Ерболат Әбікенұлы : Кіші ғылыми қызметкер

Кіші ғылыми қызметкер

Әңгіме

Ол ұйқысынан оянғанда, тұманданған аспан, жерге ақ мамық қар бүркіп тұрған. Таң намазының азаны әлі шақырылмаған тұғын. Басын көтермекке ұмтылып еді, бес жасар қызы мойнына орала кетті. 

– Әке кетпеші деді балауса.

– Жаным мен жұмысқа барам деді әке.

– Кетпе әке деді ол тағы да, ып-ыстық алақанымен әкесінің мойнын, бетін сипалап, мен сені сағынам ғой! Балаусаның тәп-тәтті демі, ыстық алақаны оны маужыратып бара жатты. Мен бүгін көп ақша алам деді кенет ол қызына.  Саған не әкелейін.

– Байыймыз ба онда деді балауса ұйқылы-ояу. 

– Анашым, біз байыйтын болдық,  деді басын көтеріп. 

– Маған ермексаз керек әке, тура Перизаттыкіндей. Саған машина жасап берем. Су жаңа аппақ машина. Сонымен жұмысқа барасың. Аяғың тоңбайтын болады. Белің де ауырмайды әке. Әкесі мырс етті. 

– Әкелем, су жаңа сумка әкелем тағы деді әке, жүзі жайнап.

– Алақай деді балауса. Сосын ұйқтап кетті.

Олар бір бөлме жалдамалы лашықта тұратын. Әйелі ортаға кішкентай жер стол қойды. Столдың үстіне бір шәугім, ішіне қара шәй құйылған екі кесе, бір бөлке нан, қант сосын бармақтай ғана сары май салынған алақандай тәрелке қойылды. Ол әлгі бармақтай сары майды нан тіліміне еппен жақты да, үстіне қант сеуіп, асықпай дәмін ала шайнап, қара шәйді сораптап іше бастады. Сөйте отырып төрдегі жалғыз төсекте  пысылдап ұйықтап жатқан қызына сүйсіне қарады (Өздері көбінесе матырас төсеп жерде ұйықтайтын). Аузы мұрнынан шыға әр-әр жерде ұйлығып жатқан киім-кешекке, бұрыш-бұрышта, ішіне тырсита зат толтырылған Қытайдың ала дорбасына көзі түсе кетіп көңілі құлазый қалды. Тура қол созым жерде ғана гүрілдеп жанып жатқан пештің қасындағы жаңқалар мен бір шелек көмір, лас су толы тегене мен құман оның көзіне тым сөлекет көрінді. Тек сол пештен шыққан  жылу ғана, сәл де болса оның жүрегіне шуақ сыйлағандай.

Осы бір құйрық айналмайтын лашықта қалай өмір сүріп жатқанына ол таң қалды. Тіпті сенгісі келмеді. Құдайдың құтты күні осы бір қуықтай лашықта өмір сүретін, мәңгі бақи ретке келмейтін, осы бір қуықтай лашықты жинастырумен күні өтетін әйеліне жаны ашыды. Жұбатқысы келді.

–  Мен саған бұйырса күміс алқа ап берем деді әйеліне. Мен тіпті көріп те қойдым. Он мыңға саған күміс алқа ап берем. Сосын он мыңнан екеуміз екі жылы аяқ киім алып киеміз. Аяқ киімді де көріп қойдым. Қалған он мыңның бес мыңына қызымызға ермексаз, сумка, дәптер-қарындаш ап береміз. Соңғы бес мыңға ұн, сұйық май күнделік тамаққа қажет картоп, сәбіз аламыз. Сүйтіп айлыққа жетіп қалармыз деді. Әйелі:

– Демек, мерекелік сыйақы аласың ғой!

– Иә, қырық мың ақша тиейін деп тұр! Айлықтан сырт. Сен ылғи айлық жетпейді деуші ең. Ал осы ай жетеді.  

– Бәрін қоя тұрып көмір алайықшы деді әйелі. Өмір бойы қыс аяғы шелек көтеріп, елден көмір сұраймыз да жүреміз. Көмір алайық.

– Көреміз деді ол шығып бара жатып.

Білдей бір ғылыми мекеменің атағы дардай кіші ғылыми қызметкері, үйінен міне осылай жолға шықты. Осы шақ әппақ қарлар жер жүзін қымтап үлгіргенімен қоймай, толассыз қапалақтап тұрған. Ол суыт жүріспен жәяу тартып келеді. Жер жүзін әлі де қараңғылық басқан. Оның ойы орталыққа жетіп ап, ары қарай Алматы бағытындағы автобусқа отыру. Дегенмен қозы көш жерге жаяу жүруге тура келетін. Ол қалың қарды омбылай басып, сүріне жаздап тартып келе жатты. Кенет Кейқуат болып ән салғысы келді. Қыстың ала көлеңке таңында, жападан-жалғыз келе жатқан ол сызылтып ән салды. Тура Кейқуат айтатын «Елім менің аңсаған, тас бұғаудан шаршаған» деп келетін әнеу бір әнді бар дауысымен шырқады. «Жасай бер елім, а.а.а.а.й» деген жеріне келгенде шәңкілдек дауысы, құдды тасқа қамалған ешкінің дауысындай аянышты шықты. Дегенмен өзіне ұнады. Кейқуаттан кем айтпаймын деп түйді іштей. Қалаға жетіп, тағы бір көлік ауыстырып жүріп жұмыс орнына да келді. Есік алдынан еңгезердей боп ғылым докторы, аға ғылыми қызметкер, Шәйхан ханым кезіге кетті.

– Әй, Дерттібек мына жүрісің не деді. Қарсы алдынан шубысының етегі қар сыпыра ентігіп жеткен ол,

Келе жатқан комиссия анау. Сенің жүрісің мынау. Хаттама болса толтырылған жоқ. Ерте кел дегенім қайда.

– Апай, деді ол зәресі қалмай. Қар деген дізеден келеді. Көліктер жылжымайды. Әрең жеттім.  

– Алтыда шықпадың ба үйіңнен. Жап-жас болып алып не деген ұйқы. 

– Бесте шықтым апай, өте алыста тұрам. Үш сағатта әрең жеттім. Жолдың бәрі жабық.

