Серік Әбікен: Ұлыма хат


ҰЛЫМА ХАТ

– Әке, өмірде не көрдің, не білдің? Жетістігің қане, кемістігің қайсы? 

– Ұлым, сенің осы сұрақты қоятын кезің таяғанын ішім сезеді. Уақыты келді.  Мінезі қаталдау, өзіңе көп сыр айта бермейтін әкеңе сауалың көп екенін ойлы көзіңнен көремін. Серейген бойың, толқынды шашың, жалпы болмысың маған келгенімен «Баламның мінезі басқа ма?» деп ойланып қалатын кезім көп.   Басқасың! Дұрысын айтсам, басқасыңдар! Және сол басқалардың біздерге-әкелерге сұрақ қоятын уақыты келді. Сондықтан мендегі дегбірсіздік, секем  замандастарымның бәрінің бойында бар дей аламын.  Біз ол сауалдарды күтіп жүрміз. Ал жауабымыз бар ма? Білмеймін... Менің көп үшін жауап беруге хақым жоқ,   өзіме сен қояды-ау деген сұрақтарға жауап беріп көрейін.... Шамамның жеткенінше... 

Өмірден не көрдің, не білдің? деймісің... Бұрын қырықтан асқандарды халқымыз аға тұтқан, дана тұтқан. Қазір... Қазір қырықта да, қырма сақалда да қадір шамалы. Елдің қамын емес, балаңның жейтін нанын ойлайтын көптің біріміз.  Сен туғанда жорта бастаған әкең, сенің мұртың тебіндеген кезде де бүлкектеп жүр. Далбаса тірлік. Бәріміз далбасалап жүрміз. Айналаң тасқын: біреу біреуді даттап жатыр, біреу соны мақтап жатыр, біреу  төбені тау дейді, біреу досыңды жау дейді, құрдасты құрдас құлатқан, құрбыны құрбы жылатқан, жағаның дал-дұлы шыққан, есті сөзінен есердің былапыты  басым... шаң-шұң...  Маған осы даңғаза дәуірде өмір сүру бұйырыпты, құлыным. Меңдуана жеген адамдай мәңгіріп жүрмін.  Құлағым шыңылдап, көзімнің алдын мұнар басқан, досымның кім екенін білмеймін, жауымды танымаймын. Көз жасы көл болғанды көремін – неге жылағанын түсінбеймін. Оның күңіренген үніне әлдекімнің арсыз күлкісі қосылғаны құлағыма еміс-еміс келеді... Сонда біз жылап тұрып күлетіндерденбіз бе? Мұндайды аталарың делқұлы деп атаған. Міне, ұлым, мен өзімнің кім екенімді де білмеймін. Софокл, Анақарыс, Демокрит деп данышпансымайын, бергідегі Абай секілді қара шалдардың  заманында-ақ  айтылған саф-сана дегеннің ойран-ботқасы шыққан, ұясын қорыған хайуани түйсік қана қалған. Олай қозғасам  есек мойнына батқан қамыттың, ит мойнын қажаған қарғыбаудың, өгіз сілікпесін шығарған соқаның сорын айтар... Ал мен қанша дегенмен адаммын ғой?! Тәртені қиратардай жұлқынып, шынжырды үзердей шабаланған кездерім болған шығар, бірақ, өзімді адаммын деп ойлаймын?! Адамдық кейпімді сақтап қалғым келеді... Түсінші, ұлым, дәл осындай ақиқат пен жалған қабысқан, естіден еліргендер үстем, аярлық тұманы алды-артыңды ораған кезеңде не көріп, не естіп жарытамын... Біздің, ересектердің  әңгімесі мылқау мен кереңнің диалогындай дүние. Мылқау – күнкөріс, жанбағыс, нантабыс... керең – қызмет, мансап, кеуде! Мылқау  момын, керең дүлей келеді. Аузын ашып, диалогты бұзған мылқаудың талайы таяқ жеді. Мен мылқаулар санатындамын, балам. Сондықтан көрген-білгенді айтып жарытпаспын...

– Мен үшін – таусыз! Аласармаңызшы, әке?!

