Шетел ақындарының өлеңдерінен

Ерқанат Кеңесбекұлы 1986 жылы ақпан айының 13 жұлдызында Қарағанды облысында дүниеге келді. Қазіргі уақытта өлең жанрында еңбек етумен қатар, шет ел ақындарының мұраларын тәржіме етуде.


Ю.Визбордан

Жауын

Сол бір жазда 

жауын жауды толассыз...

Алғы күннің тақсыретін сезгендей.

Ескі плащ — көнерген шақ талассыз,

Салмағымен еңсемізді езгендей...


Енді мені қажеті жоқ аяудың!

Енді нені сөз етеміз құр босқа.

Көңілдерге түсірместен қаяу мұң

Тостағанға шарап құйып тұр досқа.


Тосырқаумен бір мұңайып,

екі өліп...

Тіршілікті жүреміз де місе қып.

Бізді ұнатқан жандар үшін көтеріп,

Біз жылатқан жандар үшін ішелік.


Сонау жазда жауын жауған дегбірсіз.

Қоңыр күзі күн шапағын үлгі еткен...

Таланыма ой тығылды тәбділсіз,

Жазылмаған кітап шығар — бұл көктем!


Кларнет

Қош айтуда біздің уақыт

қатарымыз сиреді.

Көз ұшында күзгі бақыт

қарға айналып биледі.


Ат қып мінген талшыбықты.

түймедақты үзген кез.

Жанға үйріп олқылықты

ғайып болды бірден тез...


Шартабақ күн жасырынды

арқасына шыңдардың.

Ұзатып сап ғасырымды 

айдың әнін тыңдармын.

 

Өткен шақтың бағасы артып,

терезеге телмірдік.

Қыркүйекті аласартып

желтоқсанға жеңдірдік.


Біздер өстіп жоғалармыз

сіңіп барып орманға.

Бір күрсініп қабарар күз

түймедақтар солғанда...


Армысыңдар, асқар таулар!

Армысыңдар, Асқар таулар!

Желкендері жер дейтұғын кеменің.

Күн кешуге асықпайтын төренің

тербететін жан сырының тереңін.


Қайран, қайран мәрт төбелер!

Маңдайынан сүйіп өткен таңғы леп.

Қалғанында жүрек сазып, жан жүдеп, 

Шалғайынан күн қоштасқан алғы рет...


Армысыңдар, асқар таулар!

Өздеріңмен иығымды тең көрген.

Шығып кеткен құмсағаттық шеңберден.

Достасу бар, қоштасу жоқ сендермен!


Күзгі жауындар

Бізге енді жасыратын не қалды?...

Қияметте еске алармыз обалды.

Мына түннің қоюлығын қараңыз

Ақталмайтын үміттердей боп алды...


Біздің ғасыр арзымады қымбатқа.

Шешілмеді күз жасырған жұмбақ та.

Көрдіңіз бе қарашаның жаңбырын?

Көрдіңіз бе оңаша үй тұр бақта.


Пешін жағып аулақтағы сол тамның

Көңіл күйдің жеті шегін тартармын.

Ертегіме қайырылмай өртенген,

Өртеңіне қаралаймын әр таңның.


Көпірлер мен жолайырық белестің.

Арасында берген сертпен кеңестім.

Сатқындығы турасында ешуақыт

Үн қатысып ақтарылған жоқ ешкім.


Шақырып ап маңымызға достарды.

Дастарханға ас қоярмыз астарлы.

Қарашаның жауындары толассыз

Пейілдердің пиаласы бос қалды... 


Біздің ғасыр арзымады қымбатқа.

Шешілмеді күз жасырған жұмбақ та.

Көрдіңіз бе қарашаның жаңбырын?

Көрдіңіз бе оңаша үй тұр бақта.


Көрініс

Төбеңдегі көшкін бұлтқа қарашы,

бір тарауы тәрізді екен романның!

Ол дәуір мен бұл дәуреннің арасы —

айғыз-айғыз көк сиясы қаламның!


Көптігін-ай маңыңдағы гүлдердің!

Кафенің де есігі әнтек ашық тұр...

Сарғылт пәлте киген әлдекімдердің

сарғыш реңі зейілге рай қосып тұр.


Көз жіберіп көргін енді өзіңе.

Текшедегі кітапшадай тым сұлық.

Манекеннен айнымаған көзіңе

кіріп кеткір шытынаған бір шыбық!


Жүргіншінің арасынан қол бұлғап,

табысқандар көрінісі әсерлі.

Бұқпантайлап төнген бұлт та там-тұмдап,

Төңірекке төксе шіркін нөсерді!