– Не дейді ойбай? Сендім ал. Тез кір де қағаздарды дайында. Мен келгенше бітіріп қоятын бол деді де, адымын әрең ала қиралаңдап кете барды.

Ол үсті-басының, шапкісінің қарын қағып боп ішке енді. Өн-бойын жып-жылы ауа балқытып ала жөнелді. Еріксіз бетін сипап көріп еді, аязда қалған бауырдай алақанын қарыды. Теңселе басып жоғары көтерілді. Суықтан әрең икімге келетін саусақтарымен кілтін әрең тауып, есіктің құлпын әрең бұрады. Сырт киімін шеше сала столына отырды. Кәбинеттің жылы ауасына бойы бірден үйрене қоймады. Башпайлары шымырлап, еріндері тыртысып, саусақтары аши бастады. Бір шыны шай ішкісі келіп еді. Жүрегі дауаламады. Қысқа уақыт қуырып жеп барады. Компьютерге тесіліп, қағаз ақтаруға кірісті. 

Осы сәт есік оқыс тарс етіп ашылды да, ұзынтұра біреудің төбесі көрінді. Бұл ит басына төгілетін ғылым докторларының бірі мекеменің бас ғылыми қызыметкері Тұрағалды болатын. Ол үнемі ширақ қимылдайтын. Суыт жүретін. Ентігіп кіріп, ентігіп шығатын. Жау қуып келе жатқандай шапқылайтын. Бар жоғы білінбейтін. «Айтпа»  дейтін. Дәретханаға бара жатса да, түскі асқа бара жатса да, түгесіліп болмайтын, директормен болатын жасырын кездесуге бара жатса да,  саусағын шошайтып «айтпа, мені сұрағандарға білмедім де», дейтін. 

Ол генерал көрген солдаттай орнынан атып тұрды. Тұрағалды болса, оның алдынан көз ілестірмес жылдамдықпен лыпылдап өтіп бара жатып,

Шәй құйшы деді.

Ол орнынан тұрып шкапты ашып, ыдыс аяққа қол соза беріп танауын басты (Осындағы хатшы қыз асқан жалқау әрі былапыт болатын). Шкаптан сасыған тамақтың мүңкіген иісі бұрқ еткен еді. Тарелкалардың бетіне сарғайған тамақ қалдықтары, қайқиып-қайқиып, тастай қатып жабысып алыпты. Кей жерлері теңбілдене көгеріп тұр. Бакалдардың ішінде құрысып құрғай бастаған самалар мен көрең тартқан сарқындар аса жиркенішті еді. Үйткені сол сарқындардың бетіне көк көрпешелер пайда бола бастаған. Ол іштей қатты кейісе де, сыр білдірмей лезде ыдыс-аяқты жуып келді. Тұрағалдыға шай құйды. Тұрағалды болса көзілдірігін мұрнының ұшына іліп ап, компьютерге тесілді де отырды. Сәл үнсіздіктен кейін ол тіл қатты.

– Сен барып «Дамыған ел» газетінен он бес тал алып келші деді саусақтарын санамалап, өзінше бір есептің байыбына жеткен адамдай қабақтары түйіле, оған ұсақ қағаз ақшалар ұсынып жатып. Мақалам шығыпты бірақ тіс жарып ешкімге айтушы болма ішіңде болсын деді. Ол дүңгіршектердің әлі ашылмағанын біле тұрса да, сөзге келместен сыртқа ұмтылды. Сыртта ақшақарлар теңселе билеп баяу қапалақтап тұр. Ол төңіректі тынбай төрт айналып шығып ақыр айтқан газетін тауып келді. Сосын қытайдың сарай әтектерінше аяғын еппен басып газет пен асқан темір теңгелерді оның алдына қойып жатты. Тұрағалды болса көзілдірігінің үстінен газетке сосын теңгелерге сұқтана қарап:

– Ақша артылды ма? Әй тағы біреуін ала салмадың ба?  Тағы біреуін сатып ал деді. 

Осы сәт Шәйхан да, ішке оралған еді.  «Тыс» деді Тұрағалды, сұқ саусағын ерніне тигізіп. Шәйханды нұсқап. «Білдірме» деді.

Ол енді басын изеп-изеп қойып, тоңқаңдап сыртқа қайта ұшып бара жатты. Екі өкпесін қолына ала дүңгіршекке дереу жетіп, жалғыз газетті ала сала қайтып оралды. Тура хабарландыру текшесінің қасында оны Тұрағалды тықырши күтіп тұр екен. «Бері кел» деді бәсең дауыспен, қолын жамбасына жасыра бұлғап. Анау екі-ақ аттап жетіп барды. Қолдындағы газетті ұсына беріп еді, мұнда іліп қой деді. Сыртын беріп жан-жағына жалтақтай қарап. Маған берме мұнда іл деді. Мен кеткен соң іл. Сосын мына газеттердің барлығын әрбір бөлім меңгерушілерінің алдына білдіртпей қойып шық деді. Осыны айтты да бөксесін артына, қарнын алдына тастап, өз кәбинетіне қарай атақаз құсап балпаңдап бара жатты. 

Ол бұйрықты бұжытпай орындағаны соншалық, тіпті шиын шығармай, ым-жымын білдіртпей істеді. Сосын бөліміне қарай өкшесін сырпылдата басып бара жатыр еді. Алдынан хатшы қыз шығып оған өзін Шәйхан апайының іздеп жатқанын, қабағының тым қатулы екенін  жеткізді. Осы сәт оның жүрісі өзгеріп кетті.  Жәй аяң емес, шипақ жүріске басты.

 Ол кәбинетке кіргенде  Шәйхан апай оған сұсты да, үмітсіз көзбен тесіле қарады. Алдына шақырып алды да, хаттаманың дайын, дайын еместігін сұрады. Әлі дайын еместігін естігенде қатты кейіді. Оны ауыр сөздермен кінәләй бастады. Ол болса бейне төсекке жіберіп қойып, кінәсін мойындаған жас баладай, басын төмен салып, тершіген мұрнын тартып–тартып қойып көзін бір нүктеден алмай тұра берді. Ол оның ұзақтан бергі қорғану тәсілі еді. Бірдеңе деп ақталайын десе, алдында Тұрағалды отыр. Оған жала жапқан болып қалады. Ақырын көзінің қиығын салып еді. Ол ештеңе білмейтін, ештеңе сезбеген, ешкімді танымайтын  адамдай тұқырайып алып бірдеңесін сүйкектетіп жатыр. Арада шай қайнатымдай өткесін Шәйхан апай жағы талды ма, жоқ, мынауыңнан ештеңе шықпайды деді ме? Тұрағалдыға бұрылды. Оған көңілді жүзбен жымиып:

– Мақалаң шығыпты құтты болсын деді  

Анау болса, рақмет  деді?