– Жаны күйген перзенттің аузынан шығатын сөз...  Қара басымызды тіктетіп, үсік шалған көңілді марқайтатын  сезіміңнен айналайын. Бірақ, тау дегеніміз не? Тау – жықпыл тастардың жиынтығы. Бір тас орнынан сырғып кетсе мың тас қозғалады, тау сәл де болса мүжіледі. Сондықтан сенің әкеңнің аласармауы тек өзіне емес, өзі сынды мыңдаған, миллиондаған әке-тастарға байланысты. Бүгін етекке  ол сырғыса, ертең мен сырғимын және жалғыз кетпей жолдағыларды іле жөнелесің,  бір-бірімізді қуалай домалап, күркіреген көшкінге айналамыз. Ол көшкін  орнында мығым тұрған, бұрынырақта бәріне тірек болған  тастарды да  түбінен омырып, жұлып әкетеді. Мықтылығы үшін морт кеткен ондай мығымдарды біздер адамгершілігі мол, парасатты деп атаймыз. Құлдилап келе жатқандарды тоқтатқысы келеді, көлденең тұрады, сол үшін сынады. Есіңе сақта – зор, өзін-өзі жапырған жойқын күшке қарсы тұру қашанда қиын болған... Таңдау өзіңде?!  Көшкін   етекке жеткенде сап басылады. Бізге дейін сырғып түскендердің қатарына қосылып, тынышталамыз.  Мен – күн мүжіп, жел кемірген кәрі таудың, етекке түскенше құмға айналатын тасымын, балам, сен руханияттағы  тектоникалық теке-тірестердің салдарынан пайда болған жас таудың көк тасысың. Эверест-Джомолунгма  дегенді  білесің ғой, сол шың жылына 4 миллиметрге өседі. Сенің тауың да мәңгілік өссін... Тауда мінез болуы керек. Жаңағы  Джомалунгма шыңы тибет тілінде «Джомо Канг Кар» деп аталады, бізше – Ақ қардың әміршісі.  Басында аңыраған боран толастамайды. Шыңын табаныма салам дегенді үсітіп, сынап, төтеп бергендерді ғана мойындайды. Ондайлар аз, саусақпен санарлық. Ал өрдің төбесінде ойнаймын деп сүйегі қарға көміліп қалғандардың есебі жоқ.  Міне, мінез деген осы. Ол екінің біріне бұйырмаған...

    Қысқасын айтқанда етекке қарай домалап келе жатқан менің қашан сынып бітерім – белгісіз, ал сенің қасқайып тұрған қия екенің – анық.  Таудың үгілуі – табиғи,  әкенің үгілуі-рухани процесс...Ұлдың озуы – Ұлы көш. Көш тоқтамауы керек... Өс! Оз!

–   Бұл қисынға салсақ жер бетінде өскен таудан өшкен тау  көп болғаны ғой...  

 –  Рас сөз... Бұл қисынға салсақ жер бетіндегі көп  таудың ғұмыры тым келте болар еді. Соған қарағанда таулардың да қайсар, жасығы болады. Күнге шағылысқан көк тастысы – қайсар, күңгірт  қызыл тастысы – жасық. Біздің әкелеріміз, олардың әкелері,  әкелердің әкелері мына өмірге сондай ретпен келген шығар?  Бізге күңгірт бояу бұйырыпты. Сен мәңгілік тұратын заңғар таудың көктасы болшы... Және қапталыңда тұрған, мүжіліп бара жатқан  кәрі тауға ешқашан аянышпен қараушы болма.  Мүсіркегенің-өлтіргенің. Жермен-жексен болғанынша бойында бұрынғы паң-биіктің жұрнағын сақтасын...    

– Сонда көксеген жетістігің жермен-жексен болып, із-түссіз жоғалу ма?  Жер таянар жасқа жете қойған жоқсың, әлі талай асуды аласың, жетістікке де жетесің! 

