Өліп кете жаздап, қайта тірілген әйелдің әңгімесі

Өліп кете жаздап, қайта тірілген әйелдің әңгімесі

- Осы хатты жазатын мүмкіндігім болғаны үшін шексіз бақыттымын. Қатты қуануымның себебі, негізінде мен бүгін тірілер қатарында болмауым керек еді. Мен 2006 жылы 2 ақпан күні фәни дүниемен қоштасуым керек-тұғын. Сол күн менің бұл жалғандағы соңғы күнім болуы тиіс еді. Себебі, сол күні дәрігерлер күйеуіме, бүкіл отбасыма менің бірнеше сағаттық өмірім қалды деп хабарлаған болатын. Мен n-каскадты лимфома дертінен, анығында лимфа түйіндерінің обырынан өлуім керек болатын. Сол күнге дейін обырмен төрт жыл алыстым. Төрт жылдың ішінде сол дерт тәнімді тұтас кеміріп қойды. Тұтас лимфа жүйемнен жүріп өтті. Төрт жылдың ішінде тәніме лимон құралпы түйіндер қаптап кетті. Мойыным, қолым, кеудем, ішіме шықты. Мен комаға түсіп қалғаннан сәл бұрын өкпеме сұйықтық толып қала беретін болды. Содан тұншығатын едім. 

Бұлшықеттерім ағып түсті. Салмағын небәрі 38 килограмм болды. Қу сүйек болдым да қалдым. Тарамыстай тартылып, тірі жүргеніме таң қалатынмын. Метастазаның орнында ашық жаралар болды, ірің ағып, сыртқа шығып жатты. Тамақ қорыта алмай, үнемі есімнен танып қала беретінмін. 

Өздігімнен жүре алмайтынмын, сондықтан үнемі төсек тартып жаттым, сыртқа тек қоларбамен алып шығушы еді. Оттегі маскасын киіп тыныстайтынмын. Басқаша дем алу мүмкін болмай қалған-ды. 

2006 жылдың 2 ақпанында комаға түсіп қалдым. Дәрігерлер ақырғы сәттері депті. Ағзамның мүшелері жұмыс істеуін доғарған-ды. Отбасыма қоштасып қалыңдар деп пәрмен еткен. 

Мені қоршап тұрған жандарға мен төсекте көзі жұмулы адам болып жаттым. Бірақ өзім айналада не болып жатқанын бәрін көріп, біліп тұрмын. 

Күйеуімнің жанындағы күйзелісті сездім, жаны қиналса да қолымнан ұстап отыр. Дәрігерлердің бар қимылын сезініп тұрмын: түтіктерді кіргізіп, өкпемнен сұйықтықты шығарып жатқанын біліп жатырмын. 

Ұсақ-түйектің бәрін сезініп отырмын. Құдды бір перифериялық көру қабілетім 360 градусқа артып кеткендей. Менің тәнімнің айналасында боп жатқан барлық әбігерлікті сеземін. Бөлмедегілердің үрейін, тіпті бөлмеден тыс құбылыстың бәрін де көріп тұрмын. Мен менің тәнім ғана емес, одан да зор болып кеткендеймін. Ауруханада менің тәнім жатқанын білем. Өзімді өзім көрем. Бірақ мен анау төсекке таңулы емеспін. Бір мезетте барлық жерде бола алатындай ұлпа күйдемін. Санаммен қайда қарасамда – сонда тұрам. Үндістанда жүрген бауырымды сезіндім. Менің тәнім Гонконгта жатыр. Ол мені соңғы рет көріп, бақұлдасу үшін ұшаққа асығып мініп жатты. Мен онымен бірге ұшақта отырғандай сезіндім. Әкемді, ескі досымды көрдім. Олар бұрынырақта қайтыс болып еді. Бірақ сол сәтте олар менің жанымда жүрді. Менімен сөйлесті. 

