Ерболат Әбікенұлы: Жалмауыз

Жалмауыз

Әңгіме

Гүлім Алматының қорыс-қопасы шыққан, бұлың-бұшпақ базарларының бірінде мәнті сатып күнелтетін. Түнімен мәнті түйетін. Мәнті түймес бұрын әуелі ұн илейтін, ет пен жуа турайтын. Қолы да ет турауға жаралғандай қарулы тұғын.  Әр түні оның аядай үйінен үлкен пышақтың ет шанағандағы тақылдаған бір қалыпты дыбысы көпке дейін толассыз естіліп тұратын. Оның зықысын кетіретін нәрсе көзі жасқа шылана отырып жуа турау еді. Ал, әлде неше қасқан толы мәнтілерді бір-бірлеп түйіп шығуға оның еті әбден үйреніп кеткен болатын. Тек таңға жуық қана төрт сағаттай көз шырымын алатын. Онда да көбінесе түсінде мәнті түйумен әлектенетін. Таң қылаң бере қамыстан тоқылған үлкен-үлкен төрт қасқан мәнтіні қол арбаға қазанымен қоса тиеп алып базарға жол тартатын. Астында оты бар қазан, ыстық суға толы болғандықтан, мәнтіның әрдайым буы бұрқырап тұратын. Ол соңғы үш жыл бойы осы үйреншікті жұмысынан бірде-бір рет қалып көрген емес. Ескі арбасы да сықырлаған бір қалыпты дыбысынан жаңылып көрмеген.

Базар оны ерте қартайтты. Ол қазір жас келіншектен көрі, саркідір тартқан әйелге көбірек ұқсайды. Базар оның жас нәрестенің етіндей үлбіреген бет терісін, тұзға қақталған балықтың қабыршығындай қатпар-қатпар көн теріге айналдырды. Ал қыста қабат-қабат киініп, түйенің табанындай, дотпиған етігін тепкілеп сұғып шыға келгенде адамнан гөрі қолға үйретілмеген жабайы қодасқа көбірек ұқсайтын. Соңғы кезде аяз сорған денесі қақсап жас жанын жегідей жеп жүр.

Қыстың қытымыр кеші. Мәнтісін түгел сатып арбасын сүйреп үйіне оралды.  Үй іргесіне іліне бере күйеуі Нұрлан іште отырып-ақ, бос арбаның қатты салдырынан, ішінде бірде-бір мәнті қалмағанын сезіп көңілденіп қалды. 

Бос қасқан толы арбасын дәлізге қалдырып, Табалдырықтан көңілсіз аттаған. Бес жасар және үш жасар екі қызы етегіне оралды. Қолындағы пакетін оларға ұстата салды да, холға енді. Нұрлан оған сығырайған сұраулы көзін қадады. 

– Қалай  болды? – Ол жауап қатпады. Бетінде аздап күрең қан ойнап тұрған.

– Сен қатын, битің семіріп барады екен. – Жұқа ернін жымырып, күреңіте қалған.

Гүлім шай қамына кірісті. Күйеуі теріс қарап, бүк түсіп жатып қалды. Күрсіне ширығып, дөңбекшіп жатқанын ол сезді. Бір шыны шәйді селқос жұтты да, беті-қолын жуып қисая кетті. Аздап көз шырымын алған соң, оянып мәнті түю оның ежелден бергі сүйікті шаруасы еді. Кірпігі енді айқаса бере күйеуі күңк етті.

– Ей, баланы не істедің? – Гүлім үн қатпады. Тек Нұрланның бір жамбасымен өзіне қарай тасыр-тұсыр сырғып келе жатқанын сезді. Нұрлан оның қасына жамбастай жатты да,

– Сен  қатын сөзді ұқ, – деді: Баланың көзін құрт. Қара сылақпен отырып, шұбырта бермексің ғой? Кім бағады, айтшы! Кім бағады?

