Есте жүрген қойылым

Есте жүрген қойылым

Бір кездері, Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ академиялық жасөспірімдер театрында француз жазушысы Антуан де Сент-Экзюперидің «Кішкентай ханзада» атты танымал пъесасы сахналанды. Қойылымның режиссері – көкшетаулық Болат Әбдірахманов, ал актері – Сафуан Рысбайұлы. Иә, актер біреу-ақ, өйткені бұл моноспектакль. Ересектерге арналған бұл ертегідегі ұшқыштың да, қошақандай ханзаданың да, гүлдің де, түлкінің де рөлдерін жалғыз актер орындайды (мен мұны қазақтың сал-серілігіне ұқсаттым). Актер бір жарым сағат бойы еш үзіліссіз көрерменді селт еткізбей өзінің аузына қаратты. Осындай жаңашылдығы бар бұл антрепризалық театрдың демеушісі – «Тамшы» ғылым және мәдениетті қолдау қоры.    

...Қазақта театр болмаған ғой. Өйткені сахналанған өнер түрі көшпенді өмір-салтқа сай келе бермейтін тәрізді. Осылайша қанымызға сіңбегендіктен ба, аракідік театрға барғанда әрі-сәрі күйде боламын. Ал көпшілік көрермен, кейде айқайлап, кейде қол соғып өз көңілін білдіріп жатады. Жасандылық па, шынайылық па, рия ма, риясыз ба, эстетикалық әсерлену ме әлде сән қуушылық па – ол жағын онша ажырата алмаймын. Марқұм Әшірбек Сығай тәрізді майталман театр сыншыларына қызыға да, қызғана да қарайтынмын, мен білмейтін сырларды біледі деп. Жоғары бекзаттық мәдениеттен артта қалып қойған екенмін деген күдік те кеудеге кіреді. 

Екінші жағынан, өнердің бұл түрі өмірдің өзінің айнасы емес пе әрі адамдарды рухани тазартпай ма?-деп те ойлаймын. Өнердегі «мимезис» (табиғатқа еліктеу) пен «катарсис» (рухани тазару) туралы сонау антикалық заманда театрдың отаны саналатын көне Грекияда Аристотельдің өзі жазып кеткен ғой. Алайда, мұндай екіұдай күй жалғыз менің басымда ғана емес сияқты. Тіпті, драмалық шығармалар жазып, театрдың ішкі әлемін жақсы білетін бүкіл дүниеге аты мәшһүр адамдардың да басында болыпты. А.П. Чеховтың шығармашылығын зерттеушілердің бірі айтқан екен: «алғашқы дебютынан өмірінің соңына дейін, «Ивановтан» «Шиелі баққа» дейін театр мен оның арасында тылсым бір өзара түсінбеушілік шешілмеген күйінде қалды». Кейбір хаттарында оны автордың өзі де мойындаған.

Сөйтсек, мәселе басқада екен ғой. Театр мен драманың қос жанры – алып ауқымдылық пен қаһармандықты жырлайтын трагедия және кәдуілгі тіршіліктің астарындағы әзіл-ақиқатты айқындайтын комедия «жұп-жұмыр келіп, жүрекке жайлы тиюі» керек екен. Өнердің бұл туындылары «көз» (би мен кеңістік) бен «құлақ» (ән мен уақыт) әлемдерін бір нүктеге түйістіріп, «ләззат» атты сиқырмен көрермен мен тыңдарманды бір жылатып, бір күлдіріп, өмірдің метафизикалық мәніне шомдыруы тиіс. Діни уағыздар, эпостық және лиро-эпостық жырлар, прозалық және поэзиялық шығармалар, әндер мен күйлер адамның бойында эстетикалық масаңдықты туғызуы мүмкін. Мысалы, Гомердің «Илиадасы» мен қазақтың батырлық, ғашықтық жырлары, Бетховеннің 9-симфониясы мен қазақтың халық әндері, Шәмшінің әндері мен Рамазан Стамғазиевтің орындауындағы Тұрсынжан Шапайдың әндері, Мағжан мен Мұқағалидың поэзиясы және тағы басқалары. «Махаббатқа музыка жете алмайды, бірақ махаббаттың өзі де саз», деген екен А.С. Пушкин.  