Тағы бір сезінгенім – мынау шексіз кеңестікте мен санасы толық, жаны таза адам екенмін. Мен бәрін түсіне бастадым. Неге мен обырмен ауырғанымды түсіндім. Мен өзімді әлдеқайда қуатты сезіндім. Бәріміздің де қуатымыз әлдеқайда зор екен. Біз жай ғана тәннің ішіндегі адам емес екенбіз. Рухани зор тұлға екенбіз. 

Мен бәрімен тығыз байланыста екенімді сездім. Дәрігерлермен, медбикелермен, күйеуіммен, бауырыммен, анаммен. Құдды бәрімізге бір сана берілгендей. Олардың не сезінгенін сезіне алатындаймын. Олардың жанын жеген қайғыны түйсіндім. Менен бас тартып жатқан дәрігерлерді сезіндім. Бірақ солай бола тұра олардың көңіл күйіне араласпадым. Оларда менен бас тартуға қиналғанын түсіндім. Тәнімізден шықсақ болды, бәрімізге бір сана берілетіндей. Осындай күйде болдым. 

Әкем маған уақытың келмеді, қайт деп жатты. Тәніңе бар дегендей. Басында қайтқым келмеді. Менің қайтатын, қайтпайтын таңдауым бардай көрініп кетті. Мүлде қайтқым келмеді. Өліп бара жатқан ауру тәнге не үшін оралуым керек деп ойладым. Мен отбасыма масыл едім. Содан азап шектім. Мен қайтатындай себеп жоқ еді. Бірақ содан соң басқа ой келді. Қазір ашылған сырды толық түсінсем, онда неліктен обырмен ауырғанымды да түсінем, сонда тәніме оралсам, ол тез арада жазылып кететіндей көрінді. Осы ой түйсікке қонақтаған соң қайтып оралдым. Досым мен әкем маған: «Ақиқатты білдің, өзіңнің кім екеніңді көрдің, кері қайт, қорқынышсыз өмір сүр» деді. Сол сәтте комадан ояндым. Отбасым мені қайта көргендеріне қуанды. Дәрігерлер бұл жайтты түсіндіріп бере алмады. Таң қалысты. Дегенмен, бәрін мүлтіксіз бақылап отырды. Арты не боларын ешкім білмеді. Мен халім мүшкіл еді. Жазылып кететінімді, әлде қайтадан комаға түсіп қалатынымды болжай алмады. 

Бірақ мен жазылып кететінімді білдім. Туыстарыма: «Мен жазылып кетем, менің уақытым әлі келмеді» деп айттым. 5 күннен соң метастаза 70% азайды. 5 аптадан соң мені ауруханадан үйге шығарды. Мен обырдан құтылдым. Енді үлкен өмірге қайта оралуым керек еді. Менің өмірім күрт өзгерді. 

Менің өмірді, әлемді қабылдауым өзгерді. Тәнімді бағалауым басқа бола бастады. Ауруға деген көзқарасым өзгерді. Ана жақтан көргенімді бұл өмірмен сәйкестендіру қиын болды. Бұны түсіндіру үшін мен «қойма» деген метафораны қолданғым келіп тұр. 

Адамдар үлкен қараңғы қоймада өмір сүретін секілді. Даңғарадай дүкеннің ұшы-қиыры көрінбейтін қап-қараңғы қоймасында қап кеттім деп есептеңіз. Көзге түк көрінбейді. Қолыңызда кішкентай қолшам бар. Соны жағып, жолыңызды жарық етесіз. Бірақ айнала тастай қараңғы. Тек қолшамның жарығы түскен жер ғана көрінеді. Осы өлеуреген жарық түскен жерлерді ғана көре аласыз. Жарықты бір жағына бағыттасаңыз, басқа жағы тас қараңғыда қала береді. 