– Мықтысың ә!?

– Өзімде білмеймін. Мен өзім аңғал, момын адаммын. Айналамда тіпті не болып жатқанын да кейде білмей қалам. Менің мақалам шығыпты. «Тоқтарәлі Таңжарық поэзиясындағы, көбелектің қанатындағы түстердің симвлдық мәні» деген мақалам. Мұның көбелегі қызық өзі. Не шамды айналып ұшпайды. Не сүтке түспейді. Соған қарағанда жынды көбелек емес-ау деймін. Көбелекті көп зерттедім. Ол өзі сондай әсем құбылыс қой! Ал мұндай әсем құбылысқа тек ақынның көзімен қарау аздық етеді. Арасында мен сықылды ғалымның көзімен де қарап қою керек. От. Нағыз ғылым сонда жасалады. Негізі «Айтыстың бірдеңесі» яки «Төлеген Меллатұлы поэзиясындағы іңірдің контекстегі қолданылу тәсілі» деген мақалам шығу керек болатын. Білмей қала жаздадым. Әгәрәки құдайға қараған біреу столыма әкеп салып қоймағанда... Сонда бірақ білдім біреу суырмама әкеп салып қойыпты кім екен ә? Қайта жастар осындайды біліп, іздеп, зерттеп жүруі керек қой. Біреу-міреудің суырмама газет салып жатқанын көрмедің бе, балам...? – деп, енді ол Дерттібекке жабыса кетті. 

– Көздерің өткір көреді ғой! Қырағы ғой! Ештеңе байқамадың ба? –деді. Дерттібек басын шайқады. Есесіне жауапты Шәйхан қайтарды. 

– Бұлар біледі деймісің? Нені біледі бұлар. Біз кезінде ғылым доктрларының басынан құс ұшырмаушы ек. Құс түгіл мұрнына қонған шыбынды қағып түсіретінбіз. Жатса жастық, отырса төсек болатынбыз. Бұлардың жүрісі мынау, отырсаң опақ, тұрсаң сопақ боп жүрген деді.  Сосын тағы Тұрағалдыға бұрылды.

– Менің алдыма да біреу газет қойып қойыпты. Содан оқыдым деді. Анау болса, сөйтеді, ылғи сөйтеді деп кеңк-кеңк күлді.

– Дәріханаға лып етіп барып, келші деді Шайхан оған. Сабырлы да, бәсең үнмен. Қаным өрлеп кетті ау деймін. Басым ауырып тұрғаны. Бүйте берсеңдер ұстаздарыңды өлтіріп тынасыңдар ғой! Сосын сендерді кім сүйрейді. Қамдарыңды кім ойлайды деді аянышпен ыңырана сөйлеп. Оған дәрінің шіріткісі мен қоса ақша ұстатып жатып. Дерттібек болса мына қамқорси айтылған жылы сөзге не дәуір желпініп, көңілденіп қалды. Көзді ашып-жұмғанша дәріні алып жетіп келді.

– Ойб... ойбой... суды ұмытыппын ғой! Маған енді дәрі ішетін су әкеп берші, дүкенннен деді. 

Деріттібек сәл кідіріп тұрып қалды. Көзі босаға жақта тұрған төк шәугімге, сол шәугімнің қасында аузы сағыздан босамай отырған хатшы қызға түсті. Оны шынымен де жек көріп қалды. Атып тұрып неге су құйып бермейді екен деп ойлады іштей. Және өзі соны істегісі келді. Егер апайы бұйырса солай істейтін де еді. Бірақ жұмсамады. Қайнақсумен ішсеңіз болмай ма деп сұрауға оқталып еді. Апайының сұраулы көзбен түнере қарап отырғанын көріп жым болды.

Тәйірі бұл да қиын іс боп па деп ойлады іштей. Барып жүрген дүкен ғой! Аяғым сынып қалмас. Қайта жәяу жүрген пайдалы емес пе? Деп, өз-өзін жұбатты. 

Бұл жолы дүкенге тіпті де, тез барып келді. 

– Мынауың газды су ғой деді Шайхан, таңырқап. Менің дәрі ішетінімді білмейтін бе едің? Тасбақаныкіне ұқсастау мойны алға екі елі созылып кеткен еді. Желкесін, екі бетін ғана жапқан еркешке біткен шашы дір ете түскен. 

– ...

– Сен жас ғалымсың. Ғалым басыңмен газды сумен дәрі ішуге болмайтынын ойламадың ба? Денің сау ма өзіңнің?

Денің сау ма деген сөзді ол ұнатпай қалды. Әсіресе, асқар тауға балап жүрген ұстазынан, оның сөздік қорында жоқ тұрпайы сөзді естігеніне қатты қынжылды.

Шайхан енді Тұрағалдыға қарады. Мына баланы жұмысқа алғанда байқамадың ба? Газды сумен дәрі ішуге болмайтынын білмейтін адамның болашағынан ертең қалай үміт күтуге болады. Мұндай адамнан қайбір жетіскен ғалым шығады дейсің деді. Осы тұста Дерттібектің жүрегі дүрсілдей бастады.

Тұрағалды хатшы қызға қарап, қаламының ұшымен нұқи сөйлеп,

– Мекемемізде газды сумен дәрі ішуге болмайтынын білмейтін жас ғалымдар бар деп түртіп қой деді. Осыны айтты да әуелгі қалпына көшіп, жазуына кірісті. Хатшы болса кампьютерге әп-сәтте теріп үлгірді. Мұны көріп Дерттібектің жүрегі тіпті де атқалақтай бастады.