Немістің атақты эстет-ойшылы Фридрих Ницшенің заман өткен сайын дәуірлей түскен ұлы шығармаларының (оның ең алғашқы туындыларының) бірі «Трагедияның музыка рухынан пайда болуы» деп аталады. Ол ақыл мен сезімдік бастауларды салыстыра отырып, адамның бойын шымырлататын грек аңыздарын көрерменнің көз алдына жеткізген Эсхил мен Софокл тәрізді алып трагик-ақындарды дәріптейді де, күнделікті күйбең тіршілікті сахналаған Еврипид пен одан кейінгілерді уытты тілмен сынап-мінейді. Өз дәуірінің мәдениетінің төмен деңгейін талғамның тат басуынан көріп, заманауаи эстетиканы реконструкциялауға ұмтылады. Батыстық рационализм мен моральды толығымен теріске шығарған ол «ақиқаттың алдында аман қалу үшін, бізге өнер ғана қалды» деп жар салды.  

Осындайда ой келеді, қаһармандыққа тұнған қазақтың аңызы мен тарихы неге лайықты түрде сахналанбайды? Сахналанса да, ар жағынан авторлардың емеуіріні қосыла қылтиып көрініп тұрғасын ба, бойды тітіркендірмейді, тартымдылығы жоқ, кейде тіпті, әжуа болып көрінеді. Мағжанның «Батыр Баян» поэмасы мен осы аттас фильмді салыстырып көріңіз, арасы жер мен көктей. 

Бір жолы радиодан естіп қалдым, «Қазақтың батыр қыздары» туралы хабар беріп жатты. Дәстүрлі өнердің тылсым тұстарын терең меңгерген мәдениеттанушының бірі марқұм Таласбек Әсемқұлов халық әні «Сәулем-айдың» жаугершілік заманда соғысқа аттанып бара жатқан жігітке қыздардың қимай қоштасқанда айтатын әні екендігін сөз қылды, өйткені мынадай шумақтар соған меңзейді: 

«Сақи болсаң келерсің, судан өтіп сәулем-ай,

Бақи болсаң қаларсың, қанға батып сәулем-ай». 

«Қазақстан» телеарнасында Ақан Әбдуәлі жүргізетін «Телқоңыр» бағдарламасы халық әндері туралы тарқатып айтатын жақсы бір бағдарлама. Әрбір әндегі оқиға өз алдына бір эстетикалық толғаныс тудырады. 

Сол сияқты азаттық соғыстарында елі үшін алғы шепте жүріп, өздерін құрбан қылатын «алғадай» атты арнайы отрядтың болғанын біреу білер, біреу білмес. Қойнына қыз салуды талап еткен қоқан ханының жатын бөлмесіне қарындасының киімін киіп барып, нәпсіқұмар ханды қанжарымен жарып салған батырлар болған. Осының бәрі өнер үшін сұранып тұрған сюжеттер емес пе?! Көршілес қытай, корей елдері тамаша тарихи фильмдер шығаруда бізден әлдеқайда алда сияқты.     

Иә, бүгінгі тұтынушы қоғамның құндылықтары бір сәттік, «бір рет қана қолдануға жарайтын» арзан дүниелермен сипатталады. Дәлірек айтқанда, қазіргі адам барлығының құнын білгенімен, құндылықтарды білмейтін адамға айналды. «Көңілділер клубындағы», «ойын-сауық отауларындағы» «тапқырлықтың» түрінен, «құлақты тесетін есер әндерден», ыңыранған, ыңырсыған үндерден жүрек айнитын болды. Отаршылдықта кеткен есені қайтарудан ба әлде «өзін еркін сезіне алмаудың» психологиялық кешенінен бе бізде жасандылық пен рияға, мақтан мен өзеуреген өзімшілдікке негізделген «тыраштану», «күшену» мәдениеті бар. Дана Абай айтқандай,  «надан ел қуанбас нәрсеге қуанады һәм және қуанғанда не айтып, не қойғанын, не қылғанын өзі білмей, есі шығып, бір түрлі мастыққа кез болып кетеді. Һәм ұялғандары ұялмас нәрседен ұялады, ұяларлық нәрседен ұялмайды. Мұның бәрі - надандық, ақымақтықтың әсері». Осылайша өнер сүйер қауымның «ойын арзан, күлкі қымбат» екендігін түсінуден қалғанын шамалайсың. Таным мен талғамның жеткен жері осы болып тұр. Санадағы құлдықтан вирустан арылту үшін Хз. Мұса пайғамбар өз қауымын қырық жыл шөл дала кездірген екен. Құдай қаласа, 2030-жылы біздің тәуелсіздігімізге де 40 жыл толады екен...