Бір сәтке қойманың жарығы тұтас жанды деңізші. Сонда ғана барып қойманың қандай ұлан-ғайыр үлкен екенін бағамдайсыз. Сіз ойлағаннан да алмағайып. Тіпті сіздің қиялыңыздағыдан да үлкен. Сан алуан заттары бар: сіздің қиялыңыз жететін-жетпейтіні бар, тым көп. Әр сөреде әр түрлі заттар жатыр. Әдемі, үлкен, бағалы, кішкентай, ешқашан көрмеген түстегі бұйымдар, өмірде жоқ түстерді көріп, таң қаласыз. Сөйтсеңіз, соның бәрі қол созым жерде ғана екен. Тек сіз байқамағансыз. Көре алмағансыз. Кейбірін қолшаммен жүріп байқағансыз. Бірақ көбін ешқашан көрмегенсіз. Себебі, қолшамның әлсіз жарығы жетпеген. 

Міне, қойманың жарығы қайтадан сөніп қалды. Тағы да қолшамды жағасыз. Сол өлеуреген отпен жүріп өтсеңіз де, енді бұл қойма байлыққа тұнып тұрғанын білесіз. 

Қойманың бар екенін, ондағы қазынаның бар екенінен ендігі жерде хабарыңыз бар. Себебі, сіздің көзіңіз көрді, көру тәжірибеңіз бар. Мен сондай күйде болдым. Біз сене алатыннан да көп ғаламат барын білем. Тек оның бәрі біздің қолшамның жарығынан тыс қалып жатыр. 

Осы жағдайды жақсылап түсіну үшін бір ойын ойналық. Айналаңызға қараңызда, қызыл түсті бұйымдарды есте сақтаңыз. Енді көзіңізді жұмасыз. Басыңызды тік ұстап, қандай көк түсті зат есіңізде қалғанын айтып беріңізші? Есіңізге ештеңе түсер емес, солай ма? 

Көзіңізді ашыңыз. Айналаға қараңыз. Байқасаңыз көк түсті заттардың толып тұрғанын көресіз. Бірақ жаңа сіз оларды байқамадыңыз. Неге? Сіз оларды іздемедіңіз, тек қызылды көрсем дедіңіз. 

Қолшамның жарығы – сіздің санаңыз. Санаңыздың жарығы түскен жердің бәрін түсінесіз. Соның бәрі сіздің өміріңізге айналады. Сіздің сезіміңізді селт еткізетін нәрсеге айналады. Қол созым жерде басқа да дүниелер болуы мүмкін. Бірақ сананың жарығы түспесе, сіз оның бірін де көрмейді екенсіз. Осыны бір ойлап қойыңызшы. Обырды зерттеуге қаншама миллиард ақша кететінін білесіз бе? Обырды зерттейтін кампаниялар қанша тұратынын білесіз бе? Егер осынша қаражат пен қауқарымызды адамның рухани, әлеуметтік жағдайын түзеуге жұмсасақ қайтер еді? Біздің әлем мүлде басқа болар еді ғой. Соғыс пен күреске кеткен ақшаны бейбітшілік орнатуға жұмсасақ, қайтер еді? Біздің әлем басқа болар еді. Біздің санамыздың жарығы алысқа жарқырар еді. 

Бастан кешкендерімді түйіндей келе өзім үшін мынадай бес қағиданы бекіттім. 

1. Адамға ең керегі – махаббат. 

«Адамдарды өзіңдей сүй» деп айта салу оңай. Бірақ менің обырмен ауырғанымның бірінші себебі, өзімді, өзімнің «Менімді» жақсы көре алмауымнан. Өзіңді жақсы көру өте маңызды. Егер адам өзін жақсы көрсе, ол өзін бағалай бастайды. Егер адам өзін бағаласа, бөгде жұртқа бізбен қалай қарым-қатынас жасау керектігін көрсетеміз. Адам өзін жақсы көрсе, ешкімді бақылауда ұстап, өзгені қорқытып өмір сүрмейді. Немесе, керісінше, өзгенің қорқытуымен, қадағалауымен өмір кешпейтін болады. 

Өзіңді жақсы көру өзгені жақсы көру сияқты маңызды шара. Өзіңізді көбірек жақсы көрген сайын өзгеге берер сезіміңіз көп бола түседі. 

