ЛУ ШҮН : КУҢ ИЦЗИ

ЛУ ШҮН

КУҢ   ИЦЗИ (1)

Әңгіме

                                                     

Лучжын қалашығындағы шарапханалар басқа  жерлердегіден өзгеше еді:  қабақхана алдындағы үлкен имек кебеже көшеге көрініп тұратын, кебеженің  ішкі жағында қашан келсеңіз де  ыстық су  дайын тұрады, оған қай кезде де арақты  жылытып алуға болады.  Түсте  және кешқұрым жұмыстан қайтқан адамдар  төрт жармаққа  бір кесе  алатын да     (бұл жиырма жылдың алдындағы баға,  қазір  бір кесе арақ он жармақ тұрады) имек кебежеге  сүйеніп тұрып жылыдай тартып кеп жiберетiн. Бір жармақ  артық жұмсаса  тiскебасарға  бір тақсы  тұздап пісірген  бамбук  балдырын немесе әніс қосқан  бұршақ алуға,  ал он неше  жармаққа тіптен  еті бар тамақ бұйыртуға да болатын.  Бірақ, бешбент  киген аламандарда   көбінде ондай ақша  бола бермейдi.   Шекпен(2) киген  алармандар ғана  дүкеннің  ішіндегі    бөлмеге  кіріп, арақ пен  тамақты бұйыртып қойып,  аспай-саспай  жайланып отырып ішіп-жейтін. 

Мен он екі  жасымда қалашықтың кiреберiсiндегi  «Игілік»  деп аталатын  қабақханаға  жұмысқа тұрдым.  Қожайын маған:

- Өзің бiр  ноқайлау неме  екенсiң, оның үстiне шекпендiлерге де аса ұнамайтын көрiнесiң, сондықтан сенің ішкі  бөлмеден гөрі,кебеже түбінде  жұмыс істегенің  жөн болар, - деді.  Бешбенттi  адамдармен  жұмыс жасау жеңiлдеу болғанымен, олардың iшiнде мылжыңдап, кісіні   мезі қылатындары да  жетерлiк  еді. Олар сатушылар алдап кете ме дегендей,  сары  арақтың  қалайы  шәйнекке қалай құйылатындығын  өз көздерімен   көруге  құмар, iшінде су  жоқ па  екен деп олар әуелi шәйнектiң түбіне қарайды, сосын  шәйнекті ыстық суға салғанша аңдып тұрады, содан кейiн ғана көңілдері жай табады. Әрине, жұрт осылай  көз жазбай аңдып тұрғанда араққа  су қосып жiберу  өте қиын болатын. Содан бірнеше  күннен кейін қожайыным менің бұл істі де “қатыра” алмағанымды ескерттi. Бір  тәуірi  қожайынға мені  таныстырушы(3)  өте беделді  кiсi болды да,  ол  менi жұмыстан шығарып жібере алмай, арақ-шарап жылытатын  мағнасыздау  жұмысқа  ауыстырып қойды.

Мен содан бері ұзынды  күн  кебеже  түбінде тұрып, өз міндетімді  өтеумен ғана болдым.  Қожайыным  бiр  түксиіп қалған адам едi,  алармандардың да  жадырап жүретіндері жоқ болатын.  Сондықтан көңілім  бір көтерілмейтін. Тек  қабақханаға  Куң Ицзикелгенде  ғана  көңілім әнтек жадырап қалатын, сондықтан мен оны күні бүгінге дейін  ұмыта алмай жүрмiн. 

Шекпендiлердiң(2) ішіндегi   арақты кебежеге сүйенiп тұрып ішетін адам  осы Куң Ицзиғана болатын. Ол  ұзын бойлы, өңі құп-қу, әжімдерінің  ара-арасында  тыртықтары бар, бурыл сақалы ұйпа-тұйпа болып жүретiн  кісі еді.  Кигені шекпен  болғанымен, онысына ондаған жылдар бойы не  су, не ине тимегенi  көрiнiп тұрар  еді.  Куң Ицзиылғи да ескі кітаптардағы  түсініксіз сөздердi араластырып сөйлейтін,  сондықтан жұрт оның әңгiмесiн шала-шарпы  түсінетін. Оның  фамилиясы Кұң болғандықтан әлдекiм оған мектептегi кезiнде, көркем жазу дәптерiндегi «ежелгі  Кұң хазірет»  деген  мағынасы түсiнiксiздеу  екі жазуды алып Куң Ицзи деген лақап ат қойған екен.  Куң Ицзи біздің  дүкеннің  алдына келе бергенде-ақ, арақ  ішіп отырғандар мәз болып қалатын.Сосын  біреулер:

-Куң Ицзи, бетіңе тағы да жаңа тыртық қосылған ба? – дейтін, ол оған Жауап берместен, кебеженiң қасына келіп:

-  Екі кесе жылы арақ, бір тақсы  бұршақ беріңіз! – деп дереу қалтасынан тоғыз жармақ шығатын.

Отырған  жұрт оны әдейі,  дауыстарын көтере  келемеждеп:

- Сен тағы да біреудің  бірдемесін ұрлағансың-ау шамасы! – деп қоятын.

Бұл сөзге Куң Ицзикөзін алайтып:

- Сен кiнәсiз адамға өйтiп албаты  пәле жаппа... – деп қоятын. 

-  Немене, кiнәсiзбiн дейсiң бе? Алдыңғы  күні Хы-ның  үйінен кітап ұрлағаның үшiн сенi  аспаққа  асып қойып  сабап жатқанын өз көзіммен көрдім ғой. 

Бұндай сөздерге  кәдiмгiдей  қызарақтап, шеке тамырлары адырайып кететiн Куң Ицзи:

- Кітап ұрлау ұрлыққа жатпайды!... Кітап ұрлау...ол зиялы адамдардың ісі ғой, оны  ұрлық деуге бола ма екен? – деп өзін ақтап жатар едi.

Сәлден соң ол «жүйрік атқа жал бітпес, жақсы адамға мал бітпес»(4)   , «уағыз айтқан жөн» деген сияқты  түсініксіз бiрдеңелердi айтып, жұртты ду күлдіріп, шарапхананы шаттыққа бөлейтін.

Жұрт ол жоқта: “Куң Ицзи бір кездерде әжептәуiр оқу оқыпты,  бірақ жоғарылап оқи алмаған(5), не өзге  ауқат  қылу  қолынан келмеген. Сондықтан оның  халі барған сайын нашарлап, мүлде қайыршылық  күйге  түсіпті. Бағына  жарай жазуы өте әдемі болғасын, елдің  кітаптарын көшіріп беріп, кеңiрдегiн асыраған көрiнедi. Бір жаманы ішімдікке құмар, жұмысқа қырсыз дейдi. Ол біраз  күн  жұмыс істеген үйдің кітап, қағаз-қалам, сия-сауыттары ұшты-күйлi жоқ  болып кетеді екен; сөйте берген соң  бара-бара  оған ешкiм кітап та көшіртпейтiн болыпты. Өзге  амалы қаллмаған  ол  ара-тұра ұрлық істеп қояды,” - десетін-ді. Бірақ ол біздің  дүкенге келетін қонақтардың бәрінен әдепті едi, ешқашан қарызды мойнына iлiп алып сүйреп жүре бермейтiн; ақшасы болмай қалғанда, оның  аты-жөні қарыздар тақтасында  жазыла тұратын да, тәртiп бойынша  ай аралатпай өзі борышын  төлейтін, бiз оның атын  тақтадан өшіріп тастайтынбыз.

Куң Ицзи жарты кесе арақтан кейін, қызара  бөртіп, өзiнiң әуелгi өңіне келетін.

- Куң Ицзи, сені оқымысты дейді ғой, сол шын ба? – деп сұрайтын отырғандар.

Ол бұл сұраққа Жауап бергеннiң орнына, аса бiр менмен бейнемен маңайына қарап қоятын. 