Ол қайтадан сыртқа ұмтылды. Өзінің дүкенге нешінші рет бара жатқанын есіне түсіре алмады. Балтырдан жауған қар адымын аштырмады. Осыған засы келді. Аяғы дымданып, башпайлары тоңа бастады. Табанын суық қарып барады. Терлеп кетті. Шапкісін шешіп маңдайының терін сүртті. Арықтан аттай беріп дізесінен жоғары, қарға батты да қалды. Арықтың шеті деп топшылаған жері арықтың шеті емес дәл ортасы екен. Сазға батқан қарасан келгірдей, болмаса қақпан қапқан аюдай, бір орнында жұлқынып  біраз әлектенді. Көше бойында кетіп бара жатқан екі-үш қыз ішек-сілесі қатып, күліп бара жатты. Намысқа тыртысып, бар қайратын бойына жинап жұлқынды. Абырой болғанда  ербеңдеп жатқан оң қолы жақтаутасқа іліне кетіп,  содан ұстап әупірімдеп әрең шықты. 

Қатты жабырқады. Жылап жіберуге шақ қалды. Көзі жасаурай бастаған. Қарсы алдында таныс көздер келе жатты. Солардан жасқанды. Жасаураған жанарын көрсетпеуге тырысып,  шалбарының балағындағы қарды қаққан болып, еңкеңдеп өте шықты. Жаңа арыққа батқанда өз бетімен жұмыстан кетуді ойлаған. Енді ол ойынан дереу айныды. Себебі сол бір азғантай сый ақы көз алдына елестей бастаған. 

Бір қанша дүкенді аралады. Газсыз су тапты. Ол жылы су сұрады. Дүкеншілер сәл жақтырмай жауап қайтарды. Қыстың күні жылы су болмайтынын сөгіспен жеткізді. Бұл болса сәл жылмышы су керек екенін. Керек десең қан жылы су іздеп тұрмағанын, мүмкін болса мұздатқышқа салынбаған су берулерін сыпайылап айтты. Сатушылар судың бәрі қыстың күні мұздатқышқа салынатынын, бірақ тоққа қосылмайтынын айтып ақталды. Керек қылған адамның мұздатқыштан өзі барып алу керектігін ескертті. Ол салғыласып тұрмады. Ең жылы деп тапқан суды алып тайып тұрды. 

Кәбинетке кіргенде Шайхан оны тықырши күтіп отыр екен. 

– Оң қолыңмен бер деді, суды ұсынар ұсынбас бұрын. Ол су ұстаған оң қолын соза беріп еді. Қақпағын ашып берсеңші деді. Мен әйел адаммын ғой! Ол қақпағын ашып сатканға енді құя беріп еді, қолың таза ма? Жуып па едің деді. Ол басын изеді. Стакандағы суды аузына апарып, дәмін татып көрді де,

– Мынауың мұздай ғой деді. Анау қапелімде төтеп бере алмады. Сазарып тұрып қалды.

– Мен саған ренжідім. Сен маған мұздай су әкеп отырсың. Өзіңнің ұстазыңа мұздай су әкеп отырсың. Мен сені апарып бақшама жұмысқа салғам жоқ. Бар жоғы суға жұмсадым. Тек бір ұрттам суға. Онсыз да бүгін жайсызданып отырмын. Тымаурататын түрім бар. Ал сенің миыңа ол кіріп те шықпайды. Өзім әлсіз, ауырушаң адаммын. Немене мұрның пысылдайды ғой? Ауырып жүрген жоқсың ба? Менің иммунитетім төмен ғой. Өте төмен. Сен тымауыңды жұқтырмақсың? Маған жақындап апсың. Алыс тұр. Орныңа барып отыр деді. Есік жақты нұсқап. Сосын стақандағы суын, алдындағы гүлге селқос құя салды.

Дерттібек шегіншектеп отырып, өз орнына барды. Енді онымен ешкімнің шаруасы болмады. Тек бөтелкедегі суды, жұптаған екі алақанының арасына салып алып, баяу сипалап, жылытқан болып отыра берді. Хатшы қыздың үшкірейген мұрнымен өзіне әлсін-әлі сығалай қарап отырғанын сол жақ бетімен сезді. 

 Түскі асқа дейін ол әлде неше рет жұмсалды. Тұрағалды оны орталық кітапханаға, кітапты көшірмеден өткізуге жұмсады. Тиын берген жоқ (Тұрағалды оны коллективтің жұмысы деп қарайтын сияқты). Оған өзінің түскі асқа самса алып жеуге сақтаған, азғантай ақшасын беріп еді, жетпей қалды. Сосын әйелінің жолыңа деп, үнемдеп келген тиынын қосты. Буғлалтер директорға ыстық шөшіре алып келуге қолына ыдыс беріп, дәмханаға жұмсады. Директордың орынбасары «ұлтарағымды түнде жәйіп қойып ем, тас есімнен шығып салмай кетіппін»  деп жүз теңге беріп дүкенге жұмсады. Ал кітапханашы қыз бөлімшеден шкап алып келуге жұмсады. Есік қақпастан кіріп келді де, Тұрағалдыға бейне көршісінен майысқан қасық, сыры ұшқан тегеш немесе алжыған мысық сұрағандай ақ, 

Ағай, Дерттібекті маған беріп тұрыңызшы деді. Әдетте көршілер бір–бірінен,

Қайысқан қасығыңызды немесе сыры ұшқан тегешіңізді, он минутқа әлде жарты сағатқа беріп тұрыңызшы деп сұрайтын. Болмаса,

«Құдайы көршім-ау! Көрші ақысы тәңір ақысы деген ғой! Ертең құдалар келмекші еді. Қырсыққанда үйге тышқан қаптап кеткені. Айып етпесеңіз алжыған мысығыңызды тек бір түнге бере тұрасыз ба? Өлсе төлеймін» деуші еді. Ал ол қыз өйтпеді. Жәй ғана қасқайып тұрып, 

– Дерттібекті беріп тұрыңызшы деді. Ал Тұрағалды болса, ал бірақ өзімізге әкеп беруді ұмытпа деді мысқылдап. Оған барлығы тырқылдап тұрып күлді. Дерттібек осы жерде ғана, жалғыз ақ ауыз, 

Менде адаммын ғой деп мыңқ етті.