– Жо, құлыным, сен барда, іні-қарындастарың тұрғанда мені жер бетінде із қалдырмады деп кемсітуге ешкімнің  аузы бармас.  Және мен өзім жүрген жолдың шаңы сенің жағаңа кір болып қонбасын деп барымша кірпияз болуға тырыстым. Ал, жетістік... Түсінем, қазіргі ұғымда жетістік деген аста-төк мақтау, салдырлаған салпыншақ, жарылқаушының жариялы түрде арқадан қағуы. Бұл ең оңай, жүргіншісі өте көп жол, балам. Аппақ шаңнан көздері ғана жылтырайды... Тозаңға тұншығып, көзі байланып келе жатқандарға  салпыншақтың сыңғыры бағытсілтер іспетті, оның дыбысы естілмесе адасып кетеді. Көзін шаң басқанның көкірегі таза дей алмаймын... Аса жақсы емес, келісесің ғой?! Жарылқаушым арқамнан қақсыншы – деген ниетпен  арсалаңдап барып аяққа оралғандарды да көрдік. Көріп те жүрміз.   Сен мені солардың қатарына қоя аласың ба, балам? Әкесі адал төбетше арсалаңдайды  деген сөз саған оңайға соғар  ма еді? Көрдің бе, таяқтың екі ұшы бар, бірін бассаң бірі өзіңе тиеді. Мен біреудің басымнан сипағанын жақтырмаймын. Әкем мен анамның алақаны мен ернінің табы қалған маңдайымды былғатқым келмейді.  Құлдың да кербезі болады деуші еді, мен сол шығармын... Сондықтан көп адам сақтанып, аулақ жүреді. Ал асу деген адал еңбек шығар... Ол жағынан арым таза, әкең жалқау деген біреуді тапсаң бетіме түкір. Адал еңбегіңді де біреулер еншілеп кеткенін көрдім ғой  дерсің. Мейлі. Атағы – оларға,  сауабы –маған. Меніңше осы әділетті. Өз ұғымымыздағы  атақ-абыройға қарай  жүгіргенде сауапты да тізіп отыратын бір Құдірет барын ұмытпауымыз керек. Сол Құдіретті қаперден шығаратындықтан «Атақ – арсыз» дейді. Өзіңе үміт артқан бір адамның сенімінен аттасаң атаққа бір адым жақындайсың.  Менің ұғымымда:  жетістік – өзіңнің көкейіңдегі мақсатқа жету. Мына өмірді осылай түсіндім, осыған ұмтылдым. Қолым жеткені баршылық, жетпегені одан көп.  Оларға жетуім үшін мүлдем тілім байлануы керек. «Мылқаулар елінде кекеш шешен болады» деген бар.  Шешендер аяқтыға жол, ауыздыға сөз бермей тұрған заманда мен үндемей-ақ қояйын, ұлым. Олар да бұрын мендей мылқау болған. Күтпеген жерден есі кіріп, тілі шыққан мылқаудан сөзуар адам болмайтынына көзім жетті, жеріндім. Айтыссам абырой таппаймын. Ол үшін жазғыра қоймассың. Жазғыру... Жалпы біреуді жазғырғаннан аулақ бол! Жазықты іздеу – жаманның әдеті. Бұл бізге әбден сіңіп кеткен, әкеңнің,  оның замандастарының сөзіне құлақ салшы, өзінен басқаның бәрі кінәлі, бәрі жазықты. Аға да жаман, іні де оңбаған, құрдас – құрыған... Өзін қап-қара әлемдегі ақ дақ сезінеді. Біз бір нәрсені түсінбедік: мына жалғанда әркім пешенесіне жазылғанын көреді, өзіме лайық деген, өзі көнген  дәрежеде болады. Демек сенің жаңылғаныңа, немесе, жолың болмағанына ешкім жазықты емес,  тек – өзің. Өзіміз... 

– Құл болма дейтінің қайда... Үнсіз көне беру құлдың көнбістігі емес пе? 

