Бес аққудың киесі (Хикаят)

Серік ӘБІКЕН

Бес аққудың киесі

(Хикаят)



Абақтының есігі сықырлай ашылғанда күңгірт, сыз бөлменің ішінде көзінің нұры сорылғандардың бәрі сырттан құйылған жарықтан беттерін алақанмен көлегейлеп, қабырғаға тығыла түскен. Арқасында мылтығы шошайған күзетші ішті барлап, табалдырықта талтайып біраз тұрды. Сосын немқұрайды дауыспен:

– Әй, Пышан, бері шық, – деді. Түкпірдегі дәу қазақ қозғалақтап, сүйретіле тұрған. Еңсегей бойы бері аттаған сайын  зорая түсті. Екі бүктеліп есіктен шықты да қарауыл құлып салғанша кең дүниені қос жанарымен бір аймалап үлгерді. 

– Жүр! 

Дәу қазақ үндемей жүре берді, екеуі тергеушілер отыратын жерге емес, шыға беріске беттеген. Жақып күтіп тұр екен.

– Ассалаумағалейкүм, Пышан аға! 

Орта бойлы, көзі тұздай сары жігіт мұны бас салып құшақтаған. 

– Жәкентай, сен қайдан жүрсің? 

– Жүріңіз, аға, жүріңіз, – деп Жақып мұны қолтықтай берді. Пышан түк түсінбей күзетшіге қарап еді, анау мұнымен шаруасы жоқ адамдай самокруткасын тілімен жалап шиырып,  жайбарақат тұр. Екеуі абақты ауласынан ұзай берген. Тал түбінде тұрған тарантасқа мініп жатып та Пышан жалтақ-жалтақ қарады, «өлімге кескен өкіметтің мұнысы  несі?» деп іштей әлде алаңыт, әлде таңырқаулы бір күйде қалды. Жақып оза отырды да  делебені алып, мына жерден аулағырақ кеткісі келгенін байқатып, бишік үйіріп еді, қос ат арбаны бұйым көрмей құйғыта жөнелген.  

Пар ат жегілген тарантас Талдықорғанның жатақ үйлерінің ортасымен зулап отырып, шәрінің арғы басындағы Жақыптың  еңселі тамына келгенде бір-ақ тоқтады. Жақып қарғып түсіп, бұған жәрдемдесті. Үйге ала жөнелмек еді, Пышан сәл тоқтайық дегендей ишара етті. Ол мына жарқырап тұрған күнмен, өзін аялаған самалмен амандаспақ еді. Бойын барынша созып, жарық әлемді құшып алғысы келгендей құшағын жайып, көзін жұмды. Қандай керім едің, дүние-жарық! 

– Үйге кіріңіз, аға. 

Жақыптың үнінде жалыныш бар. Пышанның бұл тұрысын осы маңдағы қазақ-орыстың бәрі бірдей жақтыра қоймасы белгілі. Жақынға жақын жау болып, ағайынды ағайын атып жатқан мына заманнан береке кеткелі қашан... Сонда да Жақыптың мына қипағында бір құпия бар. Пышан ыңғайға көнгендей болып үйге беттегенде, алдынан Жақыптың келіншегі шығып, сәлем салды. 

– Бақытты бол, қарағым...

Босағаға жете бере қалт тоқтаған: 

– Жақыптай, мына түріммен үйіңе кірсем балаларды қотыр етермін. Жуынып, киім ауыстырсам дұрыс болар... 

– Келініңіз моншаны әзір еткен, ағасы. Ырқыңыз білсін. 

Талай келіп, сайран салған үйі, Пышан монша жаққа өзі жүрді. Дүниенің түзуінде қанша келіп Жақыптың моншасына түсті, сонша таңырқады. Буы бұрқырап тәніңмен қоса жаныңды балқытады ғой, шіркін. Қазаққа осы өнер қонбай-ақ қойды, Қараталдың қара суын шалпылдатқанына мәз. Оқта-текте Талдықорғандағы орыс-казактың моншасына түсіп, сасық самогонын ішіп ырғалып қайтқаны болмаса, монша соққан қазақ шамалы.    

Пышан суға асықпай, рақаттанып түсті. Жақып жотасын ысып, қайың сыпыртқымен сабағанда бойынан төгілген ащы термен бірге көптен көрген азабы да ағып түскендей еді. Одан кейін өсіп кеткен шашын, сақалын сыпыртты. Жақып мұндайға епті-тұғын. Ағасының басын айнадай етіп, жақ үстіндегі қауғадай жүнді қырып, қияқ мұрт қалдырып, мұның қолына айна ұстата берген. 