«Тамшы» деген қор құрылыпты, осындай моноспектакль қойып жатыр екен дегенді естігенде елең ете қалдық. Оның үстіне, әдеттегідей ортаңқол таланттылардың шығармасын емес, Сент-Экзюперидің танымал туындысын қояды дегенде тағы қуандық. Өйткені соғысты бастан кешіріп, өмір мен өлімді көзімен көрген (15 авиаапатты басынан өткізген) бұл француз жазушысының, өзі айтқандай, «көкірек көзі» ояу. Әдетте өліммен бетпе-бет келген адамдар (өлім жазасы жүзеге асар алдында үкімнің жер аударылумен алмастырылғанын бастан кешкен Ф. Достоевский сияқты) өтірік айта алмайды. 

Осы орайда оқырманның назарын тағы бір ұшқыш-жазушының шығармашылығына бұрғым келіп тұр. Американдық Ричард Бахтың «Джонатан Ливингстон атты шағала» еңбегі тән мен жанды физикалық әрі рухани тұрғыда жетілдірудің тамаша мысалын көрсетіп береді. Әрине, «Кішкентай ханзаданың» сюжеті басқа, бірақ бала көңілдің тазалығы мен пәктігі, балапан қиялдың ұшқырлығы оларды ортақтастырып тұрғандай. Әрине, жас өскін баланың әсершілдігі тақырыбы Л. Толстойдың «Балдырған шақ. Балалық шақ. Жастық шағында», А.П. Чеховтың «Даласында»  керемет сипатталады. Әсіресе, соңғы аталған «поэзиялық прозада» Егорушканың сапар барысындағы басынан өткізген «кәдуілгі» нәрселері өзінің қарапайым ішкі сұлулығымен жанды баурап алады. Әдетте бала мінез жасампаздыққа, шынайылыққа бейім болады. Жоғарыда аты аталған Ницше рухтың үш қалыпқа өтуі түйенің төзімділінен басталып, арыстанның айбарымен жалғасып, ақырында баланың жасампаздығымен аяқталады. Төрт жасынан бастап өзінің тамаша туындыларын дүниеге әкелген Моцарт та отыз бес жас өмірінде балалық мінезінен арылмаған көрінеді. Ежелгі гректердің этноменталитетін де бала мінез құрайды. Бұл қасиеттен «бір күнім өтті» деп жылаған қазақтар да ада болмаған. 

Актер Сафуан сомдаған кішкентай ханзаданың да көңілі саф әрі жасампаз. Ол сахарада жолыққан ұшқышқа салып бер деп өтінген қошақанның суреттерінің ешқайсысын да ұнатпайды. Ақырында ұшқыш жәшіктің суретін салып, қошақан соның ішінде деп кішкентай баланы сендіреді. Осылайша басталған ұшқыш пен бала арасындағы сұхбат үнемі «маңызды» істерден қолы босамайтын ересектердің бейнесін ашумен ұласады. 

Спектакль барысында көрермендер сілтідей тынып отырды. Кімнің қандай әсерде кеткені әркімнің өзіне белгілі. Дегенмен, еске түсіп ойды қозғары сөзсіз. Актер жеткізе алды ма, алмады ма, ол өз алдына бір әңгіме. 

Бақытжан Сатершинов 

мәдениеттанушы        

 


®Қабылан - Ақпараттық порталы™ | Сілтеме | Дереккөз | Авторлық құқық™
Бөлісу тақырыбы: Қабылан - Ақпараттық порталы » Есте жүрген қойылым
Тұрақты сілтеме: /A_adebiet/drama/2017-05-15/685.html
Кейінгі: Кері қайту
Алдыңғы: Кері қайту