– Білесің бе,  біз бәріміз – құлмыз! Біріміз басқа қонған бақтың, біріміз қолдағы байлықтың, біріміз  астыға бұйырған тақтың, біріміз тұрмыстың, енді біріміз  жанды жегідей жеген ойдың құлымыз. Демек бәріміздің дәрежеміз тең. Мен саған «құл болма!» десем, осыны меңзедім. Біреудің алдында иілсең, кіріптар болсаң  құлдың құлына айналғаның. Құлдың құлы... Мұның өзі еш қисынға келмейді емес пе, балам?! Құлға билігіңді берсең «ат көрмеген мініп өлтіреді» болады.  Түсінесің бе, құлдықтың да өз деңгейі бар. Мысалы мен айтқан құлдардың арасында ой құлынан өзгенің бәрі із-түссіз жоғалады. Мына әлем ой құлдарының арса-арсасы шыққан арқасында тұр. Сен, сендер терең ойдың, саналы әрекеттің  құлы болсаңдар еш қарсылығым жоқ. Менің тұрмыстың құлы болып жүргендегі  түпкі мақсатым сол шығар... 

Құлдың да ояуы болады. Мысал ма? Спартак! Қазақтан мысал келтіре алмаймын. Өйткені, бір замандарда құл деген сөз де, ұғым да бізге жат еді, іздеушісі бар жаннан жалшы ұстаған қазақ едік... Ол жалшының өз хақысы бар еді, ақысына келіспесе қойыңды бақпай қоятын.. Демек, қазақтың жалшысы да азат болған! Біз, әкелер,  осыдан айырылдық. Сәл түзету енгізейін, көптің көңіліне келмесін «мен айырылдым» дейін. Сол үшін кешір. Кешіріңдер!  Құлға ондай кеңдік қайдан келсін.  Құлдың сөзі – күңкіл, тірлігі – митың, өмірі – сұраусыз.   Сондайлардың құлы болғаннан сақтан, ұлым! Құлдардың құлы болғандар осы әкелеріміздің дәуірімен кетсе екен деп тіле!  Ал үнсіздік... үнсіздік үнемі келісімді, мойындауды білдіреді десең, қателесесің. Ащы айғайдан бір сәттік үнсіздік көп мағына беретін кездер болады. Себебі, Сөзден қадыр кеткен.  Іркіттей іртік, судай сұйық  Сөздің көптігі сонша лоқситын болдық. Ескіде: күлкіңнің астарындағы мұңды, ашуыңның тасасындағы махаббаты көре алатын, үнсіздігіңнің себебін түсінетін адамға сен-деген сөз болған. Менің үнсіздігім – үнсіздігінің себебі  өзіммен үндесетіндерді іздеу ғана... 

– Бәріміз құл болсақ жиі еститін «азаттық, тәуелсіздік» дегеннің өтірік болғаны ғой... 

– Өтірік емес... Сүтті, көзді қаритын қарды көрсең аппақ екеніне шүбә келтірмейсің. Сөйте тұра ғалымдар «таза ақ түс деген жоқ» дейді?! Иен далаға шығып айналаңа көз салсаң бос кеңістік көресің. Бірақ ол бос емес қой. Ол –Алланың мейіріне, күннің нұрына, ауаға толып тұр... Азаттықтың бостандық деген ағасы бар. Бос-тан-дық!  Мен бостандық алдым деген жан көзге көрінбейтін, түйсік ұғына бермейтін дүниелерге бәрібір тәуелді болып қалатынын ұмытпауы керек. Бұрынғы философтардың түйгеніне салсақ: өзгелерді өзіне тәуелді ете алған адам немесе мемлекет қана шын тәуелсіз бола алады. Бізге кім тәуелді? Екеумізді алайық, сен – маған, мен – саған тәуелдімін. Мен болмасам сенің мына өмірге келуің неғайбыл, сен болмасаң менің тұқымым тұздай құриды. Кіршіксіз ақ түстің жоғындай абсалютті тәуелсіз адам да жоқ. Адам жоқ болса, ондай  мемлекет те жоқ деп түсін.  Тәуелсіздік – алдыңда тұрған өзгенің саған бас июі. Біз, әкелер, өзіміз иілгенге құмармыз. Осы күні «азаттық, тәуелсіздік» дегенді көп айтсақ ел алдындағы шыбындаған аттай бас шұлғыған мүсәпір күйге наразы болып айтамыз. Біздікі ауыз ғана...  