- Қалайша сен алғашқы ғылыми дәреженің пұшпағына іліне алмай жүрсiң? – дегенде, Куң Ицзи  қипалақтап, өңі бозарып-қуарып тағы да  ескi әдеби тiлмен түсініксіз бiрдеңелердi сөйлей бастайтын. Сонда жұрт тағы да  қыран-топан күлкіге көмiлiп, шарапханамыздың  іші-сырты думанға бөгiп қалатын.

Осы кезде ел қатары  мен де  күлетінмін, оған бола қожайыным менi жазғыра қоймайтын. Есесiне Куң Ицзиді  көргенде, жұртқа  ермек болсын деп қожайынның  өзі де оған әлгіндей  сұрақтар қоятын. Мұндағылармен әңгiмесiнiң жараспайтынын Куң Ицзи  жақсы білетін, сондықтан ол кейде балалармен әңгімелесетiн,бір жолы ол менен:

- Оқыған ба едің? – деп сұрады.

  Мен   басымды  изедім.

- Оқыған болсаң,  мен сенен емтихан  алайын. «Әніс қосқан бұршақ» дегендегі «әніс»(6) деген сөз қалай жазылады?

«Жанын баға алмай жүріп, тағы менен емтихан  алмақшы өзі» деп ойладым да,  сырт айналып қарамай қойдым. Бiраз  күткеннен кейін барып Куң Ицзиаса бiр жылы  бейнемен:

- Мүмкiн, қалай жазылатынын білмейтін шығарсың?... Онда мен саған үйретіп қояйын.  Мынау жазуларды жаттап ал, кей-i-н дүкен қожайыны  болғаныңда есеп жүргізуге қажет болады, -  деді.

«Мен дүкен қожайыны болғанша қай заман» деген ой келді маған.

Оның үстіне қожайынның  өзі де, әніс-бұршақтың есебін ешқашан есеп дәптеріне  жазып жатпайтын-ды.  Сондықтан  оның бұл сөзiне күлерімді де, ашуланарымды да білмей селқос қана:

-Саған кiм  үйрет дедi?  «Шөп» деген иероглифтiң астына  «қайту»  деген иероглифтi жазады,- деп дөрекiлеу  жауап бердім. 

Куң Ицзимәз боп қалды.  Ол екі  саусағының ұзын тырнақтарымен дүкен кебежесiн тықылдатып тұрып:

-Дұрыс, дұрыс.... ал «қайту»  деген иероглифтiң төрт  түрлі 

жазылатынын білесің бе? – деді. 

Бұдан арыға менің шыдамым жетпеді,  ернімді  бұртиттым да

оның қасынан кетiп қалдым. Куң Ицзитырнағын  араққа матырып-матырып алып, кебежеге әлгі жазуды  жазбақшы болып еді, менің  өзiне  назар аудармай  тұрғанымды көрді  де, ерекше бір кейістiкпен қатты күрсінді. 

Көрші үйдің  балалары  талай мәрте біздің мәре-сәре болып күліп жатқанымызды естіп  шарапханаға келіп, Куң Ицзиді орталарына алатын. Сонда ол балаларға  әніс-бұршақтан бір-бір талдан үлестіріп беретін.  Ал  балалар болса бұршақтарын қылғи салып оның  тақсысына  қайтадан телміретін. Осы кезде Куң Ицзиасып-сасып тақсысын   қолымен жаба, еңкейіп  тұрып:

- Аз-ақ қалды,  өзіме де  қалмады.. – дер едi. Сосын еңсесін қайта тіктеп бұршаққа қарап қойып, басын  шайқап-шайқап « түк те көп  емес!... көп пе?... жоқ, жоқ,  аз қалды» дейтін ескi қытай тiлiн араластырып. Онысына  балалар мәз-мәйрам болатын да тарасатын.

Куң Ицзижұртты міне осылай шаттандырар еді. Ал ол жоқ болса   өмiр беймарал өтiп жататын.

Бір күні,  күз мерекесiне екі-үш  күн қалғанда, қожайын жайланып отырып   елдiң қарыздарын есептей бастады.Ол несиеге iшкендердің  аттары жазылған тақтайды алып  жатып:

-  Куң Ицзикөптен келмей кеттi ғой, оның  мойнында он тоғыз жармақ бар екен! – деді ол  бiрден. 