– Мен  туғым келеді. Дауысынан құмыққан өксік естілді. – Өзім бағам... 

– Атаңның  басы бағасың! Сұп-суық кекесін күлкі жүз берді. – Надан  неме! Қалай оқытпақсың? Менің түрім мынау. Жұмыссыз отырып. Кеңірдегін бөтен қоңыр үн жосып өтті. Құлағының түбіне ернін тақап:

– Егер  ертеңнен қалдырмай андағының көзін құртпасаң, суырша  шыңғыртам, көрде тұр. 

Гүлім оның бетіне дәрменсіз, жалынышты көзбен қарады. Оның қиқы-жиқы, бет-пішінінен, жымырайған ернінен, қан толған көзінен дегеніне жетпей тынбайтын, сүркей бір кекті көрді. – Мынадай тозақтың күйін кешіп жүріп сенің тууға қақың жоқ, – деді. Сосын орнына барып қисайды.

Гүлімнің мұрнына пысылдап ұйықтап жатқан екі балапанының тәтті иісі келді. Олардың кішкентай қолдарын алақанына салды. Сондай ыстық. Өзегін қари бастаған. Тершіген маңдайларынан ұзақ сипады. Ол жылап жатқан. Жастығын жас дымдап үлгіріпті. Сүйектері қақсағандай болды. Аяз кемірген буындары кейде өстіп мазасын алатын. Кенет ол басын көтерді. Жылыстап жылжып Нұрланның қасына жақындады. Сәл ойланып отырды да,

– Әй, – деді.    

– Не?– деді Нұрлан басын көтеріп. Қабақтары түйіліп, көздері қанталай қалыпты.

– Саған ұл керек емес пе? Нұрлан бір ауық ес ақылы кіресілі-шығасылы боп отырды да, қобалжи күлімсіреп отырған әйелін көріп жыны келді.

– Білесің бе? Ол ұл екен. Бес айлық ұл екен. Дәрігер айтты. Сондай күйлі екен өзі. Мен узидан көрдім. Аяқ-қолын бауырына алып, бүрісіп апты. Бас бармағын сорып жатқанын қайтерсің. Кіндігі шұбатылып жатыр. Бейне додыраған ақша бұлтқа ұқсайды.

– Таяқ жейсің! – деді күйеуі қоқиланып.

– Іштегі бес айлық баланың қаншалықты сүйкімді болатынын сен көрмедің ғой! Көгілдір сәуленің ішінде, аппақ боп, бүрісіп ұйықтап жатыр. Көгілдір сәуле дегенім мөлдіреген су ғой! Аяқтары қарлығаштың тұяғындай әсем. Сол тұяқ құрсағыңды тырнап өткенде сүйсінесің кеп. Әне көжегім тепкіленді. Қарны ашса сөйтеді. 

– Арашаға зар болмай тұрғанда жат, – деді. – Естіп ал, тап бүгін түн әкеңнің құны қалса да, ыдыс-аяқты салдырлатпа.  Ұйықта! Ертең мәнтіңмен қоштаса тұр да, жаңағы данышпан дәрігеріңе барып андағыны түсірт. Ұл ешқайда қашпайды, әлі жассың. Кейін туасың. Ал мәнтіңды сатқың кеп өліп бара жатсаң, бүрсігүні сатарсың. Үрпимей бар ары.

– Кейін болады деп ойлайсың ба?

– Ертең айтқанымды істемейтін болсаң, ана қиқылдап-шиқылдаған арбаңды, қазанымен қосып көлге батырып жіберем. Жат енді. 

Гүлім көпке шейін үнсіз сазарып отырды да, орнына қисайды. Тек таңға жуық қана көзі ілініп кетті. 