2. Қорқынышсыз өмір сүру. 

Арамызда көп адам қорқыныш деген диетамен өсіп-өнді. Бізді қорқытып, үркітіп өсірді. Бәрінен қорқатынмын: жаман тамақтан, обырдан, өзгеге ұнамай қалудан. Сәтсіздіктен қорқушы едім. Көбіміз осындай қорқынышпен өстік. Адамдар қорқыныш қауіптен, қателіктен сақтайды деп ойлайды. Бірақ іс жүзінде керісінше. Бізді сақтайтын махаббат. Адам өзін жақсы көрсе, өзгені де жақсы көруі оңай. Жақсы көрген адам өзін қауіпсіз сезінеді. Етене жақындары жаман жолға түседі деп үрейлене бермейді. Махаббат адамды қорқыныштан артық сақтайды. 

3. Күлкі, әзіл, қуаныш.

Бұның бәрі не екенін бала күнімізден білеміз. Бала күнімізден күлудің маңызды екенін түсінеміз. Себебі, баланың бәрі күлгенді жақсы көреді. Туа салысымен махаббат пен көзсіздіктің не екенін білеміз. Бірақ өскен кезде бұның бәрі әншейін шарттылыққа айналып кетеді. Бала күнгідей риясыз күлкі сирек. Күлкі өте маңызды. Өмірден қуаныш таба білу де өнер. Біле білсеңіз, кез келген басқа дүниеден күлкі пайдалырақ. Оның күші зор. Өміріміз қызық думанға толы болса, саясаткерлеріміз күліп үйренсе, біздің әлем басқалай болар еді. Адам көп күлсе, науқас жандар азаяр еді. Аурухана мен түрменің саны кемитін еді.

4. Өмір деген – сый! 

Кей адамдар үшін өмір деген ертеден кешке дейін шаршататын жұмыс сияқты. Өкінішке орай, тек бағалы дүниеден айырылғанда ғана ненің шынымен бағалы болғанын түсінеміз. Өз басым, өмірден кетіп қала жаздап, әрең тоқтадым. Өмірдің қаншалықты бағалы, құнды екенін сезіндім. Басқа адамдар да менің қателігімді қайталамасын деймін. Сол үшін осы хатты жаздым. Өмірдің маңызын тым кеш болған кезде түсінбесе екен. Сіздің өмір – Тәңірінің сыйы. Берілген сынақтың бәрі – сый. Обырмен ауыру – мен үшін үлкен сынақ еді. Қазір артыма қарап ойлансам, мен үшін ең үлкен сый сол дерт болыпты. Адамдардың ойынша, мен де солай ойлайтынмын, обыр мені өлтіріп жатқандай көрінетін. Бірақ шын мәнінде мен өзімді ауырмай тұрып өлтіріп жатыппын. Обыр мені аман сақтап қалды. Өмірдегі сынақтың бәрі – сый. Ең соңында ғана түсінетін ақиқат. Қиындық көрсеңіз – бұл тағдырдың сыйы деп біліңіз. Яғни, сіз әлі ақырына дейін жетпегеніңіз. 

5. Өзіңмен өзің болып өмір сүру. 

Мүмкіндігінше, өз болмысыңызбен өмір сүріңіз. Неғұрлым жарық болыңыз. Бар ерекшелігіңізді көрсетіңіз! Сіз кімсіз? Кім екеніңізді таныңыз. Жақсы болсаңыз да, жаман болсаңыз да өзіңізді жақсы көріңіз. Қалай болғанда да өз болмысыңызбен әлемге қымбатсыз.


Anita Moorjan

Аударған Шынар Әбілдә

Қабылан ақпараттық порталы

®Қабылан - Ақпараттық порталы™ | Сілтеме | Дереккөз | Авторлық құқық™
Бөлісу тақырыбы: Қабылан - Ақпараттық порталы » Өліп кете жаздап, қайта тірілген әйелдің әңгімесі
Тұрақты сілтеме: /A_adebiet/proza/2017-09-25/947.html