«Ғажайып адамдар өмірі» топтамасынан үзінділер

Өмірде болған оқиғалар:

Жедел тамақтану асханасында жұмыс істеп жүрген кезім еді. Бір күні таңертең бейтаныс ер кісі келді де: «Менен кейін бір қыз тұр. Мен оны танымаймын. Бірақ оның кофесінің ақшасын төлегім келіп тұр. «Күн жақсы өтсін» деп айта салыңызшы оған» деді. Кезекте тұрған қыз таңданысын жасыра алмады. Сосын жалма-жан есін жинады да, одан кейін кезекте тұрған адамға сол сыйды жасады. Осылай бес адам кезектесіп, бір-біріне кофе сыйлады. Ал, соның куәсі болдым. Керемет! 


*** 

Менің тамағым баспамен ауырып, қатты қиналдым. Үйде жалғыз едім. Тіпті төсектен тұра алмай, өзімнің әлсіздігіме қапаланып, көз жасыма ерік бердім. Жанымда итім отырған еді. Көзі мөлиіп, маған ұзақ қарады да шығып кетті. Бір кезде көгеріп кеткен, исі мүңкіп тұрған мүжілген бір сүйекті аузына қыстырып қайта оралды. Аш қалсам деп тығып қойған байлығы болса керек-ті. Сүйекті жастыққа қойып, менің бетіме қарай итеріп қойды. «Осыны мүжі» дегендей.


*** 

Бүгін қайтыс болған күйеуімнің қалта телефонын тауып алдым. Зарядтадым. Ішінде жаңа хабарламалар бар екен. Қызым жазып жүр екен. Барлық басты жаңалықтарға тоқталыпты. Жалпы біздің қалай күн көріп жатқанымызды үтір-нүктесіне дейін жасырмапты...


*** 

Бірде көшеде жалғыз тал гүл сатып отырған әжейді көрдім. Аяп кеттім. Сұрағанынан он есе етіп ақша беріп, әлгі үйде өсетін гүлді сатып алдым. Көзіне жас алған әжей «дүкенге барып шалыма шұжық алайын» деп разылығын білдіріп, тез-тез басып кете барды. Гүлді үйге алып келдім. Ертесіне қарасам, терезе алдындағы гүл салғыштағы жайқалған жапырақтар арасында әдемі гүл ашылып тұр.   

 

*** 

Бүгінгідей күн күркіреп, нажағай ойнамағалы біраз болыпты. Жұмыстағылар менің көлігімнің жанында бейтаныс біреу түртінектеп жүр дегенді айтты. Дереу сыртқа жүгірдім. Бәрі бәз-баяғыша. Тек көліктің төбесіндегі қақпағын біреу қаттырақ тартып қойыпты. Жауында бүлінбесін десе керек.


*** 

Дүкенде бір кішкентай қыз маған таяп келді де, «көтерші» деді. Ол адасып қалды екен деп ойлап, қолыма алдым. Бүлдіршін мойнымнан қатты құшақтады да, түсіп кетті. Көзім бақырайып қарап мен тұрмын, істің байыбына түсіне алмай. Ол маған қарап: «жәй, сен күлсін деп істедім» деді. Баланың қылығы көңілді жай етті.


*** 

Институттан қайтып келе жатсам, метроның жанында бір ақсақалға көзім түсті. Соғыс ардагері екен. Алдына жайған орамалға соғыстағы ерлігі үшін таққан медаль, ордендерін самсатып қойыпты. Қу тіршілік тамақ үшін соғыстан бері серігі болған бар жақсысын саттыра бастаса керек. Жанына жетіп бардым да, әмиянымдағы барлық ақшамды салдыр-гүлдір еткізіп, алдына тастай салдым. «Ата, мына ақшаны алыңыз да, ерлігіңіз бен арыңыздың құнына жете алмайтын адамдарға бұл байлықты сатпаңыз» дедім. Көзіне жас алған атам «Рахмет, қызым» деп бар медалін жинап, түйіншекке түйді де, сыртынан сүйіп қойды. Мұндай сәттерде бір өзім бүкіл әлемді өзгерте алатындай болып кетем. Үміт оты оянады.   

 

Аружан Саин

Аударған Шынар Әбілдә

Қабылан ақпараттық порталы

®Қабылан - Ақпараттық порталы™ | Сілтеме | Дереккөз | Авторлық құқық™
Бөлісу тақырыбы: Қабылан - Ақпараттық порталы » «Ғажайып адамдар өмірі» топтамасынан үзінділер
Тұрақты сілтеме: /A_adebiet/proza/2017-09-30/956.html