Өзіме апарар жол

Өзіме апарар жол

Кейде өзіңді табу үшін қолдағы барыңнан айырылу керек. 

Ол дәмханада ер кісімен қатар отыр. Сәл уақыт бұрын ғана күйеуім деп атаған адам бөтен болып шыға келді. Енді ракурсты басқа жаққа бұрып, 25 жыл бірге тұрмаған, арада ұлдары болмайтын жат адамды көруі тиіс, табуы керек. Олар айырылысты. Жаман түс көріп, шошып оянғандай күйде еді. Оған біреуі (әйел заты) қоңырау шалды. Ол үстелден түрегеп, алыстау барып сөйлесті. Бір нәрсені тез-тез айтты да, қайтадан орнына кеп отырды. Бұған қабағы қатулы күйі тесіле қарады. Бір минут бұрын етене жақын, таныс адам болып тұрғандай еді. «Сене алар емеспін» - деді жымиюға қатты тырысқан ол. «Мен де» - деді бұл. «Менің сөздерім жыныңа тимейтін болыпты, қандай жақсы» - деп бұл әдеттегідей қыршаңқы мінезін көрсетіп қалды да, ішінен «құдайым-ау, не деп кеттім» деп ойлады. «Сен өзгеріпсің» - деді ол. «Сен де өзгергенсің» дегісі келді де, тілін тістей қойды. Енді айттың не, айтпадың не? Ол досы «құттықтағанын» әңгіме қылды, «өзім де кетіскім келеді, бірақ...» депті. «Ол да әйелінен кеткісі келген бе? Бірақ сен оның алдын алып кеттің ғой, солай ма?» деп ойлады. Оның не айтып отырғаны миына қонбады. Не деп кеттің? Ақылды, сезімтал, жаны нәзік адам едің ғой? Әлде, мен сені мүлде білмегенмін бе? Әлде ғашықтықтан еркектердің көзін шел баса ма, неге бәрі бәйбішелеріне осынша қатал болып кетеді? Бәлкім, мені осыншалық таптауға, сыйламауға өзім жол бердім бе? 

Екеуі себепті жағдайлармен үнемі жолығып тұрды. Сол кездесулер кезінде ол оқыған, көрген, сүйіктісімен саяхаттағандарын әңгіме қылатын, саяхаттан бұған кәдесыйлар әкеп беретін. Бұл дым болмағандай алатын. Не істерін білмеген. Оған да, өзіне таң қалатын, бірақ оның бар сыйлығын алды. 

Содан кейін барып ашуы келді. Бір хатына үндемей қалды. Сосын тағы бірде үндемеді. Ол жазды: «Көзіңнен таса болған соң жүректен де өшірдің бе?» деп. Ашудан булыққан бұл: «Жүректе саған орын болуы керек пе? Не үшін?» Ол бақыт тілеп, қала берді. 

Бірнеше жыл өзін алдап, бұрынғы күйеуімен «дос» болып жүрді. Сосын жағдайға байланысты, әрі өзінен қашып құтылу үшін алыс жаққа жер аударды. Сирек сөйлесетін болды. Сондай бір әңгіме кезінде ол «өте бақыттымын» деді. Ол туралы ойлау да, ойламау да жеп-жеңіл боп кетті. Онымен сөйлесу де жүрекке салмақ салмайтын болды. Қанша дегенмен арада байланыстыратын көп дүние бар еді. Өз бақытымнан айырылдым деген ой мазаламайтын болды. Себебі, ол келеді деген үміт өшкен-тұғын.


Аударған Шынар Әбілдә

Қабылан ақпараттық порталы


®Қабылан - Ақпараттық порталы™ | Сілтеме | Дереккөз | Авторлық құқық™
Бөлісу тақырыбы: Қабылан - Ақпараттық порталы » Өзіме апарар жол
Тұрақты сілтеме: /A_adebiet/proza/2017-12-21/985.html