сыймай кетті. Әжем де алыстан жеткен жолаушыдай ырсылдап жетті қасыма. Ала салған бетте  ыстық сағыныштың жүректе мекен еткен кішкене тамшылары жанарынан сырғып түсіп жатты. «Барамын!» деді, бәрінен бұрын «үйленемін!» депті. Әжем екеуміз бұл сөзді ести салысымен түкпірдегі бөлмеде шаң басқан көк сандыққа қарай жүгірдік. Әжемнің ақ орамалына түйілген ағамның адал еңбегінің ақысын жеңгемнің ақ дастарханына арнап жұмсадық.  

***

«Барамыз!» -деп қуантқан ағамнан содан бері тағы хабар үзілді. Төр бөлмедегі үстелге жайылған ақ дастархан қонағын күтіп-күтіп, ақыры қайта көк сандыққа жиналды. Әлгі қоңыр телефон тағы шыр-пыр болды. Ар жағынан даусы болар болмас шыққан ағам сөйлеп тұр. 

Жұмыс бабымен бара алмайтын болдық, осы жақтан некемізді

қидыртып, бірге тұрып жатырмыз– деді де біраз бөгеліп барып: Айтпақшы, Жеңгеңнің аты Дариға– деді.

- Жарайды, әйтеуір келсеңдер болды қашан болса да, тек әжеме өзің түсіндіріп айт–дедім. Себебі әжем уайымдап әбден тозатын болды. Сол кезде  Тұтқаның ар жағынан: «Талга, ты что каждому так будешь сидеть отчитоваться? Сказал же, пускай она сама какнибудь бабуле обо всем расскажет. А то ты разговариваешь как будто с соседями. Страна та другая?! Деньги считают...»

Ештеңе деместен, тұтқаны қоя салдым. Ар жақтан келіп қалған әжем маған сұраулы жүзімен қарап тұр.

- Жұмыстары қиындап... Осы жолы келе алмайтын болыпты. Жеңгемнің есімі Дариға деді.

Әжем тіл қатпады. Қонағымызға деп алған біраз азықтың бұзылып кеткендерін  қоқысқа тастап жатып :

- Дариға дәурен... шіркін дәурен... – деп сыбырлап қана ән салып жүргенін құлағым шалып қалды.                                     

***

Содан бері тағы жарты жыл өтті. Әжемнің немересінің амандығын Алладан тілей-тілей тілі жаңылған күні, менің ақ ұшақты армандап үйдің іргесіне қондырғалы сегіз жыл болғанда Талғат әйелін ертіп әйтеуір келетін болды. Ұзақ күттірген олар  сағаттың тілі кешкі сегізге тірелгенде жетті. Көлік гүрілін ести салып, әжем екеуміз аптығып сыртқа жүгірдік.  Есік алдына «қара лексус» тоқтап тұр екен.  Әжем қолына орамалын, шашуын дайындап әзір тұр. Көлік ішінен осыдан сегіз жыл бұрын балғын бозбала болып алыс сапарға аттанған менің Талғат ағам түсті, дене тұрқы біраз іріленіпті. Сұңғақ бойы шөгіп қалғандай. Әжемнен бұрын асығып барып құшақтай алдым. Қаншама уақыттан бергі осы бір жылы құшағы маған жетпеп еді, көзімнен тамған ыстық жас ағамның иығына тамып жатты. Әжемнің де иегі кемсеңдеп кетіпті. Қарайған кеште кәрі жанарынан аққан жасы көрінбеді, бірақ дірілдеген дауысы соның айғағы еді. Ағамызбен көрісіп жатып жанымызға келіп қалған жеңгемді байқамаппын. 

Сәлеметсіз бе! – дедім сасқанымнан.

Привет, Заловка! А ты оказывается уже большая девочка! А то

Талга всегда беспокоется за тебя!

Айналайын, балам, қош келдің Талғатыңның шаңырағына! - деп

әжем  келіннің маңдайынан сүйді.

Киелі қара шаңырақ, адал ақ дастархан әкем мен анамның көзі, бүгін солардың көре алмаған қызығына куә болып отыр. Өздері болмаса да, өз қолдарымен жасаған заттарында сол әке-шешенің қадір қасиеті қалтқысыз сақтаулы. Төр бөлмеде әкем өз қолымен өрген қамшысы анамның көз майын тауысып тіккен шілтерінің үстінде  қаз-қалпы ілулі тұр. Әжем де осы күнді көп күтті, өзінің ұлы мен келіні жетпеген соң, солардың алдында бізді өз отауымызға қондырып кетуді парызы деп білетін. Үйімізге жылу, жарық кіріп, сол күні алғаш рет толық-қанды отбасы болып ас ішіп едік. 

Өзіңнің руың кім, балам?– деді әжем,  өзі құйған қызыл шайды асықпай ұрттап қойып.

Ой, апа, мен шынымды айтсам, білмеймін. Ондай нәрселерге аса мән бермеймін. Оренбургта  туып өстім, онда өңшең орыстар. Оларға ру-му деген керек емес. 

Е,е солай ма балам.- деді әжем түсі суып.

Мені ұшағыңа отырғызам деуші едің ғой, аға? Есіңде ме?

Иә, есімде Әмина. Бірақ... мен қазір сол жұмысты тастамақ ойым бар. Өте ауыр. Әбден бар күшімді суырып алды. Қазір жеңгең екеуміз жеке кәсібімізді ашпақшымыз. 

Да, Талга сейчас не летчик! Ол–бизнесмен! Мой Талга теперь будет летать не на небе, а на деньгах! – деп қарқылдап  күлді жеңгем.

Тамағыма келіп қалған өксіктен жанарыма жас үйірілді. Дариға менің ағамды ғана тартып алған жоқ, ол менің арманымды жұлып алып, табанына таптай салды. Қонақтарымыз ертесі күні таңертең қап-қара көлікке отырып кетіп қалды. Оларды шығарып сап тұрғанымда  көк аспанда артына ұзын жол қалдырып ақ ұшақ ұшып бара жатты, ағамның ақ ұшағы!


Айкерім Қиықбай

Желтоқсан, 2015 жыл.


®Қабылан - Ақпараттық порталы™ | Сілтеме | Дереккөз | Авторлық құқық™
Бөлісу тақырыбы: Қабылан - Ақпараттық порталы » Айкерім Қиықбай :Ағамның ақ ұшағы
Тұрақты сілтеме: /A_adebiet/proza/2018-02-25/1072.html