– Келісіп-ақ кеттіңіз, Сері! 

Жақыптыкі жай қолпаш екенін Пышан сезеді, айнаға қарап еді, түске дейін бір киім, түстен кейін бір киім киген сері, сом тұрпатында  тұлпардың белін талдырарлық салмақ бар бұрынғы Пышанды көре алмады. Жағы суалып, көзі ішке түсіп, иық пен кеуденің еті сылыныпты, кең маңдайдың ортасындағы терең екі сызыққа қарап мұны енді ғана үш мүшелге келген нар жігіт деп айтуға болмас...  

– Өткенде абақтыдан шыққан молдекеңнен беріп жіберген хатым есіңде ме, Жақып? – деді Пышан.

– Иә, аға.

– Сонда, «Бұл күнде жабыспақ пен бүрге жеді, Қойкене, қандала, бит, бірге жеді...» – деген бар еді ғой, – деп жерде жатқан қыл-қыбырды меңзеп жымиды. – Өртеп жібер. 

Пышанның бұл сөзіне Жақып та бір күліп алған:

– Жақсы, бар бәлекет осымен кетсін... 

Үйге кірген соң құс мамыққа жайланып жатып, тартылған еттен шамалап жеді. Үш айдан бері  бірде быламық, бірде елден келген сәлемдеменің күзетшілерден қалған жұрнағын қанағат етіп келген  асқазанды аяды. Ағзасына ауыр тиіп, ел алдында ұятты болам ба деген қауіптің басы өзіне қылтиюлы еді. Оның үстіне ас азабына шыдамай алаң-жұлаң етсе, атадан келе жатқан ардалығы қайда қалмақ? Есесіне иінінен демалып келген самауырдың шайын ұзақ ішті. Самайдан сырғыған терді орамалмен сүртіп отырып, сораптаған үстіне сораптай түсті.  Үн жоқ. Мейірім қанды-ау дегенде ғана Пышан Жақып пен Мүнираға қарап:

– Балалар қайда жүр, жамандарды иіскейінші? – деді. Ерлі-зайыптылар көзімен жер шұқыды. Мүнира орамалының ұшымен көзін сүртіп еді, Жақып:

– Тәйт, жаман ырым бастамай, – деп жекіп тастады.  Келіншек сыртқа шығып кетті. Жақып бұған қарай ыңғайланып отырды. Шешіліп сөйлесердегі әдеті. 

– Аға, олар ЧК ғимаратында...

Не дейді?! Пышанның жүзіне ашу теуіп шыға келген. 

– Сабыр етіңіз,  үш күннен кейін қайтып келеді, алаңдамаңыз.

Келініңіз соларды уайымдайды ғой, – Жақыптың  жанарында аяныш бар. – Авдеев мен берген алтын-күмісті алса да кепілдік сұрады. Сосын балаларды апарып тастадым, аға. Үш күннен кейін сізді қайта абақтыға жеткізуім керек...   

– Алла-ай... 

Пышанның екі құлағы шыңылдап сала берген, бір қазақтың,  бір туыстың  дәті бармағанды істеді-ау мына Жақып.  «Осыны іні тұт, дос бол» деген  әкесі Жәлменде әулие екен.  Ол Жақыпты үйге әкелгенде тоғыз жасар, арық бала еді. Қағілез, пысық татар бала өсе келе бәріне жағып, жалшыдан бұрын жақынға айналған.  Саудаға ебі болып,  өз алдына бөлек шықса да Жәлменде бидің жақсылығын ұмытқан емес. Әкесі өлгелі өзінен үш жас үлкендігі бар мұның жанынан бір елі қалмап еді, ендігісі мынау. Бұл болса аяқасты абақтыдан шығып мына шалжиып жатысын Тәшкенге арызданып кеткен тоқалы Балқиямен байланыстырып  еді. 

 – Иә, аға, – деді Жақып мұның ойын оқып қойғандай. – Балқия жеңешеден еш хабар-ошар жоқ әзірге. Үкім өзгермеді. Бірақ өзгереді деген үміт, бір жылымық бар,  сенімдімін, әйтпесе Авдеев сізді үш күнге жібермес еді. 

