​Ата Заңым – айбыным!


Ата Заңым – айбыным!


Ата Заңым – абыройым, айбыным,

Шалқып жүзер шалқар көлім, айдыным.

Аман болса Ата Заңым әманда,

Аман болар жұлдызым да, Ай-Күнім.


Темір тәртіп, небір ойлар азулы – 

Ата Заңда бәрі-бәрі жазулы.

Сан ғасырлар сұрыпталған тарихым – 

Ақиқаттың қазығымен қазулы.


Заман өтер, өміріміз өзгерер,

Орнымызды қаңыратпас өзгелер.

Ата Заңның жолыменен жүрмесек,

Атымызға, затымызға сөз келер.


Ата Заңым – асыл тұтар ардағым,

Өн бойыма жігер жинап алғаным.

Әділеттік орнасын деп жерімде,

Ақиқатқа ғұмырымды арнадым.


Қуанышым күн көзімен таласқан,

Ар-ожданым Ата Заңмен жарасқан.

Ата-баба аруағы қолдасын,

Жабыққанда жар бола көр, Жаратқан...


Қиял құсым алыстарға самғайды,

Елім барда ерік-жігер талмайды.

Жалындаған жастығымның жалыны

Ертегімді ертеңіме жалғайды.


Ата Заңым 23 жылда – ардагер,

Бағың жанып, мәңгі-бақи жасай бер!

Көк тәңірдің күмбезіне айналып,

Тура жолға баршамызды бастай бер!


Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

®Қабылан - Ақпараттық порталы™ | Сілтеме | Дереккөз | Авторлық құқық™
Бөлісу тақырыбы: Қабылан - Ақпараттық порталы » ​Ата Заңым – айбыным!
Тұрақты сілтеме: /A_adebiet/poezia/2018-08-27/1113.html