Тәңертең Гүлім күндегі уақытынан сәл кештеу мең-зең күйде, қалжырап оянды.  Шаршаңқы жүзі қуаң тартып, көзінің үсті домбығып тұрған. Өзінің бір киерлік сәнді киімін киіп айна алдында таранғанда да күйеуі бырылдап ұйықтап жатқан. Дәрігерге баруға бекінген оның қалтасында бақыр тиын жоқ болатын. Күнделікті тапқан ақшасын күйеуіне өткізіп отыратын. Ол осыған бола өмірінде бірінші рет қатты қамықты. Өзін еш қашан ойлап көрмегеніне, өзі үшін тырнақтың қиқымындай да іс тындырмағанына бармақ тістеді. Кеш қалғанын сезді. Күйеуінің қасына жасқана жақындады. Сосын иығынан ақырын жұлқылады.

– Не?

– Мен ойландым. Баланы алдырам.

– Сөйт.

– Маған ақша керек боп тұрғаны.  60 мың... – Нұрлан оған шошына қарады. 

– Ей, денің сау ма? Былай арзаны... он мың теңгеге іздеп көрмедің бе? Бар шығар... сөйтпедің бе жаным.

– Мен таба алмадым.

– Тап, - деді ол көрпеге қымтанып. Теріс қарап бүк түсіп жатты да алды. 

Гүлім оның қасында бес минут сілейіп отырды. Осы бес минут ішінде ол қыбыр етпеді. Бейне өлген адамдай тыныс алмастан жатты да алды. Гүлім оны қайта мазаламады. Орнынан түрегелді де есікке беттеді. 

Ол базардағы құрбыларынан 60 мың теңге құрастырып, емхананың табалдырығын аттағанда мезгіл бесінге тақаған. 

– Сіңлім, өкінбейсің бе?- деді дәрігер әйел.

– Жоқ.

– Ойлан.

– Әбден ойландым. Көз шанағына мөлтілдеген жас үйірліген. Дауысында құмыққан ащы мұң бар еді.

– Сен өзі біреуден көтеріп қалғансың ғой! – Дәрігер енді оны тергей бастады. – Күйеуің жоқ па еді. Біреумен ойнас жасадың да, бала көтердің. Немесе баланың әкесі кім екенін өзің де білмейсің. 

– Күйеуім бар. Құдай-ақы...күйеуім бар. Дауысы сыбырға жақын боп қыстыға шықты.

– Бар болса қайда? – дәрігер ашуға мінді: Бірге келмей ме?

Гүлім бір сәт үнсіз сазарып отырды. Жүрегі атқақтай бастаған. Мынау дәрі мен хлор иісі мүңкіген кеңседен, мынау шәргез әйелден жиіркенді. Орнынан оқыс атып тұрды да, есіктен сыртқа ытқыды. 

Әйел оның артынан апыр-топыр қуа шықты да, білегінен шап берді. Бауыздалар алдындағы шыбышты сүйрегендей, Гүлімді сүйреп әкелді де, сұры былғарымен қапталған жұмсақ төсекке дік еткізіп құнжита қойды. Гүлім есікке қарай жанталаса жүгірді. Әйел оның білегінен тас қып ұстады да төсекке тағы бір мәрте құнжитты. Екі санынан дізесімен басып тұрып, екі иығын екі қолымен ұстап, бетін бетіне тақады,

– Ей, қатын, саған бала керек болса, маған ақша керек. Отыр табжылмай. Мен ерігіп жүргем жоқ, – деді қатулана. Гүлім сабасына түскендей болды. Дәрігер енді жүре жүріп сөйледі. 

– Өз аяқтарыңмен кеп аласыңдар да, қиғылық саласыңдар. Бізді ерігіп жүреді деп ойлайсыңдар-ау! Сөйте жүріп ол тағы үш әйелді шақырып үлгірді. Мұның үшеуі емхананың тазалықшы әйелдері болатын. Оған мұрын дәрігері келіп қосылды. Олар ана әйелің қас-қабағын бағып жалмаңдап тұр. Кәнігі операция бөлмесіндегі бас дәрігердің тіс қаққан көмекшілері іспетті. Жүрістері де алқын-жұлқын.