– Бекер, Жақыпжан, бекер... балалар шошынатын болды. Пышанның аузына осыдан артық жөнді сөз түсе қоймаған.  

– Түк етпейді, еркектің ел үшін жаралғанын қазірден бастап ұға берсін. 

– Жақып кесіп айтты. Осыдан кейін екеуі үнсіз қалды.

Пышанды үш ай бұрын ұстап, бес жұмадан соң  соттап еді. Сот деген аты ғана. Осы маңдағы орыс-казак, қазақтарды Шайқорғанға шақырып, үлкен жиын өткізген. Ауылдастары да келіпті. Үш жүзден аса адамның алдында қолы байлаулы бұны тұрғызып қойып, қандай жау екенін талқылады. Осындағы милицияға бастық болып келгеніне жыл толмаған Авдеевтің бұл туралы көп мәліметті қайдан алғанын құдай білсін, ит жылғыны тізіп, болыс болғанын, бір кедейдің сиырын күшпен алғанын, ата-бабасынан бай-құлақ екенін сарнай айтқан. Шашын сиыр жалағандай еткен сұйық мұрт тілмаш зуылдап аударып тұр. Айыптың дені «жылқы-сиырымды күштеп алды» дегенге келгенде  Пышан   айғайлап жібере  жаздаған, «ағайынмен абаласып қарабет болармын» деп  тілін тістей қойды. Айтқанымен Авдеевте мұны тыңдар сыңай жоқ.  Әйтпесе қызыләскерге азық, мініс ат керек деп Пышанның  алқымын езген осы секілділер болатын. Меншебегі  бір келіп, бәлшебегі бір келіп берекетін ұшырған ауылдардың тыныштығы үшін бес жүз жылқы мен өгізді күшейіп келе жатқан қызылдардың алдына салып берген. Ол малдың көбі өзінікі, біразын осы өңірдегі ауқаттылардан алдырды. Көнбегеніне: «Елдің амандығынан аяғаныңды ит жесін», – деп тізе батырыңқырап жібергені рас. Енді сол мал өзіне бәле боп жабысқанын қара... Жарты сағаттан соң тоқетерге келді. 

– Пышан Жәлмендеұлы қандай жазаға лайық, жолдастар? – деді Авдеев. Манадан тыңдап отырған жұрт шулап сала берген, талдықорғандық казактардың дауысы басым. 

– Да что с этим буржуем возиться, ату керек!

Сақалы махоркадан ыстанып кеткен Егор деген казак осына айтып еді, жанында отырғандар «Правильно! Правильно»  десіп қоштай жөнелді. Өз бауырын оққа байлап бергенге жүрек дауаламай отырған қазақтар жағы үнсіз. Бір-екеуі ғана: 

– Атсын әкеңдікін,  – деген. 

– Осы кезде Пышанның үні саңқ ете қалған:

– Әй, Егор, не оттап тұрсың? Буржуйлық ауыл аралап арақ сатып байыған сенен өтіп, маған жетіп пе?! Осы  жерде отырғандардың ішінде маған сенен көп жүгінгені жоқ шығар. Қай кезде меселің қайтты?!  Қойшығұлды мас қылып бір шиша самогонға бір қойын алғаныңда ма? Араққұмар болған өзін көзіңше соймап па едім!  Әй, арсыз, базаршылап келген ауыл қазағын жабыла сабап істі болғандарыңда  сорасы ағып келген мына саған  арашашы болған мен емес пе едім?! 

Пышан  көзімен жұрт ішінен біреуді іздеді. Есен қартқа тоқтаған, ол  аяғын созып тастап, таяғымен жер сызып отыр екен.

– Есен ақсақал, осы сөзімнің өтірігі бар ма? Мынаның қаншасын арашалап алғаным үшін ағайыннан сөз естідім  мен? Ана Макар келініңізді зорламақ болғанда долданып, өлтіруге шақ  қалған көп  қазақтың қолынан жұлып алғаным үшін сіздің боқтығыңызды естіп едім ғой... 

Осы кезде казак-орыс ысқырып,  шулап сала берген. Макар: 

– Да ты че несеш-то, твою мать, – деп жерден бір кесек алып бұған лақтырған. Сатыр-сұтыр тас жауып кетті. Бірі шеке тұсқа тиіп, көзіне қан құйылды. Иванов бастаған милиция қызметкерлері ашулы топты әзер шегіндіріп, сабырға шақырды. Осы кезде манадан Авдеевтің сыртында тұрған Имаш алға шығып: 

– Жолдастар, – деп қазақтарға салмақ сала сөйледі. – Мына пролетариат, батрактар ақиқат үшін, большевизм үшін шырқырап жатыр, ревком жиынында  сендер неге үндемейсіңдер? 

