Мен тегі кіммін !

Мен тегі кіммін !

Таусылып бітпейтін басқосулардың бірінен қызара бөртіп, тірсегім дірілдеп оралған менің алдымнан шығып, есік ашқан ұлым, менің денемнен мүңкіген арақ иісін сезді ме әлде өң-түстен жұрдай болып теңселіп тұрғанымды ұнатпады ма, аузын бұртитып, жүгірген беті өз бөлмесіне кірді де, есігін тарс еткізіп қатты жауып алды. Мен әзер дегенде қисалаңдай басып, оның бөлмесінің есігінің алдына келдім де:
– Ұлым, әкең сені көрмегелі үш күн болды. Сені қатты сағындым. Келші бері, иіскейін шекеден, - деп оған жақындадым.
– Әке, сасықсыз! Жек көрем! Арақ ішіпсіз! – деді ол жанталаса тыпырлап.
Төбемнен жәй ұрғандай күй кештім. Ес-ақылым орнына келгендей болды.
Нарау қозғалып ас үйге кірдім. Стақанға толтыра мұздай су құйдым да, дем алмастан сіміріп салдым. Шекемнен суық тер бұрқ етті. Сол жерде кешкісін үйге, мал бағып діңкелеп оралған әкемнің, мені бас салып құшақтап, аймалап сүйгенде тыжырынып тұрып айтатын мына бір сөз тас есіме түсті.
– Әке, сізден көңнің, және қойдың сатпағының иісі мүңкіп тұр. Сіз сасықсыз. Жек көрем! Кішкентай кездегі, әкеме айтатын өз үнім өз құлағымның түбінде жаңғырып тұрғандай болды. 
Әкемді аядым. Қыстың қақаған аязында, шілденің қапырық ыстығында дала кезіп, біздің қамымыз үшін жапа шегіп, үйге діңкелеп оралғанда еститіні осы сөз. Бізді сағынады екен ғой! Жаным әке! Қандай аянышты деші! Әке, сізді бас салып сүйгім, тамағыңыздың астына, танауымды тығып жіберіп жылағым, , сіздің теріңіз сіңген жағаңыздан құшырлана ұзақ иіскегім келеді. Әке мен дәл қазір жылап отырмын. 
Жан әке, сүйікті ұлым екеуің де мені кешіріңдерші! Мен онсыз да . . . Өзімді жазғырумен болдым, мен тегі қандай әкемін, қандай ұрпақпын.

Естен Ербол


®Қабылан - Ақпараттық порталы™ | Сілтеме | Дереккөз | Авторлық құқық™
Бөлісу тақырыбы: Қабылан - Ақпараттық порталы » Мен тегі кіммін !
Тұрақты сілтеме: /A_adebiet/proza/2017-05-15/682.html