Дәрігер Гүлімге жансыздандырғыш салған жоқ (Гүлім де неге салмадың деп сұрамады). Бірден бастап кетті. Сақтық шарасы ретінде тек қана есікті ішінен іліп алды. Бұл қызметті мұрын дәрігері атқара қойды. Гүлімнің шалбары мен іш киімін шешкізіп, өзін арқалық орындыққа талтайтып отырғызды да, екі көмекші арт жағынан келіп, екі қолын артына қайырып  ұстап тұрды. Қалған екі көмекші екі аяғынына мықтап жармасты. Сосын барып әйел осы бір ұлы жұмысты тындыруға күш сала кірісті. Қолына ұзын қайшы тәріздес, ұш жағы қисық тістеуікті алды. 

– Мынамен деді, – тістеуікті көзінің алдына әкеліп шық-шық еткізіп қойып. – Сенің балаңның білегінен қысып ұстап алам да, сыртқа суырып шығарам. Шықпай көрсін қане. Жарық дүние керек емес пе екен оған. Болмаса шүметайынан суырып шығарам. Сенікі ұл емес пе. Өп-өтірік қылымсыдың. Сенікі бекершілік. Егер күйеуің бар болса неге ұл баладан бас тартады. Тәк... төрт-бес, жиырма. Сенің балаң жиырма аптадан асқан. Мен оның тура білегінен қысып суырып ап шығам. Негізі көп дәрігерлер, мынамен басынан қысып тұрып суырып алады. (Есек ауыз шымшуыр темірді көрсеткен). Ал мен білегінен ұстаймын, үйткені аса тәжірибелімін.

Осы кезде Гүлім бар дауысымен шыңғырған. Босанғандағы азап, азап емес екен. Бүйткенше өлсемші деп ойлады іштей. Шыбын жаны мұрнының ұшына келді. Тіпті бірде көз алдында торғай боп ұшып жүргендей болды. Төрт жендет оны тырп еткізбеді. Самайынан өз-өзінен бұрқ етіп шыққан суық тер, иегінен тырсылдап тамып жатты. Жарқышақтанған зарлы дауысы бөлмені дірілдетіп жіберген еді. Дәрігер оны бұйым ғұрлы көрмеді. 

– Тәйт ары, – деді, қан-қан тістеуікпен нұқып. – Неменеге озандайсың. Сен өз-өзіңе қастық істеп жатырсың. Кедергі келтірсең ішіңде жұрнақ қалып қалса, ертең жатырыңды шірітеді. Сен соны білесің бе? 

Гүлім енді тісін-тісіне басып дыбыс шығармауға тырысты. Анау төрт көмекші де ауыз жаппай әлек.

– Шыда, шыда, шығайын деп қалды дейді жарысып. 

– Мен деді дәрігер сен түгіл толғатқтанда қатты күшеніп, жатыры жыртылып кеткен қатынды да емдегем. Оның жатырын сыртқа аударып алып шығып, инемен тігіп қайтадан ішіне салып қойғам. Сонда ол қыңқ еткен дыбыс шығармаған. Сен оған жансыздандырғышты аямай салды деп ойларсың. Оның бекер. Оған да жансыздандырғыш салмағам. Не керек бекер ақша жұмсап. Жатырын бар ғой ішіне мына темірмен итере салғанда ыржалақтап күліп қойып бізбен аса көңілді түрде сөйлесіп жата берген. Өткен өмірі, бала ғашығы туралы ауыз жаппай әңгіме айтқан. Өйткені оның ес-ақылы дұрыс емес болатын. Өзі ес-ақылы дұрыс емес бейуаз әйелді, мына сенің ішіңдегі баланың әкесі сияқты тағы бір есалаң ауыр аяқ еткен де жайына кете барған. Миының әлде бір тетігі істемеген соң, әрине ауыруды сезбейді да. Мәселен өз басым бір тігіншіні алайық. Шапанымның қалтасын аударып тігіп, қайта ішіне салғанда: 

