​Сіз Шерлок Холмсты немесе Артур Конан Дойлды білесіз бе?

Сіз Шерлок Холмсты немесе Артур Конан Дойлды білесіз бе?

Әлем әдебиетіндегі детектив жанрында дүниеге дүркіреп келіп,әлі де дәуірлей беретін осы бір ғаламат із кесушінің оқиғаларын ата-анасының қалауымен қызметін дәрігерліктен бастаған жазушы жазды дегенге сенер ме едіңіз? Медицина саласында білім алып жүрген жазушы ең алғаш 1879 жылы "Американдықтың әңгімесі" атты шағын шығармасын "London Society" атты журналда жариялап қаламақы алады.Осылай да ақша табуға болатынын ескерген жазушы әдебиетпен де айналыса бастайды.1881 жылы Эдинбург университетін бітірген жас хирург жұмыс іздестіре бастайды.Дәл осы жылы "Mayubai" портында дәрігерлік қызмет атқарып,1882 жылы Анлияға қайтып келіп өзінің дәрігерлік қызметіндегі тәжірбиесін бастайды.Оның қабылдауына адам көп келмеген соң бос уақытының барлығын әдебиетке арнайды.Міне,дәл осы сәттен бастап ол өзінің "ұлы күресін" бастайды."Корнхилл" журналына оның көптеген шығармалары басылып шыққанымен,бірде-бірі танымалдыққа ие болмайды.1884 жылы жазған "Гердлстонның сауда үйі" кітабы да баспаларды қызықтыра қоймайды.Сәтсіздіктерден шаршамаған жазушы 1886 жылы роман жаза бастайды. "Корнхилл" журналынан бастап көптеген баспалар бұл романды да шығарудан бас тартады.Тек келесі жылы оқырмандарды Шерлокпен алғаш таныстырған "Қызыл түсті этюд" ("Этюд в богровых тонах")романы "Битонның рождестволық жылнамасы"( "Beeton's Christmas Annual")журналында жарық көреді.Журнал редакторы 25 фунт қаламақы төлейтінін және авторлық құқықты журналдың алатынын айтады.Романды оқырманға таныстыруды ойлаған автор бұл шартқа келіседі.Осылай Лондон көшелерін кезген қараңғылыкта бұл жазушыны бір сәтте бақуатты еткен, бір сәтте сұранысқа ие қылған,бірақ өмір бойы атағын шығармаған Шерлок дүниеге келді. Бала күнінде анасы әр түрлі тарихи оқиғаларды оқып беріп жүргендіктен тарихи роман жазуға қызыққан жазушы бірден "Михей Кларк" және "Ақ жасақ" атты романдарын жазуға кірісіп кетеді.Осы кезде ол күтпеген жерден "Липинктон журналының" бас редакторы мен Оскар Уайлдтан шақырту алады.Олар жазушыны Шерлок Холмс жайлы шығармаларды жалғастыруға көндіреді.Осылайша 1890 жылы "Липинктон журналының" ағылшындық және американдық шығарылымдарында "Төртеудің белгісі" жарық көреді.