Шынында да көптен бері  Куң Ицзидiң келмей кеткенi  менің есіме сонда түсті. 

Арақ ішіп отырғандардың бірі:

- Ол қайдан келе алсын,... оның аяғы сынып қалған... – деді. 

- Қой! - деді қожайын жұлып алғандай. 

- Өзі ұрлыққа тым үйiр  еді ғой сорлы, қолға  түсіп қалыпты.  Бұл жолы ол қара басқанда Диң Жүйжэньның*   үйіне түсіпті,  Диң Жүйжэньның үйінен  бір нәрсе ұрлау мүмкiн бе едi?!

- Содан не бопты?

- Не болушы едi, ең әуелi  «мойындау хатын»(7) жазғызып алыпты, сосын түн ортасына дейін текпiлеп, аяғын сындырыпты.

- Сосын?

- Сосын… аяғын...  сындырыпты, сол.

- Аяғын сындырғаннан кейiн не бопты?

-Не болғанын  кім білсін? ... мүмкiн, өліп  қалған шығар. 

Қожайын   сұрағын  доғарды да, әрi қарай өзiнiң есебіне кiрiсiп кеттi. 

Күз мейрамы өтісiмен, күннен-күнге күшейе түскен күздің қара суығы қыстың иек астына келіп қалғанынан хабар бергендей, мен күні бойы ошақ төңіректеп, отқа қақтанып жүрем, соның өзінде үстімнен мақталы шапаным бiр түспейді. Сондай  күндердiң бiрiнде,  түстен кейін тұтасымен жарты күн шарапханаға бiрде-бiр жан бас сұқпағасын, көзімді жұмып, жәй отырғам, бір кезде:

- Маған бір кесе арақ жылытып берші! – деген  тосын үн естілді. 

Бұл үн жер түбiнен шыққандай әзер естiлгенiмен, соншалықты таныс 

дауыс еді. Айналама қарадым,  тірі жан жоқ.  Орнымнан тұрып кебеженің ар жағына қарасам, баяғы Куң Ицзи, есік жаққа қарап, кебеженің  түбінде, жерде отыр екен. Сұрдан сұр жоқ, қап-қара  қайыс болып қатып

 __________________

* Жүйжэнь – Ескi қытай қоғамындағы   соңынан  санағандағы екінші дәрежелі ғылыми атақ – ауд.

қалған.үстінде  өрiм-өрiм күртеше. Құйрығында қамыс  дорба, оны кендір жіппен шандып иығына iлiп қойыпты, малдасын құрып отыр екен. Ол менi көргесiн:

- Бір кесе арақ  жылтып бершi, - деді   тағы. 

-Куң Ицзимiсiң?! – деді қожайын мойнын созып,- сенiң мойыныңда  әлі он тоғыз жармақ  бар .

Куң Ицзи қожайынға  шалқая қарап:

- Оны…келесі жолы берейiншi. Қазіргінi қолма-қол төлеймін, қатты ішкім келіп  тұр, - деді бейшара пiшiнмен.

Қожайын баяғысындай   күле сөйлеп:

- Куң Ицзи, сен тағы да бірдеңе жымқырғансың-ау,ә? – деді.

Бірақ бұл жолы Куң Ицзионша сөз таластырған жоқ,жәй ғана: 

- Мазақ қылмаңдаршы! – деді де қойды. 

- Мазақтама  дейдi? Ұрлық істемесең аяғың қалай мертiгiп жүр?

Бұл сұраққа Куң Ицзи:

- Құлап қалып...мертiктiм...нетiп... жығылып… – деді мiңгiрлеп. 

Ол  ендігары бұл тақырыпта сөйлеспейiкшi дегендей өте бiр 

жалынышты көзбен қарады. Бұл кезде шарапханаға бiраз адам жиналып қалған-тұғын,олар да қожайынмен қосыла күлді. Мен арақты жылытып алып шықтым да, есiктiң түбiне қойдым. Куң Ицзи әлгi өрiм-өрiм күртешесiнiү жанқалтасынан төрт жармақ алып менің қолыма салды.Сонда көрдiм қолы малмандай балшық. Тегі екi қолымен жер басып келген-ау шамасы. Ол жылдамдатып арағын іше салды да, қарқылдап күлген  жұрттың  көз алдында,  қолын таянып алып құйрығымен сырғып кетiп бара жатты.  