Ол хатшы қызға еріп кітапханаға кіргенде өзі сияқты әр бөлімнің кіші ғылыми қызметкерлері жиналып қалған екен. Солармен бірге баспадан келген әлде неше мыңдаған кітаптарды, тірсегі дірілдей жүріп, үстіңгі қабатқа тасыды. Осы жерде ол өзінің денсаулығының сыр бере бастағанын сезді. Жәшік толы зілдей кітапты көтеріп сатыдан өрлегенде бүйрегі шаққылап, белі қақсай бастады. Алғашқы кездер демалмайтын, кейін бір рет, сосын екі рет демалатын болған. Бұл жолы үш рет демалмасқа амалы қалмады. Сүйтіп жүріп кітапты бітірді. Өзі де әбден қалжырады.

Соңында оны қара құрым жастардың арасынан кадр бөлімінің меңгерушісі шақырып алды. Сөйтті де қасына жасы елуді еңсергенмен ешбір кітабы шықпаған, осы мекемеде отыз екі жыл қызмет атқарғанмен қорғау бақытына ие бола алмаған, ұшан теңіз білімі бола тұра, тырнақтың қиқымындай ғылыми атағы жоқ ешбір жиналыста жылтырап отырмаған, шетел тұр ғой, қақырық жетер Қапшағайға да іс сапарға жіберіліп көрмеген, соңғы он жыл бойы мекеменің титімдей сыйлық ақшасын қанжығалай алмай мысы әбден құрыған  Ұлтанқұл деген не жас ғалым, не кәрі ғалым екенін өзі де білмейтін біреуді  қосып беріп бөлімшеден шкап әкелуге жұмсай қойды.

–Ұшып барып алып келіңдерші деді бұйыра сөйлеп.

 Екі дос оның қандай шкап екенін сезді. Осыдан бір күн бұрын өздері тасыған жиһаздың ішінен қалайша екен, орын бола тұра машинаға сыймай қалған шкапты көтеруге бара жатқанын білді (Негізі шаруашылық бөлімінің меңгерушісі, өте қыңыр ит мінезіне басып бұл шкапты, машинада орын болса да, әдейілеп қалтырған болатын. Сондай-ақ неге қалтырғанын өзі де білмей дал боп жүрген. Бұл мекеме осындай есі ауысқан адамдарға толы болатын ).

Олар бөлімшеге келгенде, шаруашылық  бөлімінің меңгерушісі Дағарбек екеуін әдірең–әдірең етіп қарсы алды. Әдеттегідей, аузынан арақтың иісі мүңкіп тұрған. Қырсыққанда шкап бұлың-бұшпағы таусылып болмайтын, ирелеңдеген жер асты қоймасында еді. Қойма өте жиркенішті тұғын. Атам заманнан бері көк сасып тұратын. Жарық толық түспегендітен кірген адамдар сөзсіз бетонға маңдайын ұрып алатын, болмаса бетіне өрмекшінің торы жабыса кететін. Қойшы әйтеуір, бір кірген адам да, екі кірген адам да, тіпті үш кірген адамда, сөзсіз киімін ауыстыруға тура келетін. Кез-келген затты ұстап қалсаң болды, өкпеңмен шаң қауып қақалатынсың. Ауылдағы қайын атаңның арбасына бір доңғалақ керек болса, немесе нағашы апаңның көзілдірігінің бір әйнегі түсіп қалса, болмаса жездеңнің  бәтіңкесінің сыңары жоғалып қалса, оң жақ яки сол жақ сыңары болса да,  осы жерден табылатын. Керек қылғандар мынау шаруашылық бөлімінің меңгерушісімен, дәмханаға бармай-ақ, осы жер асты қоймасының кез-келген бұрышында екі ромка ішсе мәселесі шешілетін. Қалаған затыңды алып кете беретінсің. Меңгеруші деген аты болмаса, шаруашылық бөлімінде жалғыз өзі істейтін. Деседе кіші ғылыми қызметкерлерді, әуелі десең өзінен он жас үлкен Ұлтанқұлды оңды-солды жұмсауға өзін құқылымын деп есептейтін көк соққан есуастың өзі еді. Оның негізгі кінәсі заманынан сексен екі жыл кейін туылғандығы болатын (сексен екі жыл бұрын қаншалықты надан, қаншалықты топас болған сайын тасың өрге домалайтын шолақ белсенділердің заманы еді). Өйткені осыдан сексен екі жыл бұрын, сауаттың адамға ешқандай керегі жоқ тұғын.

Сөйтіп екі дос Дағарбектің зілді-зілді бұйрығының астында көздеріне құм құйылып, бір бұрышқа кептеліп қап, енді бір бұрышқа төбесін немесе дізесін соғып, кезек–кезек жығылып жүріп жарық дүниеге шықты.  

Осылайша екі дос шамамен бір шақырымнан асатын мекемеге табыттай ауыр шкапты көтеріп ілбіп бара жатты. Дерттібек өзінің алдында шкаптың бір басын көтеріп пыс–пыс етіп, бүкшеңдеп бара жатқан  Ұлтанқұлдың жіп–жіңішке боп, үзілейін деп тұрған желкесіне, жарғанаттың қанатындай ғана құлағына, қудай боп ағарған шашына көзі түсті. Қысы-жазы етегіне жел толып, қомпиып желпілдеп жүретін қара пылашын үстінен тастамайтын, қырынан қараған адамға қағаздай болып көрінетін, қатқан қайыстай қатпыш, қаңылтырдай жоқа, осы бір міскін адамға таң қалды. Әрдайым жел соқса ұшып кетердей боп теңселе адымдап, адымдаған сайын алға қарай серппедей созыла түсетін, кім–көрінгенге екі қолын алып ұшып, баладай қауғалақтайтын бейнесін есіне алды. Езуі ыржиып, сол ыржиған езудің арасынан, тілінің қызыл еті жылт етіп көрініп қап жүретін, соншама үнемдеп жаратылған бет пішіні, сол бет пішінде тек қана ұстауға келетіндей боп, үшкірейіп тұрған мұрын көз алдына келді. Құныса түсіп, ақ шаштары дір–дір етіп, бір жағына қарай қисайып алып, тарамыстай боп қатая түсіп, мұрттай ұша жаздап бара жатқан түрін көріп аяп кетті. Жиырма жылдан кейінгі өзін оның орнына қойып көріп еді зәресі қалмады. 