1891 жылы дәрігерлік тәжірбиесінен пайда болмағаннан кейін ол түбегейлі жазушылыққа бет бұрады. .Дәл осы жылы оның ең табысты басылым "Стрэнд" журналында Шерлок Холмс жайлы шығармалары басылып шығады.Жыл соңына дейін үлкен танымалдылыққа ие болған Шерлок Холмс жайлы әңгімелер жалғасын талап етіп отырады.Журналды да әйгілі әрі табысты еткен шығарманың жалғасы үшін "Стрэнд" журналы жазушының барлық талаптарына көнуге дайын екенін айтады.Шерлок Холмстың оқиғаларының 4 парағы үшін ағылшын баспасы жазушыға 100фунт стерлинг төлеуге әзір болды.Ал ол кезде ағылшын шенеуніктері жылына 500фунт ақша алатын.Әрдайым жаңа шытырмандық оқиғаларды,кейіпкерлерді ойлап табу жазушыға оңай соқпаған соң ол журнал бас тартар деген оймен 1000 фунтқа дейін қаламақы сұрайды. Журнал оған да келіседі. Өзінің ақ қағазда өмір сүретін,өзінен әлдеқайда танымал прототипімен күрестен шаршаған жазушы 1893 жылы демалыс алып Швейцарияға кетіп қалады.Сол жақтан үлкен Райхенбах сарқырамасын көріп,ақыры Шерлокты содан "лақтырып" жіберді.Бірақ бұл жолы тағы да атақты із кесуші емес,сарқырамадан жазушы құлағандай болды.Шерлоксыз ол қоғамға мүлдем керек болмай қалды.Нәтижесінде "Стрэнд" журналының жиырма мың жазылушысы журналдан бас тартты.Ал оның 1889 жылы жарық көрген "Михей Кларк" атты ,1890 жылы үздік деп танылған "Ақ жасақ " атты тарихи романдарын ешкім есіне де алмады.1893 жылдан бастап түрлі саяхаттар мен әйелінің сырқаты,жаңа шығармалар оның жағдайын төмендетіп жібереді.Ал табыс әкелетін жалғыз жол тағы да -Шерлок Холмс.Осы оймен ол 1897 жылы атақты "із кесушіні" тірілтіп алады.1893-1897 жылдар аралығында да жазушы тынбай жазады.1895 жылы "бригадир Жерар" туралы әңгімелер желісін жазады.1896 жылы"Родни Стоун" және Мысырда жүріп бастаған "Бернак ағай" романдарын жазып бітіреді.Алайда оқырмандарды бұл романдар қызықтыра қоймайды.

Із кесушімен күрестен жалықпаған жазушы енді өзін мистика бағытында сынамақшы болды."Горсорф Грейнч қамалының құпиясындағы" жазушының өзі ғана түсінетін сөздері,басқалар түсіне бермейтін әлемі оны бәрінен алыстатты.Достары мен жақындары оны жынданған деп тапты.Бәрі одан теріс айналған сәтте тағы да және соңғы рет ақ қағаздағы сенімді досы Шерлок Холмс келді.1927 жылы "Шерлок Холмстың мұрағаты" жазылып,жарық көрді.40 жылдың ішінде жазылған 56 әңгіме мен 4 повестке арқау болған Шерлок Холмс жазушының ойынша ең әлсіз шығармалары болатын.Тіпті оған хат жазатын оқырмандардың да Шерлок жайлы сұрауы жазушының шамына тиетін. Ғасырдан астам уақытта ағылшындар ғана емес,бүкіл әлем іздеп жүріп оқитын,кітап оқуға ерінетіндер фильмін сан қайталап көретін Шерлок Холмстың тіпті мұражайы бар Лондонда.Ал Шерлокты көзінің майын тамыза отырып дүниеге алып келген,(бірақ өзінің атында мұражайы жоқ)1930 жылы жүрек талмасынан қайтыс болған жазушының құлыптасында:"мені әңгімелері сәл қызықтырған жан ретінде де еске алсаңыздар болады"-деген жазу тұр...

Лондон көшелерін кезген қараңғылыкта бұл жазушыны бір сәтте сұранысқа ие еткен,бір сәтте бақуатты еткен,бірақ өмір бойы атағын шығармаған Шерлок жүр.


Алимжан Шонгербай

Қабылан ақпараттық порталы

®Қабылан - Ақпараттық порталы™ | Сілтеме | Дереккөз | Авторлық құқық™
Бөлісу тақырыбы: Қабылан - Ақпараттық порталы » ​Сіз Шерлок Холмсты немесе Артур Конан Дойлды білесіз бе?
Тұрақты сілтеме: /A_adebiet/proza/2017-07-15/834.html