Осыдан соң  мен оны көрген емеспiн, жыл соңында қожайыным несиешілердің тізімі  жазылған тақтаны қолына алып:

- Куң Ицзидің  мойнындағы  он тоғыз жармақ әлi тұр, - дегені есімде.  

Содан кейiнгi  жылдың  көк  шыбық шағанында  қожайын тағы да:

-  Куң Ицзидің  мойнында әлі он тоғыз жармақ бар, - деп қайталады. Бірақ, жыл айналып күз мерекесi  қайта келгенде қожайын үндеген жоқ. Сол жылдың соңына дейiн Куң Ицзи де көрінбедi. 

Мен оны  әлi көрген жоқпын,  мүмкiн, Куң Ицзи шынынен де өлiп қалған шығар.


Наурыз 1919 жыл. 


(1) Бұл шығарма тұңғыш рет 1919 жылы сәуірде «Жаңа жастар» жорналының 6-том 4-санында жарияланды. Кейін жазушы «Айғайға» енгізді. 

(2) «Шекпен киген»  (穿长衫的) деп жазушы қалталы, бардам адамдарды меңзеп отыр.  长衫 дегені кәдімгі 长袍 (шекпен). Ескі қытайда кеңінен тараған сырт киім. Оны көбінде байлар мен зиялылар киетін.

(3) «таныстырушы» (荐头) – ескі қытайда жұмыс берушіге жалшыларды таныстырумен арнайы айналысатын адам. Әңгімеде жазушы  жалпы таныстырушыны меңзеп отыр.

(4) «жүйрік атқа жал бітпес, жақсы адамға мал бітпес». Бұл Кұң-Фуцзы ақылиясынан («论语. 卫灵公») алынған нақыл.  Әуелгі мағнасы  («君子固穷») «жақсы мен жайсаң тегіннен кедей болады» дегенді біз шамалы қазақ ұғымына жақындатып аудардық.

(5) «Жоғарылап оқи алмау» (进学) – Миң, Чиң (明,清) патшалықтары тұсындағы «ке-жүй» («科举») жүйесі бойынша, емтиханға қатысып, ең төменгі ғылыми дәрежені иеленсе, дарын иесі ретінде жоғарылап оқу орайына ие болады. Бұндай оқудан кейін, бітірушіге әр түрлі деңгейдегі қызмет берілетін болған. Шығармада жұрт «әжептәуір сауатты Куң Ицзидің» осы оқуға бара алмағанын күстаналағандай сезілгенімен, түптеп келгенде жазушы ол жүйенің таза, әділетті еместігін меңзеп отыр.

(6) «Әніс қосылған бұршақ» (茴香豆) – дегендегі «әніс» (茴) шөп тұқымдас көп жылғы өсімдік. Жапырағы сарғыш түсті болып, тарамдалып өседі. Өзегін жеуге болады. Ал ұрығынан хош иісті май алынады. Оны қытайлар тамаққа дәмдендіргіш немесе ауруға ем ретінде пайдаланады. Бұл иероглиф үстінгі бөлігіндегі «шөп» дегенді білдіретін кілт (卄) пен астындағы «қайту, кету» дегенді білдіретін (回)  әріптен құралады.  

(7) Мойындау хаты (服辩) – қылмысын, қателігін мойындап жазатын қолхат. Қазіргі қытай тілінде认罪书 деп аталады.



Қытай тілінен тәржімалап, түсініктерін жазған:  

Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫ

Филология ғылымдарының докторы, профессор

Қабылан ақпараттық порталы

®Қабылан - Ақпараттық порталы™ | Сілтеме | Дереккөз | Авторлық құқық™
Бөлісу тақырыбы: Қабылан - Ақпараттық порталы » ЛУ ШҮН : КУҢ ИЦЗИ
Тұрақты сілтеме: /A_adebiet/proza/2017-07-11/827.html