Таксидің де кеп қалғаны мұң екен

тізгіншісі далап жаққан жаулықты.

Мекен-жайым бақылдасу үйі екен.

Сәлем айтып сұраспаған саулықты.


Ал сен болсаң, келмегендей кетесің.

Маңып кеткен шарбы бұлттай манағы.

Қалған ізің — думан менен кекесін

Ақ түндердің көлегейлер қабағы.


Ойтүрткі

Қарбаласқан жеті күннің бірінде;

Теледидар тақтасының түбінде;

Кезекті бір бағдарлама басталған

батар күнді ұластырып іңірге.


Ең бәденді һәм келісті пішінде: 

Ән де би де қара жәшік ішінде.

Көзі тәуір болғанымен диктордың, 

сөзі жеңіл екендігін білсін бе?..


Айтылуда қақпақылсыз жыр мұнда;

Шертілуде дестеленген сыр мұнда.

Қызыл-жасыл арнаңызда дамыл жоқ

...қар жауып тұр тереземнің сыртында...


Бәсеңдетіп үй ішілік дауысты.

Зейін-зерім тысқарыға ауысты.

Ала қанат қардың кейпі жердегі

Кейуананың кимешегі рәуішті...


Қар жамылды ауладағы шамдар да,

ақ сәулесі шашыраған жолдарға.

Онда да бір таңғажайып боп жатыр

Жаратқанның хабарындай жандарға.


Қара жерді қар ағартқан өмір бұл...

Жауһарыңды төгілдір, көк, төгілдір!

Аһ, дариға, қарға оранған тылсымды

Экраннан көрсетпейді көгілдір...



С.Маевскийден

ТЫРНАЛАР

Алысқа-алысқа бет алды 

тізбегі тырналардың...

Бораннан қатыпты 

жібімей арнасы жылғалардың.

Әрқарай ұша алмай, 

әрқарай ұша алмай 

талдырып қанаттарын.

Қоныпты бір түнде 

пана ғып орманның алаптарын.


Таңертең тырналар 

тағы да ұшыпты қияндарға.

Тек жалғыз біреуі

әлсіреп қалғанын қия алмауда.

«Тоқтаңдар бауырлар, 

дегенде ол лезде жанұшырып,

қанатым қайрылып 

қалдым мен жапанда аласұрып».


Даусына елітіп 

оралды барлығы бауырының

Достықтың ұмытпай 

ескірмес мәңгілік тағылымын.

Жалғызын арқалап 

жалбызын алқалап еңістен өр

Ғайып боп сіңіпті 

сағымға аққанат періштелер...


Тағдырың алқымнан алғанда  

ешкім де демемейді.

Достарың кетеді алыстап 

өзіңді елемейді... 

Өмірде бәріміз 

қамықса-жабықса бауыр інің. 

Достықтың ұмытып кетеміз 

ескірмес тағылымын.


К.Симоновтан

ЖАРЫМ ДЕСЕМ БЕ СЕНІ...

Соғыстың кезі...

Қаңырап қалған босағам...

Бізді де жиі 

тым үйір етті осы арам.

Мен сені енді...

жарым деп айтсам болар ма.

Өзгелер бұлай 

тіл қатпасын деп,

тасадан...


Себебін айтсақ,

Себебі мұның себеп-ақ.

Екеумізді ұқты,

Тұнжырап тұрған көне бақ...

Екеумізді ұқты,

жұлдызы сансыз сонау түн.

Түсінбейді тек 

тасбауыр дәуір төне қап...


Қауесеті көп

қап тесетіндей кездікпен.

Таусылмас сірә

басымыздан біздің сөз біткен.

Мен сені бүгін

жарым деп айтқым келеді.

Жаханға жар сап

айтылмайтұғын кеңдікпен.


Басымды бақыр

алтынға меңзеп таныдың.

Ғасырдың бақпай

ғазауатының әлібін.

Реңі менен

сүреңін көрмей заманның

Осы үйге сан рет

күн болып ендің жарығым.


Ұрыста жанған

наркескендердің нарқымен.

Айқасқа кеткен

жауынгерлердің салтымен.

Мені сені бүгін

жарым деп айтқым келеді

Оралмай кеткен 

сарбаз ұлдардың даңқымен.

1941.


Қабылан ақпараттық порталы

®Қабылан - Ақпараттық порталы™ | Сілтеме | Дереккөз | Авторлық құқық™
Бөлісу тақырыбы: Қабылан - Ақпараттық порталы » Шетел ақындарының өлеңдерінен
Тұрақты сілтеме: /A_adebiet/poezia/2018-01-09/997.html