Есен ақсақал орнынан тұрып, қазақтарды бір шолып шықты. Сосын Имашқа тік қарады. 

– Шырағым Имаш, жөн айтасың, кедей теңдігі үшін, ақиқат үшін, бәлшебізм үшін күрессін-ақ бұл қазақ. Бірақ өкпеге қиса да өлімге қимайтын мінезді тастағанымыз дұрыс па? Ау, ана теңізден Қапалға дейінгі аралықта Байшығаштың ұрпағын білмейтін қазақ бар ма? Ағайын болған соң алысу да, берісу де, керісу де, тебісу де болады. Енесі тепкеннен өлген тайды көрген кім бар?.. Окоп қаздырам деген алапат келгенге дейін Қараталды бойлай қонған бір үйі аштан бұралмай, бір жетімі қайыр сұрамай отырған іргелі ел емес пе едік... Ау, басқаны былай қойғанда кешегі өткен Жәлменде бидің аруағынан қорықсаңдаршы, – Есен қарт өзіне ілесіп келген ауылдастарына бір қарап алды. –  Имаш шырағым, менің төрімнен көрім жақын, ақ сақалымды өтіріктің уына малар жайым жоқ. Әнін салып, малын жайып жүрген Пышанды бүлікші деймісің,  шын бүлікші іздесең Лепсідегі қырғыннан қашып келгендердің ішінен ізде. «Арты қуыстың айғайы ащы» деуші еді, соңғы кезде осылардың арасында аттаншылар көбейіп кетті, – деп қария казактар жаққа  таяғын шошаң еткізген.  

Қарттың меңзеп тұрғаны бір кездері патша жарлығымен келіп, қалың қазақты билегісі келген казактардың өзегін өштік оты өртеп жатқаны еді. Қиқулап ауылдарды қанға бөктіріп кете беретін жазалаушы жасақтың шамасы он алтыншы жылы, қазақ жолбарыстай атылғанда  белгілі болды. Малшы қазақтың «солдатқа бала бермейміз» деп  бас көтергеніне ең әуелі патша ағзамға адал казак әскерлері  шамданып, қопаңдап шыға келген еді. Ашулы жігіттер Іле-Қаратал аралығын жайлаған казактарды сабап, атып-шауып, Лепсіге қарай қойша қуған. Сол жаққа барып, Сәбетті құлатуға күш жиып жүрген  атамандардың етегіне тығылып, жан сауғалағандай болып еді, бір-екі жылдан  соң  Мағазы дұңған бастаған большевик-мұсылмандардан тағы таяқ жеді. Оның әскерінде де осы өлкенің жігіттері көп болды. «Кеткен кекті аламыз», – дегендерді сөзі өтіп тұрса да  болыс Пышан тоқтатпады. Қазақтардан бір, коммунистер уағызына ерген қарашекпендерден екі соққы алып, алақтаған казактар Тасбекет маңында оңбай жеңіліп, біразы атамандарымен Қытай асып қашты,  құтыла алмағаны сай-саланы паналап жүріп, тонын теріс айналдырып, ел ішіндегі мұжықтар арасына сіңіп кетті. Заманы туып тұрғанда айдарынан жел ескендерге бүгінгі мүсәпір күйі ауыр тиді, үйірінен адасқан қорқаудай тісін сақылдатып, кімді болса да қауып алуға дайын жүреді. Ішіп алып жөнсіз соқтығып, Талдықорғандағы мұжықтардың зәресін алып болған. Бұлар не айтса да мақұлдай береді. Елді үрейде ұстап, айтқанын өткізіп беретіндерді Авдеевтер де жек көрмейді.    

– Ах, вы, сучие отродие... Вы нас... рабочих-крестьян?! 

