Естен Ербол : Нағыз махаббат

Нағыз махаббат

Себезгілеп жаңбыр жауды. Жүзіне күлкі үйріліп, қуанышы көкке көтерілген Әсемнің бойы кенет дір етіп, жаңағы қуаныштарының барлығын жаңбыр суы лезде шайып әкеткендей болды. Себебі...  Кезінде, жүрегіне ұмытылмастай жара салып, көп уақыттар сол қиналыстан есін енді жиған Әсем алғашқы махаббатының анасын көрді.  

Бағанадан өздерін сырттай бақылап, жылап тұрған әжей Әсемді өзіне шақырды. Әсем күйеуіне өзін машинада күтуді айтты да, әжейдің жанына барды.  

– Балам, сен Әсемсің бе?   

– Иә, апа, мен Әсеммін, сізді бұл жерде кезіктіремін деп ойламаппын.  Әжей Әсемді бас салып құшақтап, еңкілдеп жылай берді. 

Апа, жыламаңызшы, өздеріңіз аман-есенсіздер ме?   

– Иә, балам.  Көз жасын тыйа алмаған әжей, Әсемді бауырына тағы қысты: – Балам, сені көріп, Аманымды көргендей болып тұрмын. 

– Апа, түсінбедім, не дейсіз?   

– Сен білмейсің бе?  

– Нені, апа?  

– Аман... алты жыл бұрын, денесінен асқынған рак табылып, наурыздың екісінде қайтыс болды.  

Әсем теңселіп кеткен денесін зорға ұстап, әжейдің айтқан сөздерінің бірін білсе, бірін білмей талықсып, сол орында қаншама уақыт тұрғанын да білмеді. Күйеуінің көзінен тасаланды да, жүрек тұсын қолымен қысып, шеттегі орындыққа отыра кетті. Тыныс алуы қиындап, жүрегі ұстап, ес-түссіз жерге құлап түсті. Айнала жым-жырт, ешбір адам көрінбейді, жаңбыр әлі себезгілеп құйып тұр.  

Көзден аққан жас тамшылары жаңбыр суымен қоса сырғып, жерге домалап ағып жаты. Көз алдына аманмен алты жыл бұрынғы ең соңғы кездесуі оралды.  

– Әсем сен мені ұмыт.  

– Не айтып тұрсың, Аман.  

– Сен мені ұмыт, мен сені сүйген емеспін.  

– Жоқ, сенбеймін! Мені сүйем деген сөздерің, маған берген сертің қайда, Аман. Мені үш жыл алдағаның ба? 

– Әсем, кешір... мені ұмыт. Сен өз бақытыңды табасың.  

– Жоқ... Жоқ... Жоқ!  

– Әсем, саған бақыт тілеймін. 

Аманның жүзін соңғы рет көріп, алыстап кеткенше қарап тұрған. Сонда ес-түссіз орнында мүлгіп, жерге құлап түскен еді. Сол оқиға екінші рет қайталанды. Бірақ... Бұл жолы Аманды қия алатын емес. Кетіп бара жатқан Аман артына бұрылып Әсемге қарады, ал Әсем оған жетуге асықты... 

Естен Ерболұлы

®Қабылан - Ақпараттық порталы™ | Сілтеме | Дереккөз | Авторлық құқық™
Бөлісу тақырыбы: Қабылан - Ақпараттық порталы » Естен Ербол : Нағыз махаббат
Тұрақты сілтеме: /A_adebiet/proza/2017-06-16/770.html