Олар тар көшенің шетіне тоқтап дем алды. Бір- біріне тіл қатпады. Тіл қатуға тіпті шамалары жоқ болатын. Анау сірескен екі қолының алақанын бір-біріне үйкеп қойып, көңілді көркін бұзбай әлі де, езуі ыржиып тұрған. Кенет екеуі де  «әкетіңдерші ей», деген дауысқа жалт қарады. Сөйтсе қастарына бір көлік кеп тоқтап тұр екен. Мұнымен қоймай жүргізуші терезеден басын шығарып, «одан да, мына жерге қойсаңдаршы» деді тура жолдың ортасын нұсқап. Ұлтанқұл шетке қарай алып тастамақшы болып, шкапқа қарай тұра жүгірді. Деріттібек машинаның онсызда өте алатынын, одан ары шкапты қоятын орын жоқ екенін байқап, ызасы келді. Сегіз жылдан бергі жеген таяқ, көрген қорлық жалғыз минутта көкірегіне шемен боп байлана қалды. Бірдеңе деу керектігін білді. Неден? Қалай бастарына миы жетпеді. Сосын жалғыз–ақ ауыз, түйеден түскендей етіп, 

– Доктор болғанда көресің деді?   

– Не деді анау аң-таң боп.

– Доктор болғанда көресің деп тұрмын ғой деді Дерттібек.

– Ақымақ деді анау тағы да.

Дерттібектің тіпті ызасы келді. Тағы бірдеңе деуім керек деп ойлады. Оның үстіне Ұлтанқұлдың алдында, недәуір беделі түсіп қалды. Сосын өмірімде жігіт боп менде ашуланып көрмеймін бе? Тіпті төбелесіп көрсем, таяқ жесем жеп қалайын деп шешті. Сөйтіп бір кезде орынбасар директордың жастарды кәбинетіне жиып ап, қолын шытыр-шытыр еткізіп, мойнын қисайтып–қисайтып қойып, «ей сүмелектер, егер төбелескілерің келсе, ашығын айтыңдар, сегіз жыл бойы боксқа бекер ақша шашқам жоқ. Мен сотыңнан қорықпаймын. Түрмеңнен тіпті де қорықпаймын, жынды деген куәлігім бар. Пәле іздеп жүрмін», – деп зәре құтыларын алғанын есіне алды.

 Сосын оған жақындап барды да, қолын шытыр-шытыр еткізіп, мойнын қисайтып–қисайтып қойып, «ей сүмелек, егер төбелескің келсе, ашығын айт, сегіз жыл бойы боксқа бекер ақша шашқам жоқ. Мен сотыңнан қорқпаймын. Түрмеңнен тіпті де қорықпаймын, жынды деген куәлігім бар. Пәле іздеп жүрмін»  деп тап берді. Анау алақ-жұлақ етті де, зәре құты қалмай, көлігін оталдыра сап (ол көлігінің отын өшіріп қойған еді. Өйткені ол да пәле іздеп жүрген болатын) тайып тұрды. Ұлтанқұл таңдай қақты. Дерттібек болса, сыртына ештеңе білдірмесе де, ішінен қатты күлкісі келді. Өзін өмірінде бір ұлы іс тындырғандай сезініп, бойы жеңілдеп қалды. Тіпті шкаптың ауыр жағына қарай жүгірді. Шкапты көтеріп келе жатып та, тырқылдап күліп қойды. Егер Ұлтанқұл өкпесі сырылдап, шиық-шиық етпегенде, Деріттібек ендігі демалмайтын да еді.

Екі дос шкапты сол көтергеннен, мол көтеріп, мекемеге бірақ келді. Қос айрықтарынан тер сорғалап, белдері майыса сатыдан өрлеп келе жатқан екі бейбақты, сыртынан көрсең бейне дән тасыған екі қызыл құмырсқаға ұқсатушы ең. Ал дәлізде жүрген аз санды қызметкерлер ол екеуінің жүдеу-жадау түрлерін көріп, соғыста быт-шыты шығып, жеңілген қолдан бастығының табытын көтеріп  тірі қайтқан көңілсіз екі солдатқа, ал көтерген шкаптарын табытқа ұқсатқандай мүсіркей әрі кекесін көзбен қарады. Шкапты дәлізге қойып, ентігін баса алмай, маңдайының терін сүртіп тұрып Дерттібек доктор бола алмағанына дәл бүгін өмірінде ең қатты қайғырып, сол қайғыдан жылағысы келді. Қарсы алдында өкпе тұсын ұстап күрк-күрк жөтеліп, жөтелген сайын бар денесімен еңкеңдеп, қып-қызыл болып қинала жанталасып жатқан Ұлтанқұлға дәрменсіз көздерімен мұңая қарады. Осы сәт жиналыс залынан Кейқуаттың дарылдаған тарғығыл дауысы, домбырасының қаңғырлаған үні, бір ауық естіліп тұрды да, артынша әр тұстан шіл үркіткендей шытырлап шыққан шапалақ дыбысы шықты. Демек жаңа жыл мерекесін қалай қарсы алу туралы жиналыс ашылып жатыр деп түйді олар.

   Екі дос жасқана-жасқана жиналыс залына кірді. Іштен жасы бар, жасамысы бар, мекеменің күллі ғалымдары екеуіне үдірейе қарады. Жиналысты орынбасар директор жүргізіп отыр екен. Директор көзге шалынбады. Олар төмен жақтан орын тауып құйрық қоя берген еді. 

– Дерттібек деді орынбасар. Дерттібек жасқана орнынан түрегелді. Сен алдағы жаңа жыл мерекесіне қатыспаймын депсің ғой, бұл рас па деді. Дерттібек үнсіз мелшіиіп тұрды.

– Бері кел деді орынбасар, алдындағы орынды нұсқап. Дерттібек жақындап барды. 

– Сен қоғамдық жұмысқа қатыспағандардың сыйақыдан қағылатынын білесің ғой деді. Дерттібекте үн жоқ. Терши бастаған мұрнын пыс еткізіп бір тартып қойып тұра берді. Дегенмен жүрегі дүрсілдей бастады. 

– Болды. Іс бітті. Сен Ұлтанқұл екеуің дуэт боп ән айтасың былтырғыдай деді орынбасар бұйырып.