Манағы ашуы басылмай отырған Макар  қатардағы қарайып отырған қазақты бір теуіп бебеулетіп тастап, Есен қартқа қарай ентелеп келе жатыр еді,  ел «Шойқара» деп кеткен Өмірбай балуан алдын кес-кестеді. Қараторы өңі тіптен түтігіп кетіпті. Апыр-топыр төбелес басталды да кетті.  Милиционерлер қамшымен сабап, мылтық атып жүріп, екі жақты әзер ажыратып алды. Ең қатты зардап шеккен Макар екен, бет-аузынан қан дірдектеп, сабан шашын қос жұдырығымен тоқпақтап еңіреп отыр. 

Пышан оған қарап мырс еткен. Қаны қарайса құтырған бұқаға ұқсап кететін  Шойқарадан оңай құтылыпты...

Осы төбелестен кейін сот тарқады. Мұны қайта  абақтыға қамаған. Ал екінші күні Шайқорғанға әкелгенде жиналғандар арасында Есен қарт бастаған бір топ қазақтың жоғы бірден көзге ұрды. Төбедей боп отыратын Шойқара да көрінбейді.  Пышан Имаштың жыланкөздене қарап тұрғанын байқады. Не де болса осы ілмиген пәлекеттен келді... 

Сот тез аяқталды, бір-екі мұжық пен бұл танымайтын қазақ кінәлай сөйлеп, мұны көпшілік дауыспен өлім жазасына кесті. Авдеев Сәбет үкіметінің әділ екенін, енді үкім орындалатын күнді күту керектігін айтып, халықты таратты. 

Содан бері де екі ай өтіпті, ағайыны арызданып шапқылап жүр, Пышан өзі бәріне көнген. Пешенеге жазылғаны болар.  

***

Іңір түскенде Жақып екі атты жегіп, мұны Талдықорғаннан шығарып әкеткен. Қараталдан өтіп, шолақ тауларға қарай салды. Төрт-бес шақырым жүріп, тау ішіне кіргенде от көрінген. Оңашалау жерге үй тігіліпті, сонда түсірді. Ошақ басында адамдар қараңдайды. Екі жігіт келіп амандасты.  Ішке кіргенде білтешам жарығына үрпие қарап отырған балалары мен Қайшасын көрді. Балалары бас салып бауырына тығылғанда күн иісі аңқыған шаштарынан иіскеп, жанарынан бір тамшы жас сырғи берген. Үш-ақ айда есейіп қалғандай көрінді. 

Қайша екі ұмтылып, орнынан әзер көтерілді.  Оны да бауырына қысып, бес бейбақ ұзақ тұрды.  Тек  сырттағы Жақып жөткірінгенде ғана құшақтары ажырап, буыны кеткен Пышан киіз үстіне отыра кетіп еді. Жақып кірді. 

– Аға, ағайын-туыс  хабардар, келеміз деген...  

Пышан басын шұлғыды, дәл қазір ешкім келмесе де өкпесі жоқ, контрамен ауызжаласқан болып бәрі айдалып кетуі мүмкін. 

– Амансыңдар ма? – деді Пышан кенжесін бауырына басып. 

– Шүкір... – Қайша жүзінен сырғыған жасты саусақ ұшымен сүрте берген. – Ел ішінде болған соң жүрміз ғой әйтеуір... тек...

– Айт.

– Тек ел ниеті бұзылып барады. Балалар үйден шығудан қалды, «байдың күшігі» деген түртпек көбейді...  

– Ештеңе етпес, бәйбіше, бұл бұлт та сейілер...

Пышан өзіне жабысып отырған кенже ұлының басынан құмарлана иіскеді. Осы кезде сырттан ат тұяғының дүбірі естілген. Көп ұзамай шұрқырай амандасқан дауыстар естілді. Топырлаған аяқ бері келеді. Пышан орнынан көтерілгені сол еді, біреу «бауырымдап» кіріп құшақтай алды. Орекеңді әзер таныды. Оның соңынан: 

– О, басыңа көрінгір, боркемік, доғар, әй!  – деп дауыстап Қойшығұл кірді. – Босат бауырымды, біз де амандасайық! 

– Ел ағалары жеті-сегіз болып келген екен. Бәрі кезек құшып, көрісті. Сосын дастарқан басына жайғасқан. Қызметші жігіттер кіріп тағы екі-үш жерден білте шам қойып еді, үй іші жарқырап сала берді. Қойшығұл әр әңгімені бір шалып отырғандарды сейілтпек еді, болмады. Үйдегі түнекті сейілткен жарық  қабақтардағы түнекті түре алмады. Үш жерден семіз бағлан еті тартылғанда да ешкім еміне қоймады. Табаққа созылған сирек қол Пышан түртпегеннен кейін мүлдем тыйылды. 

