Миллиардерлердің бәрі бақытты емес...

Миллиардерлердің бәрі бақытты емес...

Ғұламалардың айтуынша, малдың көптігі Алланың жақсы көретініне дәлел болмайды және адамның кедей болуы Алланың азабына ұшырағандық емес. Алла-тағала байлыққа лайықты адам мен лайықсыз адамды білуші әрі байлық беріле қалса, жағдайы қандай болатынынан хабардар. Біреуге байлықтың берілуі оның абзалдығы емес, бәлкім, көтере алушылығының арқасы, ал байлық берілмегені оны көтере алмайтынының белгісі. Біреудің басы кедейлікке душар болса жағдайы нашарлап, азғындыққа ұшырауы мүмкін, ал енді біреуі байлыққа қол жеткізсе шектен шығып, бұзықтықтардың кілті болуы да ғажап емес. Оған Алланың көрсетіп жатқан сынағы дәлел. 

Алланың осы даналығына шек келтірсеңіз, төмендегі Батыс миллиардерлерінің өміріне үңіліңіз. Сонда «Мен неге кедеймін?» деп кейістік білдірмессіз...

Биржалық қалықтау мен құлдырау тарихына үңілсеңіз, талай сұмдық трагедияның куәсі боласыз. 1929 жылы болған аса ауыр дағдарыстың тек алғашқы үш күнінің өзінде 210 шіріген бай өз өмірімен қоштасуды дұрыс көріпті. Қоғамда «Қара бейсенбі» деген атпен қалған сол күні Уолл Стриттегі заңғар ғимараттардың терезелерінен банкроттыққа ұшыраған брокерлердің өз-өздерін тастағаны туралы аңызға бергісіз небір әңгімелер бар. Оның бәрін тергіштеп басыңызды ауыртпай-ақ қоялық. Осы өзіміз куә болып отырған ғаламдық дағдарыс басталғалы бері бірнеше миллиардер өз-өзін өлтірген. Соның бірі фармацевтикамен айналысатын Адольф Меркле деген 74 жастағы неміс миллиардері. Атақты «Форбс» журналының есебінше, 2008 жылы ол әлем миллиардерлерінің ішінде 98-орында тұрған. Меркленің қол астында 70000-нан астам адам жмыс істеген. Осылайша жылдық ақша айналымы ондаған миллиард доллармен бағаланатын өндірістік империяның қожайыны ретінде дәуірлеп тұрған миллиардер қор рыногы күйреуге байланысты бір күнде 1 млрд евродан айрылған. Осыған қатты күйзелген Меркле пойыздың астына түсіп өлген. Оқиға болған жерден полицейлер оның туыстарына қалдырған ақырға хатын тауып алған. 

Ал енді америкалық 52 жастағы миллиардер Стивен Гудтің өлі денесі өзінің көлігі ішінен табылған. Ол әкесінен мұраға қалған жылжымайтын мүлік сатумен айналысатын ірі компанияның атқарушы директоры болатын. 1965 жылдан қазірге дейін бұл компания жалпы құны 9,5 миллиард долларды құрайтын 40 мыңнан аста жылжымайтын обьект сатқан екен. Жылжымайтын мүлік нарығы күйреген соң, Гуд ауыр күйзеліске түскен. Ақыры – анау. Арнайы билік өкілдерінің хабарлауынша, сабыры сарқылған миллиардер өзін-өзі басынан пистолетпен атып өлтірген. Бұдан да сұмдығы, 60 жастағы пәкстандық миллионер дағдарыстың кесірінен банкрот болғанына шыдамай, өзінің басын электр арамен кесіп тастаған. Марқұм Дубайдағы бірнеше құрылыс компанияларының қожайыны болыпты. Есік алдынан күйеуінің қанға боялып жатқан бассыз денесі мен әлі жұмыс істеп тұрған электр арасын көрген әйел дереу поллицияға хабарлаған. Жесір қалған әйелдің айтуынша, ері соңғы уақытта қаржылық дағдарыстың кесірінен өте ауыр психологиялық күйзеліс үстінде болыпты. Өлерінің алдында өз компаниясының барлық қызметкерлерін жұмыстан босатқан екен. 

Ирландиялық белгілі бизнесмен Патрик Рокканың 500 миллион евросы сақтаулы тұрған банк күйреп, байлығы суша ағып кеткен миллионер жүйке жүйесінің ауыр күйзелісінен өзін-өзі басынан атып өлтірген. 