– Ей, дұрыс тіктің бе? Мен саған ақша төледім тегінде. Дұрыс тікпесең ақыңды төлемей қоям, – деп көзімнің қиығымен алая бір қарап қоям ғой! Анау, өйткен жоқ. Тіпті шапанының қалтасын тігіп жатқан ғұрлы да әсер де болмады. Ал сен саусың. Сау болған соң жатып кеп зарлайсың. Осыныңмен өзіңнің сау екеніңді дәлелдедің. Демек саусың. Бірақ қайдағы бір қаңғыбастан бала көтергеніңе қарап сау екеніңе тағы шүбәләнәм. Дауысың неткен ащы еді. Тура кәрі ешкінің дауысындай. Дауысыңның мұнша ащы екенін білгенде сенен 60 мың емес, 80 мың талап еткен болар ем. Мені жалғыз қағып кетеді деп ойлайсың. Мұның тым шектен шыққандық. Мына тазалықшы байғұстардың айлығы не бары 30 мың теңге, ол пәтер ақысына да жетпейді. Маған көмектескені үшін әрбіріне 2000 теңгеден берем. Сосын ғой менің кеңсемді жағалайды да жүреді ылғи. Ал бастық бұларға дәретхананы дұрыс жумапсыңдар деп айғайлайды да жатады. Қозғалма! Денеңді бос ұста! Өйтетіні бар айлығын дұрыстап төлесін. Мұрын дәрігерінікі тағы бар. Оған да ақы төлеймін. Оған сәл көбірек төлеймін. Дипломы бар емес пе? Менің нәпақамды кейде қызғанады бұлар. Өздерінен көрсін. Мамандықты дұрыс таңдамаған. Қозғалма, шығайын деді. Қап, тайып кетті. Өзіңнен болды бұл жолы. Әйтпесе менің қолым алтын. Суда жүзген балық сияқты жылпылдап тоқтамайды ғой бұлар да. Мені тыңда. Жақсы әңгіме айтып жатырмын. Өзің ғой уақытында келмеген. Егер он апталығында келгенде мына темірмен бар ғой! Қан боп ұйып тұрған балаңның, сыртқы жұқа қабыршағын тесе салып, ұйыған қанды ыдыратып түсіріп, ішін тазалай салатын едім. Сәл кешіккенсің. Мынау кәдімгі жанды дене. Шығуы қиын. Бақырма, құлағымды сасыттың. Ұсталды міне. Әп, сүйкімді періштем. Қашпа-қашпа. Міне шықты. Балпанақтай неме. Шүйкімдішін қая. Тегешті тос. Тегешті тос. Шүметайын қая. Әә, бітті. Сәтті болды. Бір қолы мылжаланып кетті. Оқасы жоқ. Жә, Жәмилә. Бітті Жәмилә.

Гүлімнің тәні мен жатыры соңғы рет жан төзгісіз түрде солқ етіп ауырды да, асқазан толы запыранды сыртқа шығарғандағыдан, немесе санға қадалған ағашты суырып алғандағыдан әлде милион есе жанына батты да, бойы сәл жеңілдеп бусап бара жатты. Сосын құлағына өкпе-бауырды, табаққа болып еткізіп тастай салғандағыдай дыбыс келді. Дәрігер қызыл шақа нәрестені, жаралының тәнінен алынған оқты тастағандай-ақ селқос түрде тегешке лақтырған болатын. Сол сәтте бейкүнә нәресте енесі жеріп, таңдайына бір тамшы уыз тамбастан, шуы да жаланбастан, жарық дүниені көре сала өлер алдындағы, жағы қарысқан қозы құсап, аузын жарты минуттай керіп ашты да, қанға малшынған денесін бір дір еткізіп барып, жан үзді. Өмірге келгендегі алғашқы және соңғы сөзін айта алмай кетті. Тіпті дыбыс та шықпаған еді. Дәрігердің төрт көмекшісі мұны байқап қалып, атқақтаған жүректері төмен тартып, айнып, өне бойлары жансызданғандай болды. Мұны Гүлім көрмеді. Көргісі де келмеген. Ол тұңғыш қызын босанарда жаны денесінен әлде неше рет бөлініп шыға жаздаған. Босанып болғасын метбике:

– Шүйінші, балаң міне, – деп бас жағына қоя салғанда да, есі-ақылы кіресілі-шығасылы боп жатып, бірден қарауға жүрегі дауаламаған. Тіпті өзінің босанғанын да ұмытып кеткен. Сәбиге көз қиығын салудың орнына оған қатты өкпелі еді. Ал мынау қиналыс ол үшін өзін істікке шаншып, отқа қақтап-қақтап алғаннан да ауыр еді. Ет-жүрегі езілумен қатар бауыр еті баласын өз қолымен әкеп өлім жазасына кескеніне жүрегі қан жылаулы болатын. 

Ол мынау пәледен әлі құтылмапты. Өзін шеңгелдеген қолдар қайтадан тыртыса қалды. Шеңгелденген түлкідей қайтадан бүрісті. Дәрігер көптеген әңгімелер айтты. Одан ұққаны жатырын тазалау керек екен.  Оның тәнін құды түрпімен түрпілеп жатқандай күй кешті. Әр түрпілеген сайын миы зырқ-зырқ етіп жауап қайтарғандай болды. Бірде қарынның түгін қырып жатқандай әсер қалдырды. Алпыс екі тамыры буылып, сай-сүйегі сырқырады. Көзін тарс қып жұмып, тісінің арасынан ыңыранған, өкісіген дабыс шығарып жылап отыра берді. Осы кезде көз алдына қойдың қарнын қырып отырған марқұм анасы келді. Дәрігер онымен сүт пісірімдей айналысты. Осы сүт пісірім уақыт ішінде, бастан аяқ қойдың қарнын қырып отырған марқұм анасы елестеумен болды. Қанша тырысса да көз алдынан өшіре алмады. 

Ол орнынан ауыр қозғалды. Дәрігердің өзінің тәнін тазалаған темір-терсектерді, қол жуғыш шүмектің астына төселген еден жуатын кір-кір марлының астына апарып тыға салғанын көріп лоқсыды. Өзінен бұрын да солай істеген болуы керек деп ойлады. Басында мән бермегеніне өкінді. Тәні сескенгендей белгі берді. Осы кезде әлгі еден жуғыш үш әйелдің жүрегі жұмсақтау біреуі, нәресте мүрдесі салынған табақтың бетін матамен жаба қойды.  Гүлім көрмесін дегендегісі еді. Онсыз да Гүлімнің ол жаққа қарауға жүрегі дауаламайтын.

 Ол ақшасын өзі отырған орындықтың үстіне тастай салды да, есеңгіреген адамға ұқсап, қисалаңдап шығып кетті. Дәрігердің біреу-міреу көріп қалмасын деп ол ақшаның үстіне отыра қалғанын сезген жоқ. 

Үйіне әрең жеткен. Екі қызы далада қармен ойнап отыр екен.  Оны көре сала етегіне оралып мәз болысты. Екі қызына екі шұлық ұстатты. Үйдің іргесінде күнге қыздырынып отырған күйеуі оған арбасының дөңгелегін шиқылдамайтындай етіп майлап қойғанын қуанышпен жеткізді.


Ерболат Әбікенұлы


®Қабылан - Ақпараттық порталы™ | Сілтеме | Дереккөз | Авторлық құқық™
Бөлісу тақырыбы: Қабылан - Ақпараттық порталы » Ерболат Әбікенұлы: Жалмауыз
Тұрақты сілтеме: /A_adebiet/proza/2017-07-03/808.html