– Елдер күледі деді дерттібек күбір етіп. Мен айтпаймын. Кейқуат айтсыншы деді, дауысы жалынышты шығып. Отырғандар әр тұстан гу–гу етіп Дерттібекті сөге бастады. 

Бұл сөгістер орынбасарға қанат бітірді білем қабағы түйіле түсіп, айбаттанып, бүкіл кіші ғылыми қызметкер атаулыға үрей дудырғысы кеп,

– Бүгінгі жиналысқа неге қатыспадың деді Дерттібекке сәулесіз жанарын қадап.

Дерттібек өзі күтпеген сұраққа не деп жауап берерін білмеді. Тек қана үмітті көзбен Тұрағалдыға қарап еді, ол ештеңе білмейтін адамдай момақан бола қалыпты. Дерттібек үмітке толы көзін одан әлі де аударғысы келмей бір ауық қарап тұрды. Кенет Тұрақалды екеуінің көзі түйісіп қалып еді, Тұрақалды не үшін қарайсың дегендей кейіп танытты да, Дерттібектің көзі тайқып кетіп, енді қайтып ол жаққа қарауға дәті шыдамады.

Орынбасар столды бар пәрменімен тарыс еткізіп бірді қойып, Дерттібекті селк еткізді.  

– Қоғамдық жұмыстан қашқандарға сыйақы берілмейді. Жақында тағы да, қысқарту болады. Сол қысқартуға қарсы қара тізімге енеді деп бар дауысымен айғайлады. Сосын төмен жақта отырған кіші ғылыми қызметкерлерге жағалай көз жүгіртіп еді. Олар ұялас балапандардай бір–біріне жабыса түсіп, енді-енді қорқа бастапты.  Ол тіпті желігіп кетті, Дерттібекке қарады да,

– Сыйақыдан қағылдың деді зілдей қып. Сөйтті де бухгалтерге бұрылып, 

Мынаның сыйақысының жартысын Кейқауытқа, жартысын алдағы мерекелік дастарқанға жұмсаңыз. Үлкен бір торт алыңыз деді. Қолымен дөңгелек шеңбер сызып,

Осы сәт Дерттібектің көзі жасаурап, ерні дір-дір етіп, бір сәт аспан төңкерілгендей боп, көз алды тұманданып, ештеңе көрінбей кетті. Тіпті үйіндегі кішкентай қызы мен әйелін ойлауға да шамасы келмеді. Орынбасардың ербеңдеген қолын, жыбырлаған аузын ауық-ауық көріп қалса да, шыңылдаған құлағы дым естімей, шуылдаған миы дым сезбеді.

Орынбасар бұл кезде тіпті де еліре түскен тұғын. Біраз бірдеңелер айтып та тастаған.  Кіші ғылыми қызметкерлердің көздері бақырайып, ауыздары аңқиып, денелері ұйи бастағанын, Дерттібектің көзі жасқа толып, кірпіктері дір–дір етіп тұрғанын көріп қап, ләззаттанғаны сонша, не айтып не қойғанын өзі де ұқпады.

Кенет алдындағы гүлдің қисайып қалғанын көзі шалды. Сөйтті де шала бүлінді.

 – Мына гүл неге қисаяды деді ол кәрлене. Сендер неге осыны реттеп қоймайсыңдар деді жастарға қарап. Бұл сендердің міндеттерің еді ғой деді тағы да. Өзін салмақты көрсеткісі келді. Жеті секунд демалып алды да, кейбір адамдарға түсініксізеу тілде мынаны айтты.

– Гүл, деп бір тоқтады. Сосын нығызданып тұрып ары қарай сөзін сабақтады. Гүл бар ғой ауадағы көміртегі қос тотығын сіміріп, оттегін бөліп шығарады. Яғни ауаны тазалайды. Бұл ғылымда фотосинтез деп аталады. Бұл біздің өкпе–бауырымызға, ағзамызға, жүрегімізге өте пайдалы. Әсіресе біз сияқты ғалымдардың миының сергек жүруіне, ойлау және есте сақтау қабілетіне айырықша әсерін тигізеді. Егер бұл жүйе бұзылса мынадай қасиетті қарашаңырақты, қасиетті ғылым ошағын кім көтеріп тұра алады. Отанымыз қалай гүлденіп–көркейеді. Екі мың отызыншы жылы жағдайымыз не болмақ деді. Осыны айтқанда өзін құдды «Артымызда Москва шегінерге жер жоқ» деп айғайлаған батырдай сезініп, мойнына шейін қып-қызыл болып кетті. Сөйтті де жағалай көз жүгіртті. Бұл кезде барлығы үнсіз тыңдап отырған. Залда тіпті шыбынның ызыңы да жоқ болатын. Бұл көрініс оған ұнады. Алдындағы судан бір ұрттап қойды да, ары қарай сөйлеп кетті.

– Гүлдің жапырақ алақаны болады. Сол жапырақ алақаны осы процесті атқарады. Егер сол жапырақ алақаны қисайса, не үзілсе не болады. Гүлде жан болады көкелерім-ау, оны мына секілді миғұлалар білмейді деді дағы, алдында тұрған тақта өшіргішпен, тура, Дерттібектің маңдайын көздеп тартып кеп жіберді. Өшіргіш ес-ақылы кіреселі-шығасылы болып тұрған Дерттібектің маңдайына емес, тура оң жақ көзіне оңбай тиді. Тигенде де тура оң жақ көзінің отын жарық еткізді. Ол байғұс кескен теректей, түп–түзу боп бұрқ етті де, талықсып кетті.

Дерттібек есін жиғанда жиналыс залындағы үлкен үстелдің үстінде шалқасынан жатыр екен. Ол бір ауық өзінің қайда жатқанын есіне түсіре алмады. Ақшамның қызыл шапағы залды қараңғылыққа көме бастапты. Көзі біртіндеп үйірлескендей болды. Қабырғадағы ұлы адамдардың портреті енді анық көрінді. Сүйтіп ол қайда жатқанын, осының алдында не болғанын біртіндеп есіне түсірді. Басын көтерді. Екі шекесі, қарақұсы, төбесі шыңылдап әкетіп барады. Қарсы алдында тұрған Ұлтанқұлды таныды. Күлімсіреп, тісінің қызыл еті жылт етіп көрініп қап ол сөз бастады.