«Бай қалтырауық келеді» дейді қазақ. Бәлкім, ақша да қатты жерге тұратын болар. Тарихта ең бай миллиардерлердің өзінің қара бақыр, соқыр тиын санап жүретініне мысалдар аз емес. ХХ-ғасырдың ең бай әйелдерінің бірі Генриетта Хоуленд Грин 1916 жылы  өлгенде, артында 20 миллиард доллары қалған. Осы шіріген бай әйел Чикагодағы тұтас кварталдардың қожайыны болса да, өмір бойы ең арзан пәтер жалдап тұрған. Ал бірде бағасы 2 цент тұратын пошта маркасын іздеп, түні бойы табанынан таусылыпты. Ұлының аяғына операция жасау үшін үш күн бойына тегін аурухана іздеп, сандалғаны тағы бар. Осы миллиардер әйел 82 жасқа келгенде, қызметші әйелдің бір бөтелке сүтке артық төлеп қойғанын естіп, есінен танып құлап түскен. Есесіне байлығын өзіне қимаған сасық бай ретінде тарихта қалды. Өзіңе бұйырмағаннан артық ештеңе жей алмайсың деген осы да!

Осыдан 30 жыл бұрын 4 миллиард долларымен әлемдегі ең бай адам саналған мұнай королі Джон Пол Гетти де сараңның сараңы ретінде тарихта қалған. Ол вилласына қонақтарының сөйлескеніне ақша шығындамас үшін таксафон орнатқан. 1973 жылы Джон деген немересін ұрлап кеткендер баланы қайтару үшін ақысына 17 миллион доллар сұрағанда, төлеуден бас тартқан. Ұрылар немересінің құлағының ұшын кесіп алып, оны конвертке салып жіберген соң ғана келісім берген. Соның өзінде Гетти үнемдеп, ұрыларға 2,7 миллион доллар ғана қиыпты. 

«Форбс» журналының есебінде екінші орында тұрған америкадық қаржыгер Уоррен Баффет (44 миллиард доллары бар) бұдан 40 жыл бұрын 30 мың долларға сатып алған шағын пәтерде, бізше айтқанда, «хрущевкада» тұрады. Астына мінгені – ескі көлік. Бізше айтқанда, «Москвич». Жыртық шалбар киіп жүреді. 

Ханс Раусинг деген скандинавиялық бай 8 миллиард доллары болса да, жаңа көлік алуға ақшасын қимай, орыстың 12 жыл мінілген «Нивасын» сатып алыпты. Жарықтық дүкендерде заттың бағасын түсіргенше ұзақ саудаласатын көрінеді. 

Осыдан бірнеше жыл бұрын британдық миллионер Николас фон Хоогстратенді (800 миллион доллары бар) адам өлімі үшін он жылға соттайды. Ал оның үйіне тінту жасаған полицейлер ас үйден пайдаланылған шай пакеттерін тапқан. Сөйтсе әлгі бай шай пакеттерін құрғатып, қайтадан бірнеше рет пайдаланады екен. Бір жылдан соң, миллионерді түрмеден босатқан. Дегенмен оның көпке жайылып кеткен сараңдығы туралы пікір әл-әзір басылар емес. 

Сараңдықтың көкесі деп мынаны айтыңыз. 23 жастағы америкалық актриса Уэнди Доркас деген әйел Роджер Доркас 90-ға келген миллионерге күйеуге шығады. Мақсаты белгілі – қаусаған шалдың бар байлығын иемдену. Бір жылдан соң, ауру шал көз жұмады. Адвокаттар қарттың қалдырған өсиетін оқығанда, әйел талып түсе жаздайды. Оған бұйырған мұра... 1 доллар екен. Ал қалған 64 миллион долларын шал Максимилиан деген итіне мұраға қалдырыпты. Сот салпаң құлақ итті жақтап шығады. Әйел де әккі екен, миллиондаған долларды қағып түсу үшін... итке тұрмысқа шығады. Амал жоқ, әйел мен иттің некесін қиюға тура келеді. Иттің құжатын тастай еткен шал оны АҚШ азаматы ретінде тіркетіп, салық төлеп тұратын етіпті. Ит өлген соң, бар байлық ақыры әйелге қалған. 