– Түк түсінбедім, не боп кетті....

– Түсінбегенің жақсы. Менің айтқаным – менің шындығым. Ол сенің шындығыңмен қиыспауы, қабыспауы әбден мүмкін... Қабыспауы керек. Өйткені сенің Жаратушы белгілеп қойған өз жолың бар, соған түсесің. Сол жолды батпаққа аунамай, бойыңды кірлетпей жүріп өтсең сен менің мақтанышыма айналасың. Ластық анықтамасын өз өлшеміңмен екшерсің... 

– Ол жолды қалай табам, бағыт сілте?! 

– Әкені ақылшы санар әр баланың көкейіндегі ой. Алдыңнан тоғыз, мүмкін тоқсан, мүмкін тоғыз мың тарау жол шығады. Соның арасынан өз соқпағыңды табу сенің ең Ұлы таңдауың, құлыным.  Мылқау әкеңнің ымдауға ғана мұршасы бар, сол ымның тілін ұқсаң бір септігі тиер. Бірақ сенімді емеспін, адастырып та жіберуім мүмкін. Сондықтан өзіңе сен! Адамның жауға тастамас жалғыз досы – сенім. Ол досыңа опасыздық жасасаң жолдан таясың. Мен осыны анық білемін. Сенімін сатқан адамның жүрегінде иман, жүзінде ар қалмайды. Саған ақыл айтқыш дүмшелердің көбі –  жоғалтып алғанын іздеушілер. Нұры тайған жүзін жасыру үшін бірі – дінді, бірі – әлдебір саяси ұйымды бетперде етеді. Осы жағына абай бол. Сөзінің бояуы тым қоюланып кеткен діндар  мен саясатшыдан сақтан.  Бұл кеңес қана... – Сонымен?

– Сонымен сөз басында басқасың дедім емес пе? Басқасыңдар! Сен  азаттық дәмін татқан ұрпақсың, сенің ағзаңда азат адамның  қаны тулап жатыр... Бірақ, сен азаттықтың бағасын білесің бе?! Біз бодандағы қазақтың қалай бұлқынғанын, жерге қан тамғанын, азаттық таңы қалай атқанын көрген  буынбыз. Сонда да тәуелсіздік дегенді  ұғынбадық, қадіріне жетпедік. Сор татыған таңдайымыз шырын дәмін алмады.  Ал сен, сендер, тек біздің ұғымдағы тәуелсіздік кезеңінде өмір сүріп келесіңдер. Көрмеген мен көргенді салыстыра аласыңдар ма? Қиын. Соған қарамастан Сенің менен басқа болғаныңа қатты қуанамын. «Қасқадан төбел туады» деген рас болса қойдан көз жазбаған, митың жүрісті төбел айғырдан да түптің-түбінде бір қасқа құлын тууы керек қой?!  Жүген-құрық тимесе шу асау сол болар. Ізіне қуғыншы түссе  ер-тоқымы мойнына кетіп, жерден басын алуға дәті бармайтын әкесіне бір қарап, құйрығын тік шаншып, күміс үнімен даланы жаңғыртып азаттық исі бұрқыраған жазыққа тартар. Қарайламасын! Қарайлама. Сен  секілді көп басқа біріксе заман да солардың ыңғайына жығылып, басқа болар, тәуелсіздік туралы толғамдарымыз да өзгерер. Біз, мүжілген қызылтастар, тепкіден көз ашпаған төбелдер  сол басқаның қандай боларын көрсек деген тілекші ғанамыз... Осыны ұғын, балам. Әкеңнің басқа айтары жоқ. Басқа әкелер балаларына басқаша сыр шертер, менікі – осы.

Серік Әбікеннің "Жегі" кітабынан

"Қабылан ақпараттық порталы"

®Қабылан - Ақпараттық порталы™ | Сілтеме | Дереккөз | Авторлық құқық™
Бөлісу тақырыбы: Қабылан - Ақпараттық порталы » Серік Әбікен: Ұлыма хат
Тұрақты сілтеме: /A_adebiet/proza/2017-05-10/654.html