– Жағдайың жақсы ма Дерттібек деді ол. Дерттібек су ішкісі келетінін айтты. Ұлтанқұл жиналыстағылар ішкен сусындардың ішінен қақпағы ашылмаған, бір бөтелке мөлдір су тауып қалбалақтап жүріп, қақпағын ашып стаканға құйып оның аузына төседі. Дерттібек оны сіміріп тастады. Сосын мелшиіп отырды да, өз–өзінен боқтана бастады. Сөзінің астары түсініксіз болса да, Ұлтанқұл оның кімді боқтап жатқанын іштей сезді. Біраз тыпырлап, боқтанып алған соң Дерттібек тағы да бір ауық үнсіз сазарып отырды. Сосын екі алақанымен бетін басып, еңкілдеп тұрып сүт пісірімдай жылады.   Ұлтанқұл оны тек қана таяқ жеп, қорланып жылады деп ойлады. Оның бүгінгі қызы мен әйеліне берген уәдесін орындай алмағанын, ғылыми атақ деген дертінің емі жоқ екенін, өмірінің күннен-күнге құрдымға кетіп бара жатқанын тағы осындай ойлауға дәті бармайтын келеңсіздіктерге бола жылағанын сезген жоқ. Тек қана жақындап кеп,

– Дерттібек жылама. Қой. Сен деген батырсың ғой! Батыр жылай ма екен деуге шамасы келді. Қолтығынан демеп тұрып, 

– Мен де сыйақы алмадым деді. Дерттібек еріксіз оған бұрылды. Тап осы сәт ол Ұлтанқұлдың көзінен тілмен айтып жеткізуге болмайтын, сұмдық бір мұңды, сұмдық бір қайғыны көрді. Асқан шеберлікпен үнемдеп жаратылған, қасыретке толы осы бір бет пішінге қарап тұруға дәті шыдамай көзі тайқып кетті. Бейне Тұрағалдының көзінен көзі тайқып кеткені сияқты. Бірақ дәл осы жерде қорқудан туған тайқу емес, елжіреуден туған тайқу болатын. Әрі оның сөз ләмінен өзінің де сыи ақы ала ламағанына күмәні қалмады.  

Олар сыртқа беттеді. Дәлізден қолдарында пакеттері бар, дүкеннен келе жатқан кіші ғылыми қызметкерлердің біраз легін көздері шалды. Олар бұл екеуіне ұры ит құсап көздерінің үстімен қарады. Сыйақыларын алып тойлатып жүрген жастар шоғыры екенін бұлар сезді. Әлдеқашан ақшам ауса да, сыйақы бұлардың біразын осында жіпсіз байлап қойған сияқты.

Тура хабарландыру тақтасының алдынан Тұрағалдының саңғырлаған дауысын құлақтары шалды. Тіпті жақындап қалды. Тұрағалды бұлардың келіп қалғанын сезген жоқ. 

– Өзім де білмеймін. Мен өзім аңғал, момын адаммын. Айналамда тіпті не болып жатқанын да кейде білмей қалам. Менің мақалам шығыпты. «Тоқтарәлі Таңжарық поэзиясындағы көбелектің қанатындағы түстердің симвылдық мәні» деген мақалам. Мұның көбелегі қызық өзі. Не шамды айналып ұшпайды. Не сүтке түспейді. Соған қарағанда жынды көбелек емес-ау деймін. Көбелекті көп зерттедім. Ол өзі сондай әсем құбылыс қой! Ал мұндай әсем құбылысқа тек ақынның көзімен қарау аздық етеді. Арасында мен сықылды ғалымның көзімен де қарап қою керек. От. Нағыз ғылым сонда жасалады. Негізі «айтыстың бірдеңесі» яки «Төлеген Меллатұлы поэзиясындағы іңірдің контекстегі қолданылу тәсілі» деген мақалам шығу керек еді. Білмей қала жаздадым. Әгәрәки құдайға қараған біреу тура осы тақтаға әкеп іліп қоймағанда... Сонда бірақ білдім, -  деп қасындағы егде кісіге тақтадағы өз мақаласы шыққан газетті саусағымен көрсетіп жатты. 

Кенет бұл екеуімен бетпе-бет ұшырасып қап,

–  Жағдайларың қалай? Дерттібек сыйлығыңды алдың ба деді. Бұлар сырт айналып өте берді (Сыйлық дегені қызметкерлердің ақшасынан жырымдап жиналған қор арқылы әр жылы жаңа жылға қарсы баласы барларға берілетін бір қорап кәмпит болатын). Сыртта қар басылған. Ай сүттей жарық екен. Ағаш біткен аппақ күміс қар көмкергендей, сұлу түске еніп мұңға шомады. Қала ақ көрпеге қымтанғандай, сондай әсем. 

Дерттібек алды-артына қарамай суыт адымдай бастады. Ұлтанқұл қара пылашының етегі желпілдеп оның білегінен шап берді де қолындағы бір қорап кәмпитін ұсынды.

– Мә, мынаны сен ал.

– Жоқ. Өзің ал.

– Менің балам есейіп кеткен, кәмпит жемейді. Сенің кішкентай қызың бар ғой! Соған апарып берші!

– Жоқ. Керегі жоқ... 

Дерттібек енді Ұлтанқұлдың қолын сілкіп тастап жүгіре жөнелді. Ұлтанқұл біраз жерге дейін қуалады да, ырс–ырс етіп отыра кетті. Тек қана, жүгіріп бара жатқан Дерттібектің соңынан, 

- Әй, ешқайда бұрылмай үйіңе қайт... Ақшаң бар ма өзіңнің... Дерттібек...,  деп айғайлауға шамасы әрең жетті.

Дерттібек оның көз алдында қара ноқатқа сосын бір нүктеге айналды да, тура өшіргішпен өшіргендей ғайып болды.


Ерболат Әбікенұлы

Қабылан ақпараттық порталы

®Қабылан - Ақпараттық порталы™ | Сілтеме | Дереккөз | Авторлық құқық™
Бөлісу тақырыбы: Қабылан - Ақпараттық порталы » Ерболат Әбікенұлы : Кіші ғылыми қызметкер
Тұрақты сілтеме: /A_adebiet/proza/2017-09-27/953.html