– Мырза, – деді Орынбай. – Жазаң ауыр екенін білеміз, ақ күн туар деген үміті бар ағайыныңбыз. «Пышан абақтыдан шығыпты» дегенді естіген Балқаштан бергі қазақ дәл осында ағылса да болар еді, заманның реңі жаман. Ел бүлінді, бұрынғы қазақ жоқ. «Біздің жақтың даласы құм болады, Үлкен айтса баласы жым болады», – деген әкең Жәлменде марқұм айтқан сөзден қадір кеткен, айтақшы көп, айтаққа ерген одан көп. Тақымға түскен тулақтай болған жұртыңды жазғыра көрме.

– О не дегеніңіз, Ореке, – Пышан әлде амандасуға, әлде бақұлдасуға келген туыстың еңсесін тіктеу үшін даусын көтере сөйлеген. – Ақ-қаралы киініп серілік құрған дәурен өткенін мен білмейді деймісіз, сондықтан өзекті үңгіген үрейді жеңіп келгендеріңіз үшін құлдық ұрдым сіздерге. Алла ақтаса, аман-есен құтылармын, олай болмаса татарымның түгесілгені. 

– Олай демеңіз, мырза, – деп Қойшығұл араласпақ еді, Пышан елемей сөзін жалғай берді:

– «Ат жақсысы кермеде, ер жақсысы түрмеде» деген заман туды дейтін болыпты. Ол түрмеңді көрдім. Сідік пен сыз сасыған жерде тірідей  сирағымды кемірмек болған атжалмандарға қарап жатып көп ойландым. Ағайынға дұғай сәлем айта барыңыздар, асылық еткенім болса кешірсін! Өзімнің ешкімге өкпем жоқ. Тірі қалсам Дөңшиіме жетермін, тірі қалмасам басымды имей өтермін. Сіздерге жалғыз аманатым бар, ел ішінде Пышанның арманы еді деп айта жүріңіздер: екі қазақ қырқысқанда бірінен үріккен киелі бес аққу үшінші қазаққа барып қонып еді, сол құсты мүлдем үркітіп алмайық... 

Осыдан кейін ол сөзім бітті дегендей үнсіз қалды. Ақын арманын бәрі түсінген.  Қаратал мен Іленің бойындағы жалайыр балаларында бес аққу жайлы аңыз бар, қалың андас аз ауыл сиыршы бауырларына құлақ суға бола зорлық етіп, Қартаңбай әулие «Қап, андасқа кие болған бес аққу назаланып ұшып кетті-ау, ол Байшығашқа қонады»  деген екен. 

Түн ортасынан ауғанда ауыл қазақтары қайтпаққа жиналды. Пышан әрқайсысын бір-бір құшып қоштасып, аттандырып салды. Үш ұлын соларға қосып жіберген. 

***

Келер күні Жақып шақырған төрт-бес өнерпаз келіп, аздаған сауық-сайран құрылып еді, топалаң үстінде той жасағандай сүреңсіз болды. Сырнайлы жігіт Пышан абақтыда жатып шығарған «Аққу едім көлдегіні» зарлай орындағанда бәрінің ұнжырғасы кеткен.

Ағайын, тілектеспін аманыңа,

Мен-дағы дүрілдедім заманымда.

Қазтабан жүйрік едім тас баспаған,

Қадалды темір тікен табаныма...

Қайша бетін басып далаға қашты. Ән кілт үзілді. Сәл үнсіздіктен кейін дастарқанға ықылас етіп, бәрі сыртқа шықты. Пышан көзімен Қайшаны іздеп еді, көре алмады. Ол қонақтар кеткеннен кейін бір-ақ оралды. Екі көзі домбығып, ісіп кетіпті. Қайшаны үйге дейін көзбен ұзатып салған Жақып пен Пышан оңашалау тұрған қожыр тастарға барып отырды. 

– Аға, – деді Жақып жүзін тік салып. – Мәймөңкелейтін несі бар, сын кезеңде тұрмыз, Жәлменде атамыз бекіткен достығымыздың не бекір, не үзілер тұсы осы. Қашыңыз! Ат сайлатып қойғам. 

– Балалар ше? – Селт еткен Пышанның аузына ілінген жалғыз сұрақ осы болды. 