Батыстық байлар біздің байлардай ысырапшыл емес, ақшасын түкке арзымайтын нәрсеге оңды-солды шашпайды. Сенбесеңіз, АҚШ зерттеушілерінң куәлік етуінше, әрбір төртінші америкалық миллиардер бағасы 100 доллардан аспайтын бәтеңке, 200 доллардан аспайтын кастюм киеді екен. Миллионерлердің жартысы ғана құны 240 доллардан асатын сағат сатып алуға келісетін көрінеді. Бұл сараңдық па, қанағатшылдық па? Сірә, соңғысы деу дұрыс шығар. Ысырапқа бармау ризықтың көбеюіне әсер ететін де болар. 

Бұрынғы Кеңес Одағы елдерінің байлары туралы жоғарыдағыдай атылған, асылған сұмдық әңгімелер әзірге жоқтың қасы. Дегенмен ғаламдық дағдарыс орыс байларының ондығына да оңай тимепті. «Финанс» журналының хабарлауынша, алғашқы ондыққа кіретін орыс байларының байлығы, 2008 жылғы рейтинг бойынша, 221 миллиард долларға бағаланса, 2009 жылы ол 75, 9 миллиард долларға құлдыраған. Ал 2011 жылы ол 192 миллиардқа қайта өскен. 

Айта кетсек артық болмас, алғашқы он орыс байының ішіндегі бірінші орынды 28,3 миллиард доллары бар В.Лисин иеленген. Сондай-ақ алғашқы ондыққа 22,7 миллиард доллары бар М.Прохоров, әрқайсысында 19 миллиард долары бар А.Усманов пен О.Дерипаска, 17 миллиард доллары бар Р.Абрамович пен А.Мордашов, 16 миллиард доллары бар С.Керімов, М.Фридман, В.Потанин бар.

Орысты қойып қазақ миллиардерлеріне келсек, біздің әлем көгінде жарқырап тұрған «бес жұлдызымыз» бар. Топ басын бұрынғыдай ұлты кәріс Владимир Ким бермей тұр. Оның байлығы 3,7 миллиард долларды құраған. «Форбс» журналының хабарлауынша, онан басқа әлгі бестікке Ибрагимов, Тимур Құлыбаев пен Динара Құлыбаева, Нұржан Сұхбанбердин кіреді. Қалған байларымыз миллиардер болу ұлттың мақтанышы екенін әлі толық сезіне қоймаған ба, әйтеуір карталарын ашпай отыр. Тасадан шығар емес. Соған қарағанда, әлі қоржын-қалталары ауыз-мұрнынан шыға толмаған-ау. Байлығын айдай әлемге жария қылмаған соң, оларға халық та күмәнмен қарайды. Нағыз байлар қарға сынды астына басып жемей, ақ сұңқар сияқты шашып жесе керек-ті. Жер бетіндегі ең бай адам, «Майкрософт» қожайыны Билл Гейтсті алып қарайық. «Әр үйде бір компьютер болсын!» деген ұранмен жарғақ құлағы жастыққа тимейтін ол түрлі қайырымдылық қорларынан ақшасын аямайды. Байлықтың о дүниеде сұрауы болатынынан қорқатын иманды адам осылай етсе керек-ті. Батыс Бақ-тарының жазуынша, осы Билл өзінің кіндігінен тараған балаларын да мұрасыз қалдырыпты. Егер көзі жұмыла қалса, миллиардердің өсиеті бойынша оның байлығының басым бөлігі қайырымдылықпен айналысатын ұйымдарға аударылады екен. Ал мұрагерлеріне миллиардер жақсы білім алуларына бар жағдайды жасап, «қоржындарына» әлемдік өлшем бойынша қомақты болып саналмайтын алғашқы капитал ғана салып бермек көрінеді. Қалғанын өз еңбектерімен тапсын деген. Бай болсаң, осы Биллдей бол!

БҰҰ-ның есебі бойынша күллі әлемдегі кедейлікті жеңу үшін жыл сайын 150 миллиард АҚШ доллары қажет екен. Бұл үшін әлемдегі ең бай 2 мың отбасы күш біріктіріп, әрқайсысы өз байлығының 10 пайыздайын «құрбандыққа» шалып отыруы керек. Өкінішке қарай, семіз байлардың бәрі бірдей мұндай қайырымдылық шарасына жыл сайын өз байлығының 10 пайызын құйып отырса деу, баланың қиялына келіңкірейді, әрине...

Төреғали Тәшенов

"Қабылан ақпараттық порталы"

®Қабылан - Ақпараттық порталы™ | Сілтеме | Дереккөз | Авторлық құқық™
Бөлісу тақырыбы: Қабылан - Ақпараттық порталы » Миллиардерлердің бәрі бақытты емес...
Тұрақты сілтеме: /A_adebiet/proza/2017-05-19/710.html