– Ол жағына қам жемеңіз, Авдеевтің де, Имаштың да аузы алынған, қатты шабалана қоймас... Мені қамаса да балаларды жібереді ғой... Қашыңыз! Кеш түсе аттансаңыз  таңға дейін талайға ұзап кетерсіз.  

– Әй, Жақыпым-ай, батылым-ай, бауырым-ай!  – Пышан риза болып, рақаттана күлді. – Жүрген жері шөп шықпас, тақыр деп пе ең бұл Пышан, досын жауға беретін, қатын деп пе ең бұл Пышан?! Сені дауға қалдырып, он екі атаның, исі қазақтың  алдында қарабет болғанша өлгенім жақсы емес пе, Жақыпжан. 

Кенеттен оянғандай баяғы ойнақы мінезіне салған ақын киіз үй жақта жүрген жігітке дауыстады: 

– Ау, інішек, домбыраны әкеп берші...

Жақып досының жүзінен лықсып бір шабыт келгенін байқады,  алабұртып отыр. Жігіт домбыраны тез-ақ әкелген. Пышан тас үстіне дұрыстап отырып, қос ішекті шертіп қалды. Сосын ақырын тере тартып, бес саусақты сегіз пернеде жүгіртіп еді, бір мұңлы саз төгілді, бір мезет ол мұңды шаттық жеңді. Көмейден сөз төгілді. 

...Мал басыңды тіктің де кепілге алдың,

Достығыңа, о, Жақып, жетіп алдың.

Жора-жолдас, ағайын, баршасынан

Адамдығың, о, Жақып, өтіп алдың...

Пышан жырын әзіл иіріммен аяқтамақ еді, бәрібір мұңлы шықты. Ол алақанымен қос ішекті сарт басып, досына қарады. 

– Бұл саған  бүгінгі күннен бір белгі болсын.  

      ***

Екі күннен кейін Пышанды Шайқорғанға үшінші мәрте айдап әкелді. Контраның қалай жазаланатынын елге сабақ ету үшін Авдеев біраз адам жинатыпты. Тілмаш оның сөзін аударып, осы жерге Пышанмен қоса айдап әкелінген Қожахмет молданың не себепті жазықты болғанын айтып жатқан кезде аты ақкөбік болған солдат шауып келіп, Имашқа бір қағаз ұстатып еді. Анау тез көз жүгіртіп қойнына тыға салды. Өзіне сұраулы жүзбен қараған Авдеевке түк емес дегендей басын шайқап, көзін қысып қойды.  Бұларды елу қадамдай әрірек апарып, ор жиегіне тұрғызды. Қарсыда винтовка ұстаған екі милиция қызметкері. 

– Ат! 

Ерні күбірлеп, көзін жұмып тұрған Қожахмет молда мылтық бір гүрс еткенде кескен теректей құлады. Қатар тұрған Авдеев пен Имаш бір-біріне қарасты, Пышан сәл шалқақтап түзелгені болмаса әлі тік тұр еді.  

– Ат! 

Мылтығын қайта оқтаған солдат қайта  атты. Пышанның алып денесі  тағы  теңселіп, құламады. 

– О, боже...

– Господи! 

– Астапыралла! Киесі қорғап тұр! 

Таңырқаған көп казак-мұжықтың арасындағы бір қазақ осылай саңқ етіп еді, халық  теңіздей қозғалды. Дәті мықты дегендердің де кірпігі суланып, өңі қуарған.  Имаштың жаны мұрнының ұшына келді. Бойын белгісіз бір діріл биледі. Команда бергенде сол діріл даусынан да сезілді.   Үшінші оқ тигенде  Пышанның езуінен қанды көбік атқып, қос тізесі  қара жер иіскеді. Ол күбір етті. 

– Аққу бесеу еді ғой... 

Осы кезде қос винтовка жарыса гүрс еткен.    

***

Ертеңіне ел ішіне  «Пышан ақынды атпасын, итжеккенге айдасын» деген  кешірім қағаз небары жарты сағатқа кешігіпті»  деген сыбыс тарады.  

 Серік ӘБІКЕН

«Парасат» журналының бас редакторы.


®Қабылан - Ақпараттық порталы™ | Сілтеме | Дереккөз | Авторлық құқық™
Бөлісу тақырыбы: Қабылан - Ақпараттық порталы » Бес аққудың киесі (Хикаят)
Тұрақты сілтеме: /A_adebiet/proza/2017-05-05/623.html